Ұзақ жыл мерзімді баспасөз саласында әр алуан қызмет атқарған Нығмет Ғабдуллин әдебиеттану ғылымында үлкен орны бар ғалым еді. Ол Қазақтың Абай атындағы педагогика институтында ұстаздық етті. Профессор, филология ғылымдарының докторы атанды.

Нығмет аталарыңның «Менің достарым», «Алғашқы сапар», «Жаңа таныстар», «Құрбылар», «Гүл», «Қызық дәурен», «Өмір, қымбатсың маған», «Сарғайған жапырақ», «Жігер», «Уақыт сыры», «Ғабит Мүсірепов – драматург», «Махаббат жыры» тәрізді көптеген кітаптары жарық көрген.

Қаламгер аударма саласында да өнімді еңбектенді. Жазушы балаларға арнап қалам тартуды да ұмытқан емес.

Кішкентай мұғалім

Бірінші қыркүйек күні Ахмет мектеп есігін алғаш ашқан. Арада бірнеше айлар өткен. Түс мезгілі еді, кітаптарын кішкене құшағына мықтап қысып, сабақтан көңілді қайтқан Ахмет үйге күліп енді.

– Мен өзімнің мамамның және сендердің аттарыңды жаза алатын болдым!– деді ол кішкене інісі мен қарындасына.

– Бізге де үйретесің бе? – деді анау екеуі қосарлана.

– Үйретемін. Ал дайындалыңдар! Қазір… – деп, Ахмет сырт киімдерін шешіп, іліп қойды да, өзінің кітаптары тұратын екінші бөлмеге інісі мен қарындасын жетелеп кіріп кетті.

Оң жақтағы терезе алдында шағын үстел тұр. Ахмет інісі мен қарындасын үстелге жөндеп отырғызып, қағаз бен қарындаш берді. Есеп шығаруға лайықты жасалған, қарамен сызылған, кішірек әдемі тақтаны олардың тура алдына, төрге іліп қойды да, өзінің мұғалімінше тақтаның сол жағында тұрып, балаларға қарады.

– Ал бері қараңдар, – деді інісі мен қарындасына. Ол бойын түзу ұстап, салмақпен сөйледі. Өзін оқытушыдай сезініп тұр. «Қалай бастасам екен?» деп ойлады ішінен. Оның ойына сабақ үстіндегі өз мұғалімінің барлық қимыл-әрекеті, сөйлеген сөзі түсті. Алғашқы сабақта бірінші әріпті өзіне мұғалімнің қалай үйреткені көз алдына келді.

– Мынау әріп – «А», – деді, тақтаға жазылған әріпті көрсетіп. – Сендер де өстіп жазыңдар.

– А… а, – деп қайталады інісі мен қарындасы.

Осы кезде біреу есік ашты. Ол Ахметтің әкесі еді. Балаларының бір үлкен іспен шұғылданып жатқанын көріп, ілгері аттай беріп кідіре қалды. Бірінші сыныпта оқитын ұлының тақтадағы жазуына көзі түсті. Тақтай бетінде бормен үлкен етіп жазған «Алма» деген сөз тұр. Бұл – қызының есімі еді. Кішкене қызы мен кенже ұлы соған қарап, ақ қағазға өздерінше сызғылап жатыр.

Әкесі баласының ісіне разы болып жымиған бойы есікті ақырын жаба қойып, төргі бөлмеге еніп кетті.Ол Ахметтің «сабағы» біткен соң бір-ақ келді. Қызының онша әдемі емес, қисық-қисық жазуларына сүйсіне қарап тұрып:

– Келер жылы жетіге толасың. Сен де мектепке оқуға барасың, –   деді.

Кішкене қыз зор сеніммен айтқан әке сөзіне мақтанғандай:

– Ахметтің айтқанын ұғып алдым! – деп дауыстап жіберді.

– Мен оқытушы боламын, – деді інісі жымыңдап.

Кішкентай мұғалім бұл сөзге қуанып қалды.

 

 

Суретін салған Ерлан Момбаев

«Балдырған» журналы, №1
Қаңтар, 2018

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз