Атақтылар жайлы аңыз

«Арманымның бəрін жазар болcам, дəптерге сыймас еді. Оған ешкім сене де қоймас. Сенсе тек Рахманов ағай ғана сенер. Ол бəрін де біледі. Жұрттың бəрінің жандүниесін түсінеді. Шіркін-ай, барлық адам баласы осындай болса, өмір тіпті тамаша болар еді», – дейді Қожа. Сотқар баладан түбінде бірнəрсе шығатынына сенген Рахманов ағай өмірде де дəл Қожа суреттегендей жан еді. Бəріміз жақсы көретін ағайды əйгілі актер, Қазақ КСР Халық əртісі Кененбай Қожабеков сомдаған. Ол «Шабандоз қыздағы» аңғал да ақкөңіл Айдар, «Қыз Жібектегі» түйіліп тұрып түйінін айтатын Сырлыбай болып, «Құлагердегі» Батыраш, арбада отырса да «Қасқырдың апаны» фильмінде басты рөлдің бірі Бабахан болып есімізде қалды. Бас-аяғы отыздан аса фильмге түскен. Орда бұзар жасында бұзақылардың кесірінен ауруханаға түсіп, екі аяғын бірдей сезбей қалса да театр мен киноны тастамаған Кененбай Қожабековтің туғанына биыл 90 жыл.

Ол 1928 жылы Алматы облысының Ақсеңгір ауылында дүниеге келген. Актердың балалық шағы мен жастық дəурені туралы тұшымды ақпарат таппадық. Содан «Қазақфильмнен» 2013 жылы кинорежиссер Сламбек Тəуекел түсірген  «Төзім» деректі фильмін сұраттық. Қуанышымызға орай, бір күннің ішінде фильмді көшіріп берді. Көзі тірісінде берген сұқбаттарында ашаршылық жылдары туылғандықтан балалық шағы болмағанын айтқан екен. Бесіктен белі шықпай жатып-ақ ел ішіндегі ауыр халді көріп, есейіп кетіпті. Сол жылдары əжесі мен інісінің дүниеден қайтқанын ұмыта алмайды. Бір күні балалармен бірге отын қоймасына барады. Тамақ іздеп жүр. Анау бұрышта бір қоңыр нəрсе көрінгендей болыпты. Нан екен деп ойлап, жүгіріп қолына алса, малақай болып шыққан. Сондай заманды бастан кешіріпті. 1937 жылы бірінші сыныпқа барады. Егіннен қалған масақты теріп, шөп жинап, бақша егіп, мұрнынан қан ағып төсекке құлайды екен. Əкесінің інісі Молданның арқасында аман қалған. Кітап оқығанды жақсы көріп, түн болса шырағдан жағып отырады. Бірақ ымырт жабыла көкесі: «Əй, жүгірмек, жат, ұйықта. Шырағдан қаңсып тұр, жер май жоқ», – деп кітабын қолынан тартып алатын.

Соғыс басталғанда бар салмақ елде қалған жас балаларға түскен соң тоғызыншы сыныпта оқуын тастап кеткен. Құдай бұйыртып 1944 жылы Алматыдағы «Октябрьдің 20 жылдығы» зауытына жұмысқа кіреді. Олар оны бірден шопырдың оқуына жіберіпті. Оны бітірген соң зауыт «бір күн жүрсе, бес күн тоқтап қалатын полуторканы (жүк мəшинесі)» береді. Оталдыруға əлі жетпегенде Маша есімді диспетчер қызға шауып барады. Ол айтқызбастан полуторкасын алдынан бұрап, оталдырып беріп жүріпті. Бір күні машинасының жүргеніне қуанғаны сонша, май құюды ұмытып, жарты жолда қалғаны бар екен.

«ЖЫН-ШАЙТАННЫҢ ОҚУЫНА ТҮСКЕНІ НЕСІ?»

Əдетте алып актерлар өзінің талантын байқай бермейді, əртіс болсам деп те армандамайды. Кененбай аға да əртістікті ойламаған. Шопыр болып жүргенінде əкесі «оқуға түсіп, білім ал» депті. Əке ақылымен Алматыны аралап жүріп, театр училищесіне тоқтайды. Жанындағы жолдастарының да үгіті өтсе керек, құжаттарын тапсырып, емтиханнан өтіп кетеді. Алып-ұшып үйіне жетіп, оқуын айта бергені сол-ақ екен əкесі: «Көзіме көрінбей құры! Жын-шайтанның оқуына түскені несі? Тұқымымызда бақсы деген бəле болмаған. Мен сені асырап-бағады, атағымызды шығарады десем», – деп теріс қарап жатып алыпты. Ендігі өмірлік мақсатын айқындап қойған жас жігіт ойынан айнымайды. 1948 жылы ең алғаш «Аласталған Алитет» фильміне түсіп, Айе рөлінде ойнайды. Осы фильмнен соң кинематографиядағы өмірі басталады. Бірінен соң бірі фильмге түсіп жүреді. 1950 жылы оқуын аяқтап, Балалар мен жасөспірімдер театрына жұмысқа тұрады. Театрдың Сац пен Мүсіреповке бөлінбеген кезі. Кененбай аға Гамлетті ойнауды армандайтын. Бірақ ол арманынан бір-ақ кеште айырылды. 1960 жылы 10 қаңтарда кешке таман екі жақын досымен театрға аяңдайды. Репетициялары бар. Бір кезде қайдан келе қалғаны белгісіз, кімге тиісерін білмей жүрген бір топ бұзақы алдарынан шыға қалады. Жанындағы досына араша түсем деп жүргенінде біреуі келіп омыртқа тұсынан бірнеше рет пышақ сұғып алады. Əлден уақытта көзін ашса, ақ қарда бір өзі жатыр екен. Қозғалуға дəрмен жоқ. Ауруханаға түседі. Онда жатқанында «Кененбай бітті, оның өнердегі жолы жабылды» дегендер де болыпты. Алайда рухы мықты жігіт «басқа салса баспақшыл» деп көне салмай, аяғынан тұрып кетеді. Бірнеше жылдан соң ағыны қатты өзенге түсетін эпизодта ойнаймын деп, қайта ауруханаға түскен. Ақтаңгер актер ендігі рөлдерінің бəрін қоларбада отырып ойнап шығады.

«АТАМ ҚАЛАҒА ЕСЕКПЕН КЕЛЕТІН»

Кененбай ағаның Ілияс есімді ұлы барын, əкесіне сондай жақын өскенін театртанушы, сыншы Əшірбек Сығайдың естелігінен оқып білдік. Кененбай аға ұлын біреуге таныстырарда: «Мына бала – менің екі аяғым», – дейді екен. Ілияс Қожабеков – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында оқытушы, музыкатанушы. Жоғарыда айтқан «Төзім» фильмінің кеңесшісі əрі музыкамен əрлеушісі болыпты, ал ұлы Көбей дыбыс операторы, қызы Ильфа режиссердің ассистенті қызметін атқарыпты. Бір апта хабарласа алмаған соң, не де болса консерваторияға барайық дедік. Күзетшіге жалынып жүріп кіріп, Ілияс ағаны сабақ өтіп жатқан кабинетінен таптық. Қоңырауымызға жауап бермей жүргенге мінезі қиындау адам ба деп қалғанымызды жасырмаймыз. Мəн-жайды қысқа айтқанымызда, сабағын аяқтап алуын, бір сағат күте тұруымызды сұрады. Ал əкесі туралы əңгіме бастағанда көзі күлімдеп, жүзі нұрланып кетті.

– Əкемнің құжатында Молданұлы деп жазылған. Бірақ ол оның туған əкесі емес. Молдан ата əкемді, оның əпкесі мен немере ағасын бауырына басып, ашаршылық жылдары аман алып қалған. Əкем үш жасынан бастап оның қолында өседі. Əжем қайтыс болып кеткен. Өз атам, əкемнің шын əкесі Қоңдыбай шопан болған. Атамның төрт əйелі болыпты. Бірі дүниеден өткенде екіншісіне үйленген. Ең кенжесі – əкем, қалғаны алты қыз. Атам 99 жасқа дейін өмір сүрді. Алматы облысындағы ауылдан қаладағы біздің үйге дейін есегіне мініп келетіні есімде.

Əкем өте көпшіл жан еді. Үйге күніне міндетті түрде оншақты адам кіріп шығатын. Оның ішінде достары бар, туыстарымыз бар, жазушы-журналистер бар, тіпті танымайтын адамды да кіргізе беретінбіз. Жақын достары келгенде есікті ішінен бекітіп алып, философиялық тақырыптарды қаузайтын. Сұлтан Қожықов келгенде де сөйтетін. Нұрғиса Тілендиев сондай «шулы» адам еді. Жалғыз келмей жанына бірнеше адам ертіп жүретін. Үйдің ішін ырду-дырду əңгімеге толтыратын. Ал Абдолла Қарсақбаев екеуі бірін-бірі бауыр санады. Абдолла аға: «Мен сенен бір жарым айға үлкенмін, демек мен ағамын», – деп əзілдейтін.

Бос уақыт дегенде, бір фильмнен келесі фильмге дейінгі үзілісі ғана бар. Ол кезде де үйде отырмайды. Арбада болса да үлкен «Волгасына» мініп алып, жанына мені отырғызып, туыстарды аралайтынбыз. Жолдың ұзақтығына қарамайтын. Қожықов əкемді ертіп алып, көрермендермен кездесу өткізетін. Қарындасым екеумізді кішкентай кезде Ыстықкөлге жиі апаратын. Үйде де демалуына болады ғой, бірақ бізді қуантқысы келетін. Судың жағасында жүгіреміз, өзімізше балық аулаймыз. Ер жетіп, отбасылы болдық. Пəтерде мен, əйелім, екі балам мен əкем бірге тұрамыз. Үйіміз əдеттегідей қоғамдық қабылдау орны сияқты еді. Қонақ үзілмейді. Шығармашылықпен айналысып, диссертацияма жөнді дайындала алмаймын. Бір күні кімнің сағат нешеде келгенін жазып, күнделік жүргіздім. Оны əкеме көрсетіп: «Əке, бізге күніне неше адам келетінін қарашы. Бұлай жұмыс істей алмаймын ғой мен», – дедім. Бір аптадай адам аяғы басылғандай болды. Ал сонан соң бəрі бұрынғы қалпына түсті. Бірақ əкеме ондай орта өте қажет екенін түсінетінмін.

«ЕГЕР АЯҒЫМ САУ БОЛСА, ТЕАТР САХНАСЫНАН ТҮСПЕС ЕДІМ»

Кененбай аға ұлы есейіп кетсе де «Ілияска» деп айтып өткен екен. Ұлы екеуі ешқашан оның шығармашылығы, жұмысындағы қиындықтар туралы əңгі-мелеспейтін. Ұлына «былай істе, олай еткенің дұрыс» деп ақыл да айтпайтын. Əкесіне қарап-ақ ненің дұрыс, қай істің қате екенін біліп жүрген балаға ондай ақыл керек те емес шығар. Үйлерінде екі есігі бар бөлме болыпты. Кененбай аға біріншісінен кіріп, есікті бекітіп алып, рөлдеріне дайындалады екен. Ал басқаларға екінші есіктен бəрі естіліп тұратын көрінеді. Егер түсірілім табиғат аясында болатын болса, «Волгасын» қоларба, канистр, шатырмен толтырып тастайды екен. Ол заманда лифт жоқ, баспалдақпен шығу үшін бірнеше адам керек. Сондықтан қонақүйге тоқтамайтын. Шатырын тіккізіп, түсірілім алаңында түнейтін. Жараланған соң ауруханада алты айдай жатыпты. Ілияскасына ешкім айтпаса керек, «əкем əдеттегідей түсірілімдерде жүр» деп ойлапты. Тоғыз-ондардағы бала. Тек төртінші сыныпқа барғанда əкесінің енді жүре алмайтынын түсініп, өмір бойғы қолқанатына айналады. Əкесінің сөресінен «Абай жолы» мен Абайдың өлеңдер жинағы кетпейді екен. «Абай жолын» жаттап алыпты. Құнанбай рөліне түсемін деген үміті де болыпты. Бірақ ол үміті ақталмады.

Қарындасы Аленаның есімін Ілияс ағаның өзі қойған. Перзентханаға барғанда, неге екені белгісіз, «менің Аленамды көрсетіңдер» деп айтыпты. Анасы Римма Васильевна тарих пəнінің мұғалімі болыпты. Ілияс аға анасының шəкірттерін кездестіріп қалса, анасының керемет жақсы ұстаз болғаны туралы естиді екен. Археологияға қатты қызығып, экспедиция ұйымдастырады екен. Ілиясты да ертіп алады. Кененбай аға немересі Көбейді қатты жақсы көреді. Іште отырып «Көбе-е-е-й» деп айғайлайды. Сыртта жүгіріп жүрген бала «а-а-у» деп жүгіріп кіреді. Екеуінің ата мен немересі ғана білетін құпиялары да болыпты.

Əңгіме барысында Ілияс аға əкесінің орыс тілін кейін үйренгенін де айтып өтті:

– Марк Донскойдың фильмінде Айенің рөліне түсіп жатқан кезі. Түсірілім алаңында орысша аздап акцентпен сөйлейтін. Бірде «Вот я принес вам шкурку песца» дегенде, «песец» деген аңды айта алмады. Неше рет қайталаса да тілі құрғыр сынбай тұр. Сонда Донской қатты ашуланып, түсірілім алаңынан шығара жаздағаны бар (күлді). Кейін Донскойдың өмірінің соңына дейін жақсы араласты. Əкем ауырғанда сонау Мəскеуден екі рет арнайы келген. Өзінің мінезі шарт-шұрт. Бірақ сондай жақсы адам болатын. Əкем оған бас иетін.

Қалай болғанда да, Кененбай Қожабеков үшін театр, қойылым бірінші орында тұратын. Көзі тірісінде «екі аяғым сау болса, театр сахнасынан түспес едім» дегені де бар. Гамлетке дайындалып жүргенінде жараланып, ойнай алмай кеткені үшін қатты өкінген екен.

Нұрлан САНЖАР, ҚР Халық əртісі («Менің атым Қожадағы» Қожа):

«Давай, давай» дейтін

– Кененбай ағаның ұлы Ілияс – өте сыпайы, білімді азамат. Әкесін өмір бойы бақты. Кененбай Қожабековтің сүйеніші Ілияс болса, өмірінің мәні әртістік өнер еді. Оны тек әртістігі үшін ғана емес, адамгершілігі үшін де бәрі қатты сыйлайтын. Театр режиссерлері Кененбай аға үшін қойылымдарына отырып ойнайтын рөл қосып қоятын. Талантты әртіске деген құрметтің арқасында осындай әдет қалыптасты. «Менің атым Қожада» оның аздап болсын өзі жүретіні есімде. Ол кезде мен бесінші сынып оқимын. «407» деген нөмірі бар жасыл «Москвичі» болатын. Соны өзі айдайтын. «Егер біз әрқайсымыз» деген фильмде Имашты сомдайды. Оған сүйіктісі мен оның әкесін құтқару үшін өзенге түсуі керек екен. Сонда дублер түсе салсын дегенге көнбей, өзенге өзі қойып кеткен. Сол фильмнен соң жүруден мүлдем қалып, арбаға өмір-бақи таңылды. Кененбай аға кинорежиссердің жасына, тәжірибесі мен кәсібилігіне қарамайтын. Олар қандай тапсырма берсе, соны орындайтын. Өте мейірімді жан еді. Біз секілді барлық жас әртіске әкеміз сияқты қарайтын. Ол кісінің өмір сүргісі келмеген кезі де болған. Бірақ өмірге сондай оптимистік көзқараспен қарайтын. Мен онымен өмірінің соңғы жылдарына дейін араласып тұрдым. Көрген сайын құшақтасып аманда-сатынбыз. Ылғи менің не бітіріп жатқанымды тәптіштеп сұрап, «давай, давай» дейтін. Ол Нұрмұхан Жантөринмен студент кезінде дос болған. Екеуі де қазақтың аңыз актерлері. Кейін араларында түсініспеушілік болыпты. Соны білетін біреу Жантөриннің өлімін Кененбай ағаға сүйінші сұрағандай жеткізіпті. Сонда Кененбай аға қатты жылады. Ол досын бұрын-ақ кешірген еді. Досының әр жетістігіне шын қуанатын. Ондай нәрсені жеңу үшін адамның жүрегі кең болуы керек. Қазақтың Кененбайын бәрі жақсы көретін. Ешкім ешқашан қарғамайтын, сөз етпейтін.

«ӘКЕМДІ АУРУХАНАДАН «ҰРЛАП КЕТТІМ»

Əр киноға таңдалғаны да, түскені де өзінше аңыз. «Қыз Жібектің» əкесі Сырлыбайдың рөлін сомдауға əйгілі əртістер бастап бес адам шақырылыпты. Ішінде Кененбай Қожабеков те бар. Арбада отырған оның кандидатурасына бəрі қарсы болған. Ашығын айтқанда, «Екі серияға сырқат Кененбай шыдай ма? Анау-мынау боп кетсе, қайта түсіріп, қып-қызыл шығынға батамыз» деп басшылық көнбепті. Сонда сол кездегі Мəдениет министрі Ілияс Омаров Кененбай ағаға: «Əй, бұл киноны ертерек түсіргенде Төлегенді сен ойнар едің ғой. Сырлыбайды сөзсіз шығарасың», – деп қолын қысыпты. Режиссер Сұлтан Қожықов та Сырлыбайды Кененбайдан басқа ешкімге бермеймін деп тұрып алыпты.

Бауыржан Момышұлымен

Кененбай аға мықты əртіс қана емес, мықты аспаз да болған. Əсіресе балықты, уылдырықты жақсы көріпті. Ілиясқа балықты осып, тазартқызып, дайын болғанша күтіп отырады екен. Ешкімге сенбей өзі қуырады. Ол кісінің аспаздығын Сатыбалды Нарымбетов те көріпті. Кененбай Қожабеков қырғыз кинорежиссері Болот Шəмшиевтің «Қасқырдың апанына» түсерде Сатыбалды ағаны іздепті. «Осы айналада қырғыз тілін жақсы білетін сенен басқа ешкім жоқ дейді», – депті салған жерден. «Иə, білемін, аға». «Жүр онда үйге. Репетиция жасаймыз», – деп алып кетеді. Ол туралы Сатыбалды аға:

– Үйіне бір аптадай барып жүрдім. Есік ашық тұрады. Кірсем, Кененбай ағам нан жайып отыр. Əзіл-қалжыңы аралас əңгімемен қамырды қыздың шашындай етіп кеседі. Ұйғырларға ұқсап онысын тақтайға ұрып созады. Репетиция қашпайды деп қойып, асықпай отырып кеспе жеп аламыз. Түнгі екі-үш болғанда, «Аға, менің үйім бар еді» деймін. «Ай, қала салсаңшы осында» деп Кененбай ағам тұрады, – деп күліп еске алды.

Өмірінің соңына таман қатты сырқаттанып жүріпті. Ұлының айтуынша, қыста екі аяғы темірдей суық болып тұратын. Барлық ауыртпалық бүйрегіне түсіп, екі бүйрегі бірдей істен шығады. Аяқ қозғалмай, қан айналымы дұрыс жүрмейтін. Өзі де аз ғана ғұмыры қалғанын сезіп, сəл жақсарса болды киноға түсіп, концерттерге барып қалуға тырысады екен. Қайтыс боларынан бірнеше күн бұрын ұлы өзінің өтінішімен түнде ауруханадан ұрлап кетеді. Ол кезде Тұраш Ыбраевтың деректі фильміне түсіп жүрген уақыты. Соңғы кадрына түсіп үлгергісі келген екен. Өкінішке қарай, ол фильм аяқталмай қалыпты.

«Əкеңізге ұқсағансыз ба?» дедім Ілияс ағаға.

– Менің əкем керемет жан еді. Бір-бірімізді өте жақсы түсінетінбіз. Алып-ұшып тұратын. Көпшілікті жақсы көретін. Былайша айтқанда «от» еді. Ал мен «тыныш» адаммын. Əкеме аса тартпаппын, – деп жауап берді. Кененбай Қожабеков 1988 жылы алпыс жасында дүниеден өтті. Оның сексен жылдығында кезінде Алматыға алдыртып, көмек еткен жиендері ауылында үлкен ас берді. Сексен бес жылдығына «Төзім» деректі фильмі түсірілді. Ал тоқсан жылдығын қалай атап өтетіні əлі белгісіз. Көктемге қалдырып отыр екен. Қалай болған күнде де бүгінгі ұрпақ қазақта сондай алып өнер иесінің, рухы биік азаматтың, жүрегі кең адамның болғанын ұмытпаса екен.

 

Таңшолпан ТӨЛЕГЕН

«Ұлан» газеті, №5
30 қаңтар 2018 жыл

4 ПІКІРЛЕР

  1. Меніңде осы кісі секілді ұстазым бар еді(фильмдегі). Есіме түсіп сағынып отырмын. Автор жарайсың?

    • Руслан, сәлеметсіз бе? Материалдың ұнағанына қуаныштымын!) Ол кісінің Кененбай ағаға қай мінезі ұқсаушы еді?

      • Кенжебай ағамызға емес, Рахманов ұстазға ұқсайтын. Менің жан дүниемді түсінетіндей көрінетін. Кенжебай ағамыздың актерлік қабілетіне ризамын. *Сіз секілді сауатты тілшілер азғой қазір. Барлығы қайдағы жоқ өсек аяңдарды жазады, ол халыққа ұнайтында секілді. Таңшолпан сізге алғысым шексіз табыстар тілеймін.

        • *Кененбай ағамызға) Пікіріңізге көп рақмет! Сіздей оқырманымыз барына қуанамыз!)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз