Еліміздің болашағы Мағжан Бейсен сияқты жастардың қолында деп ойланбастан айтуға болады. Мағжан 2013 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің математика және механика факультетіне оқуға түскен. Ақпараттық жүйелер мамандығы бойынша білім алған. Қазір Қытай Халық Республикасының Ухань қаласында орналасқан Қытай геологиялық ғылымдар мен технологиялар университетінде магистратурада оқиды. Оқып жатқан мамандығы – компьютерлік ғылымдар мен технологиялар. Мағжаннан оқуға қалай түскенін сұраған едік. «2017 жылдың екінші жартысында ағылшын тілінен IELTS тапсырдым. Шетелге керекті оқу құжаттарын жинап, осында оқитын студенттерден құжаттарымды беріп жіберген болатынмын. Шанхай, Пекин, Ухань қалаларына құжаттарымды тапсырып көрдім. Маған бұйырғаны Ухань қаласы болды», – дейді ол.

Не себепті Қытай Халық Республикасын таңдадыңыз?

– Қытай – әлемдік ірі державалардың бірі. Бұлар тек IT бойынша ғана емес, барлық салада мықты. Жан-жақты даму бар. Таңдауыма бұл елдің жалпы дамуы түрткі болды десем де болады.

Ақпараттық технологиялар саласын Қазақстанда оқу мен Қытайда білім алудың айырмашылығы жер мен көктей. Бұлай дейтін себебім, дәл қазір елімізде оқыған бакалавр мамандығын осы жақта жалғастырып жатырмын. Сол үшін де нақты айта аламын. Артықшылық өте көп. Бұл жақта практикаға өте қатты көңіл бөледі. Сабақ ұзақтығы да өзгеше. Қосымша студенттік жұмыстарды да көп орындаймыз.

– Практикалық жұмыстар мен қосымша студенттік жұмыстар туралы толығырақ айтып бересіз бе?

–Мысалы, сабақ беретін профессорымыз әр студенттің деңгейіне қарай тапсырма береді. Студенттерді бөліп-жармайды. Профессор берген тапсырманың жауабын өзінің жеке поштасына ғана жібереміз. Яғни, әр студентпен жеке жұмыс істейді. Оның жауабы ешкімге жария түрде шықпайды. Студенттер деңгейін жоғарылату бойынша жұмыс істейді. Әр студенттің таңдаған бағыты бойынша біліктілігін арттыра түседі.

Студенттердің жағдайы қалай? Стипендия еркін жүріп-тұруға жеткілікті ме, әлде қосымша жұмыс істеуге тура келе ме?

Жағдайымыз өте жақсы. Грантта оқитындарға барлық жағдай жасалады. Ақылы бөлім өте қымбат. Бакалаврдағы студенттерге 135 мың теңге көлемінде стипендия беріледі. Магистратурада – 170 мың, докторантурада оқысаңыз, 195 мың теңге көлемінде стипендия аласыз. Қосымша жұмыс істеуге уақыт жоқ. Жатақханада тұрамын. Өте қолайлы әрі ыңғайлы. Бір бөлмеде екі адам. Барлығы ішінде.

Шет елде оқуға бастапқыда ата-анам қарсы болды. Оның үстіне Қазақстанда магистратурада оқу екі жыл болса, мына жақта үш жыл оқу керек. Бірінші жылы foundation (бастапқы кезең) оқыдым, екі жыл мамандық бойынша білім аламыз. Негізгі себеп мұнда емес… Кез келген ата-ана баласының өзінен алыс, шет жақта болғанын қаламайды. Көз алдарында жүргенімізді қалайды. Дегенмен, қазір үйреніп кеттік. Дамыған заман. Күн сайын байланыстамыз. Ешқандай қиындық тудырмайды.

Алғаш барғанда қиналған шығарсыз?

–Шынымды айтсам, бірінші жылы тамақ жағынан қиналдық. Қытай асханасына үйрену оңай болған жоқ. Қазір үйреніп кеттік. Басқа жағынан қиындық кездеспеді.

Қытай жастары қандай? Бос уақыттарын қалай өткізеді?

– Қытайдың жалпы халқы да, жастары да еңбекқор және шыдамды. Кез келген студент таңнан кешке дейін кітапханада отыра беруге дайын. Алматыда жүргенде бұл құбылыс мен үшін таңсық еді. Себебі бізде кітапхана мәдениеті қалыптаспаған. Мұнда студенттер сабақтан шыққан соң бірден кітапханаға барады. 10 қабаттық кітапханамыз бар, соның өзі 3000 студент үшін тарлық ететіндей. Әр кез, әр күні лық толы. Кейде кезекке тұратын кезіміз де болады. Студенттер ғылым-біліммен айналысуға көп көңіл бөледі. Ең маңыздысы – білім мен жұмыс екенін түсіндім. Бізде табандылық, еңбек ету, мақсатты дұрыс қоя білу жетіспейтіндей көрінеді. Біздің елде жастар орынсыз ойын-күлкі жетегінде кетіп қалады. Әйтпесе барлық адам бірдей. Мәселе ұлтта емес.

IELTS тапсырдым дедіңіз. Қазақстандық көп студенттің фобиясы да осы. Тәжірибеңізбен бөлісесіз бе?

– Иә, қазақстандық студенттердің көбі шет елге оқуға тапсырар кезде IELTS тапсырудан қорқады. Қай мемлекетке тапсырсаңыз да, IELTS сұралады. Мектепте ағылшын тілін жетік білген жоқпын. Бірінші курстан бастап қолға алдым. Нақты IELTS тапсыруға үш ай дайындалдым. Жалпы ағылшын тілін 4 жыл оқыдым. Арасында шет елдерге шығып жүрген кездерім де болды. Мұның өзі тәжірибе. Студенттерге бұл тесттен қорқудың қажеті жоқ дегім келеді. Әр қиындықтың жемісі болады. Мақсатты дұрыс қоя білсеңіз, нәтижесінің жемісті боларына сеніңіз.

– ІТ саласының Қазақстандағы деңгейіне қандай баға бересіз?

–  Қазақстандағы IT саласының әлсіз тұсы дейсіз бе?.. Елбасы «цифрлы Қазақстан» туралы айтып жатыр. Ал жағдайымыз одан алшақ. Мысалы, мына жақта қолма-қол ақша ұстамаймын. Барлығы телефонда, қосымшаларда болады және банк карталарын пайдаланамын. Осы жағынан Қытай дамыған деп айта аламын. Бұл сөзіме тағы бір дәлел келтірейін. Статистикалық мәліметке сүйенсек, Қытайда 2017 жылы 15 миллиард доллар көлемінде онлайн төлем жасалған. Бұл – үлкен көрсеткіш. Біздің елде онлайн төлем өте әлсіз. Тек Kaspi.kz-те ғана телефонмен байланыстырылған программалар бар. Оның өзі қосымшалар арқылы ғана жүзеге асады.

– Қытайда қазақ студенттеріне көзқарас қандай?

Ешқандай бөліп-жару жоқ. Заң бойынша жүрсең, өзіңді жақсы жағынан көрсете білсең, ешқандай қиындық жоқ. Ал өзін дұрыс ұстай білмеген адам туралы жағымсыз ой қалыптасады. Ережеге сай жүрмесеңіз, депортация жасауы да мүмкін.

– Қазақстанда синофобия, яғни қытай халқынан қорқу қатты байқалады. Бұл нәрсеге қалай қарайсыз?

– Иә, синофобия біздің елде өте қатты сезіледі. Менің ойымша, синофобия отбасындағы тәрбиеден басталады. Ата-ана баланы жастайынан тәрбиелеуі керек, адамдарды дініне, тіліне, нәсіліне қарап бөлудің дұрыс емес екенін бала күнінен түсіндіруі керек. Бізде қытайларға қатысты жағымсыз пікір қалыптасуының басты себебі – базардағы тауар деп ойлаймын. Сатушы да, сатып алушы да «қытайдың тауары» дегенді айтады. Иә, Қытайдағы тауар сапасын мықты деп айта алмаймын. Бірақ барлық жерде сапалы тауар бар да, сапасызы бар. Біздің саудагерлердің де кінәсі бар шығар. Қытайдан арзан тауарды алып, елімізге қымбат бағаға сататын солар ғой. Қымбат әрі сапасыз болғандықтан, тұтынушы риза болмайды. Мұнда да сапалы тауарлар бар. Қоғамға зияны тимесе, қандай ұлттан болса да, барлық адам бірдей. Ал адамды ұлтына қарай бөлу біздің адамдық деңгейіміздің төмендігі деген болар едім.

Диплом алғаннан соң елге ораласыз ба?

– Қиын сұрақ. Осы жақта қаламын деп нақты айта алмаймын. Бірақ шет елде жақсы жұмыс болса, елге кейінірек оралуға қарсы емеспін.  Негізі шет елде жұмыс тәжірибесін жинап қайту ойымда бар.

– Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге рақмет! Оқуыңыз жемісті болсын!

Əңгімелескен
Нарқыз ЕРЕС,
СДУ студенті

Ұлан газеті», №43
23 қазан 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз