Мадридтік «Реалдың» бұрынғы жартылау қорғаушысы Рафаэл ван дер Варт клубтың Криштиану Роналду кеткеннен кейінгі жай-күйі жайлы ойын айтты.

«Әрине, «Реалға» Роналду жетіспейді. Бір маусымда 40-50 гол соғатын ойыншыны табу өте қиын. Оның есімі «Реал» тарихында алтын әріптермен жазылады.

Корольдік клубтың ойыншылар құрамы жақсы. «Реалға» мықты, тәжірибелі ойыншы табылмаса, қысқы трансфер жасаудың қажеті жоқ. Солари жақсы жұмыс жасап жатыр, оған уақыт керек. Команда Роналдудың жоқтығын білдірмеу үшін бірге өсу керек», – деді ол.

Биыл жазда Роналду мадридтік клубқа қош айтып, 100 миллион еуроға туриндік «Ювентусқа» ауысқан еді. Бұл жаңалық корольдік клуб жанкүйерлерінің жағасын ұстатты. Олай дейтін себебіміз, «Реалды» Роналдусыз елестету мүмкін емес еді. Ол Мадридке 2009 жылы келіп, көптеген жетістікке жетті. Тоғыз жыл ішінде ол клуб сапында жүріп екі рет Испания чемпионы, төрт рет Чемпиондар лигасын жеңіп алды. Ол «Реал» үшін 468 матч өткізіп, 450 гол соқты. Осылайша, испандық клубтың тарихында ең үздік шабуылшы атанды.

Клубтың көп ойыншысы Роналдудың кеткенін салқын қабылдауға тырысты. Тіпті кейбіреуі «Оның болмауы командаға еш әсер етпейді, «Реал» бір ойыншыға байланған емес, керісінше командалық ойын көрсететін клуб», – деді. Ал бірқатар футбол жұлдыздары енді клубта Роналдудың жоқтығы білінетінін айтқан еді. Мұны ғаламтор бетіндегі ақпараттардан да байқауға болады.

Сонымен қатар корольдік клубтың соңғы ойындары да бұл пікірді дәлелдей түседі. Чемпиондар лигасының топтық кезеңінің ақтық сынында мәскеулік «ЦСКА» мадридтік «Реалды» ойсырата жеңді. «Сантьяго Бернабеуде» өткен ойында алаң иелері қонақтарға 0:3 есебімен есе жіберді. Мұндай нәтижені күтпеген мадридтік жанкүйерлер ойын бітпей жатып орындарынан тұрып кетті. Егер тағы дәл осындай деңгейдегі ойын көрсететін болса, «Реалдың» тағдыры қиындай түсетіні сөзсіз. Дәл қазір корольдік клуб «G» тобында көш бастап, плей-офф кезеңіне өтті. 1/8 финалдың жеребе тарту рәсімі 17 желтоқсан күні УЕФА-ның Ньон (Швейцария) қаласындағы штаб-пәтерінде өтеді.

Көптеген футбол мамандары Роналду кеткеннен кейін оның орнын баса алатын ойыншыларды атаған еді. Алайда тәжірибелі Бэйл да, Бензема да португалдың деңгейіндегі жақсы ойын көрсете алмай жүр. Қоңылтақсыған жанкүйерлердің көңілі әлі күнге алаңнан Роналдудың елесін іздейтіндей көрінеді де тұрады. Қалай дегенде де «Реалға» Роналдудың деңгейіндегі бір сұрмерген керек-ақ.

Еске салайық, биылғы шілдеде Роналду туриндік «Ювентуспен» 2022 жылға дейін келісімшартқа отырған. Келісім сомасы 112 миллион еуроға жетті, оның 100 миллионы «Реалға», ал қалғаны португалиялықтың бұрынғы клубтарына тиесілі. Роналдудың Туриндегі жалақысы, БАҚ мәліметінше, жылына 30 миллион еуро. Журналистердің есептеуінше, португалиялық футболшы секундына 1 еуро табыс табады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз