Таңертең

Түргенде шымылдығын желекті аспан,
Естілді тірлік үні жел ап қашқан.
Бұрқырап буы аспанға жатқан қойдың,
Серкесі ерте оянып серектастан.

Түнімен тамған сәуле далаға айдан,
Шық болып шөп басына тұнады ойнап.
Қойшы аға шыға келді кердөненін,
Жетелеп қапталдағы қарағайдан.

Дидары жеңешемнің таңша ағарып,
Отырды тас ошаққа арша жағып.
Түтін-қыз тірлік иісін қалдырды да,
Аспанға сіңіп кетті аңсары ауып.

Ер салып жатқан ағам ысқырығы,
Секілді таңда оянған құстың үні.
Жеңгем жүр, бұрымында арша иісі,
Бүлдірген ерінінде қыстырулы…

Шындық

Жылап келдім жалғанға жұбатты өмір,
Кектенуді үйрендім содан бастап.
Жылағысы келеді бірақ көңіл,
Кебініне оранып ең алғашқы ақ.

Мен тамсанып отырған ару әлем,
Есінейді ес-түссіз есеңгіреп.
Өз тәнімнің тығылып бауырына мен,
Бұл пәнидің жазғанын кешем жүдеп.

Дәмі мүлдем қалмаған таңдайымда,
Ана сүті, ғұмырым асығыс тым.
Сендей сүйеу таппадым маңдайыма,
Одан соңғы мейірімді сатып іштім.

Туған жерім киелі топырағым,
Қаны тамған кінәсіз кіндігімнің.
Оны іздеуге шарасыз отырамын,
Сол – бір уыс моласы шындығымның.

Айналайын, қарағым, қардан аппақ

Айналайын, қарағым, қардан аппақ,
Қарды басса кетердей ардан аттап.
Ақ мамығы тамшы боп жерге тамса,
Кірпігінің ұшына сәл қонақтап.

Аппақ әлем қала ма секем алмай,
Қармен бірге үзіліп кете жаздап.
Кірпігіне байланған ақ ұлпаны,
Қалтырайды жүрегі көтере алмай.

Бұлт байланған шақтарда көкке шемен,
Жүрегіне жұбатар жетпесе өлең,
Қаласынан Алтайдың мені іздейді,
Мені іздейді Мен мүлде жоқ көшеден.

Күндерімді қайтейін қайран жалғыз,
Жасқа айналмас жаныма байланған мұз.
Ей, Алматы, екеуміз әлдеқашан,
Сағынышына сол қыздың айналғанбыз.

Не қыл дейсің Алматы жанса жүрек,
Сен де, Мен де сол жанның аңсары боп,
Жанарынан жас болып домаладық,
Топырағына Алтайдың қаншама рет.

Көрінген тау

Бала күнде батыстан бұлдыраған,
Қара тауға басын бұлт жұлқылаған,
Аңсары ауа беретін кеудемдегі,
Құлын жүрек тықыршып құлдыраған.

Күн батқанда сол таудан түнге ұмсынып,
Ай туатын сол жақтан, жұлдыз шығып.
Солай ағып жататын Ертісім де,
Толқын жүзі түнеріп мың күрсініп.

Қарсы алғанша ертеңгі ала таң кеп,
Батысыма шөгетін қара атан боп.
Самал ессе сол жақтан сипайтын-ды,
Маңдайымды жып-жылы алақан кеп.

Батысымда мың бояу түс құбылып,
Жүрегіме тұратын ыстығы ұрып.
Арқандаулы әкемнің ақбақайы,
Не білді екен, қоятын пысқырынып.

Айдың нұры айдынға тама-тұғын,
Тамашалап тұрушы ем дала түнін.
Селт еткізер Ертісті ендей ұшқан,
Топ үйректің сусылы қанатының.

Еске түсті бабалар ескі өлеңі:
«Қара таудың басынан көш келеді».
Ес білгелі дертімді қозғап боздап,
Көкірегімде бір тайлақ бос келеді.

Бала күнде бұлдырап көрінген тау,
Қыбыламда көлденең керілген тау.
Арқа жақтың самалы танауға ұрып,
Қоңыр кештен басталды өзіңді аңсау.

Ауылдан аттанарда

Көрініп қызыл кірпік инесі айман,
Қуғанда көлеңкені күн де сайдан.
Жолыма ақ жол тілеп анам тұрды,
Ұсынып мейірім толы бір кесе айран.

Артымда дабыралы ел дала қалып,
Хош деуге қимай тұрдым жараланып.
Атпенен әкеп салып әкем тұрды,
Әкетпек енді автобус қалаға алып.

«Қал», – деді көрші қария жаны аши қап,
Онсыз да жара үстіне жара сыйлап.
Қол бұлғап, ақ жол деді бір топ бала,
Далада ойнап жүрген қара сирақ.

Бірдеңе дедім мен де тілім күрмеп,
Тамырын қимаса екен бүгінгі індет.
Шығыста жатқан тауға қарап едім,
Ақ басы көрінбеді бұлыңғыр боп.

Қарагер астымдағы басады өрге,
Атасыз қайда жүрсең тасада өнбе.
«Үстінде анау дөңнің атаң жатыр», –
Деді әкем, Аңсатыдан аса бере.

Көрсетіп мазарлықты жабысқан мүк,
Атынан түсті жолдан алыс барып.
Артынан мен де түстім, тобылғының,
Түбінде құран-дұға бағыштадық.

Бақыт жоқ деді әкем мәңгі кілең,
Ғұмырың жаратқанның жарлығымен.
Алайда бәрі жақсы болад деді,
Құмалақ Шаймарданға салдырып ем.

Таниды Шаймардандай бақсыны кім,
Жалғанның айтты ма екен нақ шындығын.
Медет қып Шаймарданды пайғамбардай,
Аллаға әкем солай тапсырды ұлын.

Бұл күнде мен де аман, бүтін жүрмін,
Әлімше сөзден шуда түтіп жүрмін.
Ауылды сағынсам да барған жоқпын,
Айтқанын Шаймарданның күтіп жүрмін.

Нөсер

Аспандағы қақтығыс.
От қамшыны үйірген.
Қыз-көктемнің қабағы,
Енді ашылар түйілген.

Көктем келіп қалаға,
Бұлданғалы қанша күн.
Өктем болып сезімнен,
Мен Алтайды аңсадым.

Мен Алтайды аңсадым,
Тағы ұйқысыз түн-ау бұл.
Өзегі оттан, өрілген,
Алты таспа дырау бұл.

Алты таспа дырау бұл,
Ару көктем аңсаған.
Аспан кезіп жүр-ау бір.
От рухы, шаршамай.

Менде сондай бір отты,
Қамшылағым келеді.
Шексіз аспан көзінен,
Тамшылағым келеді.

«Ақ желкен» журналы, №6
Маусым, 2018

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз