Бірде əлеуметтік желіде қазақтың батырлары мен спортшыларының əдемі суреттеріне көзім түсті. Əлгі суреттерді көре бергің келеді. Бірнеше адам бөлісіп, алғыс та жазыпты. Суреттің авторы Рабиға Амантайқызы екенін жазыпты. Рабиғаға «Ұланның» тілшісі екенімді айтып, сұхбатқа шақырып, сұрақтарымды жазып жіберген едім. Ұзамай жауап та келді. Соңғы кездері графикалық дизайн туралы жиі еститін болдық. Графикалық дизайн дегеніміз не? Жауапты суретшінің өз аузынан естиік…

– Графикалық дизайн деген – еркіндік. Өте кең ауқымды, жан-жақты, өз ішінен əртүрлі тармақтарға бөлінген сала. Қазіргі заманда ең тапшы, ең қажетті мамандықтың бірі жəне бірегейі. Кəсіби терминдерді былай қойып, қарапайым тілмен айтқанда, көшеде күнделікті көріп жүрген жарнама, ғаламтор желісіндегі сайттардың бет-бейнесі, телеарнадағы жарнамалар мен интролар, анимациялық моушндар, оқып жүрген кітаптарыңыз бен газеттеріңіздің мұқабалары мен беттері, мультфильмдер мен комикстердің көрермендерге жол тартуының барлығын графикалық дизайн қамтиды. Ал көздің жауын алатын түрлі-түсті жұмыстар графикалық редактордың көмегімен жүзеге асады. Тағы бір ерекшелігі, бұл сала тоқтаусыз өзгеріп, қарқынды дамып отырады.

– Ал иллюстратор деген кім?

– Жалпы айтқанда, иллюстратор – суретші жəне графикалық редакторларды пайдалана отырып, иллюстрациялар сызатын маман. Иллюстратор болсаң, дизайнды да қатар алып жүресің. Оған комикстер салу, логолар жасау, əртүрлі тақырыптарға байланысты суреттер салу, кейіпкерлер құрастыру кіреді.

– Қандай бағдарламамен жұмыс істейсіздер?

– Біз тек бір графикалық редактормен жұмыс істемейміз. Жұмыс барысына қарай əртүрлі графикалық редакторларды қолданамыз. Мəселен, иллюстрация салуға, лого жасауға иллюстратор графикалық редакторын, ал расторлы кескіндермен жұмыс істегенде фотошопты пайдалансақ, əртүрлі полиграфиялық жəне сыртқы жарнаманың жұмыстарына Corel Draw-мен  жұмыс істеймін. Ал жұмыстың ұзақтығы мен күрделілігі əр кезде əртүрлі. Сызуға орташа есеппен 3 сағаттай уақыт кетеді. Себебі, онда ұсақ элементтер көп. Кескіннің сапалы шығуы уақыттың ұзақтығына байланысты.

– Кез келген адам осы саланы меңгере ала ма?

– Қалауын тапса, қар жанар. Суретке қызығатын, ұзақ уақыт үстел үстінде отыра алатын шыдамды адам бұл саланы меңгеріп кетеді. Тереңіне үңіліп, қызықпаған адам бұл салада ұзаққа бара алмайды.

– Графикалық дизайн мамандығын қай оқу орнынан оқуға болады?

– Бізде жоғары оқу орындары тек дизайн саласын ғана оқытады. Ал графикалық дизайнды арнайы курстар арқылы оқыған дұрыс. Өйткені, графикалық редактордың бағдарламалары үздіксіз жаңарып отырады. Сол үшін арнайы курстарды оқу тиімді əрі жаңа технологиялар мен əдістерді меңгеріп шығады.

– Ал өзіңіз қайдан оқыдыңыз?

– Минск қаласынан арнайы «Графикалық дизайн» курсын оқып келдім. Оқуға қашықтықтан тіркеліп, қабылдандым. Дəрістер басталуына бірнеше күн қалғанда Минскіге барып, орталықпен келісімге қол қойдық.

– Алғашқы иллюстрациялық суретіңіз қалай болды?

– Өзімнің суретімді салдым (күліп). Қазір сол суреттерімді көрсем, еріксіз күлкі үйіріледі. Тəжірибе суретті үзбей салып, қолды үйреткеннен кейін келеді. Жаттығу үшін өтініш айтқан барлық адамның суретін сала беретінмін. «Иллюстратор боламын» деген ойыма жақындарым қарсы болды. Себебі, бұл сала елімізде дұрыс дамымаған, əлі ешкім білмейді. «Суретшілердің көлеңкесінде қалып қоясың» деген пікірді де естідім. Алайда, иллюстратордың ерекшелігі – суретті графикалық бағдарламамен салуында. Ғаламтор бар жерде иллюстрация да сұранысқа ие. Шетелде жарнамалар анимация түрінде жасалады. Бастапқыда бұл біздің қоғамға жат сияқты көрінгенімен, бірте-бірте қолданысқа еніп келе жатыр. Осы уақытта дейін иллюстрациямен 300-ден астам сурет салдым. Кейде əлеуметтік желіде адамдардың өтініші бойынша ақысыз, тегін де салып беремін. Арнайы тақырыпқа негізделген, тапсырыспен салынатын компанияларға белгілі бір баға қойылады. Қазіргі таңда республикалық «KAZBILIM» орталығында графикалық дизайнер болып қызмет атқарамын. Басты арманым – мультипликатор болу. Сол үшін тағы бір шет елде оқып, білімім мен біліктілігімді жетілдіргім келеді. Суреттерімді көргендер «мультфильмге сұранып тұр екен» дейді. Онысы рас. Болашақта қазақ анимациясына өзіндік үлесімді қоссам деймін. Қазақтың ақын-жазушылары мен спортшыларының суретін салған ұнайды. Сосын ұмытылып бара жатқан ұлттық ойындарымыз бар. Қол күрес, асық жəне тағы басқа. Ойын үстіндегі балалардың суретін салып, оны ғаламторда жариялаймын. Аңшылық та – халқымыздың ерекше қасиеттерінің бірі. Қолына бүркітін қондырған қарияның суреттері бар.

– Графикалық дизайнды оқытатын курс ашуға қалай қарайсыз?

– Иə, осы уақытқа дейінгі тəжірибеммен бөлісу мақсатында көптің қалауымен курс ашайын деп жүрмін. Курс ақылы түрде, адам саны шектеусіз болмақ. Өзім секілді жастар осы заманауи өнерді игеріп, компьютердің құлағында ойнаса, графикалық редактормен жұмыс істеуді үйреніп, дизайнер болып, бүгінде əлемді уысына ұстаған жарнама деген саланың маманы болса деген пейіл менікі.

1993 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданына қарасты Бірлік ауылында дүниеге келдім. №1 облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта оқыдым. Арманым өнер ордасында оқу еді. Бірақ, оған мүмкіндік болмай, фельдшер мамандығын оқыдым. Ал графикалық дизайнға келгенімде, өмірімнің мəнін тапқандай болдым. Қиын əрі күрделі болса да, осы салаға бет бұрғаныма еш өкінбеймін. Кеш болса да, осындай мүмкіндік туғанына өзімді бақытты сезінемін.

– Сұхбатыңызға рахмет!

 

Назым САПАРОВА,
«Ұланның» жас тілшісі
Ақмола облысы

«Ұлан» газеті, №31
01.08.2017

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз