Ақтаулық оқушы Малика Əлиева өсімдікті автоматты түрде суаратын құрылғы жасады. Ол Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сыныбында оқиды.

– Гүлді бала кезімнен жақсы көремін. Құрылғыны жасауыма осы сезімім əсер етті. Бірде биология кабинетінен биологиялық құрылымы өзгеріске ұшыраған гүлдерді көрдім. Жапырақтары сарғайып, топырақтың табиғи құрылымы өзгеріпті. Оған басты себеп – дұрыс суарылмауы. Осы мəселені шешу үшін автоматты суару құрылғысы ойыма келді. Ойымды робототехника үйірмесінің жетекшісі Бақытжан Мұхаммедке айттым. Ұстазым бірден қолдай кетті. Қажетті құралдарды Қарағанды қаласындағы дүкендерден алдық. Құрылғының алғашқы нұсқасы телефон арқылы қашықтықтан басқарылады. Кейін құрылғының мүмкіндігін кеңінен пайдаланғымыз келді. «Arduinouno» платформасын оқып, нұсқаулығымен таныстық. Жақында Шымкент қаласында «Наурыз кездесулері» атты өнертапқыш балалар арасында сайыс өтті. Өкініштісі, құ- рылғының жұмысы толық бітпегендіктен, сайысқа қатыса алмадым. Мамыр айында сабақ аяқталады. Демалысқа шыққасын құрылғыны тек гүлді емес, бірнеше өсімдікті суаратын деңгейге жеткізгім келеді, – дейді Малика.

– Балалар «Лего констуктор» бағдарламасы бойынша оқиды. Бұл робот жасауды енді үйреніп жүргендерге арнал- ған. Ал «Arduino-uno» бағдарламасы дайын өнім шығаруға мүмкіндік береді. Баланың ойлау қабілетінің дамуына көмектеседі. Физика заңдарын тəжірибе жүзінде түсінеді. Біздің үйірмеде талантты балалар өте көп. Есет «ақылды үй» жасап, жұртты таңдандырды. Сəттіғали зағип жандарға арнап смарт-тақия жасады. Таяуда зағип жандар орталығы үш тақияға тапсырыс берді. Оларға көмек ретінде тегін жасап бермекпіз. Малика өсімдіктерді суаруға арналған құрылғыны бір айда жасап шықты. Бөлме гүлдеріне кейде су құйылмай қалады. Əр гүлдің өсу жолы да əртүрлі. Мысалы, бір гүлді күнде суару керек, ал енді бірін күнде суарса, тамыры солып қалады. Құрылғыға гүлдердің суару уақытын оқитын арнайы бағдарлама енгізсек дейміз. Негізі бұл құрылғы шетелдерде бар. Біз шетелден сатып алмай, өзіміз жасап шықтық. Биотехнолог мамандармен кеңесіп, жылыжайда қолдансақ дейміз. Маңғыстау облысында жел жиі соғады. Ыстық жел суды кептіріп жібереді. Ондай күндері егістікті жиі суару керек. Құрылғыға желді анықтайтын тетік орнаттық. Күн қатты ыстық болғанда, жел соққанда судың мөлшерін көбейтеді. Мектеп ауласына гүл егіп, құрылғымен суарып көрсек дейміз, – дейді робототехника үйірмесінің жетекшісі Бақытжан Мұхаммед.

Гүлфарида Зейнуллина

«Ұлан», №17

25.04.2017

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз