Бір орында тоқтап тұрмайтын адамдармен дос болғың келеді. Келе-келе оған ұқсап келе жатқаныңды сезесің. Күнде көріп, аралас-құралас болмасаң да әлеуметтік желіден жазбаларын үзбей оқитын рухы мықты, ізденімпаз адамдар бар. Олардың әр жазбасынан біліміне, естілігі мен ізденімпаздығына қанық болып отырасың. Жан-жақтылығына сүйсінесің. Жан-жақтылық демекші, отбасына да, жұмысына да, жобалары мен саяхаттауға да үлгеретін, спортпен шұғылданып, әлеуметтік желіні де тиімді пайдалана білетін іскер адамдар да болады. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Айна сияқты. Әңгімеміз блогер, Rumi Group-тің PR директоры Айна Досмахамбетқызы жайында. Ол – Oceanman Benidorm 2017 суда жүзу марафонына қатысқан алғашқы қазақ қыздарының бірі.

Айна адамның жұмыс пен отбасына бірдей уақыт бөле алатынына сенбейді. Қатар алып жүрген күннің өзінде екеуінің біреуі ақсайтыны анық. Ол мəселені өзі былай шешіп алған. Уақытының көп бөлігін жұмысқа арнап кетеді. Отбасында алғашқы «бомба жарылғанша». Ендігі кезек – отбасында. Жұмыстағы «бомба жарылғанша». Инста парақшасында #ажыраспа хештегімен ажырасудың алдында жүрген немесе ажырасып кеткен жандар үшін жазбалар жариялайды. Ойдан-қырдан термей, өз басынан өткен қиындықтарды саралап, өлшеп, айырылыса қалған жағдайда жұбайлардың алдынан шығар мəселелермен бөліседі. Оны өзінің қалай шешкенін жаза кетуді де ұмытпайды. Оқырмандары оны шынайылығы үшін де жақсы көреді. Жазбаларынан тиянақтылық пен нақтылық байқаймыз. Сөйтсек, Айна журналист болғысы келген екен.

Мектепте шығарманы жақсы жазамын деп ойлайтынмын. Бірақ, өзім не көріп, не сезінгенімді ғана жеткізетінмін. Ұлы тұлғалардың эпиграфынан бастап, көркем тілде баяндайтын мықты сыныптасым болды. Ұстазым менің тілім көркем болмағандықтан, «сенен журналист шықпайды» дейтін. Өзім журналистикаға қатты қызығатынмын əрі бұл саланың адамдары ерекше көрінетін. Ұстазымның сол сөзі ойымда қалып қойыпты. Мектеп бітірген соң журналистиканы таңдамай, IT саласын оқыдым. Марина есімді құрбым бар. Сол қыз маған блогтың не екенін үйретті. Екінші курстан бастап жеке блогымды жүргізетінмін. Ол менің күнделігім сияқты еді. 2007 жылы Cosmopolition журналына автокөлік айдаудағы қателіктер жайында мақала жаздым. Мақала журналға басылғанда оны көрсетпеген адамым жоқ, – дейді күліп.

СУДА ЖҮЗУДІ БАЛА КЕЗДЕ АРМАНДАДЫМ

Айна Досмахамбетқызы, Əсия Ералықызы жəне Галина. Бұл қыздар Oceаnman Benidorm халықаралық марафонын жүзіп өткен алғашқы қазақстандық қыздар. Оларға дейін тек ерлер барған екен. Қазақстандық Ержан Есімханов бұл марафонды үш рет жүзіп өткен. Oceаnman марафоны дегеніміз – жылына шамамен жеті рет əлемнің ашық теңіздерінде өткізілетін суда жүзу марафоны. Oceаnman – 10 шақырым, жартылай oceаnman – 5 немесе 5,5 шақырым. Жүзуді бала кезінен армандаған Айна бес жарым шақырымды бағындырған.

– Ең алғаш бірінші курста бассейнге абонемент алдым. Жаттықтырушысыз үйреніп жүргенмін. Қарасам, көрші жолақта 45 минут бойы тоқтамай бір қыз жүзіп жүр. Соған қарап ішпен жүзуді үйреніп алдым. Кейін білдім, қате үйреніппін. Негізі жүзуді нөлден бастап жаттықтырушымен үйренген жөн. Қате үйреніп алып, оны түзету өте қиын. Бірінші курстан соң жүзу осымен тоқтады. 2015 жылы Қазақстанға I love running спорт мектебі келді. Олар жарты жылдан соң I love swimming жүзу мектебін ашты. Қуана қатыстым. Бір айдың ішінде 12 сабақ өтіп, 1 шақырымды жүзіп үйретеді. Осында жүзуді қайта үйрен- дім. Дұрыс жүзбесең, ұзаққа малти алмайсың. Бірде-бір сабағын жібермей, 1 шақырымды жүзіп өттім. Бенидорм марафоны болады дегенде көзімді жұм- дым да барамын дедім. Ол кезде жарты жыл жүзбей кеткенмін.

Бенидорм үшін Айна төрт айлық сабаққа қатысады. Жанындағылардың бəрі 5 шақырымдық Волга өзенін не Босфорды жүзіп өткендер. Айна да осал емес. Қоржынында алты ай бұрынғы бір шақырымы бар. Бірақ, қалғандары ойланып жүргенде Испанияға барам деп шауып жүрген жалғыз өзі. Марафонға қатыспас бұрын Айна қалтасынан ақша шығарып Лондонда жүгіретіндерді, Испанияда жүзетіндерді түсінбеген. Жүгіргісі келсе, Алматының көшелері кең, су десе Қапшағай тұр деген ойда болатын. Ол сезімді тек қатысушы ғана түсінеді екен. Бассейнде жүрген бір бөлек, ашық суға барған мүлдем басқа. Ешқашан жүзбегендей күй кешеді екенсің. Айына бір рет жаттығу Қапшағайда өтеді. Барса, бассейнде балықша жүзіп жүрген қыз он метрді де игере алмайды. «Сөйтсем, Бенидормның қасында Қапшағай бассейн екен ғой», – деп күледі. 3 шақырымды тоқтап жүзген ол «өліп қала жаздадым» дейді. Тек сол сəтте ғана «Бенидормды жүзіп өте аламын ба?» деген күмəн туады. Сол кезде Ыстықкөлде 4 жəне 2 шақырымды жүзіп өтуге арналған жарыс ұйымдастырылады. Ыстықкөлдің суы салқын. Қыркүйекте барып, бірінші дайындық қүнінде суға аяғын салғаннан-ақ Айна «жүзбеймін» дейді. Барлығы судан шығып, демалуға кеткенде жағада бір өзі қалады. Қайтсе де суда жүзбекші болады. 200 метрдей жүзіп, қатты тоңады. Мына түрімен 2 шақырымды қалай бағындыратынын білмей, не де болса ертеңгі күнді күтеді. Келесі күні ішінен «тек буйға (қалқыма белгі) дейін жүзесің» деп дайындалып барады. Ал буйлардың арасы 300-400 метр. Жалпы қашықтықтың екі шақырым екенін ойламауға тырысады. 800 метрге барғанда аяғының саусақтарын сезбей қалады. Баланс ұстап тұратын гидрокостюмі де жоқ. Аяғы қимылдамай қалса не шаршаса, суға батып кетемін бе деп қорқады. Бірақ, өз-өзіне жігер беріп, ақыры белгіленген қашықтықты жүзіп өткен. Енді ол Бенидормды да бағындыратынына сенімді болады.

ӘКЕМДІ ЕНДІ ТҮСІНДІМ

– Ыстықкөлді жүзіп өткеніме ашық теңіздің не екенін білемін деп Бенидормға бардым. Сөйтсем, ашық теңізде толқын деген сұмдық екен. Аяғымды медузалар шақты. Су ə дегеннен-ақ аузымды ойып тастады. Бенидормның жалғыз плюсы – су жылы. Ашық теңізге шыққанда міндетті түрде құтқарушы буй болу керек екен. Оған тағы тамақ салып алады. 5 шақырымда бір жерде, 10 шақырымда екі жерде тамақ беретін қайықтар тұрады. Олар ұзын қармақпен бананның түйіршіктері мен су береді. Суда тұрып ішіп, жеп аласың. Болмаса спорттық гель тамақтарын салып алсаң болады. Мен олардың ешқайсысын білмеймін. Ертең жүземіз деген түні супермаркетке барып, балалардың пюресін жеп алдым. Банкасын жуып, оған су құйдым. Таңертең буйға жабыстырып қойдым. Ертеңіне теңізде толқын басталды. Аралды айналып жүзуіміз керек. Арал бізді қатты толқыннан қорғап тұр екен. Бар қиындық арал- дың арғы бетінде басталды. Толқын келіп бетіңнен шапалақпен тартып жібереді. Онысы аздай былай төңкереді, олай төңкереді. Əдетте жүзгенде 1-2-3 сол жаққа дем аласың, 1-2-3 оң жаққа дем аласың. Ал теңізде қалай болса солай демалдым. Басында тек оң жақтан демала бергендіктен гидрокостюм мойнымды қажап жіберді. Бар күшімді салып жүзіп келем. Айналама қарап қоям. Арал өзгер- мейді. Əлі бір орында тұрмын. Үрей бойымды алып барады. Сонда кəсіби спортшылардың өзі суға не үшін батып кететінін түсіндім. Үрей ұстамасы ұстап қалғандықтан екен. Ол кезде аяқ-қолың істемей қалады. Менің де қорқынышым сол. Өз-өзіме «сен жүзе аласың, сабыр қыл» деп қайталай бердім. Тым болмағанда бес минут демалуға мұрша беруді сұрап, Аллаға жалбарындым. Əйтеуір, бірінші айналымды зорға жүзіп өттім. Əлі үш жарым айналым бар. Толқынның шапалағын көп «жегенім» сонша, судан шығам дедім. Қайықтағылар тамақ берейін деп жатса «бананыңмен қоса кетші» деп оларға ұрсып жүрмін. Осының бəрі тезірек бітсе екен дедім. Бірақ, теңізді тастап шықпадым. Мəреге бір шақырым қалғанда музыка естіледі. Оның өзі жұбаныш. Бірақ, көріп тұрған жерге жете алмай кетесің. Жүзіп келе жатып жарысқа бес жүз адамның қатысатынын ойладым. Əдетте екінші, үшінші рет келетіндер көп. «Олардың бəрі ақымақ шығар» деймін. Бірақ, тіпті олар үшін де осы жолғы марафонды жүзіп өту қиын болыпты.

Белгіленген қашықты 3 сағат 13 минутта жүзіп өтіп, жасыл ленталы медальды мойнына таққан соң ғана Айна өзіне риза болады. Жауырыны тоқпақтай жігіттердің мойнынан өзінікіндей медальды көргенде өзін құрметтей бастайды. «Спортпен айналысқан соң майда-шүйде проблемаға басыңды ауыртпауды үйренесің», – дейді Айна.

– Жұрт менен бəріне қалай үлгеретінімді сұрап жүрсе, мен спорт- шыларға қарап, аузым ашылып жүреді. Спортпен айналысатын адамдар басқалармен салыстырғанда жауапкершілігі мол, мақсатқа ұмтылғыш, табысты, бірсөзді болады. Əлемде миллионерлер спорттың түр-түрімен айналысады. Спортшылардың жанында жүре бергің келеді. Тағы байқағаным, спортта мықты төзім керек екен. Бұрын өмірлік жарым мені жақсы көрсе болды деп ойлайтынмын. Ал қазір оның бір спорт түрімен айналысқанын қалаймын. Көрдіңіз бе? Тіпті талғам өзгерді. Əкеме басқаша қарай бастадым. Əкем Дос Көшім жұмысынан бөлек КСРО шөлдерін кесіп өткен адам. Оның қандай қиындыққа шыдағанын енді ғана ұқтым. Спорт мүлдем бөлек əлем екен.

ГИДРОКОСТЮМДІ ДҰРЫС ТАҢДАУ КЕРЕК

Жүзгіш қыз марафонға бірнеше ай қалғанда гидрокостюмға тапсырыс береді. Ең арзан екі компанияның костюмдерін салыстырған. Біріншісіне жазылған жиырма парақ пікірді, екіншісінің жиырма парағын оқып шыққан. Қайта Айнаның алғаны жұмсағырақ екен. Оны кигенде аздап ішіне су кіргізу керек. Өйткені костюм денеге жабысып тұрғаны дұрыс. Негізі гидрокостюммен суға батпайсың, қалқып тұрасың дейді. Сайттан бой мен салмақты таңдайсың. Бірақ, тапсырысы үш айға кешігіп келген. Испанияға аттанарға екі күн қалғанда қолы жетіпті. Марина мен жолдасы Әлішер сыйға тартыпты. Қазір анда-санда шығарып, иіскеп қоям дейді өзі.

– Резеңкенің иісі шығады. Бүкіл бөлмені алады. Қымбаттарының иісі шықпайды екен. 

ӘЛЕМНІҢ ОН БЕС ЕЛІНДЕ БОЛДЫМ

Ең қатты әсерленгені – Үндістан сапары. Кереғары көп мемлекет. Көше бойынан зәулім сарай көрсең, алдында лашықтар толып тұрады. Америка, Түркия секілді барлық елде адамдардың киімі де ұқсас, баратын мейрамхана, кафелерінде де айырмашылық жоқ. Оларда бар нәрсе Қазақстанда да бар. Ал Үндістанға барсаң, әлі күнге дейін ұлттық киімдері саримен жүр. Қарасаң, айналаң толған кедей халық, көп жері өте лас. Ал сарилары кілең ашық түсті. Ол аздай жалаң аяқ жүр. Тамақтары мен мәдениеті мүлдем басқа. Әдеттегі бургер мен пиццаны таппайсың.

– Өзімді басқа әлемге еніп кеткендей сезіндім. Бірінші күні адамдармен амандасқан сайын қолыма санитарлық сұйықтықты жағатынмын. Кейін оны да алып жүрмейтін болдым. Адамдары сондай сыпайы. Сонша кедей бола тұра мейірімді, көңілді жүретініне риза болдым. Бір ұзынсонар кезекке байқаусызда алдына шығып кеттік. Ыңғайсызданып, енді соңына баруға бұрыла бергенімізде бір үнді азаматы өзінің алдына шығырып жіберді. Таңғалдық. Францияда Disneyland-та ұзындығы бір шақырым болатын кезекке тұрғаным есімде. «Мен сізден кейінмін» деп мына кезекке тұрып, одан келесі кезекке де солай айтып кету жоқ. Қай жерде тұрды сонда 40 минут күтеді. Бірнеше секунд мінетініңе мініп алған соң, келесі кезекке де сонша уақытың кетеді. Ешкім ұрыспайды, қабақ шытпайды.

Саяхатшы қыз америкалықтар кез келген туристі өз адамындай қабылдайтынын айтты. Ешкім сені турист деп Үндістандағыдай қолымен көрсетпейді, суретке түспейді дейді.  

БАЛА – ЕҢ МЫҚТЫ ТАЙМ-МЕНЕДЖМЕНТ

Айна үшін үш баласы – ең мықты тайм-менеджмент. Күндерін жоспарлап жүреді. Бірақ, қатып қалған кесте жоқ. Қай істің жобасы келіп тұр, соны істей береді. Балаларын бір өзі өсіріп отыр. Əкесімен де, оның екінші жұбайымен де жақсы қарым-қатынас орнатқан. «Мұндай болуы мүмкін бе?» дерсіз. Мүмкін екен:

– Осындай қарым-қатынасқа жетуге төрт жыл уақыт кетті. Анасы мен əкесі бірге тұрмайтын болғандықтан, балалар əкесінің жоқтығын сезінбеуі керек. Олар сəби ғой. Олардың еш кінəсі жоқ. Басында тоғыз ай бойы балаларымен хабарласпады. Бір күні қызым əкесін сағынғанын айтты. Мен өзім хабарласып, «қызың сағынып жатыр, келесің бе?» деп сұрамадым. Қызым өзі хабарласты. Қазір қатты шаршап кетсем, балаларды алып кетуін сұраймын. Бірақ, бəрібір бала бағуда бар күш өзіңе түседі. Ешқашан əкелерін жамандамаймын. Оның қазіргі жары туралы да жақсы пікірде екенімді білдіріп отырамын. Сонда ғана балалар олар туралы жақсы ойлап, сыйлайды.

Үш баланың анасы өзінің ана екенін тек кенжесін босанғанда ғана сезінеді. Əкелерде де сондай жағдай болатынын айтты. Əкесі алимент төлейді, жыл сайын балалардың мектепке қажеттісінің бəрін алады, қыстық киімдерін сатып алып береді. Қалған шығынның бəрі өзінің мойнында.

 – Балалар бағаның соңынан жүгіре бермесе екен. Мəселен, балаларым сабақтан келгенде бүгін қандай баға алғанын сұрамаймын, «бүгін не үйрендің?» деймін. Интернетте балаларды əр іске немен, қалай қызықтыру жөнінде мəлімет жетіп артылады. Ата-аналар соны жиі оқыса екен деймін, – дейді Айна.

Қатып қалған стереотиптерден аулағырақ болса. Он жасар қызым жазда лимонад сатқысы келеді. Сат дедім. Жасап берейін. Картонға жаза ма, әлде айқайлап айта ма, өзі біледі. Балаларға еркіндік берген абзал. Бірақ, түсіндіру керек. Қызымнан «сенен ешкім сатып алмауы мүмкін, соны көтере аласың ба?» деп сұрадым. Балалар үшін ата-анасының сенім артқаны маңызды. Өтірік айтқанын біліп тұрып, оған сенетінімді айтамын. Сонда ол да ұялып, өтірігін мойындайды. Немесе өтіріктің ертең бәрібір шеті ашылатынын, сонда қатты ренжитінімді айтамын. Одан да қазір мойындай салғаны жеңіл болатынын түсіндіремін.

Таңшолпан ТӨЛЕГЕН

«Ұлан» газеті, №49
05.12.2017

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз