«1930 жылғы 14 наурыз. Жұртшылықтың қолынан түспейтін «Лениншіл жас» газетінің (қазіргі «Жас Алаш») ортасынан бір қарлығаш пыр етіп ұшып шықты. Ұшты да кең-байтақ өлкеміздің көгінде қалықтай жөнелді. Ол қарлығаш – бүгінгі қуаныштың иесі «Ұлан» газеті еді», – дейді Мұзафар ата Əлімбаев. «Ұлан» – ұрпақтар бапкері» деген сөздің де авторы балалар əдебиетінің көшбасшысы. Сексен сегіз жыл бойы қазақ баласының санасына ұлттық рух, намыс, ерік-жігер дəнін сеуіп, білім мен тəрбие беріп келе жатыр. Небір қилы заманды бастан өткерді. Бүгінгі «Ұлан» соның бəрінде ақылды бала болып, қалғыған сана мен ұйықтаған намысты оятудан танған жоқ. Қанша жанның қаламын ұштап, қиялына қанат бітірген қарт басылым. Ізінен аңыз ерген тұлғалардың көпшілігі «Ұланның» шекпенінен шыққан. Елге ақыл айтар ақсақалдардан балалық шағы, еңбек жолы туралы сұрағанда, «Қазақстан пионеріне» соқпай өтетіні кемде-кем.

Бүгінгі жас оқырманның арасында газеттің тарихын білмейтіндер болса, біле жүргені жөн: 1937 жылы наурызда «Пионер» газеті «Октябрь балалары» деген атпен шыға бастады. Ал 1941 жылы маусымдағы санынан кейін соғыс жағдайына байланысты уақытша жабылды. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған соң, 1946 жылы 9 мамырда «Қазақстан пионері» деген атаумен қайта жарық көрді. Еліміз егемендігін алмай тұрып, балалар басылымы қазақы атауға ие болып, «Ұлан» деп таныла бастаған. Шерхан Мұртаза аталарың: «Ұлан» деген сөздің түбірі ұлылықта жатыр. Қазақ өз жеткіншегін ұлан деп бекер атамаған шығар», – деген пікір айтады осы жөнінде. Олай болса, «Ұланды» оқыған балалардың жаман болуға хақысы жоқ.

Дана да бала басылымның туған күнінде есімі ел есіндегі қаламгерлердің естеліктерін беруді жөн көрдік. Жазушы Дидахмет Əшімханұлы өмірінің соңына дейін «Ұланның» тілекшісі болып жүрді. Өзіміздің жас тілшілер жазушымен сұқбат құрып, əңгімесін тыңдады. Ол кісі естелігінде былай деген:

«Ұланды» 7-сыныптан бастап оқыдым. Бірақ қанша оқысам да, мақала жазған емеспін. Өйткені менің ойымда газетке мақала жазу қол жетпес шың сияқты еді. «Газетті адамдар шығарады» дегенге сенбеуші едім. Кейін редакцияда жұмыс істегенде барып көзім жетті. Сол кезде алдыма келген хаттарды оқып отырып, «мен неге бұрын жазбағанмын» деп өкіндім. Алғаш «Ұлан» газетіне келгенде спорт бөліміне жіберді. Спорт тақырыбына жазып тұрдым. Кейін ғылым бөлімінде қызмет жасадым. Басылым маған өмірді балаша қабылдауды үйретті. Оқырманнан күніне бірнеше рет хат келетін. «Айгүл, сенің көктем туралы өлеңің тəуір жазылыпты. Бірақ өлең жазудың əдіс-тəсілдерін үйрен», деген мазмұндағы хаттарды бір күнде бірнеше балаға жіберетінбіз. «Сіздің хатыңызды алдым. Үмітіңізді ақтауға тырысамын» деген жауап хаттарды оқығанда марқайып қалушы едім. (№10, 9 наурыз, 2010 жыл).

Кітапсүйер қауымның сүйікті жазушысы Əзілхан Нұршайықов аталарың да газеттің сүйікті оқырманы болыпты:

– Əкем колхоз бастығы болғаннан кейін, үйімізге жан-жақтан өкілдер көп келетін. Бір күні үйге Алматыдан өкіл келді. Маңғаз. Көзі ашық жігіт. Əңгімелесіп отырғанда бас жағына «Пионер» деп латын əрпімен жазылған газетті көрсетті. «Бұл сендерге арналған газет. Ішіндегі бүкіл сөзді өздерің сияқты балалар жазады», деді ол. Көпке дейін газеттің бір данасын сақтап жүрдім. Мақала жазуға жүрексінемін. «Не болса о болсын» дедім де, «Масақшылар» деген мақала жазып, салып жібердім. Көп ұзамай, «Сіздің хабарыңыз газетіміздің алдыңғы нөмірінде жарық көреді» деген алақандай хат алдым. Не керек, газет менің бетімді ашты. Қолым қалтырап жазған алғашқы туындымды жарыққа шығарды. Сол үшін де қарыздармын. (№10, 10 наурыз, 2000 жыл).

Хайдар Баймұқанбетов есімді аталарың басылымның жанашыры да, басшысы да болған. Соғыс кезінде «Октябрь балалары» газетінің соңғы нөмірін шығарып, редакция есігін құлыптап, майданға аттанған екен. «Журналист болып қолыма қалам ұстағанда басылымға келдім. Газеттегі қызметімнің арқасында күш атасы Қажымұқанмен, жыр алыбы Жамбылмен жүздестім. Сəбит Мұқанов əдебиет пəнінен сабақ беріп, өлеңдерімді жөндеп беретін. 1940 жылы Қажымұқан атамызбен кездесу ұйымдастырып, Алматыға шақырдық. Сөзге сараң болса да, журналистердің сұрағына жауап берді. Жамбыл атамыздан балаларға арнап жазылған өлеңдер топтамасын сұрай барғанымда жүздестім. Дина Нұрпейісованың үйінде хатшысы Ғали Ормановпен қонақ болып отыр екен. Екі күннен кейін бес мақаланың орнына кең көлемді етіп жарияланды», – деп жазыпты естелігінде. (№10, 11 наурыз,1992 жыл).

МӘҢГІ ЖАС БАСЫЛЫМ

«Ұлан» – 88-де. Ата-əжеміздің жасында. Ол кісілерден айырмашылығы – жылдан-жылға жасара түседі. Мəңгі жас басылым. Осы мақаланы жазып отырып, марқұм атамның айтқан бір сөзі есіме түсіп кетті. «Бала күнімде өте жалқау болдым. Сегізінші сыныпқа дейін шешемнің қолғанаты болмадым. Кітап, газет оқып жата беруші едім. Ол кезде «Пионер» журналы, «Қазақстан пионері» газетіндегі өлеңдерді жаттап аламын. Мұғалім мерекелерде жаттауға өлең берсе, мен газеттегі өлеңімді айтам деп қиғылық саламын. Шешем үй соғып, кірпіш құяды. Мен көлеңкеде газет оқып жата беретін едім. Сол кезде ес біліп, қолғанат болатын жастамын. Шешем де ойымды бөлгісі келмеді ме екен, жұмсамапты», – дейтін. Атам ол кезде немересінің осы басылымда жұмыс істейтінін ойламады-ау.

«Ұлан» – менің де, редакциядағы басқа əріптестерімнің де бала күнгі досы. Біздің арамызда бесінші сыныптан бастап осы газетке мақала жіберіп, газеттің ең белсенді оқырманы əрі жанашыры болған Дана Маратова жұмыс істейді. Жалпы, қай-қайсымыз да «Ұланымызға»  қарыздармыз.

Қазір еліміздің түкпір-түкпірінде жеті мыңнан астам жанашыр дос, жас оқырманымыз бар. Жеті мың емес, жетпіс мың бала оқыса да аздық етпес еді. Тіпті əр ауылдан жеті бала жазылса да, барша қазақтың «Ұланы» бүгінгісінен де айбарлана түсер еді. Өз газетің емес пе, жазыл, оқы, жанашыр бол, жас дос!

Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

«Ұлан» газеті, №11
13 наурыз 2018 жыл

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз