Техника, соның ішінде радиотехника тісіміз батпайтын сала секілді көрінеді. Тілін білмеген соң көп қандасымыздың бұл мамандықпен жұмысы жоқтай көрінетін.  Шыны керек, алғашқы кездері ондай құпия әрі маңызы зор іске қазақтарды көп жолата да қойған жоқ. Оның үстіне қазақтар техникаға шорқақтау деген желеу де басым еді. Сондықтан да радиотехника, радиоэлектроника салаларында, оның ішінде бұл салалар арқылы құпия барлау жүргізу ісінде белгілі бір ұлттың өкілдері ғана басым болғаны сөзсіз. Алайда Қазақстан аумағында орналасқан арнайы радиобайланыс желілерін басқару ісінде ондай теңсіздікке жол берілмеуі тиіс еді. Сыртқы барлау ардагерлері полковнигі Тұрлыбек Ниязқұлов пен полковник Уәлихан Ботабаевтың өмір жолына үңілсек, ондай сыңаржақ пікірдің жалған екенін дәлелдеп шыққандарын анық байқаймыз. Мұндай жауапкершілігі ауыр міндетті олар өз аттарына да, сол арқылы ел атына да мін түсірмей абыроймен қалай атқарып шықты? Осы сұрақты біз олармен қызметтес болған, бірін ұстаз тұтқан, бірін әріптес санайтын «Сыртқы барлау ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің жауапты хатшысы, Алдаберген ағаға (фамилиясын түсінікті себептермен айтпауды сұрады) қойған едік.

Тұрлыбек Ниязқұлов 1938 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. 1954 жылы орта мектепті үздік бітіріп, Алматы байланыс электротехникумына түскен. Оқуды аяқтаған соң екі жылдай Кентау қаласында байланыс саласында қызмет атқарып, одан әрі білімін тереңдету мақсатымен Ташкент қаласындағы бұрынғы Кеңес одағының беделді оқу орны – Байланыс электротехникалық институтында оқыды. Содан 1964 жылы жоғары білімді маман ретінде Қазақ КСР байланыс министрлігінің радиоорталығына жолдама алып келеді. Бұл мекемеде іскерлігімен көзге түсіп, көп ұзамай аға инженер лауазымына көтеріледі.

Байланыстың қыр-сырын жетік меңгерген талантты жас, білікті  маманға осы жылдары қауіпсіздік органдарының назары ауды. Жақын таныстық пен жіті зерделеуден кейін, белгіленген тәртіппен Тұрлыбек Ниязқұлов 1968 жылы Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне (МҚК) қызметке қабылданады. Көп ұзамай біліктілік деңгейі мен тәжірибесі ескеріліп, Одақтық МҚК сыртқы барлауының арнайы және өкілдік байланысты қамтамасыз ету басқармасының Қазақстан аймағында орналасқан арнайы радиобайланыс қызметі бастығының орынбасары лауазымына тағайындалды. Міне, осы уақыттан бастап Тұрлыбек Ниязқұлұлының мемлекеттік маңызы бар ауқымды арнайы бағыттағы құпия жұмыстарды іске асыруды ұйымдастыра алатын қабілеті кеңінен көріне бастады. 1971 жылы ол сыртқы барлаудың Қазақстандағы арнайы радиобайланыс қызметінің басшысы болып тағайындалып, оны 24 жыл бойы басқарды.

Тұрлыбек Ниязқұлов арнайы радиобайланыс басшылығы қызметіне тағайындалғанда оған бірден аса жауапты міндет жүктелді. Бұл қазақ жұмысты қалай атқарып кетер екен деген көздер жан-жақтан кірпік қақпай тігілді. Құдайдың қолдауымен сол кезде бір қолайлы сәт тура келді. Ол жылдары КСРО МҚК жаңа техникамен жабдықтау бағдарламасын қабылдаған еді. Осы қолайлы жағдайды тиімді пайдаланған Ниязқұлов, әлгі бағдарламаны талқылау барысында Одақ аумағындағы арнайы радиобайланыс нысандарының алдағы жобасын іске асыруды Қазақстандағы қызметтен бастауды ұсынды. Және оны орындауға барлық мүмкіншілік бар екеніне дәлел келтірді. Ақыры бұған КСРО МҚК-нің қолдауын алып, жұмысқа жаңа қарқынмен кірісті. Орталықтан қыруар қаржы мен материалдық-техникалық жабдықтар бөлінді. Көп ұзамай сол кезеңде техникалық жабдықталуы, радиобайланыс мүмкіншіліктері жағынан Кеңес одағында теңдесі жоқ бірегей екі ірі техникалық ғимарат Тұрлыбек Ниязқұлұлының басқаруымен бой көтерді. Оның іші радиобарлау қызметіне қажетті заманауи аппараттармен толық жабдықталды. Соның арқасында алыс шет елдердегі өкілдіктермен арнайы ақпараттарды жедел алмасу, яғни жіберу мен қабылдау барысын жіті жүзеге асыру мүмкіншілігіне қол жеткізді.

Қызмет барысында қатал, талап қойғыш басшы болса да, Тұрекең қарамағындағы қызметкерлерге құрметпен, сыйластықпен қарайтын. Әрдайым  олардың жеке сұрақтарын шешуде әкелік, ағалық қолдауын көрсетіп, қолынан келетін көмегін аямайтын кеңпейіл болды. Тіпті кейбір қызметкерлерге «Ашу – дұшпан, ақыл – дос, ақылыңа ақыл қос» деп кеңесін беріп, олардың отбасын сақтап қалуына себепші де болған. Мұны кезінде оның тәрбиесін алған ізбасарларының қай-қайсысы болса да растайды.

Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізіп әлемдегі көптеген елдерде өзінің елшіліктерін аша бастаған тұста Сыртқы істер министрлігі мен елшіліктердің арасында жедел ақпарат алмасу байланысын орнату мәселесі туындады. Бұл сұрақтың қыр-сырын жақсы білетін полковник Т.Ниязқұлов бұрынғы Орталықтағы әріптестерімен кеңесіп, Қазақстан мен Ресейдің арнайы қызметтерінің өзара келісімдеріне қол жеткізіп, өзі басқарып отырған арнайы радиобайланыс объектілерінің үлкен мүмкіншіліктерін пайдаланып, еліміз үшін алыс қашықтықпен керекті байланысты жасауды ұсынып, соны іске сәтті асырды.

Тұрлыбек Ниязқұлов 1995 жылы зейнеткерлікке шығып, «Алтел» компаниясының вице-президенті, «Алматытелекомда» бас директор лауазымдарында қызмет атқарып, жаңа бастамалардың ұйтқысы болып байланыс саласының дамуына да үлес қосты.

Құрметті демалыста болса да, Тұрекең қызметтен қол үзбей, ұлттық қауіпсіздік органдарының жас буындарымен өзінің өмірлік бай тәжірибесімен бөлісіп, оларды отансүйгіштікке баулу ісінде де көп еңбек сіңірді. «Қазақстан Республикасының ҰҚК сыртқы барлау ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің Алқа мүшесі ретінде Тұрлыбек Ниязқұлұлы көптеген қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, іс-шаралардың жоғары деңгейде өтуіне көңіл бөліп, қолдан келген көмегін аямайтын. Өкінішке қарай, Тұрлыбек Ниязқұлұлы 2018 жылдың 20 наурызында, 80 жасқа толуына екі ай қалғанда қайтыс болды.

Радиотехникалық барлау екінің бірінің қолынан келетін іс емес екенін айттық. Өйткені оған, аты айтып тұрғандай, цифрлы радиоэлектрониканың қыр-сырын жетік білетін білгір ғана емес, тап сондай мамандардан асып түсетін барлаушылық қыры мен қабілеті озық жан керек. Әрине, мұндай жоғары дәрежеге жету үшін мамандарды алдын ала оқытып, дайындайды. Сонан соң көзге көрінбейтін әуе толқындары арасында арбасу мен алдау, ақпаратты алу мен алмасу басталады. Осындай қызығы мен шыжығы көп барлау ісіне алдын ала дайындалып, жасырын қызмет еткен, яғни шынайы ақпараттарды іздеумен, таратумен, алумен ұзақ жылдар бойына бүгінде «Сырбар» сыртқы барлау қызметінің құрметті ардагері, полковник Уәлихан Ботабаев айналысты.

Ол Шығыс Қазақстан облысының Ақсуат ауданына қарасты Ақсуат ауылында дүниеге келген. Мектепті аяқтаған соң Мәскеудің Электротехникалық байланыс институтын электр байланысын жүргізу инженері мамандығы бойынша бітірді. Алматы қаласына жіберіліп, мамандығы бойынша жұмысқа кіріседі. Оқуды жақсы оқып, ісін озық білетін болғандықтан Алматы электротехникалық техникумының оқытушысы да атанды. Сөйтіп жүргенде чекист болу бұйырды. Ә дегенде-ақ ол кезде аты дүркіреп тұрған Минск қаласындағы КСРО МҚК жоғары оқу курсының (екінші бағыты бойынша) курсанты атанды. Оны тәмамдасымен ҚазКСР МҚК екінші басқармасына қызметке алынды. Жолы оңғарылып, Қаз КСР МҚК  Р-13 қызметінің қабылдау радио орталығының бастығы болды. Жалындаған жас кезі, қандай қызметке салса да, зор білімі мен орасан қабілеті арқасында жетістікке жетіп, жоғары өрлей берді. Небір қиын тапсырмаларды мұртын шалдырмай нақпа-нақ әрі еш сыр алдырмай орындап жүрді. Сондықтан жыл сайын дәрежесі де өсіп, Қазақстан Республикасы «Барлау» Қызметінің Ақмола аумақтық барлау орталығының бастығына дейін жоғарылады.Бірде Уәлихан бастаған топ тексерілуге тиіс адамның өзі жоқта пәтеріне білдіртпей енеді. Пәтер иесінің сөзін тыңдайтын әрі жазып тұратын арнайы құрылғыларды жасырын орнатады. Мұндай жұмыстардың түр-түрін талай жерде жасап жүргендіктен бұл шаруа да әрі тез, әрі сәтті орындалады. Сөйтіп өздері ашқан есікті қайтадан жабады және ондағы қос құлыпты да кілттейді. Әрине, есікте қос құлып тұрғандықтан екеуі де кілттенуі тиіс қой. Еш белгі қалмауы керек. Содан істі сәтті тындырып бәрі көңілді күймен жұмыстарына оралады. Біраз уақыттан соң «бастық шақыртып жатыр» деген бұйрық жетеді. Барса, расында бастықтың жүзі өрт сөндіргендей екен. Түтігіп кетіпті. Уәлихандардың ойынша әлгінде тындырған жұмыстарында еш кінәрат жоқ. Талай құпия құрылғыны орнатып жүр емес пе. Сонда не болған дейсіз ғой? Бұлар пәтерге енгенде есік бір құлыпқа ғана кілттенгеніне назар аудармапты. Оны ол үйді алдын ала зерделегендер де айтуды қажет деп таппаған ба, белгісіз. Ал үй иесі екінші кілтті әлдеқашан жоғалтып алған. Сондықтан ол есікті үнемі бір құлыппен кілттейді екен. Бұлар оның баяғыда жоғалған кілтін де «тауып», есіктегі екі құлыпты да кілттеп кетіпті. Қожайын өз пәтеріне кіре алмай таңғалып жүр дейді.

Барлау ісінде небір тосын оқиғаларға кездеспейтін барлаушы жоқ. Ол кезде оны сол барлаушының тапқырлығы ғана құтқара алады. Ұсақ-түйек болып көрінетін сәл ғана тапқырлықтың өзі істің барысын өзгерте алады. Сондай бір сәтті Уәлихан да сәл жымиып, есіне алған еді. Олар назарға алынған пәтер ішіне жансыз еніп, тиісті шаруаны тындырып жатқанда, тыста бұлардың қауіпсіздігіне жауапты, қажетті ақпаратты жеткізіп  тұратын арнайы бақылау тобы болады. Солар Уәлихандар іште жұмыс істеп жатқанда үйіне оралған үй иесін байқамай жіберіп алыпты. Тек ол соңғы қабатқа көтерілгенде ғана хабар беріп үлгереді. Бірақ енді тым кеш еді. Терезеден қарғу да, есіктен шығу да мүмкін емес. Өйткені бұлардың орнатамыз дейтін құралдарының өзін жинастыруға біраз уақыт керек. Не істеу керек? Уәлихан есіктің алдына келіп, көзсығалақтан қарайды. Үй иесі де жеткен екен, қалтасынан кілтін алып үстіңгі құлыптың ұясына салады. Құлып ашылады. Сосын екінші кілтті алып, астыңғы құлыпқа салады. Сол кезде Уәлихан да, анау астынғы құлыпты бұрап жатқанда бұл үстіңгі құлыпқа ашқышты салып, кілттей қояды. Ашылу керек есік ашылмай қалды. Үй иесі сәл кідіріп, алғашқы кілтті қайтадан үстіңгі құлыпқа салады. Бұл астыңғы құлыпты кілттейді. Кенет арада тым-тырыс үнсіздік орнайды. Демін ішіне тартқан Уәлихан қара терге түседі. Үй иесі түкке түсінбегені белгілі. Бірақ осы бір сәл кідірістің өзі төменнен бақылау тобының келіп жетуіне сеп болды. Олар бірден әлгі аң-таң болып тұрған үй иесіне тиіскен болып, жанжал шығарады. Сосын барлығы топырлап төмен түсіп кетті. Соны пайдаланған бұлар да заттарын жиып, тайып тұрды.

Жалпы, осы жылдар ішінде Уәлихан талай жайтты бастан кешіргені анық. Біз оның әңгімесінен айтуға болады-ау деген езу тартарлық тұстарын ғана тілге тиек етіп отырмыз. Ал шынтуайтына келгенде, Уәлихан Талғатбекұлының қызмет дәрежесі өзгеріп тұрғанымен, оның атқаратын міндеті өзгерген жоқ. Сондықтан ол әрқашан өзін-өзі жетілдірумен болды. Көп ізденді. Өйткені радиоэлектроника саласында ғылымның дамуы орасан еді. Әр елдің соңғы жетістіктері әрқашанда өз мақсат, мүдделері үшін пайдаланылады. Соған сәйкес сыртқы барлауда да небір техникалық ғылыми жетістіктер іске қосылды.

Барлаушының қолындағы жедел техника – оның басты қаруы. Ол адам мүмкіндігін айтарлықтай арттырып, өзгелер ести алмайтынды естуге, көрінбейтінді көруге, тез әрі қауіпсіз жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Жедел техникалық құралдар о баста барлау ісімен қатар пайда болып, ғылым мен техниканың жетістіктерін бойға сіңірумен дамып келеді. Міне, осы жетістіктерді Уәлихан да толығымен пайдалана білді. Өйткені барлау – күрестің жасырын түрі, ал оның құпиялығын осы күресті болмағандай ізсізге айналдыра алатын техниканың заманауи жетістіктерімен қаруланған адамдар ғана жүзеге асыра алады. Сондықтан да барлаушылар пайдаланатын жедел техникалық құралдардың басты қажеттілігі – жіберілетін ақпарат мазмұнын сырт көзден таса ұстау, оны ешкім оқи алмайтындай ету, мәтінді көрінбейтіндей қылу немесе оны айналадағы, яки жеке заттарға ұқсатып бүркемелеу, көлемін кішірейту болып саналады.

Осындай қажырлы жұмыстардың нәтижесі бекер кетпеді. Уәлихан Ботабаев алғашқылардың бірі болып Ақмолаға жол тартты. Өйткені, 1997 жылдың 5 қарашасында «Барлау» қызметі жеке отау көтерген еді. Бұл кезде У.Ботабаев жоғарыда айтып өткеніміздей, Қазақстан Республикасы «Барлау» Қызметінің Ақмоладағы барлау орталығының бастығы ретінде жұмысты одан әрі қыздыра түсті. Бұл генералдық лауазым болатын.

1998 жылдың 10 маусымында Астана күні тойланып, бүкіл әлемге Қазақстанның жаңа елордасы таныстырылды. Полковник Ботабаев Президент Жарлығымен «Астана» медалін кеудесіне тақты. Алайда түрлі себептермен 1998 жылдың күзінде «Барлау» қызметі қайтадан ҰҚК құрамына енгізілді. Онда ол қатардағы уәкіл ретінде жедел қызметке ауыстырылды. Өзін көрсете білді. Бірақ У.Ботабаевтың көп жылғы тәжірибесі мен іскерлігі шынайы көрініс табатын, мемлекетке, елге пайдасы тиетін сала бағыты басқа еді. Соны дер кезінде түсінген басшылық У.Ботабаевқа Байланыс және жедел техникалық басқарманы құруды тапсырады. Уәлихан Талғатбекұлы ол міндетті ойдағыдай орындап, құрметті демалысқа шыққанға дейін сол басқармаға басшылық етті.

 

Жазып алған
Ж.АЙМАХАН

«Ұлан газеті», №37
11 қыркүйек 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз