Жазғы каникул болатын.  Ауылдағы аулада асыр салып ойнап жүргенбіз. Есік алдына бір жүк көлігі келіп тоқтады. Келген кісі атамның танысы Ербол аға екен. Иті күшіктеп, күшіктерін өзі сыйлайтын кісілерге таратып жүріпті. Інім екеуіміз қуанып кеттік. Бізге бұйырған күшік өте сүйкімді екен. Түсі сұр. Төсі ақ. Екі құлағы да тікірейіп тұр. Ағайдың қолына атам 500 теңге ақша ұстатты. Мұның бұрыннан келе жатқан ырым екенін кейін естідік. Нағашы ағам күшікті желкесінен көтеріп алды. Күшік «қыңқ» еткен жоқ. Атам:

–  Жақсы ит болады екен. Атын кім қоясыңдар? – деді.

Інім Елжас екеуіміз сүйкімді күшігімізге ат ойластыра бастадық. Қаладағы əкем ауылдағы иті туралы бізге көп айтатын. Сол есімізге түсті. Тура сондай күш ті ит болсын деп «Рекс» деп атадық. Жазғы каникул бойы күшіктің қасынан шыққан жоқпыз. Күні бойы жанымызға ертіп жүреміз. Рекс те ойыннан бір жалықпайды. Үш айда бойы да əжептəуір өсті. Біз Алматыға сабаққа кеттік. Бірінші тоқсан аяқталысымен Елжас екеуіміз ауылға асықтық. Рекс үлкен ит болыпты. Бірақ бізді ұмытпапты. Арсалаңдап алдымыздан шықты. Шынжырынан босап кетердей ентелейді. Басымнан сипа дегені. Атам таң қалды. Аулаға бөтен адам мен қораға бөтен мал кіргізбейтін ақылды иттің кішкентай иелерін тез танығанына таңырқаған.

Ол ұясында тып-тыныш жататын. Үйге келген көршілердің бəріне бірдей үре бермейді. Бір-екі адам бар. Солар келген кезде қатты ызаланады. Босатсаң талап тастаудан да тайынбайды. Атамыздан соны сұрадық.

–  Кейбір ит адамнан да ақылды келеді. Ниеті жаман адамдарды ит екеш ит те жек көреді, – деді атам.

Нағашы ағамыз итті жетектеп, бір жерге алып кетіп жүретін. Сөйтсек көрші үйдің иттерімен таластырады екен.  Рекс ауылдағы ешбір итке дес бермепті. Бір күні біз де ере бардық. Рекстен Айдынның дəу қара төбеті де жеңіліп қалды. Інім екеуіміз мəз болдық. Бірте-бірте  Рекске қызығатын адамдар да көбейе бастады. Кейбіреулер: «Алматыға апарып иттер арасындағы сынақтарға қатыстыру қажет», – деп ақыл айтты. «Сатып алайық», – дегендер де болды. Бірақ атам итті ешкімге берген жоқ.

Тағы да оқуға кеткенбіз. Бір күні ауылға телефон соқтық. Рексті біреулер ұрлап əкетіпті. Елжас екеуіміз сенген жоқпыз. Түнде босатқанда қаңғыбас иттерге еріп кетіп қалған шығар деген сеніммен жүрдік. Алайда итіміз қайтып оралмады. «Біреулер ұрлап əкетіп, сатып жіберіпті. Төбелеске қатыстырып жүр екен» деген əңгімелер де шыққан. Көбі өсек. Итті біреулер əдейі өлтіріп кеткен сияқты. Өйткені Рекс жоғалғаннан кейін қораға ұры түсіп, бірнеше қойды алып кетті. Атам итті солар құртты деп қатты уайымдады. Қазір ауылда басқа күшік бар. Бірақ ол Рекске жетпейді. Ақылды, айтқан сөзді түсінетін ондай итті əлі кездестірмедік. Інім екеуіміз жоғалған итімізді жиі ойлаймыз. Ешкім өлтірмей, ұрлап кеткен болса ол үйді қалайда тауып келер еді.

Бір күні құйрығын бұл ғаңдатып, арсалаңдап же тіп келетін сияқты. Елжас екеуіміз оны күтіп жүрміз…

Мəди МҰҚАШЕВ,
№178 лицейдің
5 «Г» сынып оқушысы.
Алматы қаласы.

«Балдырған» журналы, №4
Сәуір, 2017

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз