Күйші Дина апамыз алғаш сахнаға шыққанда 76 жаста еді дейді. «Жатып алды бес саусақ пернелерді жастанып, Жаңа талап күйші отыр жетпіс алты жастағы» дейді Жұмекен ақын бұл туралы. Жұмекеннің «жеңілдігі – көбіктей, ауырлығы – табыттай» деген поэзиядағы атақты теңеуі де осы өлеңде. Әрине, бұл теңеу арқылы күйдің салмағын айтып отыр. Қолымыздағы – Жұмекеннің «Күй кітабы». Құрманғазы мен Динаның, Дәулеткерейдің күйлерін өлеңмен өріп шыққан кітап екенін оқырманның білуі әбден мүмкін. Кітаптан қай өлеңді оқысаңыз, құлақта сол күй күмбірлеп тұратыны да есінде шығар…

Домбыра туралы әңгімені күйден бастадық. Неге дегенде, Алтай тауынан табылған ең ежелгі домбыраның (ғалымдардың зерттеуі бойынша V ғасырға тиесілі) мойнында «Жұпар күй әуені бізді сүйіспеншілікке бөлейді» деген жазу бар екен. Демек, қара домбыраның әуелгі үні күй боп төгілгендігіне дау жоқ.

Биыл алғаш рет «Ұлттық Домбыра күнін» өткіздік. Елорда төрінде үш мыңға жуық күйші бір деммен күй төккен, мың сан қара домбыра қатар сөйлеген ғажайып кеш болды. Президент арнайы қатысты.

«Домбыра – қазақтың жаны, рухы, тарихы, салт-дәстүрі, бүкіл болмыс-бітімі деп айтуға болады, деді Елбасы. Ұлы даланың төсінде ерте заманнан бері халқымызбен бірге жасап келе жатыр. Бір кезде Майтөбенің тұсынан домбыраның суреті бар таңбалы тас табылғанын бәріміз білеміз. Ғалымдар ол суреттің берісі 4 мың, арысы 6 мың жыл бұрын бедерленгенін дәлелдеп отыр. Арал маңында домбыра ұстаған адамның мүсіні біздің дәуіріміздің 4-ғасырға тән мұрасы болды. Ал Алтайдан табылған атадомбыра біздің дәуіріміздің 5-ғасырына тиесілі. Байқасаңыздар, Алтайдан Атырауға дейін 4-5 мың жыл бұрын да біздің домбырамыз қуанышта да, өкініште де бірге келе жатыр. Бұл барлық қазақтың тамырының, қанымыз бен жанымыздың бір екенін нақты дәлелдейді.

Қастерлі аспап бүгінде симфония мен операға әр беріп, классикалық өнердің ажырамас бөлшегіне айналып келеді. Ол – қазақтың бренді мен паспорты. Ешкімге ұқсамайтын қайталанбас келбеті».

Елбасы мерекелі кеште осылай деді. Рас, домбыраға құрметіміз ерекше. Ауылда қай үйге барсаңыз да құндақтаулы Құран мен үкілі домбыраның қабырға кілеміне жармасып тұрғанын көресіз. «Болмаған соң басқа жастар Құраның, бір домбыра ұстау керек, жігіттер», – дейді тағы Жұмекен.

Домбыра туралы әңгімені айтса шебер айтсын. Ол шеберіңіз әңгімешіл болса Құдайыңыз берді дерсіз. Ондай шеберді таптық та.

Нұрлан Әбдірахманов ағамыздың домбыра жасаумен айналысып жүргеніне жарты ғасырға жуықтапты. Шебердің әңгімесін тыңдамаққа қолқа салғанда, ол кісі әңгімені әріден тартты.

«Жиһаз жасағандай болмайық»

«1970 жылы аспап жасауды үйрететін кәсіптік-техникалық училищеге түстім, – деп бастады шебер әңгімесін. – Соны қызыл дипломмен бітіріп, консерваторияға тапсырдым. Онда ұлттық аспаптар кафедрасында оқыдым. «Отырар сазы» оркестірінің құрушыларының бірімін. Б.Сарыбаев, Т.Сарыбаев, М.Әубәкіров – төрт жігіт бастап аштық. Сосын құрамға 5-6 адам қосып, филармонияда 3-4 ай тегін жұмыс істедік. Бибігүл Төлегенова ансамбльде ән айтты. Бұл 1979 жыл болатын. Одан соң әскерге кеттім. Әскерден келсем, ансамбль бесіктегі сәби секілді әлі тербеліп жүр екен. 1982 жылы Нұрғиса Тілендиев жетекшілікке келген соң үлкен оркестрге айналды. Сонда өзім әрі музыкант әрі шебер болып жүрдім. Барлық аспаптарды өзім жасайтынмын. Болат Сарыбаевтың археологиялық қазбалардан тапқан көне нұсқалары бойынша жасап жүрдім.

Әкем де, атам да шеберлікпен айналысқан. Қазіргі мақсатым – ұлттық аспаптарымызды жан-жақты дамыту. Домбыра – қазақпен бірге жасап келе жатқан аспап. Қандай дағдарыс болса да қара домбыраны кәсіп етіп отырмыз. Балаларыма да үйретіп жатырмын.

Домбыра күмбірлеп тұруы үшін көп нәрсе білуің керек. Музыкалық білім әлбетте керек. Жасаған нәрсені өзің тексере алуың қажет. Бойыңда Құдайдың берген таланты болғаны да жақсы. Осылар ұштасқанда аспап та керемет шығады. Тыңдай білу, ойнай білу де керек.

Менің негізгі мақсатым – музыканттардың ішінен шеберлерді дайындау. Себебі біздің ата-бабаларымыз өзі әнші, өзі шебер болған. Солар ғана жақсы домбыра жасаған. Ал қазіргілердей бір жақты ғана болсақ аспаптарды дамыта алмаймыз. Мұндай жағдайда тек жиһаз жасаудан аспай қаламыз. Қазіргі өнерпаздар қандай домбыра ұстағанды қалайды – оны да білу керек. Форма мен қоңыр үнді сақтай отырып, дизайнын жаңаша жасаған дұрыс. Малдың ішегінен, сіңірінен жасайтын ішекті қайта қолға алсақ, үніміз басқаша болар еді. Домбыраға ішек өндіретін арнайы орын жоқ, өкінішке қарай. Осының бәрін реттейтін, ұлттық аспаптарды дайындап, дамытатын ұлттық лаборатория немесе шеберханалық орталық болса деген арманым бар. Оған жеке адамдардың мүмкіндігі жетпейді. Ағаштарды алдырудың өзі үлкен шаруа. Әйтпесе қара домбырамызды жәй аспап деп есептеуге болмайды. Ол – ұлттық идеологиялық, мәдени қаруымыз. Ұлтымыздың тарихын түсіндіріп беретін сырсандығымыз».

«Асай-мүсейі көп домбыраның үні шықпайды»

Құдайға шүкір, елімізде ұлттық аспап жасайтын шеберлер аз емес. Бір Алматының төңірегінде 100-ге жуық шеберхана бар екен. Домбыра – бренд. Жақсы сыйлық та. Сыйлыққа беріліп шетел асып жатқан қара домбыраларда есеп жоқ шығар. Неге екені, соның бәрі бір бұрышта жетімсіреп тұрғандай көрінеді. Бір қазақ барып соны шертіп кеп қалса, қандай мұңды күй төгер еді десеңізші. Қош, ол бөлек әңгіме. Ендігі әңгіме – қымбат домбыраларда. Күйшіге керектісі – қоңыр үндісі, үніне мән береді. Айтыскерлер де қымбат домбыраларға қызыға бермейді. Олар үшін басты мәселе – «Алтын домбыра». Жыл сайын осындай атаумен өтетін аламанда оза шауып, алтынға қол жеткізу – қазіргі айтыскерлердің басты мұраты болып тұр. Үш мәрте иеленгеннің құзырында алтын домбыра біржола қалмақ.

Бағасы қымбат домбыраларды көбіне әншілердің қолынан көреміз. Қара домбыраны бала кезінен құшақтап өсіп, бар қазаққа бозторғай үнімен танылған Мейрамбек Бесбаевта домбыраның көп екені даусыз.

«Жолаушы Тұрдығұловтың шәкірті – Ердос деген мықты шебер жігіт бар. Бір жылдан астам уақыт әуреленіп, арнайы домбыра жасап берді. Қазір сол домбырамен жүрмін. Бауырларым сыйлаған, асай-мүсейі көп небір қымбат домбыралар бар. Бірақ олардың үні шықпайды. Тотықұс деген әдемі құс, бірақ дауысы жоқ. Сол сияқты кейбір әдемі домбыралардың үні шықпайды. Оның үнін қандай мықты күйші болса да шығара алмайды. Домбыраның үні ағашына, жасаушыға байланысты. Шын ықыласпен жасамаса, домбыра сөйлемейді», – дейді Мейрамбек аға.

«Өз басым қымбат домбыра жасамаймын. Неге? Халықтың жағдайына қарап жасау керек, – дейді шебер Нұрлан Әбдірахманов. – 5 мың, 10 мың доллар деп шалқудың қажеті жоқ. Дүние жүзіне танымал скрипканың бетінен алтын, ақық сияқты қымбат әшекейлер көрдіңіз бе?! Нағыз аспап – дыбысы келіскен аспап. Шебер қазір бәрін білу керек. Заманға сай бояу мен лактардың да, ағаштардың да жасы, сапасы дегендей, түрі көп. Соның бәрінен хабарың болғаны жақсы. Баян жасайтын қазақ шеберлер жетіспейді. Жастарымызды соған да үйретуіміз керек».

Өзі шауып, өзі шерткен

Сал-серілер мұндай өнерден кенде болмаған. Үкілі Ыбырайдың әншілігімен қатар мықты шебер болған дегенді растайтын дерек бар.

«Танымал қаламгер Таласбек Әсемқұловтың жазудан, кітап оқудан қол бостағы ермегі – домбыра жасау, – дейді журналист Құлтөлеу Мұқаш «Қу қарағай толғаса» атты мақаласында.

Осы мақалада домбыраға ағаш таңдауға байланысты қызық деректер айтылады. Оған қызыққанымыз сонша, айналып өте алмадық:

«Украиндар да, қолдан келсе, біз сияқты найзағай соққан қарағайды пайдаланады екен! – деп тамсанды. – Иә, қазақ шеберлері домбыраны көбінесе нажағай соққан қарағайдан жасауға тырысқан. Себебі, жай оты түсіп, ішкі жағы үңірейіп қалған қарағайдың даусы айрықша шығады. Оның өзінде қарағай ұрғашы һәм еркек болып бөлінбекші. Мәселен, ағаштың оңтүстік жаққа қараған жылдық қабаттары қалыңдау, ал солтүстікке ірге тосқан тұсының сақина беттері күн шуағы аз түсіп, жел өтінде ұзақ тұрғандықтан өте жұқа, ұсақ келеді. Ағашты бірыңғай етіп кесіп, жуан қабаттарын бір жаққа, жіңішкесін екінші жаққа қаттап, сұрыптауға кірісесіз. Сондағы ұсақ қарағай қабаттары ұрғашы саналады. Әрі аса бағалы деп есептеледі. Ұрғашы қарағайдан аспаптың беті жасалмақшы. Жалпы, қазақ даласында өсетін ағаштың көбі домбыра жасауға жарай береді. Қайың, үйеңкі… Бір үлкен, құшақ жетпейтін жиделер кездеседі… Ұқсата білсеңіз, соның бәрі іске асады. Шымкент жақта домбыраны, әдетте, өрік, жаңғақ ағашынан жасайды. Шебері келіссе сары теректен шабылған құрал да жаман шықпайды. Кейінде шет елдерден келіп жатқан неше қилы ағаш сорттары бар. Мысалы, үй жиһаздарын қаптайтын әдемі қызыл ағаш. Немесе Қырымнан келген шамшат ағашы. Міне, осылардан жасалған тәуір аспаптар да тыңдарманға құлағының құрышын қандырып жүр. Жігіттер кейінде Алматының қара ағашынан да жасай бастаған. Әсіресе, оның бедері әсем болады…»

Құлтөлеу Мұқаштың бұл мақаласында домбыраның жасалу технологиясына қатысты біраз дерек барын оқырманға нұсқай кетейік. Таласбек Әсемқұловтың бір сұхбатында Ардаби Мәуліт есімді жас баладан мол үміт күтетінін, мықты күйші екенін айтқан екен. Ардабиді Астанадан таптық.

«Тәкең өмірінде қалақ домбыраларды көп жасаған адам, – дейді Ардаби күйші. – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваторияның фольклорлық лабораториясында 15 жылдай жұмыс істепті. Ол кісінің домбыра жасаудағы бірден-бір ерекшелігі – шанақ пен бетін толық бітеу шауып, қақпақты қарынға тірейтін жағынан жабатын. Былайша айтқанда, қақпағын артынан үңгіп шапқан. «Қазақтың мың күйіндегі» Таласбек ағаның тартыстарын тыңдасаңыз, домбыралары қазақтың көне үнімен тартылған. Ол – осы қалақ домбыраның әсері. Өзі жеткізген қазақы пернелерін де ретімен орналастырып жасаған. Сондай ғажайып өнері бар еді. Тәкең ұстаған домбыралар сайрап шыға келетін. Қайтыс боларынан аз бұрын екі-үш түрлі бір буда ішек берді. Ешкінің иірген ішектері. Ол қазіргі оркестрлік домбыраларға келмейді. Оны Тәкеңнің өзі шауып жасаған домбыраларға салса керемет сөйлейді. Қазіргі әншілер мұндай домбыралардың қадірін біле бермейді. Домбыраны таңдау әншінің талғамына да байланысты. Мысалы, Еркін Шүкіманның домбырасының үні бөлек».

Міне, қазақ мәдениетіне мол мұра қалдырған Таласбек Әсемқұловтың тағы бір айрықша қыры осындай бопты.

Дүйім қазақты қоңыр үнімен, қоңыр мінезімен сүйсінткен әнші Саят Медеуовтің де домбыра жасайтын шеберлігі барын естіп қайран қалдық.

«Шеберлік пен әншілік – екеуі екі бөлек өнер, – дейді Саят Медеуов. – Бірінде үйде тұрмайтын, енді бірінде бір жерде қадалып отыруға тура келеді. Екеуі бір-біріне қайшы. Қазір ары-бері жүрген соң домбыра жасауым кейіндеп тұр. Бұйырса, оны да қолға алатын уақыт келеді. Себебі, қолөнерлік – үлкен өнер. Әкем – шебер адам. Қазақтың ер-тоқымын бастан-аяқ үзбей шауып шығады, небір дүниелерді жасай алады. Қазір 77 жаста. Ол кісіден ер жасауды үйренгім келген, қолымнан келмей қойды. Ер шабу қиындау екен. Ал домбыра жасауды Алматыдағы кәсіптік-техникалық училищеде үйрендім. Сапар, Хамит есімді ағалар ұстазым болды. «Тамаша» ойын-сауық отауының 20 жылдық мерейтойына 20 домбыра жасап, театр ұжымына табыстағанмын», – дейді Саят әнші.

Талант дегеніңіз осы, міне. Оған дау бар ма?!

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы арқылы ұлттық мәдениетімізді әлемге танытуға домбыра ерекше үлес қосады. Құрманғазы мен Дәулеткерейдің, Тәттімбет пен Сүгірдің, Қазанғап пен Динаның күйлері төл мәдениетіміздің бірегей үлгілері. ЮНЕСКО шешімімен домбыра мен күй «адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының тізіміне» енді. Елімізде қасиетті қара домбыраға деген құрмет ешқашан төмендеген емес. Домбыра қазақ үшін жай музыкалық аспап қана емес, одан әлдеқайда биік тұрған киелі құндылық. Халқымыз домбыраға үкі тағып, төріне ілген. Күйшілерді төредей күтіп, төбесіне көтерген», – деді Елбасы Ұлттық Домбыра күніне арналған кеште. «Күйшіні күтіп алу мереке боп, Ал оны аттандыру – қасірет боп», – дер еді Жұмекен. Жұмекеннің өзі де шебер күйші болған деседі. Талант дейсіз бе, ұлылық дейсіз бе, еркіңіз. Домбыра туралы бүгінгі әңгімеміз осымен тәмам…

Асылан ТІЛЕГЕН

«Ақ желкен» журналы, №7
Шілде, 2018

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз