Нұрлан Қоянбаев КВН-нің қарапайым ойыншысынан Қазақстанның ең танымал шоуменіне қалай айналды? Кассалық фильм түсірудің сыры неде? Тұлға ретінде қалай қалыптасты? Əлқисса, əңгімені əріден бастасақ…

– Нұрлан мырза, «Ақ желкен» журналы балалар мен жасөспірімдерге арналғандықтан, балалық шағыңызға тоқталмай өтуге болмайды. Бала Нұрлан қандай болды? Ең жарқын естеліктеріңіз қандай?

– Мен 1979 жылы Қызылорда облысы, Шиелі ауданында тудым. Шиеліде өте жақсы ортада өстім деп айтуға толық негіз бар. Онда КСРО-ның түкпір-түкпірінен Шиелідегі уран өндіретін кəсіпорынға жұмысқа келген білікті мамандармен, жер аудару үдерісінен көшкен неміс, кəріс, поляктармен  көрші боп тұрдық. Түрлі тағамдар, түрлі əндер, біріне бірі ұқсамайтын əдет-ғұрып пен салт-дəстүрлер балалық шағымның ең ыстық сəттері болып жадымда қалды. Қазір əлемнің қай бұрышына барсам да, өзімді Шиеліде жүргендей еркін сезінемін. Расымен де, адамның болашағы өскен ортасына тікелей байланысты деп есептеймін. Менің əкем он ағайынды жəне барлығы дерлік педагогтар. Туған əпкем де педагогика саласын таңдады. Сондықтан менің жаман бала болуға еш хақым жоқ еді. Ауданымызда неше үйірме болса, ата-анам соның барлығына беруге тырысты. Одан бөлек, мектептегі Алтын күз, түрлі қойылымдардың басы-қасында жүрген ұнайтын. Тарихи, биографиялық еңбектерді жата-жастана оқыдым. Олар менің тарих мамандығын таңдауыма ықпал етті. Өнер-білім жағынан бірінен бірі асып түсетін, жүзіктің көзінен өткендей кіл мықтылармен сыныптас болдым, қазір олардың барлығы беделді азаматтарға айналды. Мектеп қабырғасында жүргенде баскетболмен айналыстым жəне əлі де сол ойынға бүйрегім бұрып тұрады. Менің спортқа, əзіл-қалжыңға деген құштарлығым əкемнен берілсе керек. Əкем нағыз спортшы. КСРО кезіндеУкраинадағы атақты спорттық ротада борышын өтеген. Оған екінің бірі қабылдана бермейтін. Əкемнен үйренген ең асыл мінез – біреумен жарыспау. Əр адамның өз сүрлеу-соқпағы бар. Мықты болсаң, өзіңді жеңіп көр. Біреумен жарысқан адам өзін жоғалтады.

– Кім болуды армандадыңыз жəне кімді үлгі тұттыңыз?

– Қазақстан тəуелсіздігін алғанда мен 6-7-сынып оқушысы едім. Сол жылдары барлығымыз президент болуды армандадық. Тіпті, сол тақырыптағы шығармам газет бетінде жарық көрді. Ел басқарудың оңай шаруа еместігін, үлкен жауапкершілік екенін есейгенде түсіндік қой.

– Қазақстан шоу-бизнесінің ең танымал, ең табысты өкілі – Нұрлан Қоянбаев қалай қалыптасты? Қандай белестерден өтті?

– Танымал болу үш ұйықтасам да түсіме кірген емес. КВН ойнауды бастағанда да, танымал болуды мақсат тұтпадық. Біздің алғашқы телевизиялық продюсеріміз – Серік Абас Шах бізді КВН арқылы танып, хабарласты. Сол кісінің бастауымен «Шатақхана» деген тележобамыз дүниеге келді жəне жоғары рейтингке ие бағдарлама болды.Оны да танымал болайық деп жасаған жоқпыз. Бізге «Хабар» арнасы сенім артып отыр, жауапкершілікпен атқарайық деген ой ғана болды.  Қолымызға кəсіби камера берді, режиссеріміз бар. Бар ынтамызды салып жасаған бағдарлама эфирге кетті. Мамыр айында сабақ аяқталды. Стипендиямды алып, Қызылордаға,  плацкарт пойызға билет алдым. Үнемі плацкартпен келіп-кетіп жүрген адаммын ғой. Бірақ бұл жолы бəрі өзгеше, өткен-кеткен адамның бəрі танып жатыр. Жолаушылар бар жылы-жұмсағын алдыма қойып, Шиеліге жеткенше думандатып келдік. Біздің халқымыздың тамаша мінезі бар, сөзбен демеп, қолдап-қолпаштап, көтеріп жібереді.  Танымалдылықтың алғашқы дəмін сол сəтте сезінген шығармын.

– Мəскеудегі КВН арқылы қалың жұртшылыққа танылдыңыз. «Мəскеуді алу» оңай болмаған шығар?

– Ең алғаш ҚазҰУ-да тарих факультетінің студенттері болып, бізден де КВН шықсын, біздің де қыздар жанкүйер болсын деп топ құрдық. Ол кезде бəсекелестік күшті еді. Студенттер өте білімді болды. Қазіргідей «Болашақпен» кетіп қалатындар ілуде біреу, фейсбук, инстаграм секілді əлеуметтік желілер атымен жоқ. Сахнадағы ойыншылардың деңгейі жоғары, залда отырған көрерменнің деңгейі одан да жоғары. Əділқазылар алқасы да өте зиялы адамдар болды. Менің ойымша, бірінші кезекте əділқазылар алқасын мұқият таңдау керек, сонда ғана сахнадағы ойыншылар түзеледі, əзіл сапасы жақсарады.

Мəскеудегі КВН-де бірден жолымыз бола қойған жоқ. Жыл сайын Масляков ТМД бойынша 600-700 команданы Сочиге жинайды. Бұл – 35 жыл бойы өтіп келе жатқан айнымас дəстүр. Масляковтың өзі 600 команданы тыңдап, 300 команданы іріктеп алады. Іріктей келе, эфирге бар жоғы 20 команданы өткізеді. Барлық ойыншы бір қонақ  үйде жатады жəне бұл мекен екі апта бойы дарынды жастардың ордасына айналады. Алғаш рет 1999 жылы барғанда алған əсерімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын.  Барлығы мəдениетті, əнге жақын, əзілге жақын,  сен тұр, мен атайын деген жастар. Мұндай ортаны көрген де арманда, көрмеген де арманда. Алғашқы жолы іріктеуден өтпей қалдық, келер жылы тағы айналып келдік. Онда да дайындығымыз жеткіліксіз болды.  Содан 2000, 2001, 2002 жылдары үзбей барып, 2003 жылы ғана жолымыз болды. Үздік жиырмалықтың қатарына еніп, эфирге шықтық. Бас жүлде алмасақ та, орыстармен, украиндармен, грузиндермен иық тіресе ойнадық, оларға мықты қарсылас болдық. Бізде де дарынды, білімді жастардың бар екенін көрсеттік. Сондағы ойнаған Асқар Бейсембин, Асқар Ұзабаев, Нұртас Адамбайлар қазір режиссерлікпен айналысып, тəп-тəуір фильмдер түсіріп жүр.

– Мəскеу сахнасында өнер көрсетіп, Қазақстанның намысын қорғадыңыз. Францияда ел рухын көтеретін бағдарламаның тізгінін ұстадыңыз. Жұмыс барысында, түсірілім барысында есте қаларлық, балалардың рухын көтеріп,намысын жанитын ерекше оқиғалар болды ма?

– Францияда түсірілген «Намыс Дода» жобасында  Дмитрий Нагиевпен жақсы дос болдық. Бір үзілісте қаптап жүрген қытайларға қарап: «Қытай емес, қазақтардың бір жарым миллиард халық болғанын елестетіп көріңізші», – дедім қалжыңдап. «Құдай сақтасын! Бір жарым миллиард қазақтан қанша боксшы  шығар еді?» –  деп ресейлік əріптесім күліп жатыр. Құдайдың бұйрығы шығар. Аз болсақ та, абыройдан кенде емеспіз. Қай елге барсам да, Қазақстаннан келгенімді естіп, құрмет танытып жатады. Мен де Қазақстанның қазіргі жетістіктерін, тарихымызды, бабаларымыздың қандай батыр болғанын мақтанышпен айтып жүремін.

– Төл жобаңыз – «Түнгі студия» жайлы да сөз қозғамай өте алмаймыз. Көшірме деп мін тағатындар əлі бар ма?

– Мұндай бағдарлама алғаш рет 1964 жылы Америкада көрсетілген екен. «Түнгі студияны» шығарарда франшиза алу үшін ресейлік əріптестеріме бардым. «Авторлық құқықты кімнен алдыңдар? Бізде де осындай жоба болсын, бізде де диванға отырғызатын азаматтар бар», – деп.  Сұрастыра келе, бұл жобаның авторы жоқ екенін білдік. Жаңалықтар, ауа райы болжамы секілді бұл да халыққа кеңінен таралған телеформаттардың бірі. Киноны да ең алғаш түсірген Ч.Чаплин. Сəйкесінше, барлық режиссерді ұры деп атамаймыз ғой. Сол секілді «Түнгі студияны» да көшірме деп атаудың еш реті жоқ.

– Бұл жоба əлемнің барлық елінде бар дейсіз ғой?

– АҚШ, Ұлыбритания, Ресейде бар. Бірақ, кейбір елдерде жоқ. Себебі, оларда шақыратын қонақ жоқ. Танымал тұлғалар өте аз. Түсірсе де, шамамен алпыс бағдарламадан кейін жабылып қалар еді. Ал «Түнгі студияның» жүргізіліп келе жатқанына 5 жылдың жүзі болды. Осыдан-ақ, қазақтың қандай дарынды халық екенін бағамдай беріңіз.

– Телевизия саласында жүргендіктен, киноға қадам басқаныңызды  заңдылық деп білеміз. «Бизнес по-казахски» – киноға деген ерекше махаббатыңыздан туған дүние ме, əлде табыс табу мақсатында жасалған кезекті жоба ма?

– Кино туралы ұсыныс жаным құлазып, жаңашылдықты қалап жүргенде түсті. «Бизнес по-казахски» – режиссердің, сценаристің, продюсердің, жалпы шығармашылық топтың алғашқы фильмі.  Əрине, алғашқы жоба болғандықтан кемшіліктер бар шығар. Əйтсе де, халық арасында мұндай резонанс тудырады деп күткен жоқпыз. Кинотеатрларда билет жетпей жатқанын естігенде өзіміз қайран қалдық. Асқан шедевр түсірдік демеймін, тек бір айтарым экранның ар жағындағы көрермен біздің шынайылығымызды сезді. Бізге бəрі таңсық, бəрі қызық болды. Кино машақатынан қажи қоймаған жандармыз ғой (күліп). Шынында да, өте жақсы ұжым жиналды, сенсеңіз түсірілім барысында бір кикілжің болған жоқ.  Күнде əзіл, күнде думан, тіпті түсірілімнің қалай аяқталғанын сезбей қалдық.  Əрине, кəсіби мамандардың пікірі мен үшін маңызды болды. Кемшін тұстарын сұрап, ақыл-кеңес алдым. Сонда режиссер Ақан Сатаев өте жақсы сөз айтты: «Кинодағы ең үлкен баға – лық толы зал, одан басқасы маңызды емес». Кино түсіріп, шығармашылықпен айналысып, көңілім бір сергіп қалды. Ал халықтың ықыласы еселеп күш бере түскендей. Биыл күзде «Тайландтағы каникулдар» атты жаңа комедияны көрермен назарына ұсынамыз.

– Онда да басты рөлді өзіңіз сомдайсыз ба?

– Шынымды айтсам, кинодағы басты рөл мақсат емес. Еш қолдаусыз, өз қаржымызға түсіргендіктен, танымал актерлерді шақыруға қаражат жетпеді. Аса ауыр драма емес, комедия жанрында түсіргендіктен жəне КВН-нен хабарым болған соң, өз кинома өзім тегін түстім (күлді).

– Ұмытпасам, сіздің негізгі мамандығыңыз тарихшы. Шоу-бизнестегі біраз үзеңгілестеріңіз саясатқа емеурін білдіріп жүр. Сізді саясат ауылынан көре аламыз ба, əлде өмір бойы шығармашылықпен айналысуды қалайсыз ба?

– Ойланып отырсам, КВН-ге де, телевизияға да, киноға да кездейсоқ келген екенмін. Он жылдан кейін қайда жүретінім өзіме беймəлім. Уақыты келгенде өзі сезіледі, қай жерге қажет болсам, сол жерге барамын.

– Сіз бір ұл, бір қыз тəрбиелеп отырған əкесіз. Нұрлан Қоянбаев қандай əке? Балаларына қаншалықты уақыт бөледі?

– Бір ұл, бір қыз тəрбиелеудемін. Бар бос уақытымды балаларға арнауға тырысамын. Өзіңіз білесіз, қысқы аязда сыртқа көп шыға алмаймыз, олардың теледидарға телміріп отырғанын да қаламаймын, содан үй ішінде асыр салып ойнаймыз. Ойынға беріліп, кейде жұмысқа да кешігіп қаламын. Өзім түзде жүргендіктен, балаларға бас-көз болатын адам керек. Ақылдаса келе, жұбайым балалар есейгенше тəрбиемен айналысады деп шештік. Əрине, ол да жұмыс істегісі келеді, мансап құрғысы келеді. Бірақ, дəл қазір біз үшін балалардың тəрбиесі ерекше маңызды. Əзірге олар балабақшаға, балалар театрына, би, ағылшын тілі үйірмелеріне барып жүр. Олардың өмірде өз жолын адаспай тапқанын қалаймын. Сол үшін бар мүмкіндікті жасауға тырысамын.

– Қазіргі Нұрлан Қоянбаевқа «10 жастағы Нұрланмен» тілдесу мүмкіндігі берілсе, бала кездегі өзіңізге қандай кеңес берер едіңіз?

– 25 жасқа дейінгі Нұрланға тиіспеймін, ал 25-тен кейінгі Нұрланмен кездесіп қалсам, біраз сөйлесер едім.

– «10 жасар Нұрланға» айтылған кеңестер Қазақстанның барша баласына айтылған ақыл болса деп едік…

– Қазіргі балаларға ақыл айтудың өзі қиын (күлді). Олар шексіз жылдамдықпен дамып келе жатыр. Тіпті, телефонды қалай қолдануды төрт жасар ұлым өзіме үйретеді. Бір ғана айтарым, көп ойнау керек. Командада өскен бала эгоист болмайды, бауырмал, көпшіл боп өседі. Оның үстіне, балаға сабақты ұрсып оқытқаннан, интеллектуалдық ойын арқылы үйреткен əлдеқайда тиімді деп ойлаймын.

Мектеп оқушыларына арналған шетелдік бағдарламалардың көбейгенін қалаймын. Тым болмаса, бір апта ел көріп, жер таныған бала есейіп келеді.  Озық технологияларды көріп, нағыз күштің білімде жатқанын көрер еді. Ғылым мен білімге ұмтылар еді. Еліне, жеріне деген сүйіспеншілігі артар еді. Қазақтың Стив Джобсы пен Билл Гейстері шығар еді. Тіпті, өзім қырыққа таясам да, шетелде жақсы дамыған «Креативті индустрия» мамандығы бойынша білім алуды армандаймын. Менің ойымша, табыстың формуласы – сүйікті іспен айналысу жəне үздіксіз даму. Отандасымыз Г.Головкин адам айтса нанғысыз тамаша жетістіктерге қол жеткізді. Қарағандыдан шыққан Гена əлемдік бокс жұлдызына айналды. Демек, батылдық танытып, көп тер төксең, алын-байтын қамал жоқ.

– Сұхбат үшін алғыс білдіреміз жəне толағай табыстар тілейміз!

Айжан ҚАСЫМОВА,

Суретті түсірген

Ардагер СƏТБАЕВ

«Ақ желкен» журналы, №1

қаңтар, 2017

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз