Президенттің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында тарихшыларға қаратып айтылған тапсырмалар да бар еді. «Рухани жаңғыруды» тек салт-сананың жаңғыруы деген түсінік қалыптасып қалғандай, байқасақ. «Рухани жаңғыру» – тек бүгіннен басталатын жұмыс емес екені де атап көрсетілген. Тарихыңды біл, өзіңе үңіл, болашағыңды бағдарла деп жол сілтеп тұр. Тарих туралы («Рухани жаңғырудан» тарихшылар да шет қалмайды», «Ақ желкен» №5, 2018) тақырыпты қайта-қайта қопсыта беруіміздің себебі осы еді. Қазақтың тарихы туралы тағы не айтылмай жатыр, келер ұрпаққа тарихымызды қалай оқыту керек деген мәселе төңірегінде белгілі тарихшы, шоқантанушы Самат Өтениязовпен пікір бөлістік.

Таңдауымыздың Самат Өтениязовқа түсуі себепсіз емес. Ол әр салаға қызығушылық танытып көзге түскен жан-жақты ғалым. Негізгі мамандығы бойынша Мадрид және Қазақ-Америка университетінде испан тілінен сабақ береді. Тарихшы, тұлғатанушы ретінде де көп еңбектеніп жүр.  «Біз неге тарихи шындықты айналып өте береміз? Тәуелсіз Қазақстан неге шоқантанушы тәрбиелей алмай жатыр? Билер институтын неге насихаттамаймыз? Қазақ хандығы қайан шықты?» деп үнемі қарсы пікір айтып жүретіні бар. Кейде өзгеше ойлы пікірлерге де назар салып қойғанның артығы жоқ.

– Қазір Шоқан туралы әңгіме саябырсып қалды. Шоқантанушы ретінде не істеп жатырсыз?

– Қазір ақша жүрген заман. Біреулер жоба алады да, соны игеру үшін шала-пұла бірдеңе жасатады. Ондай жобаға бізді қатыстырса, ақша төлеу керек болады. Сондықтан бізден қашады. Ел іші болғаннан кейін ондай да болады. Кеңес заманындағыдай мықты шоқантанушы дайындай алған жоқпыз. Талай адам қорғады, бірақ ол ғылым емес. Екі-үш дипломы бар адамдарға қарап, «диссертацияда ғылым болмайды, дипломда білім болмайды» деген мақал шықты.

«Сіздер шошқа тағалап жүрсіздер ме?» деген сөзді тарихшыларға қарата көп айтады. Әлкей Марғұланның, Салық Зимановтың, Болат Көмековтің шәкірті болғандықтан қазақ тарихына бір кісідей еңбек сіңірдім. Бірақ нанымды испан тілі арқылы тауып жүрмін. Тарих маманы болып қала берсем, аштан өліп қалар едім. Тарихшы да, тарих ғылымдарының докторы да көп. Шынын айту керек, диплом үшін жарыс бұл саланы да жаулап алды. Сондықтан кейде тарихтың өтірік жазылып жатқан жағдайлары бар…

– Қазақтың тарихында нені ашып айта алмай жатырмыз? Қай мәселе даулы деп ойлайсыз?

– Мысалы, орыс-қазақ қатынасының тарихы көңілімнен шықпайды. Осыны қайта қарап, қайтадан жазайық деп айтып жүргеніме 25 жыл болды. Барлық жерде осы мәселе айтылып-ақ жүр. Бірақ өзгеріс болып жатқан жоқ. «Жабулы қазан жабулы күйінде» қалды…

Қазір тарих туралы кино түсірсе де, кітап жазса да жоңғар шапқыншылығы туралы айта береді. Жоңғар 18 ғасырдың ортасында жоқ болған мемлекет. Олар қазаққа шабуыл жасаған болса, орыс ағайындар да шабуылдап тұрды, мысалы. Мұрат Әбдіров деген ардагер тарихшының 1994 жылы шыққан «История казачества Казахстана» атты кітабы болған. Қанша тиражбен шықса да құмға сіңген судай таралып кетті. Оның ішінде қазақ халқына жасалған геноцид туралы айтылады. Қаншама адам сол кітаптың арқасында кандидаттық, докторлық қорғады. Шынын айту керек, бір институттың жұмысын бір өзі істеп тастады. Сол кітабын әкеліп тапсырған кезде, бастықтар маған рецензия жаздырған. Өзін бұрын танымайтын едім. Телефонмен сөйлесіп тұрдым, 7-8 бет рецензияны жазып бітіріп едім: «Менің қорғауым керек, жарты бет болса да үлкен газеттердің біріне шығарып беріңіз», – деді. Сол кездегі «Егемен Қазақстанның» бас редакторы Нұрлан Оразалин мақаланы оқып, өте жақсы екен деді. Өзі іссапармен кетіп бара жатқанын айтты. Рысбек Сәрсенбаевқа тасырып тұрып: «Сейсенбі күні Зимановтың мақаласы шығады, бейсенбі күні мына мақала шығатын болсын», – деді. Соған мәз болып мен де кеттім. Бірақ мақала сол күйі шыққан жоқ. Неше түрлі сылтау айтылды. Сосын ақымақтық жасап, басқа да сұраған журналдарға бере салдым. Бұл ақпан айында болған әңгіме еді. Аталған журналда әлгі рецензия жарық көргенше қараша болды. Мен Англияға ұзақ іссапарға кетіп қалған едім.  Мұрат аға: «Бүкіл бір институт отырып, менің кітабыма бір пікір  шығара алмадыңдар ғой», – деп ренжіді. Айтайын дегенім, сол Мұрат Әбдіровтің кітабында қазақ-орыс қатынасы туралы ашық, дәлелдермен айтылады. Сол кітапты оқымаған адам тарихты толық білмейді деген сөз.

– Қанша тарихшы болса, тарих та соншалықты әртүрлі жазылып жатқанға ұқсайды кейде. Бұл тарих қашан бір жүйеге келеді?

– Бір жүйеге келтіретіндей Тарих институтының ешқандай дәрмені жоқ. Білесіз бе, Тарих институтының тарихында Ақай Нүсіпбеков деген мықты директор болды. Сол кісінің кезінде жұмысқа тұрдым. Ол өзі ғылыми атағын компартиядан қорғаған, академик. Бірақ тарихқа шын жанашыр еді. Талантты біреуді көрсе, жұмысқа алатын. Сол кісі кеткеннен кейін Төлепбаев деген тарихшы келді. Ол кісінің де тарихқа тигізер пайдасы көп еді. Бірақ, орнынан алып тастап, барлық жерден жұмыстан шеттетті. Кейін Горбачев келгенде басқа қызметке жіберді. Одан бері бес директор ауысты. Солардың көбі тарихқа адал қызмет етті деп айта алмаймын.

– Қазақ тарихында қазақ-орыс қатынасынан басқа қандай даулы мәселелер бар?

– Қазақтың үлкен мақтанышы – Қазақ мемлекеті дер едім. Орыстар оны Қазақ хандығы деп жазды. Хандық болған соң Хиуа, Қоқан, Бұқар хандығынан еш айырмашылығы болмай қалады. Ал Қазақ мемлекеті соңғы екі мың жылда Еуропа мен Азиядағы ең демократиялы мемлекет ретінде көрінді.

Қазақ ханының билігі шектеулі болды, өйткені оны қазақ билері сайлады. Билік түгелдей билердің яғни рубасылардың қолында тұрды. Қазақта 41 ру болса, 41 рубасы болған белгілі. Ешқандай елдің тарихында болмаған билер институты үстемдік құрды. Кез келген хан билерге жалынышты еді, өйткені заң шығаратын да, қаражат бөлетін де, әскер беретін де солар еді. Ханның жалғыз міндеті – қазақ елін жаудан қорғау, әскербасы болу ғана…

Қазақ хандығы туралы қаншама дисертация қорғалды? Біреуі де осы тақырыпқа тереңдеп бара алмады. Бұл қазақ тарих ғылымының артта қалғанын көрсетеді. Оның үстіне оны реттеп отыратын орталық та жоқ.

Тағы бір айтатын мәселе, «Ақтабан шұбырындыны» жасаған кім екені әлі күнге дейін айтылмайды. Баяғы жоңғарлардан көреді. «Ақтабан шұбырындыны» жоңғар емес, бірінші Петр жасады. Жалпақ тілмен айтқанда жоңғарларға қару-жарақ беріп, «қазақты қыр» деген сол емес пе? Ал осы жойқыннан алып шыққан – Әбілқайыр. Соншама тарихшы бола тұра, осыны да ашып айта алмай жатырмыз.

– Қазір ашып айтуға не кедергі? Кімнен қорқасыздар?

– Мысалы, қорқатын ештеңе жоқ. Тарихтың жанашырлары көп деп айтса да, жоқ деп айтса да болады. Тарихты зерттеуге жеткілікті қаражат бөлінді. Алайда негізгі міндет орындалмайды. Осы орайда «Рухани жаңғыру» тағы бір мүмкіндік тудырып отырғанын айта кеткен жөн. Енді осы мүмкіндікті де пайдаланбасақ, кеш қаламыз.

– Осындай тарихтағы екіұшты нәрселерден келер ұрпақты да шатастырып алған жоқпыз ба? Жалпы балаларға тарихты қалай оқытқан дұрыс?

– Қазақ мемлекеті жәй ғана мемлекет емес, ең демократиялы мемлекет болғанын баса оқыту керек-ақ. Екі мың жыл бойы Еуразияда да болмаған демократия тек 19 ғасырдың екінші жартысында ғана пайда болды. Ал бізде 15 ғасырдан 18 ғасырдың басына дейін демократия үстемдік құрып тұрды. Осындай керемет мемлекетті құлатқан кім екенін де оқытса, артық болмас еді. Ал бүгінгі тәуелсіз мемлекетіміздің жөні де, орны да бөлек.

Рақмет!

P.S. Иә, рухани жаңғыру «руыңды таны» деген сөз емес. Бұл мемлекеттік ұстындарымызды жаңа заманға сай құруға бағытталған бастама. Ендеше қоғамдағы әр сала соған бейімделуге тиіс.

Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

«Ақ желкен» журналы, №6
Маусым, 2018

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз