Лондон олимпиадасында «тіл тістеліп, құлақ шайналды» деп едік. Бұл палуанымыз Ақжүрек Таңатаровқа қарата айтылған өкініш болатын. Жартылай финалда Үндістан палуаны Сушил Құмардан 1:3 есебімен жеңілді. Үндістандық құлағын тістеп, оны біздің Ақжүрек те, бапкерлері де төрешілерге айтып жеткізе алмады. «Əттеген-ай, тіл білгенде ғой», – дедік. Жақында Ақжүрек 5 жыл бұрын кеткен есені қайтарғандай болды. Үндістанның Нью-Дели қаласында күрес түрлерінен Азия чемпионаты аяқталды. Сары құрлықтың мықтылары күш сынасқан додада күрестің үш түрінен 24 жеңімпаз анықталды. Сарапқа түскен 96 медальдың 13-і қазақ балуандарына бұйырды. Ал сонда Ақжүрек тұңғыш рет Азия чемпионы атағына ие болды.

Қазақстан құрамасының қоржынына грек-рим мен еркін күрес шеберлері бір-бір алтын медальдан салды. Грек-рим күресінде 75 келі салмақта күрескен Мақсат Ережепов барлық белдесулерін жоғары деңгейде өткізіп, тұғыр биігінен көрінсе, еркін күресте 70 келі салмақта бозкілемге шыққан Лондон олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров та қарсы келгендерді бет қаратпай ұтып, тұңғыш рет Азия чемпионы деген атаққа қол жеткізді.

Жарыстың алғашқы екі күнінде грек-рим күресінің балуандарына кезек берілді. Қазақстан құрамасының сапында Азия біріншілігінен алтын медаль алуы мүмкін деген балуандарымыздың қатары көп еді. Тіпті, төрт балуанымыз финалдық бəсекеге шыққан сəтте кемінде жартысы бас жүлдені уысына салар деп топшылағанбыз. Өкінішке қарай, төртеудің арасынан тек Мақсат Ережепов қана чемпиондыққа лайық өнер көрсетті.

Мақсат Азия чемпионатына қатысқан Жапония, Корея сияқты елдердің балуандарына қарағанда рейтингі төмен болып, жарысты 1/8 финалдан бастаған. Алғашқы айналымда қырғыз балуанын қарсылас құрлы көрмеген отандасымыз жартылай финалдық жолдаманы кілем қожайынымен сарапқа салып, тартысты өткен белдесуде жеңімпаз болып шықты. Жартылай финалда Қытай елінің балуаны да Мақсаттың жолына кедергі бола алмады. Финалда осы Азия чемпионатында үшінші нөмірмен сынға түскен оңтүстіккореялық қарсыласын еш қиындықсыз ұтып, тұңғыш рет Азия чемпионы деген атаққа қол жеткізді. Жалпы, Делидегі додада грек-рим күресінің шеберлері арасында жарқын өнерімен көзге түскен осы Мақсат десек артық айтқанымыз емес. Финалға жолдама алған Алмат Кебісбаев та, Мейрамбек Айнағұлов та, ауыр салмақтағы Дамир Күзембаев та есте қаларлықтай белдесулерімен ерекшелене алмады. 66 келі салмаққа ауысқан Алмат Кебісбаев финалға дейін еркін жеткенімен, алтын медаль үшін болған бəсекеде кореялық қарсыласына еш қарсылық көрсете алмады. 59 келідегі Мейрамбек Айнағұлов та финалда өте сылбыр күресті. Ол алғашқы белдесуінде Солтүстік Кореядан келген балуанды, одан кейін Қытай балуанын жеңгенімен, финалда жапон балуанынан айласын асыра алмады. Аса ауыр салмақта биыл Қазақстан чемпионы атанған Дамир Күзембаевқа əлі де болса тəжірибе керек екенін Делиде көз жеткіздік. Бұған дейін Нұрмахан Тінəлиевтің көлеңкесінде қалып қойып жүрген Дамир бұл жолғы Азия чемпионатына Қазақстанның нөмірі бірінші балуаны ретінде барған еді. Жеребе де Дамирге жақсы түсті. Жарысты бірден жартылай финалда бастаған жерлесіміз ə дегенде өзбек балуанын алып ұрып, финалға өтті. Өкінішке қарай, Иран балуаны Бехнам Мехдизаде Дамирге еш мүмкіндік бермеді. Осылайша, финалға шық- қан төрт балуанымыздың арасында тек Мақсат Ережепов қана мақсатына жетіп, жеңіс тұғырынан қол бұлғады. Үш балуанымыз күмісті қанағат тұтты. Бұдан бөлек, 98 келі салмақта күрескен Ерұлан Ысқақов қола медальмен шектелді. Бір айта кетерлігі, 75 келі салмақтың алтын медалі екінші жыл қатарынан Қазақстан балуандарына бұйырды. Былтыр Бангкокте өткен құрлық біріншілігінде Досжан Қортықов дəл осы 75 келі салмақта топ жарып, Азия чемпионатының алтын медалін қанжығасына байлап еді. Енді, міне, Досжанның жеңісті жолын Мақсат Ережепов жалғастырып отыр.

Қазақстан құрамасының қоржынына түскен екінші алтын медальді Лондон олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров жеңіп алды. Лондоннан кейін біраз жыл жолы болмай жүрген тараздық балуан өзінің шын мықты екенін биыл қайта дəлелдегендей. Алдымен Ақжүрек Қазақстан чемпионатын ұтты. Енді, міне, Азияның алтын медалін уысына түсірді. 70 келі салмақта сынға түскен ел мақтанышы үнді жерінде үш белдесу өткізіп, үшеуінде де жанкешті өнерімен танылды. Алдымен моңғол балуанын 12:1 есебімен айқын басымдықпен жеңді. Жартылай финалда жапон балуанынан 11:7 есебімен айласын асырды. Финалда оған өзбекстандық Ихтиор Наурызов қарсылас атанған. Күрес жанкүйерлері өзбек балуанын жақсы таныса керек. Былтыр 65 келі салмақта Рио олимпиадасының қола жүлдегері атанған Ихтиор 2015 жылы əлем чемпиона- тының финалында күресіп, күміс медальдың иегері атанған. 2014 жылы Азия ойындарынан қола медаль əкелді. Бұдан бөлек, Азия чемпионатында үш рет жүлдегер атанғаны тағы бар. Міне, сол балуанды Ақжүрек 11:7 есебімен жеңіп, Азия чемпионатындағы алғашқы алтын медаліне қол жеткізді. Еркін күрес балуандары арасында 86 келі салмақта күрескен Азамат Дəулетбеков те финалға шыққан. Өкінішке қарай, Азаматтың ирандық балуанға əлі келмеді. Нəтижесінде күміс жүлдені қанағат тұтты.

Қыздар арасында өткен құрлық біріншілігінде Жапония қыздары ешкімге дес бермеді. Күншығыс елінің бойжеткендері 8 салмақтың бесеуінде топ жарды. Солардың бірі, дəлірек айтсақ, 53 келідегі Маю Мукаида біздің Жұлдыз Ишимованы финалда жеңіп, алтын медальдан айырды. Жұлдыз 2007 жылы Азия чемпионы болған. Бірақ, содан бері финалда сүрінумен келеді. 2008, 2009, 2010 жылдары бойжеткеніміз күміспен күп- телді. Оған биылғы күміс медальды қосыңыз… Командалық есепте грек-рим күресінің балуандары үздік үштікті қорытындылады. Еркін күрес пен қыздар күресінде төрттікке табан тіредік. Бұл жерде командалық есеп күрес тəсілі бойынша ұпай санымен есеп телді. Егер медаль саны бойынша есептейтін болсақ, еркін күрес балуандары үздік үштік- ке кіреді. Грек-рим күресінің балуандары төртінші орында. Қыздар 1 күміс, 3 қола медальмен алтыншы орынға тұрақтады.

Алғаш рет Азия чемпионы Ақжүрек Таңатаров туралы аз-кем айта кететін болсақ. 1986 жылы Жамбыл облысы Қоған ауданы Құмарық ауылында дүниеге келген. Ол ауылда үшінші сыныпқа дейін ғана оқыпты. Өйткені, əкесі баласының күреске қатысқанын қалап, қалаға көшіп келген. 2008 жылы Бейжіңде Олимпиада ойындары болған кезде балуан жігітті құрамаға алмаған соң, біраз уақыт спортты тастап кетіпті. Тек бапкері Бауыржан Нұрмахановтың арқасында ғана қайта оралған. Лондон олимпиадасында қола жүлде алған соң, ел арасында атағы алысқа кетті. Бірақ кейіннен күресі жүрмей, жаңа салмаққа да үйренісе алмай жүрді. Сөйтіп, Рио олимпиадасынан да тыс қалды. Енді, міне, 30 жастан асқанда сары құрлықта топ жарып отыр.

Бек ТӨЛЕУОВ 

“Ұлан” №21

23 мамыр, 2017 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз