ҚазҰУ. 15-жатақхана. 6-қабаттағы асхана.

– Здравствуйте, вы индус?

– Сəлем. Жоқ, мен ауғанмын.

Ал сіз қазақсыз ба?

– Иə, қазақпын ғой.

– Онда неге қазақша сөйлемейсіз?

Осындай диалогтың куəсі болған мен ұялып, асханадан шығып кеттім. Кімнен, неден ұялғанымды білмеймін. Бірақ бойымды біртүрлі сезім билеп алды. Расымен, біз шетелден келген адамдардың бəрімен орысша немесе ағылшынша сөйлесуге тырысамыз. Бұл олар қазақша білмейді деп ойлағандықтан болар. Биылғы оқу жылынан бастап жатақхананың біз тұратын қабатында ауған азаматтары пайда болды. Өздері сондай пысық. Күн сайын кешке асханада тамақ жасап жүреді. Бізді көрген сайын басын изеп, амандасқан ишарат білдіреді. Біз де бас изесіп өте шығамыз. Сөйлесейік десек, қазақша білмейтін шығар дейміз. Ал ағылшыншаға шамамыз жетпейтінін сезгендіктен, үнсіз сəлемдесумен шектеліп қалатынбыз. Асханадағы осы оқиғадан кейін ауған азаматтарымен кездескен сайын ұялатын болдым. Олар да сезді-ау деймін. Оқу залында сабақ оқып отырғанда: «Сіз нешінші курста оқисыз?» – деп қазақшалап сауал қойды. Файсалмен достығымыз осылай басталды.

Файсал менімен құрдас. Толық аты-жөні – Файсал Гүлзат. Ауғанстанның Кабул қаласында туып-өскен. Алғашында жатақханада тұратын студенттердің тізімінен Файсал Гүлзат есімін көргенде қыздың аты екен деп ойлағанмын. Ал түрі үнділерге ұқсайды. Ұлты пуштун екен. Кабулда мектеп бітірген соң грантқа түсе алмапты. Сосын ата-анасы Ауғанстанның беделді университетіне экономист мамандығының ақылы бөлімінде оқытыпты. Ол жақта бір жыл оқыған соң Қазақстанның жоғары оқу орнына емтихан тапсырған. 300 талапкердің ішінде 100 cтудент қазақстандық грантқа ілініпті. Файсал – солардың бірі. Қазір əл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде 1-курс оқиды.

Ауғанстанның мемлекеттік тілдері – пуштун жəне дари тілдері. «Біз алдымен өзіміздің ана тілімізді үйренеміз. Ал Қазақстанда көп адамдар орысша сөйлеседі екен. Журналистикада оқитын топтастарым да бір-бірімен орысша сөйлеседі. Маған қазақ тілі ұнайды. Орысшаға қарағанда қазақша жақсырақ сөйлеймін», – деді Файсал бір əңгімесінде. Ол полиглот екен. Өзінің ана тілінен бөлек, қазақ, орыс, ағылшын, түрік, француз, ұйғыр, парсы жəне араб тілдерінде еркін сөйлей алады. Қазақ тілін бар болғаны бір жылдың ішінде меңгеріп шығыпты. Болашақта журналистиканы бітірген соң магистратураны басқа елдерде оқуға ниетті. Ал алдағы төрт жылын Қазақстанда өткізетініне қуанышты.

Бір қызығы, Файсал 1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі күні екенін білмейді екен. Осы мереке қарсаңында «Ұлан» газетіне сұқбат беруін сұрағанымда бірден келісті. «Жақындарым мен достарыма Қазақстан туралы жиі айтамын. Кейбіреулер мұндай ел бар екенін, Қазақстанның мұсылман мемлекеті екенін біле бермейді», – деді ол. Кейде сұқбат кезінде қазақтардың өзі ойын еркін жеткізе алмай қиналып жатады. Ал Файсал қазақ тілінде еркін сөйлейді. Түрлі тіркестер мен мақалдарды қосып айтып отырады. Осындайда кейде ойымызды анық жеткізіп, мəселені түсіндіру үшін орысша қосып сөйлейтініміз еске түсіп, ұялып қалады екенсің.

«ҚАЗАҚСТАНДА ЖАСТАРҒА ЖАҚСЫ ЖАҒДАЙ ЖАСАЛҒАН»

Ұлан: Неге Қазақстанды таңдадың? Сегіз тіл білетін азаматқа басқа елдерде де мүмкіндік көп қой.

Файсал Гүлзат: Қазақстанға келмес бұрын осы ел туралы ізденіп, көптеген ақпарат оқыдым. Біріншіден, Қазақстан мұсылман мемлекеті. Таным, түсінік, тамақтану жағынан Ауғанстанға ұқсайды. Қазақстанда оқитын, қызмет ететін, кəсіппен айналысатын, тіпті бұрыннан осы елде өмір сүретін ауғандар көп. Қазақстан – бейбітшілікті қалайтын, басқа елдің азаматтарына шектеу қоймайтын қонақжай мемлекет. 1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі екенін осында келген соң ғана біліп жатырмын. Өте жақсы, мағынасы терең, тəрбиелік мəні зор мереке екен. Алғашында ата-анам мені басқа елге жіберуге қорықты. Бірақ мен шешімімді өзгерткен жоқпын. Осындай шешім қабылдап, Қазақстанға келгеніме қуаныштымын. Маған Алматының табиғаты, Қазақстандағы адамдардың қарым-қатынасы ұнады.

Ұлан: Қазақша өте жақсы сөйлейді екенсің. Қанша уақытта үйрендің?

Файсал Гүлзат: Қазақ тілінде емтихан тапсыру үшін бір жыл дайындалдым. Басында тек грамматикасын оқыдым. Қазақ тілін үйрететін апайым күнде қазақ тіліндегі фильмдер мен видеоларды көрсетті. Маған тіл үйрену аса қиын болған жоқ. Ауғанстанда пуштун жəне дари тілдері мемлекеттік тіл болып саналады. Ал ағылшын тілін білу барлық адамға міндетті нəрсе сияқты. Бұдан бөлек, түрік жəне француз тілдерін меңгергенмін. Парсы тілін білетіндіктен, араб тілін де тез үйреніп алдым. Аздап ұйғырша да білемін. Ал қазақ тілі мен орыс тілін Қазақстанға келетін болғандықтан тез арада үйренуге тура келді. Алғашында осында келіп адамдармен сөйлескенде аздап қысылатынмын. Қазір көсіліп сөйлейтін болдық қой (күлді).

Ұлан: Қазақстан мен Ауғанстанның қандай айырмашылықтары мен ұқсастықтары бар екен?

Файсал Гүлзат: Негізі аса көп айырмашылық жоқ. Киетін киіміміз, тойлайтын мерекеміз бен жейтін тамағымыз да ұқсас. Біз де Наурыз мерекесін тойлаймыз. Ауғанстанның тəуелсіздік алғанына жүз жыл болса, Қазақстанның тəуелсіз ел атанғанына ширек ғасыр ғана өтіпті. Соның өзінде елдегі даму деңгейі өте жоғары екен. Шынымды айтайын, мен Қазақстанды басқаша елестеткен едім. Ойымдағыдан əлдеқайда жоғары болып шықты.

Маған тамақ жасаған ұнайды. Қазақтар да етті жақсы көреді. Біз де ет жейміз. Қазақтардың ұлттық тамағы етті жеп көрдік. Бірақ маған оған қарағанда қуырдақ дейтін тағам түрі қатты ұнады. Достарыммен Түркістан қаласына барып қайттық. Қазақ халқы қай жерде болсын қонақжай екен. Бізді үнемі жақсы қарсы алады. Менің қазақша сөйлейтінімді көрген адамдар риза болып, түрлі сый-сияпат көрсетіп жатады. Осындайда адамдардың өз тілін қатты құрметтейтініне қуанамын. Бірақ алғашында көп адамдар маған орысша сөйлейтін. Сосын мен орыс тілін аса жақсы түсінбейтінімді, қазақша жақсы сөйлейтінімді айтамын. Ағылшын тілі сияқты орыс тілі де бір кездері көп адамдарға ортақ қатынас құралы болғанын білемін. Бірақ шетелден келген адамдардың бəріне орысша білу міндетті емес деп ойлаймын. Қазақстанда жүргенде қазақша, Түркияда жүргенде түрікше, Францияда жүргенде французша сөйлеу керек деп ойлаймын. Ал өз Отанымда ана тілімде сөйлеймін.

Ұлан: Қазақ қоғамында не ұнамады?

Файсал Гүлзат: Ұнамаған нəрседен қарағанда ұнаған нəрселер көбірек. Алайда сіздің көңіліңізге келмесе, бір нəрсе айтқым келеді. Маған қазақ жігіттерінің жалқаулығы ұнамады. Барлық жігіттер жалқау деп айта алмаймын. Пысық, білімді жігіттер де көп екен. Бірақ менімен қатарлас достарымның кейбірі ұйықтағанды жақсы көреді. Көп жігіттер тамақ пісіруді білмейді. Оны қыздарға ғана тəн жұмыс деп біледі. Бірақ ер адам да, əйел адам да тамақ ішеді ғой. Ауғанстан мен Қазақстанның жастарға қатысты саясаты ұқсас. Болашақ – жастардың қолында. Сондықтан біз білімді, білікті, барлық нəрсені білетін азамат болуымыз керек. Қазақстанда жастарға жақсы жағдай жасалған. Тегін ресурстар өте көп екен. Соларды тиімді пайдалануды үйренуіміз керек. Бұрынғыдай қиын заман екі елдің басында да жоқ. Қазір тоқшылық заманы. Осындай тоқшылық заманы басымыздан кетпеуі үшін біз еңбектенуіміз керек. Себебі бізге бұл тоқшылықты ата-анамыз, мемлекет жасап беріп отыр. Ал біз өзіміздің ұрпақтарымыз бен келер қоғамға осындай жақсы жағдай жасауға міндеттіміз.

Ұлан: Əңгімеңе рақмет! Мереке құтты болсын!

Дана ҚАНАТҚЫЗЫ

«Ұлан» газеті, №18
1 мамыр 2018 жыл

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз