Ақтөбе қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары Мəлік Төлеген, Дамир Мирманов, Айдар Тұрланов жəне Ардақ Табылдина үздік оқығаны үшін АҚШ-та қыдырып қайтты. Олар Джон Хопкинс университетінде жазғы курста ағылшын тілін оқыған. Сондай-ақ, Ардақ Колумбия (Columbia) университетінің оқу корпусын аралапты.

– Колумбия университеті – əлемдегі ең үздік білім беретін оқу орындарының бірі. Ғимарат ескі көрінді. Десе де, бұл жерде білім алу оңай емес. Америкалықтардың тұрмыс-тіршілігіне, өмір сүру əдебіне таңғалдым. Бір-бірімен ісі жоқ, əркім өзінше өмір сүреді. АҚШ-та үш апта болдық. Жол ақысын мектеп төледі. Тоғыз жыл бойы сабақты тек үздік оқыдым. Олимпиадада 1-орын алдым. Біз бұл сапардан ғылыми жобаға идея жинаймыз. Қаланың көрікті жерлерін аралап, танымдық мəліметтерді оқимыз.

Қазақстаннан барған оқушыларды топқа бөліп тастады. Нью-Йорк қаласына саяхат жасадық. Орталық саябақты, əйгілі Бруклин көпірін көрдік. Сосын Вашингтон қаласын араладық. Ақ үй, Капитолий, Томас Джефферсон мемориалын араладық. АҚШ-тағы əрбір ескерткіштің тарихы бар. Мысалы, Пентагон əскери мекемесінің қасында 2001 жылы 11 қыркүйектегі терактіге байланысты ескерткіш ретінде отырғыштар қойылған. Екі ұшақ бір-біріне қарсы ұшып, қаншама адам көз жұмған еді. Отырғыштар ұшақтың бағыты бойынша орналасқан. Қайтыс болған адамдардың есімі жазылған. Сосын ботаникалық баққа бардық. Өсімдіктердің сан түрін көрдік. Осындай жоба əрбір мектепте болса ғой. Саяхатқа шығу өте қызықты əрі əсерлі. Сабақты жақсы оқып, əлемнің ең мықты оқу орындарына оқуға түссем деймін, – деді Ардақ.

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №31
31 шілде 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз