Қазақ боксының жарқын болашағы саналатын Садриддин Ахмедов Ресей елінде бокстан жастар арасында өткен әлем чемпионатынан кейін көпшіліктің назарын аударды.  Рио олимпиадасымен тұспа-тұс келген байрақты бәсекеде отандасымыз 3 кездесуде қарсыластарын нокаутқа жіберіп, ақтық сында да айқын басымдықпен жеңіске жеткен болатын. Садриддин Токио төрінде топ жаратын басты үміткерлердің бірі болды. Алайда 20 жастағы былғары қолғап шебері кәсіпқой бокста бағын сынап көруді жөн көрді. 69 келі салмақ дәрежесіндегі еліміздегі ең үздік боксшылардың бірі Eye of the Tiger Management промоутерлік компаниясымен келісімшартқа отырып, кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін де өткізіп үлгерді. Канада елінде өткен бокс кешінде қарсыласын 30 секундта ұрып сұлатқан «Қазақ сарбазымен» аз-кем сұқбаттасып, болашаққа  жоспарын білген едік.
– Бала күнімде сарбаздар мен үшін ұлт қаһармандары сияқты көрінетін. Мен сарбазды кез келген жағдайда Қазақстан үшін, ел үшін жанын қиюға дайын жандар деп ойлайтынмын. Теледидардан Көк туымызды көтеріп жүретін сарбаздарды көргенде соларға қатты қызықтым. Анам да тамақ ішпей қойсам, «сарбаз бола алмай қаласың» дейтін. Жалпы «Қазақ Сарбазы» деген лақап атты таңдауыма осы жайттар әсер етті.
– Садриддин, көптеген мамандар Токио Олимпиадасында топ жаратыныңды айтып, үлкен үміт артқан еді. Бірақ сенің таңдауың кәсіпқой бокс болды. Неліктен?
– Иə, көп адам маған сенім артты. Тіпті, Токиодағы басты фаворит екеніме үлкен сеніммен қарайтындарын жеткізді. Бірақ əр адамның өмірлік ұстанымы, көзқарасы болады. Сондықтан менің таңдауым кəсіпқой боксқа түсті. Токио Олимпиадасын кəсіпқой боксқа алмастырғаныма өкінбеймін. Бастысы, əлемнің қай түкпірінде болмасын Қазақ елінің көк туын желбіретсем болды. Токиода 69 келі салмақта ел намысын қорғайтын бауырларға сəттілік тілеп, əрқашан биік тұғырдан көрінсін дегім келеді.
– Кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегіңде қарсыласыңды 30 секундта сұлатып түсірдің. Жалпы жекпе-жекке дайындық қалай өтті?
– Əлбетте, əуесқой бокс пен кəсіпқой бокстың айырмашылығы жер мен көктей. Сондықтан дайындығымыз да өзгешелеу болды. Көбіне қорғанысқа көңіл бөліп, физикалық жаттығуларды арттырдық. Кəсіпқой бокста бір ғана соққы жекпе-жек тағдырын шешуі мүмкін. Жекпе-жек барысында сақ қимылдап, қарсыласымның қателігін күттім. Бір-екі соққым межесіне дəл тигеннен кейін оның тəлтіректей бастағанын сездім. Мұндай сəтті жіберуге болмайтындықтан соққыларымды үдетіп, мүмкіндікті барынша пайдаландым. Аллаға шүкір, жекпе-жек ойдағыдай өтті, халықтың да көңілінен шықты. Кəсіпқой бокстың əуесқой бокстан басты айырмашылығының бірі – салмақ қууда. Əуесқой бокста салмақты дұрыс қумай, денсаулығымызға көп зиян келтіріп жүрдік. Ал кəсіпқой бокста кəсіби диетологтар көмектесіп, дұрыс салмақ қуу мен тамақтануды үйретеді.

– Жекпе-жекке шығарда немесе жекпе-жек барысында қандай да бір толқу, қобалжу болды ма?
– Əрине, толқу кез келген адамның бойында бар деп ойлаймын. Бірақ Қазақ елінің жалауын жамылып, ел абыройын асқақтату үшін шыққаннан кейін ешнəрседен тайсалмайсың. Шаршы алаңға шыққанда артымда күллі қазақ тұрғандай сезінемін. Сол кезде толқу мен қобалжудың бəрін ұмытып, барыңды саласың. Батыр халықтың ұрпағы екенімізді дəлелдеу үшін жеңілуге хақымыз жоқ.
– Кәсіпқой боксқа, жалпы спортқа келуіңе атақты боксшылар септігін тигізді ме?
– Негізі мен күресті қатты жақсы көріп, балуан болғым келді. Өйткені əкем жас кезінде күреспен айналысып, біраз жетістікке қол жеткізген. Ал боксқа деген құштарлығымды ағам ашқан болатын. Шамамен 1-сынып оқып жүрген кезімде əкем екеуміз ағам қатысып жатқан республикалық турнирді тамашалауға бардық. Сол жарыста ағам финалда қарсыласына есе жіберіп, күміс медаль алып қалды. Оның жеңілгеніне намыстанып, қатты жыладым. Ағама жаным ашып, əкеме ағамды жеңген баламен жұдырықтастыруын сұрадым. Осы додадан бастап боксқа деген қызығушылығым оянып, боксқа барамын, боксшы боламын деп əкемнің құлақ-миын жей бердім. Ақыры он жасымда əкем өзі жетектеп бокс үйірмесіне алып барды. Ең алғаш бокстың қыр-сырын Мəулет Ибрайұлы Мұстафин үйретті. Былғары қолғапты алғаш кигеннен бастап алдыма үлкен мақсат қойдым. Осы спортқа махаббатым мен қызығушылығым күннен-күнге артып, атақты боксшылардың жекпе-жектерін тамсанып қарайтын болдым. Атақты Тайсон, Кличко сынды боксшылардың жекпе-жектерін көргеннен кейін, мен де солар сияқты елімнің атын шығарсам деген үлкен арман болды.  Аллаға шүкір, арманымыздың жолындағы алғашқы қадамымызды сəтті бастадық.

– Қандай боксшыларды үлгі тұтасың? Қай боксшының жұдырықтасу мәнері ұнайды?
– Маған аты аңызға айналған боксшылардың барлығы ұнайды. Бірақ нақты бір спортшыны үлгі тұтам деп айта алмаймын. Кейбір боксшылардың қайтпас қайсарлығын, кейбірінің жұдырықтасу мəнерінің ерекшелігін ұнатамын. Атақты боксшылардың да құлайтын кездері болады. Сондай қателіктерді қайталамас үшін əкем əрқашан ақыл-кеңесін айтып отырады. Бала күнімнен бастап қиын жолдармен жүргізіп, қиыншылыққа төтеп беруді үйретті. Аты аңызға айналған Мұхамед Əли, Майк Тайсон, Флойд Мейвезер, Мэнни Пакьяо жəне Геннадий Головкин сынды боксшылардың барлығын құрметтеймін. Алла қаласа, осы боксшылардың барлығын басып озып, бұлар жетпеген жетістікке жетемін. Соның жолында аянбай тер төгіп, ерінбей еңбек етуге дайынмын.
– Спортта жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Жеңілісті қалай қабылдайсың?
– Иə, жеңілістің кермек дəмін тату кімге болсын оңай емес. Мен əуесқой бокста 252 жекпе-жек өткізіп, тек 10 мəрте ғана жеңілдім. Бірақ сол 10 жеңілістің екі-үшеуінде ғана таза жеңілгенмін, қалғандарында төрешілер қарсыластарыма жығып берді. Əуесқой бокста жүргенде сағымды сындырғысы келгендер көп болды. Бірақ əр жеңіліс сайын менің жеңіске деген құштарлығымды екі есе оятатын. Екі есе жаттығу жасап, өзімнің мықты екенімді дəлелдейтінмін. Бір шетінен бапкерімнің біліктілігінің арқасында күйзеліске түспей, жеңілісті тез ұмытып кететінбіз. Ал бокстағы ең үлкен жеңісім – əлем чемпионатындағы жетістігім. Өйткені бала күнімдегі əлем чемпионы болсам, Қазақстанның атын шығарсам деген арманыма қол жеткіздім. Көк туымыз желбіреп, Əнұранымыз шырқалғандағы қуанышым əлі де көз алдымда.

– Қазір Канада елінде жаттығып, сол жақта Қазақстанды танытып жүрсің. Канадалықтардың бізге деген көзқарасы қалай екен?
– Біріншіден, Канадада ел намысын абыроймен қорғап, қазақтар туралы көзқарас қалыптастырған Батыр Жүкембаев, Абылайхан Құсайынов жəне Нұрзат Сабыров сынды аға-бауырларыма  алғыс айтқым келеді. Мені туған інілеріндей күтіп алып, барлық ақыл-кеңестерін айтып жүр. Канадада Қазақстан туралы, қазақтар туралы жақсы көзқарас қалыптасқан. Мен алғашқы жекпе-жегімнен кейін-ақ аздап танымалдыққа ие бола бастадым. Бұның бір сыры, түр келбетім атақты былғары қолғап шебері Артуро Гаттиге ұқсағандықтан шығар. Көбі соған ұқсатып, бірге суретке түсіп, жылы лебіздерін білдіріп жатыр. Промоутерім Камиль Эстефан да маған көп үміт артатынын айтып, біраз танымал адамдармен таныстырып үлгерді. Енді осы жақта қазақтың қайсарлығын көрсетіп, шаршы алаңда қазақтай халықтың кемде-кем екенін көрсеткім келеді. Алда қойған мақсаттарымыз көп, арманымыз айқын. Жақын күндері Канададағы басты бокс жұлдызы Давид Лемьенің жекпе-жегі болады. Бəлкім соның андеркартында өнер көрсетуім мүмкін. Болашақта АҚШ-та да атой салатын ойымыз бар.
Көптеген мамандар мен боксшылар Садриддиннің кәсіпқой бокстың жарқын жұлдызы болатынына кәміл сенеді. Бізде «Бокс тарихында ешкім жетпеген жетістікке жеткім келеді»  деген оғланымызға  сәттілік тілейміз.
Дәурен ТҮЛКІБАЙ
«Ақ желкен» журналы, №4
Сәуір, 2018

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз