Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында 17 жасқа дейінгі қыздар арасында халықаралық «Үміт» турнирі өтті. Оған жерлестеріміз де қатысып, жеңімпаз атанды. Жарыстан олжалы оралған футболшы қыздарды құттықтап, құраманың аға бапкері Орынбасар Дәуренбековамен сұхбаттасқан едік.

– «Үміт» турниріне қатысқанымыз үшін қуаныштымыз. Бізден бөлек, жарыста Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан құрамалары болды. Біз енді УЕФА-да болғандықтан үнемі Еуропадағы сайыстарда бақ сынап жүреміз. Дегенмен, Орталық Азия елдерінде ұйымдастырылатын жарыстарда маңызды. Қарсыластардың арасында Өзбекстан құрамасының қыздарын ерекше айта кетсе болады. Бұл додаға қатысқан қарсыластардың барлығы жақсы дайындықпен келгенін айта кеткен жөн. Біз таза физикалық мүмкіншілігіміздің арқасында кездесулерді өз пайдамызға шешіп отырдық. Турнирді жоғары деңгейде ұйымдастырған Қырғыз Республикасының футбол федерациясына үлкен алғыс білдіремін. Алғашқы күннен бастап ұйымдастырушылардың жарыстың көңілді өтуіне қаншалықты күш салғаны көрініп тұрды. Біз ол жерде Қазақстандағы әйелдер футболының деңгейін көрсеткіміз келді. Ел намысын абыроймен қорғап, бірінші орынмен оралуды алға қойдық. Күннің ыстығына қарамастан, біздің қыздар жоспарды орындады.

–Қай ойыншылар осы жарыста ерекше көзге түсті?

–Бұл жарыста біздің команда сапынан Александра Бурова ең үздік қорғаушы, ал шабуылшы Елдана Әйтімбетова турнирдің үздік сұрмергені атанды.Орталық жартылай қорғаушы Айя Шолақованың ойыны да атап өтуге тұрарлық.

 – Қазақстанның 17 жасқа дейінгі құрамасы қандай командалардың ойыншыларынан жасақталған?

– Шымкент, Алматы, Астана және Ақтөбе мен Қызылорда қалаларынан жинақталған. Негізінен Астана мен Шымкенттің қыздары көп.

 – Қазір футболға қызығатын қыздардың саны көбейіп келе жатқан секілді…

– Шынымен де, футболға қызығатындар, кәсіби футболшы болғысы келетіндер жетерлік. Әкелері қыздарын өздері әкелгенде ішің жылып қалады. Елімізде футболды түсінетін ата-аналардың бар екеніне қуанасың. Қазір 2008, 2009, тіпті, 2011-2012 жылы туған жас қыздарымызға футбол секцияларына келіп қатысып жатады. Рет-ретімен елімізде әйелдер футболы дами береді деп ойлаймын.

– Жақында әйелдер құрамасының бас бапкері болып Рәзия Нұркенова тағайындалды. Екеуіңіз кезінде Ресейде бір командада ойнадыңыздар. Бір-біріңізді жақсы танисыздар. Кездесіп, Қазақстандағы қыздар құрамаларының деңгейін көтеру жағын талқылауға мүмкіндік болды ма?

– Дұрыс айтасыз, Рәзия екеуіміз Ресей чемпионатында бірге ойнағанбыз, чемпион атандық. Әзірге сіз айтқан тақырып бойынша кездесіп, сөйлесетіндей уақыт болмай жатыр. Мысалы, ол қазір Қарағандыда 19 жасқа дейінгі құраманың дайындығын тексеріп жүр. Ал мен Қырғызстандағы жарысқа қатыстым. Жолығып сөйлесуге бір-біріміздің жұмыс кестеміз сәйкес келмей тұр.

– Алдағы уақытқа қандай жоспарларыңыз бар?

– Биыл чемпионат өте тартысты өтіп жатыр. Мен жаттықтырып жүрген құрамадағы қыздар 17 жасқа дейінгі біріншілікке қатысады. Қырғызстаннан енді келдік, үш қызымызды 19 жасқа дейінгі құрамаға шақырды. Сондықтан оларда ойын практикасы жеткілікті деп айтуға болады. Енді келесі оқу-жаттығу жиынында тактика-техника жағына мән береміз. Қазан айында Грекияда Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңі өтеді. Біз Грекия, Швейцария және Солтүстік Ирландия құрамаларымен ойнаймыз.

– Жақында футболдан әлем чемпионаты аяқталды. Осы біріншілікті қарауға уақытыңыз болды ма?

– Әлбетте, мүмкіндігімізге қарай көруге тырыстық. Арасында түндегі соңғы ойындарды жіберіп алдық. Өйткені таңертең ерте тұрып, жұмысқа бару керек. Сол уақыттарда жарыстар болды. Ал кейбір матчтарды құрамадағы қыздармен бірге жиналып көрдік. Мысалы, біздің қыздарға Ресей мен Испания арасындағы матч ұнады. Ойынның тактикалық жағына мән беріп, өзімізге керек тұсын түртіп алдық.

– Қыздар арасындағы УЕФА Чемпиондар лигасына «БИІК-Қазығұрт» тұрақты түрде қатысып жүр. Алдағы уақытта ширек немесе жартылай финалға шығу үшін сапалы легионердің санын көбейту керек дегенге қалай қарайсыз?

– Соңғы жылдары 1/8 финалда «Барселона», «Лион» командаларынан ұтылды. Бұл екеуі де мықты. «Лион» жылда жүлдегерлер қатарынан түспейтін ұжым. Биыл күзде келесі іріктеу басталады. «БИІК-Қазығұрт» командасына сәттілік тілеймін. Легионерлер жайлы пікірмен келіспеймін, одан өзіміздің қыздардың саны көп болғаны дұрыс. Негізгі құрамда ойнайтын отандастарымыздың қатары артса қуанамын. Ал арасында деңгейі жоғары 3-4 легионердің болғаны дұрыс. Олар өздерінің тәжірибесімен біздің қыздарға үлгі бола алады.

– Кезінде өздеріңіз, Ресей чемпионатында ойнадыңыздар. Жақында екі қызымыз Ресей және Түркия чемпионатына ауысты. Енді басқа аруларымыздың да Еуропаның беделді чемпионаттарында доп тебуге мүмкіндіктері бар ма?

– Қыздардың өзінде құлшыныс болса, ондай мүмкіндік өте көп деп ойлаймын. Қазір Аида Гаистенова «Енисейде» өнер көрсетіп жүр. Ресей чемпионатының деңгейі бізден жоғары. Үш күн бұрын Аиданың өзімен сөйлестім, негізгі құрамда ойнап жүр екен. Бапкері футболшыға көңілі толатын көрінеді. Қарағандылық Сабина Ргаеваның Түркия чемпионатына ауысқанын білемін. Бірақ негізгі немесе қосалқы құрама да ма ол жағынан хабарым жоқ әзірге.

Ұлттық құраманың бапкерлері шабуылшылардың дефицит екенін алға тартады. Енді жас қыздардан болашақта Қазақстан құрамасының «Мартасы» болатындай таланттар бар ма?

– Шабуылшы табу қазір өте қиын, өзекті мәселе. Өйткені матч тағдырын шешетін ойыншы болу оңай емес. Қазір 15 жасқа дейінгі құрамада ондай таланттардың жүргенін байқадым. Солардан шығып қалады деп ойлаймын. 17 жасқа дейінгі құрамада жақсы шабуылшылар бар болғанымен, олармен әлі де көп жұмыс істеу керек.

Бішкекте өткен «Үміт» халықаралық турнирінде Қазақстан WU-17 құрамасының нәтижелері:

Қазақстан Өзбекстан 1:1

Голдар: Л.Садықова, 10 (1:0). Еркінова, 21 (1:1).

Қазақстан: Оразбекова, Шолақова, Ташмет (Әбілғазиева, 85), Иванова, Кенжетай, Л.Садықова (к), Әйтімбетова, А.Шалмұқанбетова (Махаматова, 80), Бурова, Ф.Исмаилова, Көпжанова (Хасенова, 52).

 

Қырғызстан WU-17 Қазақстан WU-17 1:5

Голдар:  Бурова, 6 (0:1). Әйтімбетова, 20 (0:2).Махаматова, 49 (0:3). Көпжанова, 74 (0:4).Иванова, 81 (0:5). Термесқызы, 90+1 (1:5).

Қазақстан WU-17: Оразбекова, Мұқашова (Махаматова 13), Әйтімбетова (Жәкішева, 37), Шолақова, Көпжанова, Л.Садықова (к), (Әбілғазиева, 38, А.Шалмұқанбетова, 46), Ташмет, Кенжетай, Ф.Исмаилова, Бурова, Иванова.

Тәжікстан WU-17 Қазақстан WU-17 0:4

Голдар: Әйтімбетова, 47 (0:1). Әйтімбетова, 59 (0:2). Бурова, 74 (0:3). Жәкішева, 80 (0:4).

Қазақстан: Оразбекова (Түймебаева, 64), Әйтімбетова (Әбілғазиева, 87), Шолақова, А.Шалмұқанбетова (Сейіткереева, 54), Ташмет (Мұқашова, 74), Бурова, Иванова, Ф.Исмаилова, Кенжетай, Көпжанова, Махаматова (Жәкішева, 46).

Айта кетейік, қазақ қыздары ала допқа 80-жылдардың орта тұсынан жақындай бастады. Сол кездегі астанамыз Алматы қаласында «Мерей» қыздар клубы болған. Бұл команданың 1991 жылы Италияның «Миланымен» жолдастық кездесу өткізгенін біреу білсе, біреу білмес. КСРО құлап, Қазақстан өз алдына жеке мемлекет болған тұста «Мерей» Ресей асты. Қыздарымыз мықты екендерін ол жақта да мойындатты. Әрине, команда атауы ауысты. Бұрынғыдай «Мерей» емес, ВВС деп аталды. Орынбасар Дәуренбекова осы команда сапында ойнаған. Ресейдің төрт  дүркін чемпионы атанған. Бірнеше рет маусым соңында үздік 33 футболшының қатарына қосылған.

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №33
14 тамыз 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз