Ақтаулық оқушы Сәттіғали Жолдасбай зағип жандарға арналған SMART-тақия ойлап тапты.

Осыдан бірер ай бұрын бұл жаңалық желіде желдей ескен болатын.

Ақтаулық тапқыр бала жайлы хабар таратпаған БАқ некен-саяқ. тіпті, шетелдік сайттар да қазақстандық жас робототехник жайлы жарыса жазды.

Сол оқушы Сәттіғали бүгінде талапкер атанып отыр. Ақтаудағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сыныбын үздік бітіріп, үлкен өмірге қадам басқан жайы бар. Алда үлкен сынақ. қарбалас кезең. Десек те, Сәттіғали уақыт тауып, өзі жайлы, өнертабысы жайлы «Ақ желкен» оқырмандарына аз-кем сыр шертті.

– Сәттіғали, алтын ұядан түлеп ұшқан екенсің. «Ақ жол!» дейміз. Қанатың талмасын!

– Рахмет!

– Қандай мамандықты таңдадың? Робототехник пе? Әлде…

– Геодезист боламын деп шештім. Бұл мамандықты бала кезден ұнатамын. Геодезияның араласпайтын саласы жоқ. Кез келген құрылыста геодезистің көмегінежүгінеді. Себебі, олар жердің ой-қырын зерттеп, құрылыс жүргізуге болатынын, не болмайтынын анықтап береді.

Ал робототехникаға келсек, одан қол үзбейтінім анық. Себебі, заманауи инженерия осы саламен тығыз байланысты. Болашақты роботсыз, SMART-технологиясыз елестетудің өзі қиын ғой.

– Енді өзіңді елге танытқан SMART-тақияға келейікші. Ол қалай жасалды?

– SMART-тақияны ауылдағы атама арнап жасадым. Ол кісінің көзі нашар көретін. Кейінгі жылдары тіпті нашарлап кетті. Қасына үнемі немересін ертіп жүрді. Жазда ауылға барғанда осыған куә болып, қатты қапаландым. Атама көмектескім келді. Ұзақ ойландым. Робототехника үйірмесіне қатысып жүргендіктен, басыма «Неге зағип жандарға жол сілтейтін электронды

құрал жасамасқа?» деген ой келді. Ақтауға оралған соң, бұл ойымды жетекшіміз Бақытжан Мұхаммед ағайға айтып едім, бірден қолдау танытты. Сөйтіп, іске кірісіп кеттім. Бір айда SMART-тақияны жасап шықтым.

Айтпақшы, маған ағайдың жаңаөзендік шәкірті Рамазан Қойшыбаев көп көмектесті. Ол екеуміз ғаламтор арқылы байланысып, пікірлесіп отырдық.

– Бұл құрал қандай бөліктерден тұрады? Зағип жандарға қалай көмектеседі?

– Девайстың құрылысы тым күрделі емес. Вибромотордан, батареядан, сосын арнайы екі тетіктен тұрады. Вибромоторды үйдегі ескі ұялы телефоннан алдым. Батареяны да. Барлық бөліктер бір-біріне сым арқылы жалғанады. Зағип жандар тақияны киіп жүргенде тетіктер алдында тұрған кедергіні сезіп қояды. Осы кезде вибромотор дірілдеп, адамға белгі береді. Яғни, бұл құралды әрі баскиім, әрі бағыт сілтеуші деуге болады.

– Өнертабысыңды сынақтан өткіздің бе? Жұртшылық қалай қабылдады?

– Ақтауда көзі нашар көретін адамдардың қоғамы бар. Сол жерге барып, тақияны тәжірибеден өткізіп көрдік. Зағип жандар тақияны киіп көріп, дән риза болды. Тіпті, тапсырыс беретіндерін де айтты. Сосын бұл жобамен Астанадағы көрмеге қатыстым. Онда да жұртшылық жылы қабылдады. Осының бәрі әрі қарай ізденуге мұрындық болды. Алдағы уақытта SMART-тақияны жетілдірсем деген жоспарым бар.

– Сонда бұл құралға не жетіспейді деп ойлайсың?

– Әзірге SMART-тақия адамның қарсы алдындағы кедергілерді сезеді. Енді датчиктерді аяқ киімге де орнатып көрсем деймін. Сонда аяқтың астындағы ой-шұңқырды, қатты заттарды да анықтап отырар еді.

– Ақынға шабыт керек. Ол анық нәрсе. Ал ғылыммен айналысқан адамға, өнертапқышқа шабыт керек пе?

– Мүмкін. Егер сен жасаған дүние адамзатқа пайдалы екенін түсінсең, кәдімгідей арқаланып қаласың. Әрі қарай ізденуге құлшынысың артады. Бәлкім шабыт деген де осы болар.

– Ғылым сен үшін не? Әуестік пе, өмір жолы ма, пайда табудың әдісі ме?

– Әзірге әуестік қана. Себебі, ғылым мен үшін телегей теңіз секілді. Қазір сол теңіздің шет жағында ғана жүрмін. Бірақ біртіндеп тереңдегім келеді. Мені ғылым қатты қызықтырады.

– Қандай пәндерді ұнатасың?

– Физика мен математиканы. Менің әкем геофизик, анам математик. Олар мені жастайымнан ғылымға бейімдеп, білімге талпындырып отырды. Маған зор сенім артатын да, алдымен, сол кісілер.

– Шетелде болдың ба?

– Өткен жылы жазда Малайзияның Куала-Лумпур қаласында болдым. «STEM Summer Programme 2016» бағдарламасы бойынша тәлім алдық. Қазақстаннан 42 бала қатыстық. Түрлі бағытта білім жетілдірдік. Менің бағытым: биомедицина мен фармацевтика болды.

Біз ауру түрлерін, белгілерін, себептерін зерттедік. Банан жемісінің ДНҚ-сын алуымыз да қызықты тәжірибе болды. Тіпті, аспирин дәрісін жасадық.Осы сапар барысында бір тамаша идея туған болатын. Қазақстандағы өсімдіктер жайлы ағылшын тілінде мәлімет аздау екен. Сондықтан еліміздегі өсімдіктер әлемін зерттеп, арнайы энциклопедия шығарғым келеді.

– Малайзиялық балалардың ғылымға қызығушылығы қалай екен?

– Өте жоғары деңгейде. Байқағаным, ондағы оқушылар еркін. Өздігінен ізденуге бейім. Дәрістердің дені ғылыми зерттеулерге негізделген. Оқу орындарындағы зертханалар да керемет. Ең соңғы үлгідегі аппараттар орнатылған. Осының өзі балаларды ғылымға бейімдей түсетіні анық.

– Қазір әлемде «ғылымды дәріптеу» деген үрдіс байқалады. Яғни, ғылымды бәрінен жоғары қою, барынша насихаттау үрдісі ғой. Бұл сеніңше маңызды ма?

– Әрине. Меніңше, ғылым модаға айналуы керек.Жастар жаппай қызықса деп армандаймын. Соған мүмкіндік тудыру керек. Мысалы, біздің робототехника үйірмесін алайықшы. Мен алғаш қатысқан жылы аз едік. Қазір үйірмедегі балалар саны едәуір артты. Түрлі деңгейдегі олимпиадаларға, жарыстарға қатысушылар көбейіп келеді. Неліктен? Себебі, балалар біз жасаған дүниелерге қызықты. Демек, алдыңғы толқынның жетістіктері кейінгілерге үлгі деген сөз. Стимул пайда болды.

– Сенімен бірге үйірмеге қатысқан оқушылар қандай дүниелер жасады?

– Біраз жобалар бар. Мысалы, Есет Седешов «Ақылды үй» жасады. Оны телефон арқылы кілттеуге болады. Сондай-ақ, «ақылды шаңсорғыш» құрастырдық. Өсімдікті автоматты түрде суаратын аппарат та жасадық. Бұл жобаның авторы – Малика Әлиева.

– Әлемге әйгілі IT-мамандар арасынан кімді үлгі тұтасың?

– Стив Джобсты. Маған оның мотивациясы ұнайды. Мысалы, Джобс: «Әлдебір жаңалық ашқың келсе, басыңа бірден қиын шешімдер келеді. Көп адамдар мұндайда тоқтап қалады. Сен тоқтама. Мәселенің мәнісіне үңіл. Сонда пияздың қабығын аршығандай боласың. Ең ұтымды әрі қарапайым шешімді табасың» дейді. Тағы бірде: «Егер үлкен іс тындырғың келсе, оны міндетті түрде жақсы көруге тырыс. Бірден ұната қоймайсың. Бірақ ойыңнан шығарма. Идея жүрегіңе ұяласын. Сонда біртіндеп ең қиын жұмыстың өзін жақсы көре бастайсың» дейді.

– Робототехникадан басқа не қызықтырады?

– Футбол ойнаймын, кітап оқимын, арасында сурет саламын.

– Қандай кітаптарды ұнатасың?

– Негізінен фантастика ұнайды. Бірақ кез келген жақсы кітапты оқи бересің.

– Кітапты электронды нұсқада оқисың ба?

– Мүмкіндігінше кәдімгі қағаз кітап оқуға тырысамын. Электронды кітапты оқып көрдім. Бірақ маған ұнай қоймады.

– Уақытты қалай бағалайсың? Күн тәртібі, жұмысты алдын ала жоспарлау дегенге мән бересің бе?

– Мән беруге тырысамын. Кейде ертең істейтін жұмыстарды түнде жоспарлап, смартфонға жазып қоятын әдетім бар.

– Жаңа Джобсты айтып қалдың. Ол кісінің 12 элементтен тұратын жетістік формуласы болған. Осындай формула сенде бар ма?

– Ол жайында ойланып көрмеппін. Дегенмен, «ізденіс + еңбекқорлық + табандылық = жетістік» дер едім. Бұл қарапайым ғана формула.

– Әңгімеңе рахмет!

Әңгімелескен
Бағдат МӘЖИТОВ
«Ақ желкен» журналы, №6
Маусым, 2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз