Асылбек жақында ғана інілі болды. Анасы мен әжесі кішкентай бөбекті күнде жуындырады. Асылбек қарайлап қастарында жүреді. Кейде інісінің үстін сүртетін сүлгіні ұстап тұрады. Кейде жөргектерін алып береді. Бірде әжесі анасына ожауды ұсынып:

– Барып, су әкелші! Жетпей қалды.

Байқа, ыстық болмасын! Қанжылым ғана болсын, – деді.

– Қанжылым деген не? – деді түкке түсінбеген Асылбек.

– Жылы суды айтам. Кәдімгі жып-жылы су! – деді де әжесі сәбиді шомылдыруын жалғастыра берді…

Кешкісін үйдегілер дастарқан басына жиналды. Әжесі Асылбекті мақтап:

– Менің балам – нағыз қолғанат! Інісін күнде өзі шомылдырады, – деді.

– Әже! – деді осы кезде Асылбек. – Бір нәрсе сұрасам бола ма?

– Сұрай ғой, құлыным!

– Жылы суды неге қанжылым дедіңіз?

Әжесі күліп жіберді.

– Құймақұлағым менің! Бағанағы әңгімені ұмытпаған екенсің ғой! «Қанжылым» деген сөз қанның жылуындай дегенді білдіреді. Қазақтар жылы суды осылай сипаттаған.

– Қанның жылуы?.. Ол қандай болады? – деп сұрады Асылбек.

– Ол ма?.. Ол кәдімгі дененің жылуымен бірдей.

Әжесі немересін маңдайынан сипады. Алақаны сондай жұмсақ, жып-жылы екен.

– Қанжылым… Енді түсіндім! – деп Асылбек әжесіне күлімдей қарады.

 

Бағдат МӘЖИТОВ

«Балдырған» журналы, №1
Қаңтар, 2018

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз