Қастеев жайлы журналымызда жиі жазып тұрамыз. Бүгінгі əңгіме суретшінің жоғалған, анығы, ұрланған картиналарының төңірегінде болмақ. Бірақ, əлқиссамызды оның шығармашылық лабораториясынан бастап өрбіткіміз келеді. Қастеев картиналары неге қымбатқа бағаланады? Осы сұрақ қойылғанда, əуелі ойымызға оралатыны «қазақтың тұңғыш кəсіби суретшісі болғасын» дегенге саяды. Жоқ. Шындығында олай емес. Бұл картиналардың қымбатқа бағалануының бір ғана себебі, елеусіз себебі. Əлем суретшілерінің, айталық, Еуропа сурет өнерінің атышулы кез келген авторының суреттерінің аукциондағы бағасы жаға ұстатады. Ол суретшілер еуропалық қайсыбір, мəселен, Франция, Италия сурет өнерінің бастауы болмауы мүмкін. Демек, бағаланудың ұшығын «тұңғыш кəсіби суретші» деген дақпырттан іздемеуіміз керек. Суретшілерді Еуропа элитасы маэстро деп атайды. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың алғашқы ширегі сурет өнеріндегі маэстролар дəуірі болды. Живописьте жаңа ағымдар, жаңа стильдер қалыптасты. Бояудың философиясы, пейзаж əрі кейіпкер психологизмі, кескін структурасы мүлде басқа арнаға бұрылды. Бұған сол дəуірдегі жаңадан қалыптасқан философиялық мектептер, психоанализ, қала берді, əрқилы бағыттағы саяси көзқарастар үлкен ықпалын тигізді. Сол кезеңде əлемнің капиталистік бағыттағы елдері ақын-жазушылардан, суретшілерден, композиторлардан «саяси қуыршақ» жасауға соншалық мүдделі болмады. Идеологиялық құрал ретінде пайдалануды қажет деп таппаған сыңайлы. Тиісінше, бұл əлеуметтік элитаның туғалы қалталылары болмаса, дені жалаңаяқ күн кешті, өмірлерінің көп бөлігі барлардың есігінде тозды. Əйтсе де, саяси цензура қатты қыспаққа алмауының арқасында біз айтқан жаңашыл идеялар, жаңа стильдер түлеп, өркен жая бастады. Ал, социалистік кеңістіктегі ахуал қандай еді? ХХ ғасырдағы біздің топырақтағы кез келген өнер саласын соцреализм шеңберінен бөліп қарай алмайсыз. Цензураның лупасынан аман өтсеңіз ырысқа кенелдіңіз, керісінше, соцреализм көзіне шығармашылығыңызда «тікенек» қаулап келе жатқаны көрінсе, сіз қоғамға қажетсіз, зиянды адамға айналып шыға келетін едіңіз. Сондай жағдайда кəсіби қазақ сурет өнерінің алғашқы кірпішін қалаған адамдардың өмірі қалай болуы мүмкін еді? Шығармашылығы қай деңгейде дамуы керек еді? Бізге қандай да бір автордың шығармашылығына қатысты сөз айтпас бұрын сол дəуірді, сол дəуірдің таным-түйсігін меңгеру лəзім. Əйтпесе, бірден қателікке ұрынамыз. Қастеев мұралары соцреализм цензурасының оң қабағына ілінді. Себебі, Қастеев картиналары социализм жетістіктерін дəріптейтін… Расымен солай ма? Авторды даңққа бөлеген атақты туындыларына байыппен тағы бір рет үңіліңіз. «Түрксіб», «Ескі жəне жаңа тұрмыс», «Биік таулы мұз айдын», «Менің Отаным» сынды бірқатар картиналары сол кездегі тарихи-əлеуметтік өзгерістерге құрылғаны рас. Қазақ даласына жаңа тұрмыстың, технологияның советтік жүйемен бірге келгені, соның арқасында елге өркениет орнағаны көрініс тапқандай əсер қалдырады. Бірақ бұл үстірт пікір. Сырт көзге солай көрінуі ықтимал. Дегенмен, дəстүрлі өркениетте өмір сүріп жатқан жұратқа жаңа цивилизацияның келуі қалай əсер етті, сол кездегі халықтың көңіл-күйі қалай болды? Алып-ұшқан үміт пен екіұдай күдіктің ортасындағы тіршілік… Қастеев шығармашылығынан осыларды іздеп көруге болмай ма?! Цензура үшін социализмнің жаршысы боп көрінген картиналар арқылы автор бəлкім, кейінгі ұрпаққа, яғни, бізге айтылмаған шындықтар қалдырған болса ше? Картиналардың ішкі динамикасында біз анықтауға тиіс жұмбақтар бар шығар. Əбден мүмкін. Əлем коллекционерлері Қастеев мұраларына қызығушылық танытып сатып алып жатса, кеңестік жүйедегі елдердің тыныс-тіршілігін шынайы бейнеде таба алған болар. Жалпы, Қастеев эпик суретші. Ол қазақ басынан өткерген кезеңдерді өзіне жарасар сəн-салтанатымен бейнеледі, ұлт тұлғаларының бейнесін жан əлеміне үңіле отырып сомдады. Расымен, оның тақырыбы эпикалық шығармалар еді. Біздіңше, ол өз тақырыбын құбылған кескіндер арқылы емес, бояу арқылы бергісі келген. Бояудың философиясын далалық мінезде ашқысы келген. Бұл суреткердің қолынан келді. Қастеев еуропалық сурет мектептерімен таныс болды. Мəскеудегі көркемсурет студиясында Н.Г.Хлудов, И.Бродскийлерден сабақ алды. Сонымен бірге, тыйым салынған авторлардың еңбектерімен де таныс болған болуы мүмкін. Себебі, Кеңес өкіметі əбден орныққанда Қастеев жиырманың үстіндегі жігіт еді. Бұл нағыз ізденістің, əсіресе, батыстық еркін ойлы көзқарастарға қызығушылықтың көп болатын жасы. Сол замандағы қазақ зиялыларының Ницще, Шопенгауэр сынды философтардың еңбектерін оқығандығы енді айтылып жүр ғой. Проза жаңа ғана қалыптасып келе жатқанда Мағжанның «Шолпанның күнəсін» жазуы, Бейімбеттің тұтас шығармашылығы қайдан мұншалық терең психологизмге жетті дерсіз. Əрине, олар теңдесі жоқ дарындар еді деп көкірек қағып оңай құтылып кетуге болады. Десе де, бір бастаудан қуат алулары кəдік қой. Демек, Қастеев те аз-маз Еуропаның тыйым салынған авторларынан (философтары болмаса да, сол философтардан түлеген суретшілерден) дəм татқан. Кейін саяси цензура теріс деп тапқан авторлар жайы жабулы қазан күйінше қалып қойған. Бұл біздің санамызда да ұмыт қалды. Қастеев кейінгі ұрпаққа шындықты айтудың жасырын жолдарын іздеген. Бұл Қастеевтің бояулары.

Міне, қымбатқа бағаланатын картиналардың себебі. Коллекционерлердің интеллекттері жоғары, оқу-білімі озық болатынын ескерсек, Қастеев мұраларының бағасы неліктен жоғары бағаланатынын бірден түйсінуге болады. Өзінен кейінгі суретшілердің бəріне ұстаз болған суреткер артына көп мұра қалдырды. Олардың дені қазір балаларының қолында. Бір бөлігі Алматыдағы Өнер мұражайында. Павлодардағы музейде, Жаркенттегі Сурет галереясында да барқатар жұмыстары ілулі. Біраз уақыт бұрын суретшінің жұмыстары жоғалғаны жайлы ақпар шықты. Бұл өзі аса таңғалатын да жағдай емес. Əлемде атақты суретшілердің картиналары жиі ұрланады. Сонымен бірге, плагиат жасап сатушылар да көп. Бұл екі кеп біздің Қастеевтің жағдайында да қайталанып жүр. Əлемдегі ұрлықтарға тоқталсақ, 2002 жылы 7 желтоқсанда шамамен таңғы сағат 8-дерде белгісіз екі баукеспе Ван Гогтың Амстердамдағы музейінің шатырынан кіріп ұрлық жасайды. Неге екені белгісіз, ұрылар Ван Гогтың көптеген картиналарының ішінен екеуін ғана алып кеткен: «Схевенингендегі теңіз көрінісі» мен «Нюэнендегі протестанттық шіркеуден қайту». Бұл екі жұмыс та Ван Гогтың отбасымен бірге Нюэненде тұрып жатқан кезінде салынған. Ван Гогтың əкесімен де, анасымен де қарым-қатынасы аса көңіл көншітерлік емес еді. 1882-1884 жылдар аралығында салынған осы картиналар оның отбасымен араларын жақындатқан. Бір «Схевенингендегі теңіз көрінісі» картинасының өзі 30 миллион долларға бағаланатын. Іздестіру жұмыстарының нəтижесінде 2004 жылы екі адам қамауға алынады. Олардың бірі 4 жылға, бірі 5 жылға сотталса да, ұрланған картиналардың қайда екенін айтпай қойған. Артынша Ван Гог мұражайы осы жұмыстардың қайда екені жайлы ақпар берген адамға 100 мың еуро сыйақы тағайындайды. 2016 жылғы 30 қыркүйек күні Италия полициясы жергілікті мафия басшыларының бірінің баспанасынан екі полотноны да тауып алады. Бастапқы рамалары ауысқанымен, картиналардың өздері күтіммен сақталған екен. 2010 жылы 20 мамырда Париждегі заманауи өнер мұражайынан жалпы бағасы 100 миллион еуро тұратын 5 картина ұрланған. Оның ішінде Пикассоның «Жасыл бұршақты көгершін» картинасы бар. Ұры ұсталғанымен, əлі күнге полотнолардың қайда екені жұмбақ. 2012 жылдың қазан айында Поль Гогеннің «Ашық терезе алдындағы бойжеткен» картинасы ұрланған. Əлі күнге табылған жоқ. Поль Гогенмен бірге Клод Моненің «Чаринг-Кросс көпірі, Лондон» картинасы да ұрланған. Əлі күнге табылған жоқ. Біздің Қастеевтің де 20 картинасының ұрланғаны 2012 жылы белгілі болды.

Әбілхан Қастеев

Гүлдария ҚАСТЕЕВА, қызы:

– Əкемнің картиналары жоғалғанын 2012 жылға дейін ешқайсымыз білген жоқпыз. Сол 2012 жылдан бастап алдағы 110 жылдық мерейтой қарсаңында қапы қалмай əрекеттеніп, кино түсірсек деген ниетіміз болды. Əрі үлкен көрмелер ұйымдастыру да ойда бар. Сөйтіп картиналар сақталған архивке барған болатынмын. Архивтегілер күнде он жұмыстан беріп отырды. Ал мен мұқият зерделеп, зерттеп отырып қарап шығамын. Соңында жиырма картина қалғанда олар «ертең келіңіз, арғы күні келіңіз» деп қашырта беретін болды. Бір күн бардым, екі күн бардым. Үшінші күні «көрсетіңдер» деп тұрып алғасын, əкемнің жиырма жұмысы жоқ екенін мəлімдеді. Қашан жоғалғанын да, қалай жоғалғанын да білмейтін болып шықты. Қастеевтің картиналарының жоғалғаны жөнінде мемлекеттік органдарға бірден арыз жаздым. Сөйттім де, əкемнің қалған жұмыстарының бəрін архивтен үйге алып кеттім. Қалғандары да жоғалып кетсе қайтеміз?! Сол жылы тамызда бір кісі: «Менің қолымда бір жұмыс бар. Соны басқасына алмастырып бересіз бе, əлде сатып аласыз ба?» – деп хабарласты. «Келіңіз, көрейік», – дедім. Біраз күн хабар болмаған соң, кезекті демалысым келіп шетелге кетіп қалдым. Шетелде жүргенімде «жұмысты алып келдім» деп тағы хабарласты. Мен болмаған соң қолындағы картинаның фотосын жұмысқа қалдырып кетіпті. Келіп қарасам, баяғы ұрланған картиналардың біреуі. Ұрланған картиналардың біреуі табылғанын айтып полицияға хабар бердім. Орган қызметкерлерімен бірге маған хабарласқан кісіден əкемнің екі жұмысын тауып, алып алдық. Маған «сатып аласыз ба?» деген жұмысы 1930 жылдардың басында Комотрядтың командирі болған Сүлейменов Ахмет деген кісінің портреті. Екіншісі – 1946 жылы салынған «Ескі қыстау» картинасы. Қайдан алғанын сұрасақ, өзі біреуден алғанын, ол адам келесі біреуден алғанын айтып түбін жоқ қылды. Бұл кісі жоғалған жұмыстарды іздестіріп жатқанымызды білмепті. Қолда бар екі суретті ауыстырып алсам, яки сатсам деген ниетте маған хабарласқан екен. Осы екі картинаны қайтарып берді, əйтеуір.

Содан 2013 жылы іздестіру жұмыстарымен айналысып жатқан қызметкерлер тағы төрт жұмыс табылғанын айтып хабарласты. Белгілі коллекционер Азат Акимбектің сатылымға қойған дүниелерінің арасында əкемнің төрт жұмысы бар екен. Азат Акимбектің де бұларды қайдан алғанын біле алмадық. Əкемнің қылқаламы тудырған алты картинаның табылу тарихы осылай. Алтауы да баяғы архивке қайтарылды. Кейінгі табылған төртеуінің ішінде 1942 жылы салынған Социалистік Еңбек Ері Қайырбеков Қатыштың портреті, 1946 жылы салынған «Қора» картинасы бар. Биыл наурыз айында ұрланған картиналарға қатысты хабар естідім. Сөйттім де, ғаламторды ақтарып тауып алдым. Сол кездерде Серік Ахметовтің ісі жүргізіліп жатты ғой. Соның қарамағында істеген Ғабит Матаев есімді азаматта үш картина болыпты. Сот отырысында мəлімдеуінше, үш картинаны да музейге өткізген көрінеді. Бірақ, қай музей екенін анықтай алмадым.

Қалған картиналардың іздестірілуі өте сылбыр жүріп жатыр. Мұны айтып қаржы полициясына да, прокуратураға да, əкімдікке де жаздым. Бір-біріне сілтеп, біресе анда, біресе мұнда жібереді. Бас прокурордың өзіне жазсам деп жүрмін. Ғабит Матаев шынында да музейге өткізді ме? Өткізген болса, қай музейге өткізіпті? Олар қай картиналар екен? Онда расында да əкемнің қолтаңбасы бар ма? Осылардың бəрін анықтау керек қой. Міне, тоғызыншы айға кетіп барады, əлі түбіне жете алмай келемін. Жоғалған жиырма жұмыстың алтауы табылып, архивке өткізілді. Ал енді 14 картина үшты-күйлі жоқ.

Алпысыншы жылдары белгілі суретшілерге өз жұмыстарын архивке өткізу жайлы бұйрық шыққан. Содан 1963 жылы əкем 70-ке таяу жұмысын сонда апарып өткізген. Архивте арнайы каталог ашылып, өткізілген жұмыстардың тізімі жасалады. Сондай каталог кезінде əкеміздің атына да ашылған. Менің жоғалған картиналарды анықтап отырғаным содан. Қарап тексерсем, жиырмасы жоқ боп шықты. Архив қызметкерлері 2006 жылы немесе 2008 жылы жоғалған болуы мүмкін деп отыр. Өздері жоғалғанын 2011 жылы жүргізген ревизияның кезінде білген көрінеді. Бірақ, жоғалғаны жөнінде ешқайда хабар бермеген. Мен өзім тексерген кезде бір-ақ білдім.

Өзіммен алып кеткен картиналарды архивке қайтарғам жоқ. Шынымды айтсам, тағы да жоғалып кетуінен қорқамын.

Қолда бар жұмыстарды елге кеңінен таратып, насихаттау мақсатында фотоальбом пішініндегі кітаптар шығарсақ деген ниетіміз бар. Əзірге бұл жағына жағдайымыз келмей жатыр. Ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығына орай өткізілетін шарада Ə.Қастеев атындағы мұражайда арнайы көрме ашайық деп ұйымдастырушылар ұсыныс жасаған. Бірақ, көрме желтоқсанның аяғына жоспарланған екен. Елдің бəрі қарбаласып жаңа жылға дайындалып жатқанда кім келеді деп мен келіспей қойдым. Күздің күндерінде жасалса осы көрмелер. Мұражайдағы əкемнің шығармашылығына арналған мемориалдық залда тек майлы жұмыстары тұрады. Себебі, акварель жұмыстары күнді, жарықты көтере алмайды. Бүкіл жұмыстарына арналған үлкен көрмелер 100 жылдығында, 110 жылдығында жасалды. Мерейтой кезінде ғана болмаса, басқа уақта тыныш. Барлық облыстарда көрмелер өткізсек деймін. Өңір-өңірлердегі жас суретшілер картиналарды түпнұсқадан көрсе деймін. Бірақ, облыстық мəдениет басқармаларынан шақырту жоқ. Өзіміз аралайық десек, қаржы жеткіліксіз. Бəріне рама қойылу керек, бүлінбей тасымалдануы керек. Егер шақырту келсе қуана келісімімізді беруші едік.

Міне, 14 картинаның жайы белгісіз. Кемеңгер суретшінің насихаты да көңіл көншітпейді. Қала берді, зерттелу жұмыстарының деңгейі тағы қынжылтады. Қазақтың академиялық кəсіби сурет өнерінің ба-сында тұрған Қастеев мұрасы қараусыз қалмау керек еді ғой. Ұрланған картиналар жайында қандай да бір ақпарат білген адамның хабар беруі өнер тарихына қосқан үлесі болар еді…

Иə, Қастеевтің картиналары неге ұрланды? Əрине, құнды болған соң ұрланды. Ал, біз сол құндылықты қаншалықты бағалай алып жатырмыз, мəселе сонда болса керек.

 

Үсен ТОРТАЙ

«Ақ желкен» журналы, №12

Желтоқсан, 2016

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз