Бүгінгі күннің батырлары

Аласапыран теңізде 27 адамның өмірін құтқару оңай ма? Ал мұндай ерлік жасағаныңыз үшін айыпты болсаңыз, не істемек керек? Біз мұндай сұрақтарға тосылып та қаламыз-ау…

Қайболды Орынбаев – I санатты ұшқыш. Қазақстанның азаматтық авиация саласында алғаш рет «Жыл адамы» атағымен марапатталған. Бірақ…

 БІР АУЫЛДАН ШЫҚҚАН ТӨРТ ҰШҚЫШ

Қайболды ағамен сұхбаттасуға бара жатқанымда, көк аспанның көбесі сөгілді. Алдымен жаңбыр, соңынан қар жауды. Малмандай су болған киімімнен қатты ұялдым. Үйге енгенде бұл қысылғанымның бекер екенін түсіндім. Алдымнан шыққан ұшқыштың жары Ұлболсын апа бәйек болды. «Сен біздің үйге келерде аспаннан нұр жауды ғой. Бұл – жақсылықтың белгісі», − деп көңілімді көтерді. Қайболды аға да салмақты қалыбымен, жылы қабылдады.

«Қаратереңненсің ғой. Жұмадиннің қызысың ба?» − деп қазақы болмысымен алдымен тегімді сұрады. Қайболды аға да Арал маңындағы Қаратерең ауылынан. Үлкендерді танып, түгендеп жатуы сондықтан. Әңгіме басы туған жер тақырыбында өрбігендіктен, сауалды да осы төңіректен қойдым.

− Аға, отызға жуық авиатор шыққан аядай ауылыңызды еске алғанда, көз алдыңызға қандай естеліктер келеді?

– Ауыл десе, көз алдыма үй маңынан-ақ көрініп жататын теңіз келеді. Ол уақыт – Аралдың айдыны құрғамаған, арнасы суалмаған кезі. Үй маңында Кәрітұма көлі айнадай жарқырайтын. Кешке дейін судан шықпайтынбыз. Жалпы, Қаратереңнен төрт ұшқыш шыққан. Әбжами Тілеулесов, Дулан Дәрменов, Серік Көптілеуов және мен. Кейбір газеттерде «осы ауылдан отызға жуық ұшқыш шығыпты» деп жазады. Бұл – қате. Авиаторлар деген – әуе кәсіпкерлері. Олардың саны расында жиырмадан көп. Ұшқыш болу – басқа дүние. Екеуін шатастырмау керек.

− Сіздің ұшқыш болуыңызға сонда не түрткі болды?

− Бала арман ғой (күліп). Бірде сыныптағы барлық оқушы көлге бардық. Небәрі 4-5 жастамыз. Суда шомылып жүргенімде, көк жүзінен қатар ұшқан бірнеше тікұшақтың дауысы естілді. Артынан ақ сызықтанып ізі қалды. Сол сәт менің бала болмысыма ерекше әсер етті және ешқашан өзгермес мақсатымды айқындады.  Жетінші сыныпта «Ұшқыш болам» деп шығарма жазғаным есімде.

− Ата-анаңыз қарсы болмады ма?

– Бастапқыда анам: «Балам-ау, жерде жүрсең болмай ма, аспанды қайтесің?» − деп біраз уайымдады. Ал әкем: «Үйдің үлкенісің, ізіңе ерген қараларға кім қарайды?» – деп рұқсат етпеді. Әкемнің арманы мені мұғалім қылу еді. Ол кезде мамандықтың төресі, беделі күштісі – ұстаз болу. Мен бәрібір айтқанымнан қайтпадым. Ауылда Қали Баймағамбетов деген кісі болды. Әкемнің қарсылығын соған айттым. Қали аға әкеме: «Баланы жібер. Мүмкін, жақсы ұшқыш болар», − деп көндірді. Менің көздегенім − әскери бағыттағы әуе қызметі. Бұл ғарыш саласына бір табан жақын. Тоқтар Әубәкіров сынды мықты болғым келді. Бірақ, әкем ол салаға баруыма үзілді-кесілді қарсы болды. Содан бала арманымның жетелеуімен Орынбор облысының Бугуруслан қаласындағы Азаматтық авиация ұшқыштарының училищесіне оқуға түстім.

ТЕХНИКА АДАМ ЖАНЫНАН АРТЫҚ ЕМЕС…

− 18 жыл бұрын 27 адамды құтқарғаныңыз туралы оқиға ел ішінде аңыз болып кетті. Сонда теңіздің ортасында қалған жандарды қалай таптыңыз, қалай құтқардыңыз?

− Бұл – 1997 жылдың 20 сәуірінде болған оқиға. Ауа райы аяқ астынан өзгеріп, жойқын жел мен бұршақ аралас жаңбыр құйды. Аласапыран дауыл теңіз үстіндегі толқынды тулатып, су деңгейін шамадан тыс көтерген. Тасқын су Көкарал бөгетін үш жерден бұзып өткен. Сол жерде жұмыс істеп жүрген 30-ға жуық механизатор да суға шайылып кеткен. Ол кезде байланыс жоқ. Бізге хабар ертеңінде бір-ақ жетті. «Ми-8» тікұшағына отырып, теңізге тарттық. Судың ағысы қатты, теңізге қарай буырқанып кетіп жатыр. Жаңбыр басылмаған, желдің жылдамдығын көрсеңіз… Тікұшақты оңды-солды сілкіп, ұршықша иіріп, ырық бермейді. Бастапқыда адамдарды таба алмадық. Көрші ауылдардан сұрадық. Ешкім көрмеген. Содан көк жүзінен барлай жүріп, теңіздің тұсынан қарайған техникаларды көрдім. Жұмысшылар су тасыған кезде ауылға қарай қашқан. Алдарын су кесіп өткен соң, ағыспен ығып кете берген. Көліктері әбден құмға шөккен, кабиналары ғана қылтияды. Суық суда адамдар әбден үсіген, тіпті кейбіреулері әлсірегеннен ес-түссіз күйде. Суға жақындап барайын десем, құтырынған жел мүмкіндік бермейді. Сонда да тәуекелге бел буып, тікұшақты бірқалыпты биіктікте ұстай отырып, адамдарды біртіндеп бортқа көтердік. Адамдарды үш мәрте жағаға тасымалдап, 27 адам аман қалды.

Бастапқыда Көкарал су бөгетін қарапайым тұрғындар тұрғызған. Бөгетті Үлкен Аралдың құрғаған табанындағы шеге құмнан үйіп, жиегін қамыспен бекіткен. Алғашқы жылдары теңіз толқынына бұл құрылыс шыдады. Ескі техникамен жабдықталған бөгет кейін екі-үш рет бұзылды. Сол кезде-ақ бөгеттің жайы белгілі болған. Алапат су тасқынына құм тосқауыл болушы ма еді? Тірегі болмаған соң, бөгетті жырып, құмды шайып кеткен. Қаражат пен техниканың жетіспеушілігі осы апатқа себеп болған. Кейіннен Ресей, Түркия елдерінен инженерлер келіп, бөгетті қайта жөндеді. Арнайы зертхана салды. Тығыздығын, шөгуін, беріктілігін, бәрін есептеді. Бұрынғыдай емес, құм, саз, шебін қабаттарын араластырды.

− Осындай зор тәуекел, ерліктен кейін сізге «техникаға зиян келтірдің» деп мемлекет тарапынан жала да жабылған екен. Бұл сізге оңай тимеген болар…

– Бұл оқиға жайлы жоғарыдағылар естімеген. Өзім қызмет ететін «Еуро-Азия Эйр» әуекомпаниясындағы басшылар ғана: «Сен тікұшақты кейін үйренген адамсың, апатқа ұшырасаң, компанияға зияның тиер еді. Әрі ауа райының метеоминимум талабы бойынша ұшып-көтерілуге болмайтын жағдайда бұл әрекетің дұрыс болмады», − деп сөкті. Ақтөбеде соған орай жиналыс жасалды. Мен түсініктемемді, көрген-білгенімді жазып беріп, бәрін үнсіз тыңдадым. Техника бұзылады екен деп, 27 адамның өмірін қиып кете алмас едім ғой. Сол кезде маған ұшудың қыр-сырын үйреткен Әнуар Молдабаев деген кісі болды. «Орынбаев – тәжірибелі, кәсіби маман. Оның орнында болсаңдар, сендер адамды ажалға қияр ма едіңдер?!» − деп жазалаудан босатты.

БАТАДАН АСҚАН МАРАПАТ ЖОҚ

− Сізді «бейбіт күннің батыры» дейді. Басқалар алдамшы атаққа құл болғанда, сіз еш марапатқа ұмтылмадыңыз…

− Ауыл адамдарын білесің ғой, сондай қарапайым, артық мақтаудан гөрі шынайы ықыласты артық көреді. Адамдарды құтқарып келгеннен соң, Қаратереңде 96 жастағы бір қария шақырып, батасын берді. Мен сол кезде ең үлкен марапат бата екенін  түсіндім. Кейін Әнуар ағамыз бұл ерліктің ескерусіз қалмауы үшін қолынан келгенін жасайтынын айтты. Бірақ, мен қарсылық таныттым. Біріншіден, ол менің қызметім, екіншіден, үлкен кісінің ақ тілеуін естідім. Бұдан асқан қандай марапат керек?!

− Батыр Талғат Бигелдинов: «Бірінші нөмірлі техника мағанжақпады, жетінші нөмірге отырсам болды, жолым оңғарылады», − депті. Ал, сіз ұшақ нөміріне мән беруші ме едіңіз?

− Ұшақ нөміріне назар аудармаппын. Егер мен бір жағдай орын алғанда, «сенім бойынша ұшуға болмайды» деп отырсам, не болады?! Онда түк істей алмас едім ғой. Жалпы, өмірде ырымға назар аудара бермеймін. Бірақ, «жақсы сөз – жарым ырыс» екенін білемін. Өмірде оптимистік көзқарасты ұстанамын. Күн жаумай, су болып, жоқ жерден мәселе туындататын адамдарды ұнатпаймын. Ұшу барысында өз-өзіме, кейін келе жиырма жыл ұшақта, он жыл тікұшақта жинаған тәжірибеме сенетінмін.

− Ең алғаш көк жүзіне көтерілген сәтіңіз, сондай-ақ, соңғы рет ұшқан кезіңіз есіңізде ме?

− Әрине, есімде. Алғаш рет Бугурулсанда оқып жүргенде ұштым. Жазықтықта бір ай бойы жаттыққанбыз. Бірінші көкке көтерілген күні түнімен ұйықтай алмадық. Қуаныш сезімі бойды кернеп, қалай ұшқанымызды жанымыздағыларға айтып, даурыққанымыз бар (күліп). Соңғы рет «Еуро-Азия Эйр» компаниясында қызмет барысымен ұштым.

− Тәуекелге бас тіккен кез болды ма?

− Бірде Жезқазған мен Қызылорда арасындағы жолға қалың қар түсіп, көлік қатынасы тоқтады. Талай адам жолда қалды. Емізулі сәбиі бар аналар, қарт кісілер азық-түліксіз үсікке шалдыға жаздады. Қардың көп түскені сонша, тікұшақпен жерге қону мүмкін болмады. Сол кезде де, амалын тауып, жүзге жуық адамның өміріне араша болғаным бар.

– Ұшқыштармен араласып тұрасыз ба? «Ақ желкенді» оқитын балаларға не айтасыз?

– Өзіммен әріптес болған, қиын күндерді бірге өткерген жолдастарым Қазақстанның барлық түкпірінде бар. Арасында ауылға қонақ болып кетеді. Кейде өзім барамын. Әйтеуір, байланысымыз үзілген емес. Жас кезімде ата-анам үнемі: «Балам, адам болуға талпын! Адал бол!» − деуші еді. Мен де ұрпағыма соны айтамын, айналайындар!

P.S. Ол ешкімнің даңқын күндемеді. Атақ сұрап, дәмеленбеді де. Ердің еңбегін барында бағалағанға не жетсін, шіркін! Аға ерлігі кейінгі балаларға үлгі болса деген ниет біздікі…

Гүлдана ЖҰМАДИН,
Қызылорда облысы

«Ақ желкен» журналы, №12
Желтоқсан, 2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз