«Ақ желкеннің» сырласу клубы

Астанаға әр өңірден «сезімінен қашып келіп тығылған қыздар» көп екен. Сүйіктісінен көңілі қалған, махаббатта сәтсіздікке ұрынған. Сөйте тұра, бойын бір сілкіп тастап, Гүлнәр Салықбайша «Мен бақытты бола салам бір күні» дегендер.

Елордаға бір вагон өкпе мен реніш арқалап келген құрбыны білем. Қазір жұмысын істеп, қалыпты жүр. Сезім туралы айтылған жерден қашады. Өйткені сүйіктісі тым алыс, тым жақын.

Байқағаным, Есенғали Раушановтың өлеңіндегідей «Өрік гүлдеп тұр» деп, романтикалық сәтке берілгендер баршылық. Ерлан Жүнісше «Сүйіп қалған, жүрегі бармақтай боп күйіп қалған арулар»… Ана бір ән жолындағыдай «Сенемін бір бақытқа» деп күн кешуде.

Экс-депутат Оразкүл Асанғазы осындай күйзеліп жүргендерге көмектесе алады. Тек депрессияда жүргендер емес, болашақ отау иелері осы кісінің лекцияларынан қанаттанып жүр.  Келін атануды армандайтын қыздар мен отау иесі Оразкүл ханымға бір сағатқа кіріп шықса дейсің. Кеңейіп, кемелденіп қайтады. Билікте беделді әйел, аяулы жар, бес баланың анасы Оразкүл ана бақытты әйелдің қатарында. Сондықтан да бұрымдыларға қарата бойжеткен назарына лайықты әңгіме айтты…

Оразкүл АСАНҒАЗЫ – экс-депутат, қоғам қайраткері, Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы АҚ директорының кеңесшісі: 

«Қыз бала махаббат хикаясына
өзі бастамашыл болғаны дұрыс»

– Оразкүл ханым, бойжеткендерге өмірлік азық болар осы  әңгімелерді айтуды қалай, неден бастадыңыз? Ол қалай лекцияға ұласты?

– Ел арасына барып, оқып жүрген лекцияларымда халық мені əлі де депутат деп ойлайды екен. «Алтыншы шақырылымның қалаулысы» деп таныстырып жатады, түзетіп отырамын. Депутаттықтан босауым алдымнан жаңа мүмкіндік ашты. Менің бағыма Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жарияланды. «Жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңнен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпаттағы жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Егер жаңғыру елдің ұлттық рухани тамырынан нəр ала алмаса, ол адасуға бастайды», – дегенін халыққа етене түсіндіруге белсене атсалыстым. ҚР Мəдениет жəне спорт министрлігінің Тілдерді дамыту жəне қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің тапсырмасымен өңірлерді аралап, елмен кездестім. Осы кездесулерде ұлттық код, яғни ұлттық қадір-қасиет ана тіліміз, салт-дəстүріміз, мəдениетіміз бен əдебиетіміз терең тарихымыздан нəр алса ғана өміршең болатынын айтамын. Қазақ болудың басты шарты – қазақ тілінде тыныс-тіршілік жасап, қоғамның барлық саласында ана тілімізде, мемлекетіміздің тілінде өмір сүру. Осыны жастарға дəлелді түрде жеткіземін. Рухани бағдар, туған жер, отбасылық құндылық туралы əңгімелерімді жастар да, үлкендер де қызыға тыңдады. Сол лекция Астанада жалғасты. Айнұр есімді журналист, блогер қыз: «Неге сізге осы əңгімелерді дамытып, қыздарға лекция-тренинг өткізбеске?» деген ұсыныс айтты. Ойланып қалдым. Өзі психологтардың кітабын сатады екен. Ертеңіне жұмысыма келіп психологтардың дүниелерін тастап кетті. Қарасам, бəрі менің айтып жүрген нəрселерім. Ойлана бастадым. Сөйтіп жүріп, Абай мен Шəкəрім, Міржақып Дулатовтарды қайта оқи бастадым. Психологтардың, əлеуметтік кеңесшілердің кітаптарын қарадым. Одан беріде Зейнеп Ахметованың «Шуақты күндерін» қайталап, «Бабалар аманаты» деген кітабын оқып шықтым. Іштей дайын сияқтымын, бірақ қорқақтаймын. Сөйтіп, бастап кеттік. Айнұр оны əлеуметтік желіде жариялады. Ертең лекция деген күні сала қояды. Қыздар қызығушылық танытты. Сұрақ та көп…

– Сол әңгімеңізге ер-азаматтар қаншалықты келеді?

– Тек аруларға, аналарға айтылар əңгіме емес. Отбасы ер азамат болғанда ғана толыққанды. Сол мақсатта лекцияларым бəріне ортақ. Шымкентте ерлер жақсы жиналды. Астанада да аз келмейді. Алматыда тіпті көп болды. Мұндай дүниелер үлкендер тарапынан жастарға қашан-да айтылуы керек. Қазақтың əр азаматының шаңырақ көтергені, ажыраспағаны қымбат. Күні кеше Президенттің рухани бағдарын халыққа түсіндіру барысында көп нəрсеге көзім жетті. Оқығандар орыс, ағылшын психологтарына жүгінеді екен. Неге қазақта психологтар аз? Кешегі ата-бабаларымыз нағыз адам жанының инженері, шешен болған. Оған дəлел – жыраулардың жыры, насихат сөздері, ақындардың өлеңі, жоғарыда аты аталған ғұламалардың шығармалары.  Мен семинарларымда əңгімелерімді өмірлік құндылықтарға өзімнің тəжірибеме сүйеніп айтамын.

Билікке әйелдік міндетімді атқарып барып қана араластым

– Осы тұста бір сұрақтың төбесі қылтияды… Ару Оразкүл қандай еді? Ана Оразкүл қаншалықты рухани толысты?

– Рухани толысқандығымыздан болар, билікке əйелдік міндетімді атқарып барып қана араластым. Астанаға келуім де солай… ҚызПИ-ды бітірерде алдымда екі жол тұрды. Бірі – тұрмысқа шығу, екіншісі – оқуды жалғастыру. Университетте қалсам, өмірім одан да басқаша болар еді. Мен отбасын құруды ойладым. Алдында мектепті жақсы оқығанмын. Əкем ертерек жүріп кетті де, анам шиеттей балалармен қалды. Оқуға барамын деп айта алмадым. Əйтпесе мектепті өте жақсы бітірдім. Сөйтіп жүргенімде сынып жетекшім: «Алматыда ҚызПИ-де дайындық факультеті бар, соған тапсыр, ол жерде бəрі тегін. Сен оқуың керек, ертеңгі болашағың», – деді. Шешеме айтып көріп ем, «Беліңді бу да, бар» деді. Келіп, оқуға түсіп кеттім. Алматыда алдымен Құдайға, сосын өзіме сендім. 21 жасымда жарыммен қол ұстасып, ауылға кеттім. Барып, екі анаға келін болып түстім.Үлкендер менің ауылдан жырақ кеткенімді көріп: «Жақын маңға, көрші ауылға барсаң, «Келін Асанғазының қызы екен» дер еді. Əкеңнің аты-ақ асырар еді. Білмейтін, танымайтын жерге барасың, бір жетімді алыпты демесін, əкеңе сөз келтірме» деді. Осы сөзді өмірлік қазық етіп ұстадым.

– Әуелде ұстаз болдыңыз ғой?

– Иə, ауылда мұғалім болып жұмыс істедім. Бес баланы дүниеге əкеліп, белден асқандай болдық. Қозапая жинап, жаппа да иледік. Қолымызға сіңіп қалған жоқ. Бір күні марқұм енем: «Сен өсетін адамсың, балаға байланып қалма, мен-ақ қарайын, қызметіңе бар», – деді. Осылайша, мектеп директорынан басталған еңбек жолым Жоғарғы Кеңестің депутаттығына дейін өсті. Ал Астанаға жарым Алмантай Жора Тойлыбайұлының Республикалық «Асыл түлік» қоғамына президентболып сайлануымен байланыстыкелдік. Мен Елорданың Сарыарқа ауданы əкімінің орынбасары қызметіне тағайындалдым. Ауданның имиджін қалыптастыру үшін «Қос бұрым», «Əже əлдиі», «Жігіт сұлтаны»  байқауларын, көше мерекелерін, тағы да басқа іс-шараларды өткіздік. Қалалық тіл басқармасы ұйымдастыратын жарыстарға белсене қатыстық. Мемлекеттік қызметкерлердің мемлекеттік тілді меңгеруін анықтайтын байқауларға бөлім басшылары, аудан əкімдерін қатыстырып,  бəрінде жүлделі орындар иелендік. Сарыарқа ауданында бірде-бір қазақ тіліндегі мектеп жоқ еді. Негізгі жұмысты қалалық Оқу бөлімімен бірігіп, аудандағы орыстілді мектептерді аралас мектептерге, аралас білім ошақтарын қазақтілді мектепке айналдырдық. Осындай шаралараудан халқын қанаттандырды. Əкімшіліктің əрбір өткізген іс-шарасын халық үнемі қолдап отырды. Мен де рухани кемелдікпен бірге, қызметтің əр баспалдағына өсіп отырдым…

Өмірлік жарыңмен оқитын кітабың да ортақ болғаны жақсы

– Тұрмыс құрмаған әр қызды қызықтырар сұрақ деп ойлаймын, азаматыңызды қалай жолықтырдыңыз? Қай қасиетіне басты назар аудардыңыз?

– Жора екеуміз қатар оқыдық. Мен төртінші курсты бітіргенде, оның бір жылдық оқуы бар еді, 5-курсқа көшті. Гогольдің бойын біз де қол ұстасып бірге араладық. Театр мен музейлерден, мəдени-тарихи шаралардан қалмаймыз. «Махаббат, қызық мол жылдарды» жастанып оқыдық. Əр кейіпкердің сөзін есімізге сақтадық. Тіпті тыңдайтын музыкамыз, көретін киномыз да бір болды. Бір көзқараста едік. Түсінісу үшін бұл нəрселер əлбетте керек. Институтта оқып жүрген кезімде лениндік стипендиат атанып, факультетте комсомол комитетінің хатшысы болдым. Сол  кезде-ақ партия қатарына өттім. Партияның шараларын белсене насихаттаймын. Тіпті тұрмысқа шыққан соң да баламды бесікке бөлеп қойып, жиындарға барып келіп жүрдім. Отбасын құру үшін ортақ көзқарас, ортақ мүдде керек. Мақсаттар бір болмайынша, отбасы қалыптасып, іргесі берік болмайды. Ең бастысы, азаматымның сөзінде тұратыны. Еркектік мінезі. Қазір қыздар дайын жерге барғысы келеді. Айтып отырмын ғой, бəрін бірге істеген жақсы. Əрбір бірге сатып алған затың ыстық болады. Кейін бірге еске алып отырасыңдар.

– Сізді билікке, жоғары мінберлерге жетектеген не нәрсе?

– Ең алдымен елдік, ұлттық мүдде, орнықты көзқарас. Сосын  ата-ананың ақ тілегі. Əкем Омаров Асанғазы, анам Омарова Кəденге үйленгеннен кейін 1939 жылы əскер қатарына алынып, 1941 жылы соғыспен бетпе-бет келген. Соғыстан оралған соң, Жамбыл облысы, Шу ауданы, Ақтөбе кол-хозында шопан болды. Анам Омарова Кəден əкем əскерге шақырылудан алдын тұрмысқа шыққан. Сегіз жыл əжем Ырысбаланың қолында қайын, қайынсіңлілерін бірге тəрбиелеп, соғыс кезінде қиын-қыстау күндерді бірге өткізген. Канал қазуға қатысқан. Əкем соғыстан келгеннен соң, біздер дүниеге келдік. Мен төрт ұлдың ішіндегі жалғыз қызбын. Содан болар, əкем қойлы ауылдан келгенде, атының алдына отырғызып алып: «Менің ел басқаратын, елдің қызы болатын балапаным келе жатыр. Жол беріңдер», – деп масаттана шерулейді екен. Ол кісінің осы сөзін анам мен əжем үнемі есіме салып отырды. Əкемнің ауданның құрмет тақтасына ілінген бір ғана суреті сақталған. Озат шопан болған. Ол жайында толық тарихи мəліметті Шу ауданының 80 жылдық мерейтойына байланысты шыққан кітаптағы Мəмбет Қойгелді жерлесімнің мақаласынан қай жылы 100 саулықтан қанша қозы алғанына шейін жазылған мəліметтен анық білдім. Мен қайда жүрсем де, қатарымның алды болу, əкемнің атына тек жақсы сөз естіртуді өзіме аманат еттім. Осылайша, менің өмірлік жолымды, азғантай ғұмырында əкем бағыттап кетті.

Қазіргі қыздарға қиялилық керек

– О.А.: Қызым, саған сұрақ қояйын… Ойыңда ер азаматың бар ма, көз алдыңда?

Қ. И.: – Тап сол адам қасымда болмаса да, бейнесі көңілімде. Өзімдей журналист болса деймін. Сіз айтқандай бір кітапты, кино мен сериалды бірге талдап отырғым келеді…

О. А.: Ал арманың қандай?

Қ. И.: Өткенде сөйлесіп бастаған бір жігітке арманымды айтсам, əбден күлді. Соған қарағанда, ол реалист шығар. Ең алғашқысы – ұшаққа отырып көру. Жақсы бір аңсап жүрген ақкөңіл адамды бағыттап ұшу. Сосын əуеде бұлттардың арасына барып, «Аспан бұлтты жақсы адам» деп, Тобық Жармағамбетовтің сөзін айту. Егер қаласам, 15000 теңгеге кез келген қалаға ұша аламын ғой. Бірақ мен жақсы адамды іздеп жүрмін, алғаш соған ұшқым келеді. Ал екіншісі – көңілімдегі адамды жолықтыру, қосылу. Оған Оралхан Бөкейдің үйіндегі Айман жеңгем құсап, айранды да жылытып беру. Жайын жасау. Жақсы шығарма тудыру. Апай, бəлкім, осы сөздерімнен кейін мені қияли деп ойлап қаларсыз…

О.А.: Қайта осындай арманшыл болған, қиялданған жақсы. Қазіргі қыздарға осы бір арманға сену жетпейді. Бəрі реал өмірді ойлайды. Ол да жақсы. Бірақ қиял адамға қанат бітіреді. Жаңа сен армандарыңды айтқанда, асқақтап, басқа əлемге кеттің. Тап солай армандау керек. Арманның бəрін қармап, ұстап алатын, орындалатын жігер керек…

– Сіңлілеріңіздің нендей әдеті қабырғаңызға батады?

– Кіндікті ашып жүретіндері. Мұсылмандықта əуретті көрсетуге болмайды. Назар деген бар. Аурудың бəрі сол тіл-көзден екенін қазақ атам баяғыда дəлелдеп қойған. Сосын қазір жалбыр-жұлбыр, жыртық джинсы киеді. Ол да этика-эстетикаға жатпайды. Қазақтың əйелдері күйеуге тиген соң екі-үш жылда өзін ұмытады. Күніне 20 минутқа ерте тұрып əдеттенген абзал. Сол аралықта бетіңе маска жаса. Боян. Жұпарланып жүр. Біздің жұпарланып, əдемі киініп жүргеніміз ең алдымен еріміздің алдындағы мұсылмандық міндетіміз. Үйде азаматымыз үшін əдеміленуіміз керек. Біз керісінше, қонаққа барғанда, көшеге шыққанда ғана сөйтеміз.

Азаматтық позиция деп, шайпаулыққа ұрынбаңдаршы!

– Қазір журналисі бар, емесі бар әлеуметтік желіде ұраншыл. Бір мәселеге үн қосып отыруды жөн санаймыз. Ғаламторда белсенділік керек пе бикештерге?

– Бəрінің орнымен болғаны абзал. Азаматтық позиция əлбетте керек. Бірақ ол шайпаулыққа ұласпағаны абзал. Мəселен латын əліпбиіне көшеміз деп жатырмыз. Елбасы бұл қадам қазақ тілінің қадір-қасиетін арттырып, мəртебесін көтеру үшін керек екенін нақты айтты. Өкінішке қарай, тəуелсіздіктің 26 жылында əлі де болса балаларын орыстілді сыныптарға беріп отырған қандастарымды түсінбеймін. Өйткені қазақ тіліндегі сыныптар ғана латын қарпіне көшеді. Ал орыс тіліндегі сыныптар кириллицада қалады. Əлемдегі бəсекеге қабілетті 30 елдің 22-сі латын əліпбиінде. Экономикасы ең мықты 10 мемлекеттің 7-еуі, əлемдегі ең бай 20 мемлекеттің 18-і латын əліпбиінде. Түркітілдес елдердің 56 пайызы латын қарпінде. 25 пайызы араб графикасында. Тек қана 17 пайызы кириллицада. Əлем халықтарының жартысына жуығы  латын графикасын игілігіне пайдаланып, əлемдік ақпараттың 70 пайызын осы таңбамен таратуда. Сонда біз қай жағында болуымыз керек? Демек, кең таралған жазу. Мұны, əсіресе, жастар жақсы түсінеді. Бабамыз əл-Фарабидің «Дүниені өзгерткің келсе – алдымен өзің өзгер» деген сөзінің мəнісі осы емес пе? Елбасы латын əліпбиіне өту қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтетініне сенім білдіреді. Егер олай болмаса, латынға өтудің қажеттігі туындамаған болар еді. Алдымен əліпби арқылы, оның емле ережелері арқылы кезінде бұрмаланған тіл табиғатына тəн қажеттіліктер қалпына келтіріледі. Əліпбимен бірге жазу реформасы жасалады. Латын əліпбиіне көшу –қазақ халқының алға жылжуына, жаңа заман талабына сай өсіп-өркендеуіне, болашақта еліміздің жан-жақты дамуына үлкен үлес қосады, мемлекетіміздің елдігін сипаттайтын, ешкімге еліктемей, ұлттық кодымызды одан əрі нық қалыптастыруға септігін тигізері анық. Осы мəселелер тікелей анаға байланысты. Өз ұрпағын орыс сыныбына кіргізбеу де, латын қарпін жақсылап үйрету де ананың қолында.

– Бірақ бәрібір де «қазақтілді мектептерде орыс тіліндегі білім мекемелерінен білім аздау» деген түсінікте қалып кеткен ата-аналар бар ғой…

– Бұл енді əркімнің таным-түсінігіне байланысты. «Қазақ тіліндегі сыныптарда білім нашар беріледі» деген бұл қауесетті қазақ тілінде білім алған балалардың алтын медаль саны, ҰБТ көрсеткіші, республикалық, халықаралық пəндер олимпиадаларында 70 пайыздан астамы қазақ сыныбының оқушылары екенін жоққа шығарады. Білім көрсеткіштері бойынша Астана қаласындағы ең мықты 5 мектептің барлығы қазақ мектептері. Елбасымыз 2006 жылы ҚХА-ның сессиясында сөйлеген сөзінде: «Қазақстандықтар үш тіл білуі керек: қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі. Бірақ қазақ тілі – үш тілдің біреуі емес, біріншісі, негізгісі, маңыздысы. Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі», – дегені бар. Бұдан артық қалай айтуға болады? Орыс тілінде білім алған бала үш тілді меңгермейді. Орыстілді сыныптың табалдырығын аттағанда, онда қазақ тіліне деген, қазаққа деген қарсы «эго» пайда болады. Бұған дəлел 6 жыл Астана қаласының Тілдерді дамыту басқармасының басшысы болғанда, жыл сайын үш тіл білетін оқушылардың, жастардың жарысын өткіздік. Жарысқа қатысатын 56-60 оқушыдан бір-екі ғана бала орыстілді мектептен қатысады. Қалған үштілді бала қазақтілді мектептерден қатысады. Елбасының «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде», «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген сөздерінен қорытынды шығарған халық балаларын қазақ сыныптарына беріп, қазақ сыныптарының саны көбейді.  Дегенмен əлі де орыстілді сыныптарда отырған қаракөз қандастарымыздың ата-аналарының санасына ой салсақ деген ойдамын. Осы бағыттағы жұмыстарға белсене кірісемін.

Ұл-қызым қазақша түс көреді…

– Сіздің ұл-қызыңыз қазақша еркін сөйлей ме?

– Əлбетте! Олай болмағанда сенің алдыңда қысылып, бір бармағымды бүгіп отырған болар едім. Қазақша сөйлеу былай тұрсын, қазақша түс көреді. Ұлттың жаны – қазақ тілінде, қазақ тілі кейбіреулер ойлағандай тұрмыстық тіл емес, талай қазынаны хаттаған, тудырған, стильдік тармақтары əбден сараланған бай əдеби тіл. Сөйлеушілер жағынан да алғашқы 70 тілдің қатарына енеді. Қазақ тілінің байлығы мен бейнелілігі жөнінде шетелдік ғалымдар сан рет жазған. Əлемде бірде-бір таза тіл кездеспейді. Тілдердің арасында сөз алмасу процесі үнемі жүріп отырады. Дегенмен де, ең бірінші кезекте біз қазақ тіліндегі бар сөздерді мүмкіндігінше тілдік қолданысқа  енгізуіміз керек. Сол арқылы тілдің қолданыс аясы кеңейеді. Кешегі Мағжан Жұмабаев «Тіл – ұлттың жаны» деп шындықтың шымылдығын ашты. Сондықтан біртұтас қазақстандық ұлттың негізгі тілі – сана айнасы қазақ тілі болуы қажет. Бұған қазақ тілінің бүгінде күнде құқықтық та, лингвистикалық та жəне демографиялық жағдайы толық жетеді. Жалпы, қазақ тілін қоғамның барлық саласына ендіру үшін қазақ өз сөзін пайдаланып, жоқ сөздерді туыстас түркі тілдерінен баламасын алу керек. Егер баламасы табылмаған жағдайда, шеттілдік (кірме) сөздерді қазақ тілінің табиғатына сəйкестендіріп алуымыз керек. Қазақ тілі кейбір азаматтар ойлағандай, кедей тіл емес. Қазақ тілінің қолданыс аясын арттырудың төте бір жолы – ғаламтор тіліне айналдыру. Сондықтан да латын əрпіне көшу өте қажет. «Болашақ» қауымдастығы балалардың əлемдік «DISNEY» мультфильмдер топтамасын қазақ тіліне аударған 16-шы ел болдық. Міне, осылайша, əрқайсысымыз қазақ тілінің қолдану аясын төмендетпей, жоғарыға көтеруіміз керек.

– Отбасыңыз туралы айтып қалдыңыз. Келініңізбен жақсысыз ба?

– Қазақтың «Келін – қайын ененің топырағынан» дегені рас екен. Екі анам маған ене болған жоқ, анамды, əкемді жоқтатпады. Солардан алған өнегемді көрсетсем деймін. Мінезімнің жұмсақтығынан шығар, келініммен жақсымын. Балаларым қолымда тұрады. Қыздарымды ұзаттым. Осы жерде баса айтқым келеді, қыз ата-ананы бақпайды. «Қызын жақсы тəрбиелепті депті»  деген алғыс естіртсе, сол – баққаны.

Күйеуге шыққың келетін жігіттің суретін қабырғаға шегеле!

О.А.: Қарлыға, тағы бір сұрақ: күйеуге шығуға ниеттісің бе? Ол үшін не істеп жүрсің?

Қ.И.: Əрине, күнде ойымда тұрады. Бірақ нақты шара жасаған емеспін. Ер жігіт жасағаны дұрыс қой қадамды..

О.А.: Тап осы жерде келіспеймін. Көптеген қыздар осылай ойлап, қателеседі. Сөйтіп, уақытты оздырып алады. Егер дұрыс жігіт болса, өзіңдікі екеніне сенімді болсаң, қадам жаса. Бірінші болып хабарлас, жоқ болып кетсе. Сосын ыңғайын көресің. Бірақ соңына түсіп кетуге болмайды. Жігіттер қолжетімді болғанды қолай көрмейді. Əдеп-ибамен ұстау керек. Тыңдап үйрену қажет. Сосын тұрмысқа шығам деген қыз міндетті түрде «Секрет» деген киноны көрсін. Əлемнің, мына біздің тілек-ниетіміздің құпиясы жайлы. Одан кейін тілеу. Таңертең, кешке дұғаға қосу. Шетелдік белгілі психолог: «Адамның ойы программаланады, сосын орындалады», – деген. Ол үшін жігітіңнің суретін қабырғаға қатты қағазға жабыстыр. Жан-жағын фотолармен безендір. Міндетті түрде бақытты адамдар, шадыман сəттер бейнеленсін. Ұсыныс жасап жатқан, бал айы, саяхат, кең бөлме, саяхаттар, тағысын тағы. Көз алдыңда тұрсын. Тіпті болмаса, телефоның мен компьютеріңе, жұмыс үстеліңе көшіріп ал. Күнделікті қарап, ниеттеніп жүр. Өзім осы тəсілмен ондаған қызды ұзаттым. Қыздар осы тəсілді бірінен-бірі көшіріп алып жүр жабылып. Неше қызға мемлекеттен үй алуға себепші болдым. Менікі əр қазақтың баспанасы құтқа толсын деген ниет қой.

Келін болсаң аузың бақ…

– Тұрмысқа шығатын қыздарға нендей тілек айттыңыз?

– Қыз бала үйленбейді, тұрмысқа шығады. Осыны қадағалап айтып жүремін. Күйеуге шығарда қыздарға: «Аузыңа тас салып ал» деп ата-бабаларымыз айтса, ал аналарымыздан қалған мына өлеңді ұсынамын:

Келін, келін, келін-ақ,

Келін болсаң, аузың бақ.

Келгеніме қырық жыл,

Сөйлегенім бүгін-ақ

–  Сағынған одан да керемет.Телефоннан қол үзіп, біреуді сағыныңызшы. Тамаша сезімдерді бастан кешесің.

Азаматты әлеуметтік жағдайымен өлшемеңдерші!

– Сізден өмірлік кеңес сұрайын. Маған екі бірдей жігіт ұсыныс айтты делік. Біреуі – орыстілді. Елдің сүйіктісі Мейрамбекті таны-майды. Оқымаған, бірақ адал жолмен ақша табады. Мінезі жақсы. Менің үйімде тұруға көнеді. Екіншісі – ағарту бағытында жұмыс істейді, ұлтжанды делік. Мінезі шәлкес. Бірақ намысты. «Сенің үйіңде тұрмаймын, пәтер жалдаймыз» деп кесіп айтты деп қояйық. Осындай оқиғалармен кезігіп жүрген аруларға нендей жауап айтасыз?

– Бір ғана сөзден, осындай ситуациялардан баға беру дұрыс емес. Əр планда, əр жағдайда көрген абзал. Сосын қыздар, жігітті əлеуметтік мəселемен өлшемеңдерші. Үй бүгін бар, ертең тозады. Əрі бірге жасауға болатын материалдық нəрсе. Одан да адамгершілік принциптеріне қараңдар. Жаңағы бірінші азамат сенің үйіңе тұрамын десе, бəлкім, бір болуды шын қалағаннан айтқан шығар. Екінші бала сені одан сайын еңбек етуге тəрбиелегісі келген шығар. Осындай əр бағыттан, əртүрлі қараған абзал. Ислам дінінде жар таңдағанда əуелі көркіне, байлығына, иманына қараңдар, бірақ ең қайырлысы иманыңның беріктігі деген.

– «Әйелдің ең үлкен жеңісі – күліп тұрып, әлемді мойындатуы» деген сыңайдағы пікіріңіз бар. Күліп тұрып, азаматыңыздан ұрыс естіп қалған кезіңіз болды ма?

– Ыдыс-аяқ қай үйде де сылдырлайды. Адамның көңілі аумалы-төкпелі. Бірақ сол ұрысты үлкен дауға айналдырмау маңызды. Кейде еріннің астымен, кейде қабақпен айтылатын кездер болады. Бірақ жарымды жеріндірмедім, көңілін қалдырмадым.

Түркияда әуелі қыздың «белін қыздырады»…

– Бұрынғы ата-бабаларымыз қыз баланы он үшінде отау құрғызған ғой. Ер жігіт қалыңдыққа ұрын келіп, құс жастықты лақтырады екен. Егер ол құшып ұстап, қармап алса, дайын екені. Ұстай алмаса, күте тұрудың белгісі екен. Қазір мұндай дәстүрлер сырт қалды. Біздің оқырмандарымыз он үштен асқан қыздар. Қыз бала жат-жұртқа өзін қалай дайындаған абзал?

– 6 жастан бастасаң асасың, 7 жастан бастасаң жетесің дейді қазақ. Бұл тек дүниесі емес, қыз баланың келешек келін ретінде жандүниесін тəрбиелеуді осы кезден бастау керек. Ең бастысы, орынсыз күлкі мен интернеттен тыйылу. Тамақ пісіру, іс тігу дегендерді шебер меңгеру. Ерінің көңілін табу, ата-анасын құрметтеу, бар ортасымен тіл табысуға үйрету.  Ең бастысы ақыл тоқтату.  Бір қызықты айтайын, депутат болып жүргенімде бір əріптесімнің қызы Түркияға ұзатылды. Жергілікті түріктерде қалыңдықты дайындау рəсімі  бар екен. Кілең қыз-келіншек келінді ортаға алып, би билейді. Мұны неге айтып отырмын?! Алғашқы күнге дайындау өте маңызды. Соның алдын алу ғой, қысқасы. Жол мұраты жету, қыз мұраты кету демекші, ең бастысы қыз бала ертерек өз орнын табуы керек.

– Сөзіңізді бөлейін, ғаламторда әлемдік және орыс психологтарының екеудің жақын арасын сөз ететін тренингтері бар. Ондай анайылыққа бара қоймассыз, дей тұрғанмен, бізге осы тақырыптағы лекциялар керек пе?

– Тым ашық кетпеу керек, шетіндеп болсын айтылғаны абзал. Өйткені қыз бала оны анасымен не жеңгесімен, əпке-сіңлілерімен талқылай алмайды. Құрбысымен тіпті болмайды. Сөйтіп ғаламтордағы ашық ақпаратқа ұрынады. Одан менталитетіне жат дүниеге барады. Оны істейін десе, ұят. Сөйтіп қиналады. Жасөспірімдерге айтатыным – тазалық. Рең-басын таза ұстау. «Қыздың жиған жүгіндей» болып жүру. Сосын сыпайылық.

Лактың кете бастағаны – салақтықтың белгісі

– Кезінде ата-бабаларымыз қыздың бойы түзу болсын деп, екі тірсекке түсіріп шолпы таққан екен. Қазір бойжеткендерді «шолпы тақпадың, сәукеле кимедің» деп кінәлай алмайсыз. Дей тұрғанмен, ой мен бойды түзеу үшін не істеу керек?

– Шолпының сыңғыры қыздың мінезінен хабар берген. Тез сылдырласа, шапшаң, жеңілтектігін көрсеткен. Содан да бипаз басқан аяқтарын. Қазіргі қыздарға мүмкіндік көп. Өзім сұлулық салондарына барып тұрамын. Əйел – сұлулықтың символы.

– Сіздің қасыңызда жас қыз мен қысылып қалдым. Педикюрді былай қойғанда, маникюрім де жоқ. Бетмай жаққаным болмаса, ернімді бояп та алмаппын…

– Қарапайым, табиғи жүрген жақсы. Бірақ, күтімді болған жөн. «Не бывает не красивых женщин, бывает женщины неухоженные, лени-вые» деген сөз бар. Осыны ұмытпаған абзал!

Бойжеткеннен өтінерім

– Түрлі кеңестеріңізді тыңдадық, сөз соңында бүгінгі бойжеткендерден өтінеріңіз бар ма?

– Түрлі шоуларға бетперде киіп, көзəйнек салып бармаса екен. Жағдайын айтқысы келсе, психологқа жүгінсін. Тіпті болмаса, менің лекцияма келсін, сұхбаттарымды оқысын. Ол жағдай басында мəңгі қалмайды ғой. Ертең опынып қалады. Ұрпағына кесірі тиеді. Шоу бағдарламаларға жоламасыншы. Танысқан, табысқан жақсы. Бірақ қазақтың отбасылық институты рұқсат ететін жеңгетайлық жолмен. Ол болмаса, түрлі желілермен білдіртпей-ақ жазысуға болады ғой. Дарақыланып күлмесе, талғамсыз киінбесе екен. Ең бастысы, ару деген атқа лайық болса екен…

P.S.: Өмір көрген табысты да, өр әйелдің әңгімесі ой салды. Әсіресе, «азаматыңмен оқитын кітабың да бір болуы керек» дегені. Махаббат жайлы кітап сыйлаған жігіт кезігіп еді. Қол ұстасып үлгерместен, қол үздік. Сол есіме түсіп, жүрек шіркін шым етті. Жалған намыс жайлы айтқаны жақсы. Бір сәт әлгі азаматтың амандығын білгім келді. Бірақ, батпадым… Жалған намысты жеңе алмағаннан емес, сағынып жүргім келді. Сағыныш болуды ойладым. Әйтпесе, Оразкүл Асанғазының айтқанының бәрі орынды!

Сұхбаттасқан Қарлыға ИБРАГИМ

«Ақ желкен» журналы, №6
Маусым, 2018

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз