Ұлан: Өнерпаз шеберлік шыңына шыққанда өнерін халықпен бөлісуге асығады. Сахнаға шығу үшін белгілі бір жасқа толу, мерейтойды күту қажет емес секілді…

Р.С: Иə, адам белгілі бір белесті бағындырып, асудан асқан соң ғана нəтижелі, өнімді жұмысын өзгелерге көрсетуге құмартады. Бірақ, шығармашылық адамының ішкі дүниесінде, өн бойында толассыз дайындық, үздіксіз еңбек процесі тоқтамайды. Өнердің өзі тірі ағза секілді. Сүйікті тыңдарманмен жүз көрісіп, пікір алмасып, арада өткен жылдарда бос жүрмегеніңді танытып, əсем əндердің тұсауын кескенге не жетсін?! Өнерпаз үшін осыдан асқан бақыт жоқ. Сахна төрінде жүргеніме де 30 жыл болған екен. Байқатпай, зымырап өте шыққан уақыт-ай! Міне, елу жасқа да келдік.

Ұлан: Ұстаздық қызметте екеніңізді білеміз. Тағы қандай қуанышты жаңалығыңыз бар?

Р.С: 2016, 2017 жылдары екі кітабым жарық көрді. Алғашқысы – «Назқоңыр» деп аталатын үлкен хрестоматия. Бұл кітаптың басты ерекшелігі − 310 əн нотаға түсіріліп, халық əні, халық композиторлары əрі кейінгі кезеңдегі композиторлардың əндерімен толықты. Тағы бір айта кетерлік жаңалық – бұрын танылмаған, Жетісу өлкесінің Хантəңірі аймағындағы авторлардың əндерін енгіздік. Оған Көдек ақынның əндері енді, əйгілі Шалтабайдың, Ырыскелді бабамыздың, Қапездің біраз əнін қостық. Бұл өткенніңауыр жүгін арқалаған, болашаққа аманат ретінде қалатын хрестоматияны дəулескер күйші Мұрат Əбуғазы екеуміз бірлесіп құрастырдық.

Ұлан: Екінші кітаптың мазмұны қандай?

Р.С: Екіншісі  «Домбырамен əн айту мектебі» деген атаумен жарық көрді. Өнерсүйер, əнқұмар жандардың домбыраны оңай үйренуіне арналған кіріспе кітап. Бұл кітап бес сыныпқа бөлінген бағдарламасымен, түрлі тапсырмаларымен ерекшеленеді. Əншінің сахнада өзін-өзі ұстауы, тіл тазалығы, сахна мəдениеті, домбыраны шертісі секілді көптеген ірілі-ұсақты детальдарға тоқталдым. Яғни, тек қана əн əлемі емес, жан-жақты ізденістің, көрген-түйгенімнің жемісі десем де болады.

Ұлан: Байқауымша, соңыңыздан ерген іні-бауырларыңызға ағалық қамқорлығыңыз ерекше. Екі жыл сайын Райымбек ауданына, Хантəңірі баурайына арнайы барып, талантты жас өрендерге құрық салып, өнерімен дараланғандарға жол көрсетіп келесіз…

Р.С: Сөзіңнің жаны бар. Əр екі жыл сайын елге барып, талапты жастарды сүзгіден өткізіп жүрмін. Биыл, міне, алтыншы жыл. Көсемі мен шешені, ақыны мен батыры төс қағыстырған қастерлі өлкеден дарындар шықпауы мүмкін емес қой. Талай мықтының табанының ізі қалған жолдарды артқа қалдырып, арманына асыққан текті ұрпақтың саны көп. «Ел іші – алтын бесік» деп бекер айтылмаса керек. Сұрастырғанда көпшілік білмеуі мүмкін, ал əділ байқау ұйымдастыру арқылы шын тұлпардың шабысын анықтауға болады. Сондай шаралар арқылы сүт бетіне шыққан қаймақтай көптеген шəкіртім өркен жайды. Бұл мен үшін зор бақыт. Олардың алды бүгінде Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжін тəмамдап, ары қарай білімін академияда жалғастыруда. Екінің бірі мұндай нəтижеге жете алмайды.

Ұлан: Іріктеуден өтіп, бар сынға төтеп бергендердің бəрі шыңды бағындыра ала ма?

Р.С: Жүз пайыз барлық қырынан мінсіз адам жоқ. Кейбірінің сахна шеберлігі, орындауы тыңғылықты болғанымен, музыканы есту, сезіну жағынан кемшіліктер болады. Ал енді біріне сəл шеберлік жетпей қалуы мүмкін. Бұл бақ пен баптың қатар келуін талап ететін өнер ғой. Биыл Қаратаудан, Ақтөбе аймағынан, Оңтүстік Қазақстаннан көптеген талантты жастар келді. Бұл балалардың бəрі ауылдың табиғатымен етене байланыста болып, ата-əжесінің тəрбиесін бойға сіңіріп, топырақтың киесін сезінген балалар.

«ДАРИҒА-ДӘУРЕНДІ»  ТЫҢДАП  ЖАТЫП  ҮЗІЛІПТІ…

Ұлан: Менің қатарластарым арасында дəстүрлі əнді мүлде тыңдамайтын, басқа бағыттағы əнге құмар, өзге елдің сəніне əуес жастар өсіп келеді…

Р.С: Бұл қазақтың басынан не өтпеді?! Ойды да көрген қазақ, қырды да көрген қазақ. Қолдағы барын, сəнді қаласын тартып алған талай қаскөйлердің ызасына аман жүрген елміз біз. Қазақ бəрінен айырылса да, бір дүниеден айырылған жоқ. Ол – өнер, дəстүрлі өнер! Осы қазақ «Елім-ай» деп қазақша жылады ғой. Орыстың да, жоңғардың да əнін айтқан жоқ. Ұлттық бояуы қанық дүниелерге бүгінгі күні аз көңіл бөлінсе де, ұлтжанды жандар жоқ деп айтуға аузым бармайды. Дəстүрлі өнер, қастерлі сөз ешқашан өлмек емес. Жастардың жат бағыттарға құмартуы бір сəттік күй. Ал шын өнер мəңгі жасайды.

Ұлан: Дəстүріміздің ошағына айналған «Алатау» театры олқылықтың орнын толтыра ала ма?

Р.С: «Алатау» – менің Алатауым,сенің Алатауың, біздің Алатауымыз! Бұл театрда түрлі фестивальдер, қолөнер көрмелері, ұлттық шаралар өтіп жатыр. Қазаққа қатыстының бəрі сол жерден табылады. Тіпті, қазақ өнерін сүйіп, танығысы келетін шетелдік қонақтарды еш ойланбастан сонда апаруға болады.

Ұлан: Əр əннің тағдыры болады ғой. «Дариға-дəурен» сынды ерекше əннің тарихы да ерекше шығар?..

Р.С: «Дариға-дəурен» алғашқы «Арман» əнінің жалғасындай, ізін суытпай дүниеге келді. Несіпбек Айтұлы өлеңін, Тұрсынжан Шапай əнін жазды. Əлі есімде, екі ағам шығармашылық тандеммен əнді жазып болады да, сағаттың қанша екеніне қарамай, мені шақырады. Түннің ортасында үшеуміз əнді терідей илеп, талқыға саламыз. Осылай бірнеше күн жүрдік. Өлеңі дайын болған сəтте мен жаттап алып, орындаймын. Бірақ, өлең жолдары көп өзгеріске ұшырап, ертесіне дейін жаттағаным басқаша боп шыға келеді. Бірде авторлар бір тоқтамға келді, əнді осы жолы шынымен аяқтап, енді өзгертпеуге серт берді. Жеңгеміз дастарқан жайып, жаңа əннің дүниеге келу салтанатын жасаған болатынбыз.

Ұлан: «Дариға-дəурен» – бір төбе, өзге əндеріңіз бір төбе. Бұл өміріңізге ерекше леп əкелген əн секілді…

Р.С: Алдымен «Арман» əні жарық көрді. Содан соң бірден «Дариға-дəурен» туды. Расында да, бұл əн маған өте жақын. Бірталай концертімнің атауы да осы əнмен аталды. Жолы болғыш, жұлдызы жарық əндерімнің бірегейі – «Дариға-дəурен». Тіпті, театрларда Дəурен мен Дариға есімді екі жасқа арналған қойылым да қойылды. Дарынды режиссер Болат Атабаев ағамыз көлемді мюзикл де қойғысы келді. Өзімнен рұқсат алып, фильмдерде саундтрек ретінде қолданғандар да болды. Бұл əн еңбектеген бала мен еңкейген қарияның арасындағы өмір нүктелерін дөп басуымен де дараланады.

Бірер жыл бұрын мынадай бір оқиға болды. Сауда орталығынан шығып бара жатыр едім, артымнан бір жігіт жүгіріп келіп: «Аға, сіз Рамазан Стамғазиевсіз бе?» – деп сұрағын асыға-аптыға қойды. Қарт əжесі менің əндерімді сүйіп тыңдайтынын, құрметі ерекше екенінайтты. «Дариға-дəурен» əнін қостырып, соны тыңдап жатып дүниеден озды», – дегенде жүрегіме біреу ине сұғып алғандай болды. Не дерімді білмей, аңтарылып тұрып қалдым. Айтуынша, əжесі əр əнім шыққанда таспаға бастырып, арнайы алдырады екен. Мінекей, əннің құдіреті, тыңдарманның талғамы қандай! Бұл əн 2000-жылдары жарық көрді ғой. Ол кезде Заманбек ағамыздың көзі тірі. «Жаңа ғасырға − жаңа əн» атты республикалық байқау жарияланды. Сол байқауға да қатысып, жаңа заманның шымылдығын аштық. Əннің ғұмырлы болуы тыңдарманға да байланысты.

Ұлан: Елу жылдық мерейтойға қандай жоспарыңыз бар?

Р.С: Еліміздің түкпір-түкпіріндегі шəкірттерімнің басын қосып, биылғы жылдың 21 қазанында Республика сарайында «Күзгі əуен» атты есептік концерт  өткізбекпін. Қазір соған дайындалып жатырмыз.

Бұған дейінгі концерттерде «Құрманғазы», «Отырар сазы» секілді оркестр ұжымдарымен де, ансамбльдермен де сахнаға шығып көрдік. Биылғы күзде болатын концерттің форматы мүлде басқаша болмақ. Осы күнге дейін айтып жүрген əндерді басқа қырынан, басқаша көзқараспен қайта орындағым келеді. Дуэттер де айтылады.

Ұлан: Сəттілік тілеймін! Əңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан
Əлия ІҢКƏРБЕК

«Ұлан» газеті, №39
26.09.2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз