Оңтүстік Кореяның Пеңчаң қаласында ресми түрде ақ Олимпиада ойындары басталып кетті. Өткен жұмада салтанатты ашылу рəсімі өтті.

Қазақстаннан Олимпиада ойындарына 49 спортшы кетті. Олар бұған дейін 57 жолдама жеңіп алған еді. Жерлестеріміз 9 сайыс түрінен сынға түседі. Жалпы, Олимпиадада 15 спорт түрінен 102 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Қазақстандық спортшылар арасында Олимпиада ойындарында кімдерге үміт артуға болады?

  1. Юлия Галышева (могул)

Сочи мен Пеңчаң арасындағы олимпиадалық циклде Юлия халықаралық сайыстарда жақсы нəтиже көрсетіп жүрді. Əлем чемпионаты, Азия ойындары, əлем кубогы, Универсиада ойындарындағы нəтижелері көңіл қуантарлық. Сондықтан бірінші кезекте Юлиядан жүлде күтеміз.Ол 9 ақпан күні Олимпиада ойындарындағы іріктеу сайысынан іркілмей өтіп, финалға жолдама алды. Іріктеуде Юлия Галышева 76, 36  ұпаймен жетінші орынды иеленді. Енді финалда өзін толық көрсетеді деп сенеміз.

  1. Алексей Полторанин (шаңғы)

Полторанин Сочи Олимпиадасындағы басты үмітіміз болған. Бірақ сенімді ақтаған жоқ. Ал қазір қайтадан бабына келген. Осы жолы қалай болар екен деп тақым қысып отырғандар көп. Биылғы маусымда «Тур де Скидің» бір кезеңінде жеңіске жетті. Бұрынғы жылдармен салыстырғанда Алексейдің тəжірибесі де, өз-өзіне деген сенімділігі де артқан.

  1. Галина Вишневская (биатлон)

Шығыс Қазақстан облысының спортшысы биатлоннан Қазақстан ұлттық құрамасының көшбасшысы. Елена Хрусталевадан кейін дəл осы сайыс түрінен ендігі сенеріміз Галина болып тұр. Соңғы жылдары Вишневскаяның көрсеткіштері тұрақты. Осы жылы аралас эстафетадан құрамадағы əріптесі Максим Браунмен бірге əлем кубогында қола жүлде еншіледі. Спортшы Олимпиада ойындарында алғашқы алтылыққа енуді көздейді, мүмкіндік болса жүлде алудан да үмітті.

  1. Дмитрий Рейхерд (фристайл)

Бұл спортшының үздік үштікке енуге толық мүмкіндігі бар. Бастысы, төрешілер бұра тартпаса болғаны. Дмитрий жалпы есепте канадалық Микаэль Кингсбериден ғана қалып келеді. Екеуінің арасын 260 ұпай бөліп тұр.

9 ақпандағы іріктеуде Рейхард 81.23 көрсеткішімен үштікті түйіндеді. 86.07 ұпай жинаған канадалық Микаэль Кингсбери көш бастаса, екінші орында – ресейлік Александр Смышляев (83.93) бар.

 

  1. Абзал Əжіғалиев (шорт-трек)

Абзал Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында Қазақстанның туын ұстап шыққан спортшы. Олимпиада қалашығында Қазақстан құрамасының капитаны болып сайланды. Мұның бəрі спортшының соңғы жылдары шеберлігінің өсуімен байланысты. 2016 жылы Əжіғалиев əлем кубогының

алтынын жеңіп алды. Қазіргі кезде Абзал – əлем кубогы кезеңінің жеңімпазы (Солт-Лейк-Сити, 2016), екі дүркін əлем кубогы кезеңінің қола жүлдегері, 2017 жылғы қысқы Универсиада ойындарының күміс жүлдегері. Эстафетадан 2017 жылғы Азия ойындарында қола медаль еншілеген. Пеңчаңда Əжіғалиев ел намысын 500 метрге жүгіруден қорғайды.

Сондай-ақ бұл тізімге Жанбота Алдабергенова (акробатика), Денис Тен (мəнерлеп сырғанау), Элизабет Тұрсынбаеваны (мəнерлеп сырғанау) қосуға болады.

 

 

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №7
13 ақпан 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз