Бала кезінен еңбек етіп, үлкен жетістікке жеткендер көп. Баланы еңбекке қай жастан араластырған дұрыс? Бұл сұраққа əртүрлі жауап бар. Мəселен, шотландиялық балақай Фрейзер Доэртидің тапқырлығы біздің балаларға да
үлгі. Өзімен қатар балалар ойынның қызығына түсіп жүргенде, ол əжесімен бірге тосап қайнатып жүрді. Замандастары жұмыс іздегенде, бұл алғашқы миллионын тапты. Фрейзер əжесі қайнатқан тосапты қатты жақсы көріпті. Бірде балақайды «Əжем тосапты қалай жасайды?» деген ой мазалайды. Сөйтіп əжесіне көмектеседі. Бір ерекшелігі тосапқа қант қоспайтынын біледі. Көршілерді аралап, тосаптан дəм татқызады. Тапсырыс көбейіп, кіп-кішкентай асүйде мың құтыға жуық тосап қайнатады. Ағасы құтының сыртын сүртіп, этикетка жабыстыруға көмектеседі. Фрейзер 20 жасында «SuperJam» компаниясын ашып, оның түрлі тосабы əлемнің екі мыңнан аса дүкеніне тарайды… Алматыдағы Білімхана мектебінің 11-сынып оқушысы Əйгерім Танысқожинаның мақсаты да айқын. Ата-анама жүк салмай, өз жолымды тапсам дейді.

– Қазір көп адам SMM-мен айналысады. SMM дегеніміз – (Social Media Marketing) əлеуметтік желі (Facebook, Twitter, Google+ жəне т.б.) арқылы компанияның атын қалыптастырып, өнімнің, қызметтің сату көлемін жақсарту.

Инстаграм желісінде жасөспірімдер мен үлкендерге арналған «веснавнутри» парақшасын жүргіземін. Компания өнімдері дұрыс тамақтануды үйретеді. Əсіресе, спортпен айналысатын балаларға керек. Əр тағамның құнарын жазып қояды. Ет, балық өнімдерін қолданады. Тауық етіне жасанды дəрумендер көп қосылатынын біліп, тізімнен алып тастады. Парақшада түрлі байқаулар ұйымдастырып, жарнама жасаймын. Бос уақытымда биге барамын, ҰБТ-ға дайындаламын.

– SMM жүргізуді кім үйретті?

– Бірде америкалық Эшли есімді жеткіншектің 14 жасында жеке сайт ашқанын оқыдым. Бар болғаны жүз доллар жұмсапты. Сайтта интернет қолданушыларға пайдалы мəліметтер жазыпты. Мысалы, аккаунт құрып, мəтінді қалай əдемі жазуға болатынын, сезім туралы өлеңдер, атақты адамдардың суреттерін жариялапты. Жасөспірімдер Эшлидің сайтынан өздеріне керегін тауыпты. Сайт ашылып, үш жылдан соң жеткіншектің табысы миллионға жетіпті. Алматыда оқимын, үйренемін деген балаға мүмкіндік көп. Өзім қызығатын сүйікті іспен айналысқым келді. I-MAP интеллектуалды дамыту орталығына барып, кəсіпкерлік, ақшаны дұрыс жұмсау жайлы сабақ оқыдым. Досым Сұлтан екеуміз бизнеске қызығатын, өзін дамытқысы келетін жеткіншектерге арнап Инстаграмда ofg.kz клубын аштық. Əртүрлі спикерлерді шақырып, қызықты тақырыпта əңгіме айтатынбыз. Өзім SMM жайлы білгенімді үйреттім. Бірақ клуб жұмысын уақытша тоқтаттық. ҰБТ-ға дайындық, клубқа адамдарды шақыру қиын болып кетті… Оқуды таңдауға тура келді. Парақшада барлық жазба сақтаулы, оқуға болады.

– Болашақта қандай мамандық таңдайсың?

– Биыл «Жастар жылы» деп жарияланды. Елбасының: «Жастар, өздеріңе сеніңдер!» – деген сөзі ұнады. Болашағым өз қолымда. НАРХОЗ университетінің Мейрамхана ісі мамандығын оқығым келеді. Анам дизайнер, əкем құрылыс саласының маманы. Інім шахматты жақсы ойнайды. Ата-анам жұмыс істегеніме қарсы болған емес. Керісінше, оқуға қажетті құралдарды өзім алып, үйге көмектескеніме қуанады. Кəсіппен айналысқысы келетін достарыма ештеңеден қорықпаңдар дер едім. Бірақ сабақ оқуға кедергі болмау керек. Адамда мақсат болса, шешілмейтін мəселе жоқ.

Гүлфарида
ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №6
5 ақпан 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз