Бұл академияда негізінен Қазақстан жасөспірімдер құрамасы мен жастар құрамасының мүшелері мен резерв балуандар дайындалады. Оларды Ресейден келген Афины олимпиадасының чемпионы, бес дүркін әлем чемпионы Хаджымурат Гацалов жаттықтырады.

Академия Қазақстан күрес федерация және Қазақстан ұлттық олимпиада комитетінің қолдауымен ашылды. Бұл орталықта елуге жуық жас балуан дайындалып жатыр. Мәселен, Қазақстан жасөспірімдер құрамасы тамызда Финляндияда өтетін жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігіне осы академияда жаттығады.

– Академияны ашар алдында анализ жасадық. Қазақстанда олимпиада мен әлем чемпионатынан алтын медаль жоқ. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін жастарды бір академияда жинап, жаттықтырамыз деп шештік. Тамақ, витаминдер, жатын орын тегін. Бұл жерде елу жас балуан бар. Алматы қаласынан келіп жаттығамын деген балуандарға да мүмкіндік бар. Жаттығу талабы өте қатал. Кеңесші Гацаловтың жеке бағдарламасымен жаттығады. Дәл осы академияны болашақ олимпиада чемпиондарын дайындалатын орталыққа айналдырғымыз келеді, – дейді Қазақстан күрес федерациясының вице-президенті Ерлан Қожасбай.

Балуандарды олимпиада чемпионы Хаджымурат Гацалов дайындап жатыр. Оның міндеті – Қазақстаннан олимпиада үздігін дайындап шығару.

– Қазақстан ұлттық олимпиада комитетіне және күрес федерациясына алғыс айтамыз. Академияда барлық жағдай жасалған. Әр облыстан потенциалы жоғары балаларды іріктеп алып, дайындап жатырмыз. Күнделікті 7-8 сағаттық дайындық жүреді. Кешке сағат онда барлығы ұялы телефондарын өткізіп, ұйықтайды. Таңғы ас ішіп залға дайындыққа келеді. Барлығы қатал, бірнеше ескерту берілсе академиядан шығарылады. Осындай қатал тәртіп болмаса нәтиже де болмайды. Бұл академия чемпиондар шығатын орталыққа айналуы керек, – дейді Гацалов.

Қазақстан ұлттық олимпиада комитеті мен Қазақстан күрес федерациясы алдағы уақытта да еркін күрес, әйелдер күресі және грек-рим күресін дамыту үшін тың бағдарламалар мен істерді жүзеге асырмақ.

 

Руслан МЕДЕЛБЕК
14.07.2017

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз