Артық ақшасы болса, əдемі киініп, тəтті тамақ жеуге құмар құрбыларым бар. Олардың таңдауы дұрыс та шығар. Бірақ ата-анаға салмақ салмай, өз бетіңше еңбек еткенге не жетсін?!

Замандасымыз Іңкəр Халиқызының талабына сүйсінесің. Жиырма бір жасында «ШЕФ» аспаздық өнер студиясын ашып, бірнеше адамды жұмыспен қамтып отыр.

Ол Оңтүстік Қазақстан облысының Жетісай қаласында туған. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде «Ағылшын жəне корей тілі» мамандығы бойынша 3-курста оқиды. Іскер қызбен əңгімелесіп, кəсіпті қалай бастағанын сұраған едік.

– «Шеф» аспаздық өнер студиясын ашпас бұрын «Браунис» кондитерлік  дүкенінде жұмыс істедім. Қатардағы сатушыдан басқарушы-менеджерге дейін көтерілдім. Оқу ақысын төлеу үшін жұмыс істеген едім. Ата-анама күш салмай, өз күнімді өзім көрсем дедім. Даяшы, сатушы бола жүріп, халықтың нені қалайтынын білдім. Кондитерлік өнімнің жасалуына қызыға бастадым. Неге кондитерлік өнімдерді қарапайым əрі оңай жолмен үйрететін шеберлік сабақтарын өткізбеске деген ой туды. Жоспарымның жүзеге асуына «Браунис» кондитерлік дүкенінің басшысы Айдос Сайлығараевтың көп көмегі болды.  Қаржы жағынан қиналғанда жылап та алатынмын. Ең алғашқы шеберлік сабағым екі күнге созылды. Бірінші күні жеті адам келсе, екінші күні одан екі есе көп болды. Сараптама жасау арқылы халыққа не керегін білдім.

– Сіздің кəсібіңіздің қоғамға берер пайдасы қандай?

– Ерте есейдім, жұмысқа да ерте араластым. Ата-анам бізді асырау үшін күн-түн демей жұмыс істеп, бізге аз уақыт бөлетін. Күйбең тіршіліктің қамымен ата-ана мен бала арасындағы байланыс шектеліп қалғандай. Кəсібімнің мақсаты  ана мен балаға негізделген. Қатысушыларды жас ерекшелігіне қарай үш топқа бөлдім. Бірінші топ – 4-8 жас, екінші топ – 9-15 жас жəне үшінші топ – 16-18 жастағы жеткіншектер. Үш сағаттың ішінде балаларға түрлі кок-тейл мен тағамның дайындалуын көрсетемін. Бірінші жəне екінші топтағы балалар ата-анасымен бірге дайындайды. Бұл жерде ана мен баланың бір-біріне деген сыйластығы, құрметі күшейеді.

– Сізге тамақ дайындауды кім үйретті?

– Əрине, қыз бала анасына қарап өседі. Тамақ жасауды анам үйретті. Кəсіби тұрғыда неміс аспазы Фридрих Обойковицтен білім алдым. Осы кісіден көп нəрсені үйрендім.

– Алғашқы табысыңыз есіңізде ме?

– Алғаш рет 130 теңге тап-қанмын (күліп). Ол кезде 3-сынып оқушысымын. Ауылда тұрғандықтан, керегімізді қаладағы базардан алатынбыз. Мультфильм кейіпкерлерінің суреті бар жапсырма қағаздар қат болатын. Жапсырма қағазды базардан əкеліп, сыныптағы қыздарға, таныстарыма 10 теңгеден сатқаным бар.

– Бірнеше шет тілін меңгерген екенсіз. Оңтүстік Кореяда оқуға грант жеңіп алыпсыз. Бəріне қалай үлгересіз?  Тіл үйренудің оңай жолдары қандай?

– «Қанша кəсіппен айналыссам, сонша тілді үйренемін» деген мақсат қойдым. Ағылшын, корей, өзбек жəне орыс тілін білемін. Ағылшын тілін жетік меңгергім келді. Орталықта оқу ақылы. Меніоқытуға ата-анамның қаражаты жетпейтін. Корей тілін тегін үйрететін орталық ашылды дегенді естіп, екі ай сол орталықтан сабақ алдым. Корей тілін 8-сыныптан бастап үйрендім. Тілді дамыту үшін киносын қарадым. Кинодағы əртістердің сөздерін жаттап алып, өзімше солардың рөліне кіретінмін. Жастар арасында «F4» сериалындағы басты кейіпкер Ли Мин Хо танымал еді. Актермен кездесемін деп мақсат қойдым. Ол үшін тілді жетік меңгеру керек. Үйде бүкіл заттың корейше аудармасын жазып, іліп қоятынмын. Бұл əдіс көп көмектесті. Оңтүстік Кореяда бір жылдық оқу грантын арнайы тесттен өтіп, жеңіп алдым. Корей тілін бала күнімнен оқығасын ба, маған оңай болды.  Сабақты жақсы оқығаным үшін Кореядан 100 мың теңге көлемінде шəкіртақы аламын.

Жас кəсіпкерлер арасында «Байқоңыр стартап» бизнес жобасына «Шеф» аспаздық өнер студиясы туралы жобамды ұсынып, 200 мың теңгені ұтып алдым. Осы ақшаға шеберлік сабағын өткіздім. Бұл мен үшін мақсатқа жетудегі бір қадам болды.

– Болашақта жеке кəсіп ашқысы келетін «ұландық» достарға қандай кеңес айтасыз?

– Кəсіп ашатын адамның мақсаты мен нақты құрған жоспары болуы керек. Ашатын кəсібінен хабары болуы шарт.Ұялмауы қажет. Даяшы болып жұмыс істеп жүргенімде, көп танысым менсінбей қарайтын. Мен ақшамды адал жолмен тауып жатырмын. Олардың алдында не үшін ұялуым керек?! Сосын мінез болу керек. Ұжымды басқару оңай нəрсе емес. Жұмыстың сапалы болуы басшыға байланысты. Бұл менің бизнес жолымдағы қарапайым ережелер. Стив Джобстың кітаптарын оқуға кеңес беремін.

– Сұқбатыңызға рақмет.

 

Гүлбаршын АМАНКЕЛДІ,
«Ұланның» жас тілшісі.
Қызылорда қаласы

«Ұлан» газеті, №6
6 ақпан 2018 жыл

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз