Үйге оралған Сағыныштың бар ермегі – торда тұратын торғайы. Соның жемін береді, суын құяды, жанынан бір елі алыстамайды. Әлденеге ренжісе, қуанса, сонымен сөйлеседі. Ондайда бойы жеңілдеп, жаны жадырап қалады.
– Әкем мені қалай еркелетсе, мен де сені солай мәпелеймін. Тағы бір айтарым, сен де мен сияқты ақылды бол. Әйтпесе қарамай қоямын, – дейді үн шығара сөйлеп. Сосын тілсіз құсқа күлімсірей қарайды.
– Өкпелеп қалдың ба? Ойнап айтам. Мен сені ешқашан ренжітпеймін. Жұмыстан қолы босамайтын әкем сияқты балабақшада да бөгелмеймін. Өйтсем сен аш қаласың. Оны қойшы, мені қатты сағынатыныңды білемін… солай ғой, ә?

Бұл жолы тордағы құс баланы түсінген рай танытып, қанаттарын қомдап, дүр-дүр сілкініп қойды. Сағыныш мәз.
– Әп, бәрекелді! – деді әкесі жиі айтатын сөзді қайталап. – Міне, енді түсіністік. Ақылдым сол!
Торғайды әкесі әкеліп берген. Күнде көріп жүрген бозторғайдан сәл бөлек: ұзын сида денесі қап-қара, тек қанат жиегі мен бауырын әппақ жолақ сызған. Үні кәдімгі шықылықтан гөрі әуенді ысқырыққа келеді. Мойнын соза, тұмсығын дірілдете әндетіп қоя бергенде жуыр маңда тоқтата алмайсың. Өзі жалыққанда ғана тыншып, ұзақ үнсіз қалады. Әріде қанша жалынсаң да жақ ашпайды. Сағыныштың торғайға деген сүйіспеншілігі әкесі қара көрсетпеген соңғы уақытта мүлде асқынып кетті. Балабақшадан келген бойда сонны төңіректейді. Былайғыға назар аудармайтын жаңа әдет тапқан. Бірақ, бұнысы қырсықтығынан емес, өзімен өзі болуды қалағаннан. Әкесінің тым ұзақ кешігуі түсініксіз. Атасына сенсе «шаруаның шыға беруінен» екен. «Е-е,менің балам болмаса үкіметтің жұмысы тұралап қалады» дейді біртүрлі мазасыздана сөйлеп. Ана сөзі де осы төңіректе. Әйткенмен, әке туралы сөз қозғалғанда атасының күрсінуі жиілеп, шешесінің көз алды дымданып сала береді. Неліктен? Ұғынар шамасы жоқ. Бәлкім, Сағыныш секілді олар да оны сағынған шығар… Иә, сағынады. Өйткені, әкесі әлемдегі ең мейірімді, ең қамқор жан! Кенет… Сағыныштың есіне атасы айтқан бір ертегінің желісі түсті. Ертеде адамдар бір-біріне сәлемхатты көгершіннің сирағына байлап жібереді екен! Ендеше… неге әкесіне солай хат жолдамасқа! Сонда ол «балдан тәтті қызының» сағынғанын біледі ғой. Ең құрымаса, бір күнге сұранып, келер еді. Кіп-кішкентай жүрегінің сәлемін алса, кідірмесі анық. Осыны ойлағанда бойын тосын қуаныш кернеді. Бұрын неге есіне келмеді екен?!

Апыл-ғұпыл кішкене сөмкесін ашып, қағаз, қалам алды да, өзінің суретін сала бастады. Қолы тырбиған, шашы жалбыраған бейнені көргенде: «Бұл менмін, – деді ішінен. Әкем мені таниды. Таныса, бетімнен бір сүю үшін келеді». Енді жіп іздеді. Шешесінің іс қорапшасында ақ, көгі аралас бірнешеуі жатыр екен. Бірін алып, торғай сирағына оралған парақты байлай бастады. Артынан тор есігін ашты. Іле жүгіріп балконға шықты. Қолында торғай.
– Әй, сен адасып кетпе, жарай ма! – деп тапсырды торғайға.

– Менің әкем шахтада істейді. Қап-қара мұрты бар. Құс тыпыршығанда басы қозғалды. Мұны қуаттағаны деп түсінген қыз оны жоғары көтерді.
– Түсінсең, ал, жолың болсын!
Алақанын жазғанда кішкене құс пыр етіп ұша жөнелді. Сағыныштың әкесіне деген ыстық сағынышын жеткізуге асығып бара жатқандай еді…

                                                                             Төкен ӘЛЖАНТЕГІ

«Балдырған» журналы, №4

Сәуір 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз