Жақында Алматы облысының Қарасай ауданында жеткіншектер арасында дойбыдан республикалық жарыс өткен еді. Дойбы додасында он жасар Бекарыс Жұмалиев чемпион болды. Жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен жүзден аса жеткіншек қатысты. Бекарыс 9 қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, классика түрі бойынша жеңімпаз атанды. Бүгінде чемпион Өзбекстанда өтіп жатқан Азия біріншілігіне қатысып жатыр. Бекарыс туралы жаттықтырушысы Берік МОЛДАШТАН сұраған едік.

Ұлан: Берік аға, Бекарысты дойбыға қалай баулыдыңыз?

Б.Молдаш: Атырау өңірінде кезінде дойбыдан бапкер болған Жүсіп Хисимов деген досым бар. Ауылдан дойбы үйірмесін ашуға досымның бір ауыз сөзі түрткі болды. Бірде дойбыдан мектепаралық турнир өтті. Қызықтап қарап жүріп бір балаға көзім түсті. 8-сыныпта оқитын Алтынбек деген бала екен. Жарыстан соң ата-анасына барып, баласын дойбыға беруін сұрадым. Алтынбекті жиырма күн дайындадым. Кішкене өзгерісті көріп, қуандым. Үйіндегі бауырларын əкелуін өтіндім. Ертеңіне Бекарысты əкелді. Жасы 7-де екен. Оның дойбыға деген ықыласы, талабы, жігері күшті болды. 6 айдың ішінде ағасының деңгейіне жетті. Бекарыстан «үйде кім бар?» деп ем, əпкесі бар екен. Əпкесі Данагүлді, кейін қарындасы мен інісін алып келді. Ағайынды Жұмалиевтерден бөлек, көрші ауылдың балаларына дойбыны үйреттім. Үйдің алдында бөлек сарай бар еді. Дойбы мектебіне айналды. Зейнетақымды компьютер, дойбы туралы оқулықтар мен қажетті құралдарға жұмсадым. Сөйтіп, 24 балаға арналған Жүсіп Хисимов атындағы дойбы үйірмесі ашылды.

Ұлан: Бекарыс дойбыдан еліміздің төрт дүркін чемпионы атаныпты. Жарыс алдында қалай дайындалады?

Б.Молдаш: 2015 жылы дойбының классика түрінен чемпион болды. 2016 жылы классика жəне рапид деген екі түрінен чемпион атанды. Биыл классикадан жеңімпаз атанды. Үйге тапсырма берсең, тастай етіп орындайды. Өзінше сараптама жасайды. Былтыр Болгарияның Кранево қаласында əлем чемпионаты өтті. Жарыс алдында қатты ауырып қалды. Өзім үйіне барып дайындадым. Бекарыс классикаға мықты. Дойбының шарты бойынша классика ең мықты саналады. Блиц пен рапидке көп көңіл бөле бермейді. Блицтен 7-орында келеді. Блиц шарты бойынша үш минуттан соң ойын тоқтатылады. Осы уақыт ішінде басымдық көрсету керек. Ал рапидте ойын ұзақ- тығы – 10 минут. Балалар жыласа жылап, күлсе күлемін.

Өзім қаражатын төлеп, талай жарыстарға қатыстырдым. Көрсін, бір нəрсе үйренсін, білсін деймін. Өйткені, кітаптан оқыған бөлек те, тікелей қарсыласпен ойнаған тіпті бөлек. Бекарыс көп балалы отбасынан шыққан. Өздері жеті ағайынды. Үйінде жалғыз əкесі жұмыс істейді. Дойбыда үш жүрістен 27, 60 жол жүреді. Бекарыс мұны жақсы біледі. Данагүл де солай. Ең кенжесі Темірлан да мықты. Ол Бекарыстан асып түспесе, кем түспейді. Далада босқа жүрмесін деймін. Бекарыстың үйірмеге қатысқанына үш жыл болды. Сабақтан бір күн қалған емес. Əпкесі Данагүл бір күн ғана сабаққа келмеді. Күн суық боп, қар жауса да сабақтан қалмайды. Олар ауырып қалса, мен үйлеріне барамын.

Ұлан: Бауырларының дойбыға деген ықыласы қандай?

Б.Молдаш: Алтынбек ересектер арасында чемпион. Республикалық жарыстан 4-орын алды. Былтыр əпкесі Данагүлді Қостанайда оқу- шылар арасында өткен чемпионатқа жібергенмін. Блиц санаты бойынша алтыншы орын алды. Данагүлге «барың- ды сал, бұлай болмайды» деп ақылымды айттым. Нəтижесі жаман емес, биыл чемпион болды.

Ұлан: Балалардың жарыстарда топ жаруына не кедергі?

Б.Молдаш: Қаржы. Бекарысқа жарысқа көп қатысу керек. Қазір нағыз бабында тұр. Жарысқа қатысса, тəжірибе жинайды. Əттең, тонның келтесі-ай деймін… Наурыз айында дойбыдан облыстық жарыс болды. Менің алты оқушым қатысып, барлығы да чемпион болды.

Ұлан: Бекарысқа қарап, дойбы үйренгісі келетін балалардың саны көбейген болар…

 Б.Молдаш: Иə, балалар көбейіп жатыр. Əрқайсысына жеке-жеке үйрету керек. Маған сол жағы қиын болып тұр.

Ұлан: Аптасына қанша уақыт дайындалады?

Б.Молдаш: Аптасына екі күн 5-6 сағат. Демалыс күндері 12 сағат дайындаламыз. Бала үшін өте ауыр жұмыс, оған екінің бірі шыдамайды. Бірақ, шыдау керек. Болгарияға баратын кезде Бекарыс қатты ауырып қалды. Дəрігерлер күнге шықпасын деді. Түнде үйге алып келемін. Үйде қа- жетті заттар бар ғой. Сараптама жасайтын компьютер де осында. Түнгі 2-ге дейін дайындалған күндеріміз болды.

Ұлан: Болгарияда жарыс əділ өтті ме?

Б.Молдаш: Өкінішті, əрине. Ресейлік баламен тең ойнап, 7-орынға түсіп қалды. Жарысқа қатысқан 22 ойыншының 8-і ресейліктер. Олар бір-бірін қолдап, бірін алға шығарып отырады. Бекарысқа келгенде барын салып ойнайды. Елдің атынан тек Бекарыс қана сынға түсті.

Ұлан: Ойыннан кейін көңіл күйі қалай болды?

Б.Молдаш: Ауылдың баласы, өзі тым жуас. Біреуді алдау дегенді түсінбейді. Ол ойынның шарты осылай деп түсінді.

Ұлан: Жарыстарда өзінен екі-үш жас үлкен балалармен ойнайды екен. Мұның себебі бар ма?

Б.Молдаш: Ташкенттегі ойынды тікелей эфирде қарап отырмын. Бекарыс 11 жасқа толған жоқ. 14 жастағы жет- кіншектермен ойнап жатыр. Оның себебі тым тереңде. Кейде қарсы шықсаң, «ойнамасаң есік ашық» дейді. «Сен чемпионсың ғой» деп бедел жинау үшін де өз арамыздағылар додаға салып жібереді. Қазір 1-орында түрікмен баласы келеді. Күшті күштімен ойнайды. Жеңістен үміт бар. Алдымен Алла қолдасын. Баланың жігері жасымаса, жеңіс қолда.

Ұлан: Шəкірттеріңіз биіктерден көрінсін!

Сұхбаттасқан

Гүлфарида Зейнуллина

«Ұлан», №17

25.04.2017

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз