Екі машина өрге қарай тырбаңдап келеміз. Алдымызда Суықтөбе тауы. Ана-а-ау төменде қалған – Шиен деген ауыл. Кеше келіскеніміздей, Дүйсен аға екеуміз Алматыдан ертемен осы ауылды бетке алғанбыз. Дүйсен аға дегенім – «Балдырған» журналының бас редакторы Дүйсен Мүсірәлі. Сұхбат алуға омарташы тауып беріңізші деп ем, сөзге келмеді. Ендігі әңгіме осы, Ұзынағаштан ары асып, одан өрге қарай – омартаға тартып келеміз. Анау алда жол бастап бара жатқан Дәурен деген омарташы. Шиеннің тұрғыны. Өзі ашық-жарқын кісі екен, әңгімесімен бізді бірден үйіріп әкетті. Ара деген де мал сияқты күтімді қажет қылады екен, соның жайылымына келе жатырмыз. Бес шақырымдай биікке өрледік.

Араның ұяшықтары әр түрлі түсті екен, көздің жауын алардай әдемі көрініс сүйсінтті. Айналада бөтен дүние, бөтен тірлік жоқ. Дәурен омарташы келе сала тірлігіне кірісіп кетті. Әңгімесі де қоса жүрді:

– Бұл ара деген Грекиядан шыққан дейді ғой, ә, аға? – деді Дәурен омарташы Дүйсен ағаға қарап.

– Жоқ, отаны – Египет екен. Пирамиданың ішінен бал құйылған құты табылыпты. Ніл өзенінің бойында ара шаруашығымен айналысқан деген деректер табылып отыр. Арабтар балды өте жақсы көреді ғой. Құранда да «Аралар» деген сүре бар, – деді Дүйсен аға да әңгімеге кірісе кетіп.

Айтпақшы, Дүйсен ағаға омарташылармен байланыстырсаңыз дегенім, омарташылық – ағаның ескі кәсібі. Ара жайлы әңгімелері қызық, таңнан кешке дейін айтуға бар.

Дәурен аға әңгімені іле кетті:

– Арабтармен араласып тұратын бір танысым бар. Олар омарташыны жақсы көреді екен. Қажылыққа барғанда бір арабпен танысып, дос бопты. Қазақстаннан апарған бір литр балын берген екен. Бір сағаттан кейін әлгі араб досымды қайта тауып ап, 15 келі бал алып кетіпті, – деді жымиып.

Содан соң мен де диктофонымды қосып, аузына тоса қойдым.

– Омарташылық ата кәсібіңіз бе еді?

– Жоқ, атамыздан қалмады. 1994 жылы әскерден келген ағам бастады. Кейін ол қойып кетті де, мен жалғастырып кеттім. 25 жыл болыпты айналысып жүргеніме. Ата кәсіп десем, ауылдағылардан ұят болады. Мақтанып сөйлей беруге де болмайды ғой.

– Араның тіршілігі адамдыкіне ұқсайды дейді?

– Адам кейде жұмыссыз қалып, тірлік қылмай жатып қалады ғой. Ал ара жатпайды, таңның атысы, кештің батысы қыбырлап жүреді. Ұядан шыққан ара тамақсыз келмейді. Бос келуге намыстанады. Өзінің миында солай қалыптасқан. Ара өзі бір маусымда 3 айға дейін ғана тіршілік етеді, бірақ ол өмір бақилыққа тамақ жинайды. Адамды, малды шақса, өзі өліп қалады.

– Араның жағдайын қалай жасайды?

– Гүл қуалап, көшіп-қондырып отыру керек. Құрғақшылық жерде бұлар тіршілік ете алмайды. Гүлмен бірге көшіп отырсаң, өзіне де, адамға да жағдай жасайды. Альберт Эйнштейін деген ғалым араны зерттеп, «жер бетінен ара жойылса, адамзат та құриды» депті.

– Қанша ұяшығыңыз бар?

– 65 ұяшық бар. Бір үйге жетіп артылады.

– Бір ұяшықты қанша уақытта толтырады?

– Жақсы қарасаң, 10-15 күнде толтырып жібереді. Күндіз алып келген шырынын түнімен балға айналдырады.

– Бұлардың да басшылары болады дейді, ә?

– Бір ұяшықта бір ғана аналығы болады. Қалғандары соған бағынады. Әрқайсысының атқаратын өз жұмысы бар. Еркек араның өз жұмысы бар, жұмыс қатты жүргенде су тартады. Басқалары алыстан тамақ алып келгенде, дауыстайтыны бар. Жұмысшылары көп қой. Ауызбен айтқанда адамды сендіру қиын, бәрін көзбен көру керек. Өте ақылды жәндік. Жаман жерге, бөтен иісті жерлерге жоламайды.

Ал балдың пайдасы өте көп. Қымызға, саумалға да араластырып ішеміз. Тамағың ауырса, жағып қоясың. Жараға да таңасың. Медицинада бірінші орынға қойып жатыр. Бұрын Кеңес өкіметі кезінде Қазақстанда 300 мың омарташы болған екен. Қазір азайып кеткен. Бәрі Ресейге көшіп кетіпті. Енді-енді қолға алып жатыр. Қызығып, үйренушілер де аз емес. Несие алып, ара шаруашылығын бастап, қиындығына келгенде тастап кетіп жатқандар да бар. Аздан бастаған адам нәтижеге жетеді. Қиыншылығы көп. Үш ай уақыт қана жұмыс істейміз. Қалған уақытта ұяшықта сақтап, дәрілеп отырамыз. Себебі, небір аурулар бар. Қыста ауылға көшеміз. Жазда үш рет, тауға дейін көшеміз.

– Сұраныс қалай?

– Тәуба, күнкөріске жетеді. Үш ай жазда күні-түні араның жанында боламыз.

«Бал ұстаған бармақ жалайды» деген

Аралардың осындай тіршілігіне көптен қызығатынмын. Ара туралы әңгімелерді естіп, мақалаларды оқыған бір бөлек, олардың тіршілігін көзбен көрген мүлде басқа екен. Өте адал, өте еңбекқор жәндік екеніне көзім жетті. Дүйсен аға айтпақшы, Құранда «Аралар» («Нәхл») сүресі бары рас. Онда қалай деуші еді: «Раббың, араға: «Таулардан, ағаштардан және лапастардан ұялар жасап ал!» – деп нұсқады. Сонсоң әртүрлі өсімдіктен же де Раббыңның қолайластырған жолына түс!». Араның қарындарынан түрлі-түсті бал шығады. Онда адам баласы үшін шипа бар. Шынында мұнда да ойлайтын қауым үшін ғибрат бар». («ән-Нәхл» сүресі, 69-70 аят).

Міне, қасиетті Құранда осылай баяндалады. Сонымен бірге, балға қатысты бірнеше хадис бар. Оның бірі былай:

«Бірде бір кісі Алла елшісіне (с.ғ.с) келіп:

– Уа, Алланың елшісі, бауырымның іші өтіп жатыр, – деді. Пайғамбар (с.ғ.с):

– Оған бал бер, – деді. Әлгі кісі Пайғамбардың (с.ғ.с) айтқанын орындады, артынша келіп:

– Уа, Алланың елшісі, бауырыма бал бердім, алайда іші одан бетер өтетін болды, – деді. Пайғамбар (с.ғ.с) қайтадан:

Оған бал бер, деп қайтарды. Дәл осылай бірнеше рет қайталанды. Сөйтіп үшінші, не төртінші рет қайта келгенінде әлгі кісі:

Бауырым жазылды, деді. Сонда Пайғамбар (с.ғ.с):

Алла турасын айтты, ал алдаған бауырыңның іші еді, деді. (Бухари)»

Медицинаның атасы Ибн Сина (Авиценна) «Жастық шағыңды сақтап қалғың келсе, бал же» деген көрінеді.

Ара мен оның балы жайлы ұзақ-сонар дерек келтіре беруге болады. Бізге мұның мамандарын, тәжірибесі бар жандарды сөйлеткен қызығырақ. «Балдырған» журналының бас редакторы Дүйсен Мүсірәлінің омарташы болғанын айттық. Ағаны да біраз әңгіме тарттық:

Омарташылық – ата кәсібім десем болады, – дейді Дүйсен аға. – Атамнан, одан әкемнен қалған мұра болатын. Бұл да малдың бір түрі ғой. Арамен жұмыс істеу көп уақытты, табанды еңбекті қажет етеді. Ара шаруашылығындағы күнделікті жаңалықты біліп отыру керек. Ресейден «Пчеловодство» деген журнал шығады, соны көріп отырған жөн. Интернетте де бар. Ауылда ондай мүмкіндік бола бермейді. Соның кесірінен көбі араларды ауруға ұшыратып алады. Омарташылық – бір жағынан маған хобби болды. Балаларға да қызық. Тұнып тұрған ғылым. Ара туралы біраз әдебиеттер жинадым. Бал жинайтын, қолға үйретілген араның 12 түрі бар екен. Қазақстанда кездесетіні – Карпат тауының арасы, «карпатка» деп жүрміз. Мұның шырын соратын түтікшесі ұзын. Мысалы, бізде кейбір гүлдер 30 градус ыстық болмай ашылмайды. Ашылса да жай ашылуы мүмкін, шырыны дұрыс бөлінбейді. Ал карпатканың түтікшесі соны сорып ала алады.

Бердібек Сапарбаев Шығыс Қазақстан облысында әкім боп тұрғанда ара шаруашылығына үлкен қолдау көрсетті. Ол жақтың табиғаты да соған лайық. Ал басқа облыстарда ондай қолдау кемшін. Бал деген тәтті дәм ғана емес, емдікке де көп қолданылады. Бірақ балды бей-берекет жей беруге де болмайды, өзінің мөлшері бар. Балаға көп берсе, ішіне ыстық түсіп кетеді. Сосын балды ешуақытта ыстыққа салып ішуге болмайды. Ыстыққа салса реакция болады да, барлық қасиеті жойылып кетеді.

Бір ұя бір аналыққа бағынады. Бәрі тәртіппен жұмыс істейді. Жұмысшы аралар ұядан шықпайды. Гүлден шырын жинап әкелетін ара бөлек те, оны балға айналдыратын ара бөлек. Барлаушы аралар болады, олар ұшып шығады да гүл іздейді. Гүлді тапқан соң ұяға келеді де, билейді. Сол биі арқылы жинаушы араларға шырын тапқан бағытын сызып береді. Әлгі аралар шырынды сол арқылы табады. Оның бәрін көзбен көріп, қолмен ұстаған рақат қой. Өте таза. Мысалы, ұяның ішінде бір ара өліп қалса, екі ара оны итеріп ұяның шыға берісіне әкеледі де, екі жағынан көтеріп, ұшырып алып кетеді. Сосын қанатымен «үйлерін» сыпырады. Күзетші ара болады, бөтен араны кіргізбейді.

Бізде «Қазақстан омарташыларының ұлттық одағы» деген арнайы ұйым бар екен. Олардың да не жұмыспен айналысатыны қызықтырды. Сөйтсек оның қызығы әлі алда екен.

Ғабит НҰРӘДІЛҰЛЫ, Еуропа Омарташылар одағының вице-президенті:

Еуропада 70 бала оқытып жатырмыз

– Одақ қашан, қандай мақсатта құрылып еді?

– Заңды түрде 2010 жылы тіркелді. Бірақ одақты құру жөніндегі шешім 2008 жылы қабылданды. Ол уақытта индустриалдық-инновациалдық бағдарлама қабылданған болатын. Сол бағдарламаға Елбасы қол қойғаннан кейін еліміздің алғашқы премьер-министрі Сергей Терещенко омарташылықты қолға алды. Ол кісі әріптестерін жинап, дүниежүзінде омарташылық дамыған Қытай, Аргентина, Уругвай, Еуропаның 28 мемлекеті, Ресей сияқты елдердің жұмыстарын көріп, сосын Алматыда құрылтай өткізді.

– Одақтың қазір атқарып жатқан негізгі жұмыстары қандай?

– Дүниежүзілік омарташылық мәселелерінен шет қалмаймыз. Кеңес одағы кезінде елімізде омарташылық жақсы дамыған. 75 мыңға жуық бал өндірілетін орын болған. Өскеменде омарташылықпен ғылыми түрде айналысатын институт жұмыс істеген. Республикалық ауылшаруашылық министрлігінде омарташылық басқармасы болған. Әрине, олардың бәрі қазір жоқ. Сондықтан осыны жолға қою үшін елдегі омарташылардың басын біріктіру керек болды. Қазіргі жас жеткіншектер омарташы болам деп армандамайды. Қазір әлемде дағдарыс, қаншама экономист, заңгерлер жұмыс таба алмай жүр. Ал елімізде жұмыс жасап жатқан 12 мыңға жуық омарташының жағдайы жаман емес. Үлкен кәсіп көзіне айналдырып отыр. Біздегі омарташылық негізінен атадан балаға мирас болып қана жұмыстанып отыр. Кәсіби маман дайындау кенжелеу боп тұр. Өзін-өзі ақтау жөнінен омарташылық үлкен кәсіп. Мұны қазақтың кәсібі жасаумыз керек.

Қазір 70 баланы Еуропада оқытып жатырмыз. Оның көбі өзіміздің қарадомалақтар. Ақысыз оқып жатыр. Онда 4 жыл оқиды, кәсіби маман боп шығады. Оның үстіне 2 тіл үйреніп келеді. Польшада, Словакияда, Ресейде оқытып жатырмыз.

– Ол балаларды қайдан тауып, қалай жібердіңіздер?

– 2011 жылы Аргентинаға, Буенос-Айреске бардық. Онда дүниежүзінің 200 мемлекетінен омарташылар жиналған жиын өтті. Біз сонда одағымыздың тұсауын кестік. Сонда «Қазақстан деген үлкен мемлекетіміз бар. Жеріміз байтақ, орман да, дала да, тау да бар. Жалпы омарташылықты дамытуға барлық мүмкіндік бар» дедік. Бізді барлығы қолдады, дүниежүзілік одаққа мүше болдық. Одан кейін Словакияда өткен жиында мен Еуропалық Омарташылар одағына вице-президенттікке ұсынылдым. Сосын басым дауыспен сол орынға тағайындалдым. Бұдан соң өзіміздің балаларды шетелде оқытуға мүмкіндік пайда болды. 9 және 11-сыныптардан кейін тапсырып көруге болады. Оқу жылының соңына қарай барлық мектептерде үгіт-насихат жүргіземіз. Бітіріп келген балалар омарташылығымыздың болашағы деуге болады. Еліміздегі ауылшаруашылық оқу орындарында омарташылыққа қатысты мамандықтар көптеп ашылып жатыр.

Елбасы биылғы Жолдауында: «Еңбек нарығының тиімділігін  қамтамасыз етіп, әрбір адамның өз әлеуетін іске асыра алуы үшін жағдай жасаудың маңызы зор. Адамдарды нәтижелі жұмысқа тарту үшін көбірек мүмкіндік беріп, олардың жеке кәсібін бастауына немесе жаңа мамандық алып, жұмысқа орналасуына жағдай жасау керек. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында оның құралдарын нығайта отырып, халықтың осы санаттарын кеңінен тарту қажет» деген болатын. Ал біз айтып отырған омарташылық кәсібі «іздегенге сұраған» болып отыр емес пе?! Зерттеушілер омарташылықты көне түріктердің кәсібі дегенді айтады. Оған дәлел – ескеткіштерде кездескен араның суреті. Қалай дегенмен де, омарташылық – қазаққа керек кәсіп. Оны біздің әр кейіпкеріміз айтып-ақ отыр. Біз де осындай берекелі кәсібіміздің бар екенін қайыра еске салып қойғымыз келді…

Асылан ТІЛЕГЕН

«Ақ желкен» журналы, №6
Маусым, 2018

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз