6-шы рет өткен биылғы «Алтын домбыра» айтысы бұл жолы батыста, Ақтөбе төрінде өтіпті. Аты дардай айтыстың биыл ың-шыңсыз өткеніне ел наразы. Оның үстіне Жүрсін Ерманның жүргізуінсіз өткені тағы бар. Алтын домбыраға биыл он ақын ғана таласыпты. Былтыр Алматыдағы аламан айтыста 20 ақын бақ сынасқан. Әлеуметтік желілерде де, былайғы ортада да үлкен резонанс тудырған дүбірлі айтыс болып еді. Финалға шыққан Мұхтар Ниязов пен Болатбек Мейірбекұлының жанкүйерлері екіге жарылып, біріне-бірі қарсылық танытқандардың қарасы көп боп еді-ау. Сол дүмпу біразға дейін шуылдап барып, әрең басылған. Мұхтардың екінші рет алтын домбыраны қанжығаға байлағаны әжептәуір әңгіме болған сонда.

Биылғы айтыстың дүбірін әлеуметтік желіден түк сезе қойғанымыз жоқ. «Алтын домбыра» айтысы өтті» деген бір-екі сілтемеге ғана көзіміз түсті. Оның үстіне бұған қатысқан 10 ақын да шын жүйріктер екеніне ел сене қоймас. Мысалы, Данияр Алдабергенов, Сағадат Нұрманов, Әсет Дүйсебаев сынды ақындарды үлкен аламандардан көре қойғанымыз жоқ. Дегенмен «Алтын домбыраның» биылғы иесіне ешкім наразы емес. Неде болса шын жүйрікке бұйырыпты десті жұрт. Бұл бәйге де Мұхтарға бұйырғандай Жандарбек Бұлғақовқа да екінші рет нәсіп болды. «Алтын домбыра» айтысының ережесі бойынша үшінші рет жеңген ақынға алтын домбыра біржола сыйға берілмек. Әзірге ол құнды домбыра елорда төріндегі музейде тұр.

Жандарбектің осал емесіне дау жоқ. Оқушы кезінен-ақ жырсүйер жұртты мойындатып, елдің ақ батасын алып үлгерді. Сол кездің өзінде-ақ бір айтыстан үш бірдей көлік мініп қайтқаны аңызға бергісіз әңгімедей әлі күнге айтылады. Ел ішінде жиі өтетін айтыстарда кейінгі кезде ғана оқшауланып жүр. Дегенмен бұл жолғы бәйгені шаппай алғандай сезіледі. Мысалы, былтыр финалға шыққан Мұхтар Ниязов та, Болатбек Мейірбекұлы да бұл айтыста төбе көрсетпеді. Үшеуі қатар қатысып, бәйгеге таласар болса, елдің арқасын қоздырып, алақанын қыздыратын аламан болар еді.

Алтын домбыра әзірге қай ақындардың қоржынында екенін бір шолып өтейік:

2012 жылы – Мұхтар Ниязов (Қызылорда)
2013 жылы – Жандарбек Бұлғақов (Астана)

2014 жылы – Балғынбек Имашев (Астана)

2015 жылы – Аспанбек Шұғатаев (Павлодар)

2016 жылы – екінші рет Мұхтар Ниязов (Қызылорда)

2017 жылы – екінші рет Жандарбек Бұлғақов (Астана)

 

Балғынбек Имашев енді айтысқа қатыспаймын деп мәлімдеді. Ендігі жүйрік кім болмақ? Футбол алаңында әйгілі Лионель Месси мен Криштиану Рональду да «алтын допты» бес-бестен қанжығаларына қатар байлады. Олардың өнері күллі әлемнің назарында. Ал алтын домьбыраны екі реттен жеңген Мұхтар мен Жандарбектің қайсысының бағы жанар екен. Бәлкім келесі айтыста екеуі де қатар бақ сынайтын шығар. Себебі, жоғарыда айтқанымыздай былтырғы айтыста Жандарбек, биылғы айтыста Мұхтарды көрмедік.

Сіз кімнің жанкүйерісіз? Алтын домбыра кімде қалуы керек?

Архат Өмірзақ

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз