Көрнекті ақын Сәкен Иманасовтың туғанына 80 жыл

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Сәкен Иманасовтың 15-тен астам жыр жинақтары мен бес томдық шығармалар жинағы жарық көрген. Ақын аударма саласында да еңбек етіп, шығыс шайыры Жалаладдин Руми, орыс ақындары А.Кольцов, В.Маяковский, ангола ақыны А.Нетто, саха ақыны М.Ефимов, қырғыз ақындары А.Рысқұлов, С.Жусуевтердің кітаптарын қазақ тіліне тәржімеледі.

Сәкен аталарың биыл 60 жылдық мерейтойы аталып өткелі отырған «Балдырған» журналында біраз уақыт қызмет істеп, балаларға арналған көптеген өлеңдер, жұмбақтар мен ертегілер жазды. Бүлдіршіндерге арналған бірнеше кітабын жариялады. Сендердің назарларыңа ақын аталарыңның мерейтойына орай бір топ туындысын ұсынып отырмыз.

ЖАЙЛАУДА

I

Атам биыл мені де
Алып барды жайлауға,
Құлындар тұр желіде,
Биелер тұр байлауда.

Бітеді деп күш бірден
Маған саба пістірген.
Жарты шара саумалды
Жалғыз өзім іштім мен.

Көбейгенін күшімнің
Кешке жақын түсіндім:
Айтпай қойдым ешкімге
Ауырғанын ішімнің.

II

Жайлау аты – Мыңбұлақ,
Күннен-күнге жүрді ұнап,
Арқасында атамның
Алғаш рет міндім ат.

Шаппадым да желмедім,
Желгендерге ермедім.
Мінгенімді атқа тек
Көрсін дедім ел менің.

Жүрмесін деп тұрған ат,
Жан-жағыма бір қарап,
Жабыстым да жалына
Түстім жерге сырғанап.

III

Малшы ауылдың, тегінде,
Кеш пice ме тамағы,
Жолдастарым менің де
Ерте жатып қалады.

Бірден ұйықтай қоймадым,
Көп нәрсені ойладым,
Көгендегі қозымен
Келіп жатыр ойнағым.

Сүйкімді екен қозы-лақ,
Біреуінің көзі ұнап,
Көмегінсіз атамның
Ұстап алдым өзім-ақ.

Маңырады, бақырды,
Енесін де шақырды.
Обал болар дедім де
Қоя бердім «батырды».

ІV

Биік-биік тау барып,
Көк майсаға аунадық.
Судан балық іздедік
Суық тасын аударып.

Бәріміз де тілді алып,
Гүлді бекер жұлмадық.
Жүріппіз-ау,
Қонғанша
ұясына Күн барып.

Қияларға өрледік,
Қой бүлдірген термедік
Ауырмаса ішіміз
Көк те болса жер ме едік!

V

Бұлағын да ұнатам,
Қыранын да ұнатам.
«Жылда-жылда жайлауға
Апарам»,– деп жүр атам!

КӨБЕЛЕК

Қызыл-жасыл көбелек,
Көп екен ғой, не керек!
Әдемірек біреуін
ұстап алсақ деген ек!

Ұстауға бел байладық:
Торымызды сайладық,
Үйде отырып онымен
Ойнамақшы ек жайланып.

Ақ көбелек керек пе?
Көк көбелек керек пе?
Қонды барып біреуі
Көк жапырақ терекке.

Көзімді алмай теректен,
Жақындап ем мен ептеп,
Көбелекке тіл бітіп
Сөйлеп берді кенеттен.

Ол сөйледі, сөйледі:
«Ой! Ой! Ой! Ой! Ой!– деді,–
Жазығым жоқ еді ғой,
Ұстамай-ақ қой мені!

Жаңа ғана серпілгем
Айырмашы еркімнен,
Ұстап алсаң, не қалар
Қызыл ала көркімнен?

Жақсы едің ғой, ұғып ал,
Нәзік қанат жұлынар,
Көмектесе қоярлық
Көбелектің кімі бар?

Ұстап ала бергенде
Өлемін ғой мен демде,
Ұшып-қонып жүргенім
Жаңсы емес пе сендерге?»

Айтты осыны ентіге,
Қызықсақ та көркіне,
Көбелекті ұстамай,
Қоя бердік еркіне!
БАЛЫҚ АУЛАЙ БАРҒАНДА

– Қара балық, ақ балық,
Қармағымды қап, балық!
«Балық ұстап алдым!»– деп,
Жүрейін мен мақтанып.

Алабұға, шортан да
Бар шығар-ay ортаңда,
Көрсетейін Айдосқа,
Көрсетейін Шолпанға.

Сала құлаш сазан ба –
Сатқызбайын базарға,
Алғызбайын ешкімге,
Салғызбайын қазанға.

Қармағымды байқаған
Қаба қойшы, майтабан!
Көрсетем де апама,
Қоя берем қайтадан.

Отырмын,– деп,– мың сағат,–
Балықтарға ұрсам-ақ,
Қармағыма тым құрса,
Ілінсеші бір шабақ!

Судың беті нұрланып,
Қармағым тұр ырғалып,
Тым құрыса көзіме
Көрінбейді-ау бір балық!

Құлақтарың керең бе?
Күнде келе берем бе?
Шықшы бірің жағаға,
Жасырынбай тереңге!

Су бетінде қызық көп,
Бері таман жүзіп кеп,
Бір көрін де,
Қаласаң,
Қармағымды үзіп кет!

КЕПТЕР

Қайдан шықты мынау үн?
Әлде нені сұрауың…
Үрлеп-үрлеп әйнектің
Кетірейін қырауын.

Ал үрлеп көр, үрлеп көр,
Еріді тор, ілмектер,
Ар жағында жақтаудың
Гүр-гүр етіп жүр кептер.

Қашпа, кептер, сен менен,
Қашпа, саған жем берем,
Күнде-күнде гуілдеп
Осы араға кел дер ем.

Ойнап болып басқамен,
Отыр едім босқа мен,
Күте-күте мамамды
Жалғызсырай бастап ем…

Жақсы келдің, кептерім,
Тиіседі деп пе едің,
Жүре тұршы азырақ,
Алысқа ұшып кетпегін.

Алақтасаң-алақта,
Мойныңды әрі қаратпа.
Алты болып қалыпты-ау
Тық-тық етіп сағат та.

Маған неге қадалдың,
Тиіседі саған кім?
…Көп ұзамай өзі де
Келіп қалар мамамның.
ТОРҒАЙ

Торғай, торғай, торғайым,
Қарақұстан қорғайын,
Бері, бері келе бер,
Ұстамаймын, оңбайын!

Кешегі нан қоқымын
Қайта-қайта шоқыдың.
Қауырсының аумайды-ау
Қанатынан тотының.

Көнсеңші бір ақылға,
Бері таман жақында,
Нан берейін мен саған,
Дән берейін, мақұл ма?

Қашқақтайсың сен неден,
Жақындашы, жем берем.
Орын сайлап қояйын
Өзім жатар бөлмеден.

Ұша бермей үркіп тек,
Қарасаңшы бір тіктеп.
Алақанда наным бар,
Жақын келіп, түртіп кет.

Біздің үйде жоқ мысық,
Біздің үйде жоқ күшік,
Дегенімше болмады,
Пыр етті де, кетті ұшып.

ТАҢЕРТЕҢ

Төсегінен тұрады,
Шашын өзі тарайды.
«Таза ма,– деп,– құлағым»,–
Айнаға да қарайды.

Сүйкімдісі-ақ баланың
Үйірілген асықтай.
Қағазы мен қаламын,
Реттейді асықпай.

Жайлап қана шетінен
Киімдерін киеді,
Мамасының бетінен
«Шөп» еткізіп сүйеді.

Қуыршақтың көзіне
Бір қарамай кетпейді.
Содан кейін тезінен
Мектебіне беттейді.

АҚЫЛ

Жинақы жүр үйде де,
Көйлегіңді түймеле.
Кішкентай деп,
Мысықты
Құйрығынан сүйреме.

Кісі келмей тұра ма,
Қайдағыны сұрама.
Шыбық тимей шыңқ етіп,
Жоққа бола жылама.

Бөтен үйге кірдің бе,
Бірдемесін бүлдірме.
Ренжітпей апаңды,
Тілін алып жүр күнде.

Тулағы ма, тоқым ба,
Жолама кір-қоқырға.
Жуып келмей қолыңды,
Дастарқанға отырма.

Болып қалдың азамат,
Қыңқылдама мазаны ап.
Киіміңді күтіп ки,
Бәтеңкеңді тазалап.

Үлкейдің ғой бүгінде,
Үйге қарай жүгірме.
Жақсы жігіт болады
Сондай бала түбінде!

«Балдырған» журналы, №8
Тамыз, 2018

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз