Алты жылдан бері экраннан түспеген «Айналайын» атты қазақ телехикаясындағы тентек Арманды бəрің танитын шығарсыңдар, иə? Сол Арманның рөлін сомдаған Рамазан Амантай бүгінде ҚазҰУ-дың тарих факультетінде оқиды. Жақында ғана экранға жол тартқан Нұрлан Қоянбаевтың «Бизнес по-казахски» фильмінде де Рамазан басты рөлдердің бірін сомдады. Дəл Ұлыстың Ұлы күнінде жас актермен сұхбаттасудың сəті түсті.

Өзі «Көкіл» мектебінің түлегі болған соң, бізді осы мектепке шақырды. Арнайы домбыра сыныбын дайындап қойған екен. Қабырғада қаз-қатар тізілген домбыраның түр-түрін, оюлы көрпешелерді көріп, мерекенің лебін сезінгендей болдық. Кейіпкеріміз қазақтың қара домбырасын əлемге танытып жүргенін, болашақта айтыскер ақын болғысы келетінін айтып қалды. Осыған дейін «Ақ желкен», «Жұлдыздар отбасы» журналдарына сұхбат берген екен. «Ұланның» оқырмандарына ерекше жанрдағы сұхбат ұсыну үшін əңгімемізді басқа бағытта жүргізуді жөн көрдім. Сөйтіп, оқушы кезімдегі аздаған тəжірибеме сүйеніп, кейіпкерімізді айтысуға шақырдым.

Ұлан: Фильмдерде күлдірген,

Тентек болып бүлдірген.

Жақсы рөлдер сомдадың,

Киноларда біз білген.

Еркоша мен бала Арман,

Көрермендер таңғалған.

Қандай тұлға өмірде,

Біз білмейтін Рамазан?

Рамазан: Мен түскен бар фильмді көргенсің, ə?

Бəріне оң бағаңды бергенсің, ə?

Экранда тентек боп көрінгенмен,

Ұл емеспін ондайға ерген сірə.

Рамазанның өмірде қандайлығын

Білгің келсе, əпкетай, елден сұра.

Ұлан: Әртісі боп қауымның,

Экраннан танылдың.

«Балмұздағы» атандың,

Қыркүйекте ҚазҰУ-дың.

Факультеті тарихтың,

Енді төрт жыл тұрағың,

Таңдауыңа не себеп?

Осы менің сұрағым.

Рамазан: ҚазҰУ-ға түсіп едім ерек қой деп,

Басқа оқу орнынан бөлек қой деп.

ҚазҰУ деген бала күнгі арманым ед(і),

Таңдауыма арманым себеп қой көп.

ҚазҰУ-ға қалауыммен түсіп едім,

80 жылдық тарихы дерек қой деп.

XXI ғасырдағы ҚазҰУ-ға да,

Бір Табылды Досымов керек қой деп.

Болашақта Рамазанды айтыс сахнасынан көреміз

Ұлан: Домбыраны шебер шертеді екенсің. Күй арқылы «Ортекені» ойнатып, қазақтың домбырасын əлемге танытып жүрсің. Бұл өнерді кімнен үйрендің?

Рамазан: Анам Роза Есбосынова Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясын бітірген. Мамандығы – күйші, домбырашы. Əкемнің есімі – Болат, мамандығы экономист болғанымен, домбырамен əн, терме айтып отырады. Қарындасым мен үлкен інім де күй тарта алады. Кіші інім əзірге «Домбыра» деген сөзді ғана айтады (күліп). Анам мен үлкен інім осы аптада  қазақ өнерін дəріптеу үшін Италияға іріктеу турына кетіп барады. Өзім де Қытай, Америка, Испания, Италия, Франция, Бельгия жəне Германия сияқты елдерге барып, домбырамен өнер көрсеткенмін. Əлемдік мəдени мұраларды сақтау мақсатында құрылған ЮНЕСКО клубының мүшесімін. «Ортекені» қазақ халқының ерекше мұрасы ретінде əлемге танытуда көп еңбек еттік.

Ұлан: Алғаш рет өзіңді «Айналайындағы» Арман ретінде таныдық. Кино əлеміне қалай келдің? Фильмге түскенге дейін немен айналыстың?

Рамазан: Киноға түсу ойымда да, жоспарымда да болған жоқ. Оған дейін əншейін өмір сүріп жүрдім (күлді). Анамның бастамасымен «Қазақфильмге» кастингке барып, актерлықпен «ауырып» қалдым. Содан беріжеті-сегіз жыл өтті. «Айналайыннан» басқа «Вузеры», «Өмір сүру хақында», «16 қыз», «Елбасы жолы», «Тікелей эфир» секілді фильмдерде əртүрлі эпизодтарда ойнап, рөлдерді сомдадым.

Ұлан: «Жігітке жеті өнер де аз» деп жатады. Бала күніңде суретші болуды армандапсың. Тіпті, анаң сенің салған суреттеріңді тұтастай бір бөлмеге іліп қойған екен. Қазір сурет салумен айналысасың ба?

Рамазан: Жоқ, қазір сурет салмаймын. Бала күнімде суретші болуды армандағаным рас. Кейін ақын боламын дедім. Мектеп бітірген соң, тарих факультетінің студенті атану бұйырды. Бірақ, маңдайыма актер болу жазылған секілді. Болашақта осы салада еңбек еткім келеді.

Ұлан: Жазбаларыңды, өлеңдеріңді оқып көрсем, сенен жақсыақын да шығатын сияқты. Бұл салада неге бағыңды сынап көрмеске?

Рамазан: Қазақ болғаннан кейін өлеңді қиып кете алмайды екенсің. Ол – Құдайдың берген сыйы. Домбыра да, қара сөз де қазақтың құдіреті деп білем. «Өлеңге əркімнің-ақ бар таласы» дейді ғой Абай Құнанбайұлы. Өзімді айтыс аламанында сынап көргім келеді. Қазір айтысқа дайындалып жүрген жайым бар. Болашақта айтыс сахнасынан көріп қалуларыңыз да ғажап емес.

«Театрда ойнағым келмейді»

Ұлан: Фильмге түсесің, домбыра тартасың, өлең жазасың, айтысқа дайындалып жүрсің, оның  үстіне, жоғары оқу орнында оқисың. Бəріне қалай үлгеріп жүрсің?

Рамазан: «Осының бəріне қалай үлгересіз?» деп бір кісіден сұрағанда, «Үлгере алмай жүрмін ғой» деп жауап беріпті. Менің де жауабым осыған ұқсайды. Кейде үлгермей жатамын. Алайда, адам баласы бір нəрсені қатты қаласа, уақыт табады. Университетте бірінші курс оқып жүргендіктен, үлкен өмірдің қиындықтарын енді түсініп жатырмын. Кейде ұстаздарыма «Сіздерден «жоқ» деген белгі алудың өзі бақыт қой» деп əзілдеймін. Достарым: «Егер осы айтқаның рас болса, сен ең бақытты студентсің» дейді (күліп).

Ұлан: Әрбір актердің армандайтын образы болады емес пе? Өзің қандай рөлде ойнағанды армандайсың?

Рамазан: Іштей қатты армандайтын образым – Абай Құнанбайұлының балалық шағы. Осы ой көптен бері мазалап жүр. Тіпті, айтатын мəтінімді іштей дайындап қойдым. «Шыңғыстаудың етегінде Құнанбай қажының ауылы бар. Мен сол Құнанбайдың ұлымын! Атым – Абай» деп, үйде басыма тақия киіп алып қиялдап жүремін.

Ұлан: «Əртістің шеберлігі театрда сыналады» дейді білетіндер. Өзіңді театр сахнасында сынап көргің келе ме?

Рамазан: Осы ой мені де көп мазалаған еді. Бірақ, өзімді театр сахнасында елестете алмай қойдым. Болашақта да театрда ойнаймын деп айта алмаймын. Алғашқы қадамым кино əлемінде басталғандықтан болар, театрда ойнауға қызықпаймын.

Ұлан: Сенің ойыңша, жетістікке жетудің формуласы қандай?

Рамазан: Өзімді керемет үлкен жетістікке жеткен тұлға деп санамаймын. «Армансыз адам – қанатсыз құспен тең». Ал арманға жету үшін көп еңбектеніп, дайындалу қажет. Менің осы күнге дейін жеткен жетістіктерім болса, оның формуласы: АРМАН+ДАЙЫНДЫҚ=ЖЕТІСТІК.

«Қазақ киносы өсу үшін мен де өсуім керек»

Ұлан: Болашақтағы Рамазан Амантайды қалай елестетесің?

Рамазан: Тарих факультетінде білімімді толықтырып, айтысты жақсы меңгеріп, Ақан Сатаев ағамыз секілді қазақ киноиндустриясын дамытқым келеді. Өзімді тарихи фильмдегі айтыскер ақын бейнесінде елестетемін.

Ұлан: Қандай фильмдер көресің? Жас актер ретінде кімнен, неден үйрену керек деп есептейсің?

Рамазан: Қазақ кино əлемінің жауһарлары ретінде «Атаманның ақыры», «Гауһартас», «Менің атым Қожаны» жақсы көремін. «Қазіргі актерлардың көбінің көздері бос, жанарларында жалын, сезім, тазалық жоқ» дейді алдымыздағы ағалар. Қазақ киносы дамып келеді. Бірақ, ертедегі фильмдердің деңгейіне əлі жете алмай келеміз.

Ұлан: Қазақ киносы шыңға шығу үшін не істеу керек деп ойлайсың?

Рамазан: Ол үшін мен де өсуім керек, сіз де өсуіңіз керек, жалпы, біз – жастар өсуіміз керек. Қазақ киносының болашағы бізге байланысты.

Ұлан: Қазір немен айналысып жүрсің? Алдағы уақытта сенен қандай жаңалық күтеміз?

Рамазан: Наурыз айының соңында жаңа сериалға түсейін деп жатырмын. Ол да комедия жанрында. Табиғатым осы жанрға жақын. Болашақта драма, трагедияда ойнағым келеді. Ол үшін əлі еңбектену керек, образымды өзгерту керек деп ойлаймын. Мамыр айында «Бизнес по-казахски» фильмінің екінші бөлімі түсірілуі мүмкін. Əлі нақты ақпарат емес. Дəл қазір Əлихан Байсұлтан, Еркеш Хасен секілді өзіммен қатарлас жас əншілердің əніне сөз жазып жүрмін. Алла қаласа, алдағы уақытта тыңдап, бағасын бере жатарсыздар.

Ұлан: Əңгімеңе рахмет!

Сұхбаттасқан Дана МАРАТОВА

«Ұлан», №13

28 наурыз, 2017

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз