«Болашақ» бағдарламасының түлектері «Шыңыраудан шыңға дейін» атты шара ұйымдастырды. Онда «болашақтықтар» жеке кəсібін ашуда тап болған қиындықтары, жіберген қателері мен жеткен биіктері жайында айтып берді. Алғашқы кейіпкер Алмас Тұяқбаев – Zero To One Labs компаниясының иесі. Ол – кез келген адамды мобильді қосымша жасауға үйрететін Қазақстандағы тұңғыш компания. Алмас бізге алғашқы «екілігінен» бастап, компанияның өсуіне дейінгі қиындықтарын əңгімеледі.

– Сегізінші сыныпта физика-математика бағытында тереңдетіп оқытатын мектепке ауыстым. Өз мектебімде «жұлдыз» болып қалғанмын. Ауысып келе сала қазақ тілінен «екілік» алдым. Қатардағы оқушылардың бірі болып шыға келдім. Бұл – мен алған алғашқы соққы. Негізі ол сабағыма емес, тəртібіме байланысты қойылған баға еді. Бірақ ондай соққы адамға өте жақсы əсер етеді. Бірден ортаға қарай бейімделесің, қатарыңнан қалмау үшін жақсы оқуға тырысасың, үй жұмысын қалдырмайсың дегендей. Жанымдағылар 6-7-сыныптарында осы мектептің мұғалімдерінен қосымша сабақ алып жүргендер екен. Енді мен сол сыныптастарымның шаңында қалмауға тырыстым.

Олар үшін сабақ та, өтіп жатқан тақырыбымыз да жаңа болмағандықтан аса күш салып оқымады. Сөйтіп екі тоқсанда теңеліп кеттік. Əйтеуір, тырысып оқып, мектепті «Алтын белгімен» аяқтадым. Оқу бітірген соң Қазақ-Британ техникалық университетінің Қаржы мамандығына түскім келді. Оған тек бір-ақ грант бөлінген. Менің бір досым ҰБТ-дан ең жоғарғы 120 ұпайды жинады. Əлгі оқуға енді ол түспегенде кім түспек? Іштей «берілдім» де, құжаттарымды Компьютер ғылымдарына тапсырдым. Кейін олимпиадалық бағдарламалаумен айналыстым. Сонда мені «жайлылық аумағынан» суырып алып, күніне 10 сағаттан 2 сессия бағдарламалауды иығыма артып қойды. Əр бес сағатта үш адам 12 жаттығуды орындап бітуі керек. Ол жұмыс аяқталған соң қарап отырсақ бəрі де жас, креативті, білімді жігіттер. Неге стартап бастамасқа? 2007-2008 жылдары жиырмаға жаңа ілінгенбіз. Стартабымыз Firm logic деп аталды. Өзімізше бизнеспен айналыспақпыз. Негізінен мобильді қосымшалар əзірледік. Инстаграм сияқты қосымшаны ойлап таптық. Кейін Spotify секілді қосымша əзірледік. Дəл сондағыдай музыканы тегін тыңдауға, плейлист жасап алуға болатын. Ол кезде университетте сабақ беремін де, бос уақытымда достарыма қосыламын. Біздің команда сондай алғыр, идеясы көп, жұмысты тез орындап тастайтын жігіттерден тұрды. Бəріміз тегін жұмыс істедік. Бірақ бəрімізге жетіспейтін бір нəрсе бар: саудаға икемсізбіз. Содан компаниямыздың жұмысы тоқтап, əрқайсымыз əр салаға кетіп қалдық. Бұл жобаны қаржы əкелмегендіктен сəтсіз деп атауға болатын шығар. Алайда мұнда алдағы сəтті жобалар үшін мол тəжірибе жинадық.

ДЕГЕНІҢІЗДЕН ҚАЙТПАҢЫЗ!

Магистратураға Америкадағы Карнеги университетіне тапсырдым. Тапсырдым дегенде «тисе терекке, тимесе бұтаққа» дегендей болды бəрі. Ниетіме қарай оқуға түспей қалдым. Келесі жылы ағылшын тілін оқып, «Болашақ» бағдарламасына құжат өткіздім. Мен таңдаған Адам мен компьютер байланысы мамандығы бағдарламада жоқ болып шықты. Сондықтан маған ол мамандыққа тапсыруға рұқсат етпей қойды. Таңғы 7-де билет сатып алып, 9-да Астанада болдым. Офиске кіре салысымен ол мамандыққа түсуге болатынын жанымды салып түсіндірдім. Түске қарай, əйтеуір, мəселем шешілді. Айтайын дегенім, егер сізге «жоқ» десе, «жарайды» деп басты төмен салбыратып кетіп қалмаңыз. Мүмкін оның «жоғы» тек бүгінше болар. Əлде сіз мəселені шешудің басқа жолын ұсынарсыз. Тоқетері жақсы нəрсеге келгенде дегеніңізден қайтпаңыз. Осы орайда Гэвин Кеннедидің «Договориться можно обо всем» деген кітабын ұсынамын. Неше қайталап оқысам да əлі күнге дейін үйренерім көп кітап. 2014 жылы Арман есімді досыммен  Zero To One Labs компаниясын құрдық. 2017 жылы қосымша жасауды үйрететін біздің инкубатордан 200-ден аса адам өтті. Жалпы он елден қатысқан олар 650 мың аудиториясы бар 110-нан аса мобильді қосымша жасап шықты. Екі адам болып бастаған компаниямызда қазір жиырма қызметкеріміз бар. Бізге компьютер ғылымына қатысы жоқ адамдар не үшін қосымша жасайды деген сұрақтар жиі қойылады. Оның үстіне ол қосымшалар пайдаланылмайтын болса, бұл сауалдың қойылуы заңды. Бар болғаны адамдардың қателесуіне мүмкіндік бергіміз келеді. Жұмыс барысында олар неше мəрте қателік жібереді. Сөйтсе де өз өнімін жасап шығара алды. Түсінгенім, егер кəсіпкер болғыңыз келсе, мүмкіндігінше ерте бастаңыз. Қателесуден қорықпаңыз. Бизнесте ең мықты ойыншыларды ғана өз жағыңызға тартыңыз. Оларды əдетте «рок жұлдыздары» деп атайды. Солармен ғана компанияны биікке шығара аласыз. Адамдардың ауыстырылмайтын ДНҚ-сы болады. Оның ішіне табысқа жетпей қалудан қорықпайтын, энергияны текке жұмсамайтын жəне өзгелерге қызмет ету керегін жанымен түсінетін қасиеттер кіреді. Оқушы Алмасқа бағдарламалаумен ертерек айналыс жəне кəсіпкерлікке көңіл бөл деп айтар едім. Тым болмағанда сүт сатып үйренсем, бағдарламаларым нарыққа тез еніп кетер еді деп ойлаймын. Мамандық таңдауда қиналсаңыз, myers-briggs test деген онлайн тесттен өтіп көрсеңіз болады. Одан өту тегін. Қай салаға икеміңіз барын анықтап береді. Сонымен қатар қызығып жүрген салаңызда жұмыс істейтін адамның жанында жүріп, жұмысын көруді сұраңыз. Сіздікі ме, жоқ па, оп-оңай анықтайсыз.

 

 

Таңшолпан ТӨЛЕГЕН

«Ұлан» газеті, №11
13 наурыз 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз