Мен қалашыл, ал сен болсаң далашыл,
Қайдан келдің, қайда кетіп барасың?
Тыным таппай ағыл-тегіл аққанда,
Таптың ба, айтшы, жүрегіңнің дауасын?!

Шарқ ұрдың ба буырқанып батыр боп,
Талпындың ба шығарам деп тақырға от,
Жолға салып жібергенде Тау-Әке:
«Сайын дала сені күтіп жатыр», – деп.

Түпсіз аспан татығанда жат, кермек,
Кең даланың көкірегін жас кернеп
Жатқан шақта лықсып шығып, төгіліп
Аққан сен бе таудан құлап, тасқа өрлеп?!

Сен барсың ғой, қалды десем елде кім,
Іздеп сені, білем, жиі келмедім.
Күрсінгенде Жоңғар Алатауының
Көкірегінен ыршып шыққан шер ме еді ең?

Жағаңда сан көбелек те қумап па ем?!
Ақ суыңа ақша жүзін жуды әпкем.
Екеуміз де алысқа ұзап кетіппіз
Көшіп жүрген сендегі әуен-ырғақпен.

Көшу деген – еркіндіктің мәні екен,
(Мен несіне дәметем?!)
Маң далада мәңгі көшіп жүретін
жел… құм… сағым… және Сен.

***
Гүрілдеп аспан,
дірілдеп тастар
жатқанда,
біз де қызық деп,
Жарысатынбыз өзенге қарай
Бір-бірімізді қуып кеп.

Қорғалап қолмен жалаңаш басты,
Жауыннан тұрсақ жасқанып,
Өзенде сол шақ бір керемет би
Кететін кенет басталып.

Шуылы судың жаңбыр үнімен
Жарыса шықса күй тынбай.
Қимылмен ғана сөйлейтін тамшы
Су бетіндегі сиқырдай.

Секіреді де шыр айналады,
Жаныңды бөлеп ләззатқа.
Сіркіреп тұрған мен болсам, шіркін,
Сіңіп кетер ем ғажапқа.

Моншақты қыздар мың бұралады
Бұлттардан түскен мөлтілдеп.
Беймезгіл мені күтесіңдер ме,
Жағаға жақын келсін деп?!

Сол биді іштей үйренетінмін,
Күйге енетінмін бір ерен.
Билігі көктің қолымда болса,
Би билеп ұшып жүрер ем.

Басылды кенет төпеген жауын,
Қана алмай, көңілім, қалдың ба?!
Тыншыған кезде тамшының бәрін
Арнаңа қосып алдың ба?!
Ақсуым!

***

Мына жаңбыр басталып ед нешеде?
Тамшы біткен қонып жатыр көшеге.
Терезеден тысқа елеусіз қараймын,
Тағдырымды құйып алып кесеге.

Терезеден көрінеді қақпам да,
Терезеден көрінеді аспан да.
Көлеңке боп төгіледі ақшам да,
Көрмейін деп көзімді алып қашсам да.

Маңай түгел айналса да лайға,
Тамшы жерге құшақ ашып құлай ма?!
Мүмкін олар асығып кеп аспаннан
Дәл осылай тәу етеді Құдайға.

Құшақтауға жетпейді, әттең, құлашым,
Жаңбыр даусы, бәлкім, оның дұғасы.
Отыратын ас бөлмеден аса алмай
Мен үшін де жалғыз тілек сұрашы…

***
Ағады Ақсу баяу ғана,
Шалқымайды, тасымайды.
Жағасында жан тыншиды,
Қалсам ба екен басыбайлы?!

Қашсам солай жан мұңынан,
Шаһардың шу-гүрілінен,
Болар ма екен дерт меңдеген
Жүрегімнің дірілі кем?!

Жал толқындар жымың қағып,
Жарысады ойнап ағып.
Жылылықты біз қалайша
Толқын құрлы ойламадық?!

Торықпайды жатса-дағы,
Толқын басын тасқа соғып.
Біз де сондай мықты болсақ,
Қиындықтан қашпас едік.

Салқындатшы санамды енді,
Тербет, өзен, әлдилеші,
Әніңе ұйып ұйықтап кетсем,
Білем, дерттен жан күймесін.

Ағады өзен, оралмайды,
Уақыт деген ауыспалы.
Сен де арнаңа түссеңші енді,
Өмірімнің ағыстары!


***

Ғаламды жаратпас текке,
Жер бізге, біз Жерге кімбіз?!
Күлімдеп тұратын көкте
Күн деген – жай ғана жұлдыз.

Аспанның ажары дер ме,
Жұлдыздың жанары – шырақ.
Шырақтар тамады жерге
Асығып, адасып, құлап…

Құлау мен құлдырау теңдей,
Көңілің құлазиды аздап.
Сол шырақ жерде де сөнбей
Кеудемде тұрады маздап.

Білмеймін, көктен не көрдім?
Аңырып қараймын Айға.
Серігі емес пе ең Жердің
Селкеусіз сенімім қайда?

Жұлдыздар ілінген зәуге
Күрсініп қарайды бір қыз.
Күн деген – сөнбейтін сәуле,
Күн деген – ең алып жұлдыз.


***
Қуаты қысқан қаламдай,
Шабытты шаққа қана алмай,
Бақыт дейтұғын биікке
Бір ұшып, қайта оралмай,
Қалықтап сол бір асқарда
Қалып қоюға болардай.
Оралған күннің өзінде,
Қолыңа келіп қонардай
Сәттерді кештік кеше біз,
Әлі де талай кешеміз,
Кешеміз-дағы
ауытқып неге кетеміз
Ұйтқыған орбиталардай?!
Булыққан бұлттар ауа алмай,
Түнерген аспан жауа алмай,
Суыған көңіл қалардай,
Сусыған тамшы тамардай,
Тұтанған азап отына
Тірідей түсіп жанардай,
Бас иіп тағы бара алмай
Жүреміз сосын, әй, Алла-ай!

«Ақ желкен» журналы, №7
Шілде, 2017

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз