Тірлік жасаймын, жетістікке қолжеткіземін деген адамға ештеңе бөгет бола алмайды. Тіпті, жырақта жүргенде де. Мұндай жастардың саны күн санап өсіп келе жатқаны қуантады. Бірі алпауыт елдің беделді компанияларында қызмет жасаса, енді бірі шетелде ашқан кəсібін дөңгелетіп отыр. «Болашақ»

бағдарламасымен оқып жатқан қазақ жастарының сонау Американың төрінде, Нью-Йорк қаласында қазақ тілін үйрететін орталық ашқаны осы сөзіміздің дəлелі. Айжан Жұматаева, Ақбота Тоқсанбаева, Раушан Найза есімді қазақ жастарының бастамасына сəттілік тілеп, өздеріне хабарласқан едік…

 

«Ашылғанымызға бір апта ғана болды. Жасап жатқан жобамыздан еліміздің хабардар болғанына қуанып жатырмыз, – деп əңгімесін бастап кетті ұйымдастырушылардың бірі Айжан. – Орталықтың негізін қалаушылардың барлығы – «Болашақ» бағдарламасының студенттері. Бұл жақта жастардың идеясын қолдап, жобаларын жүзеге асыру бірінші кезекте тұрады. Бізді де еш жатырқамады. Адамдармен тез тіл табысып кеттік. Соның арқасында біздің жобамыз ешқандай кедергісіз жүзеге асты. Бұл орталықты ашу туралы идея жайдан-жай туған жоқ. Арамызда Раушанның отбасы, екі ұлы бар. Америкаға келгеннен кейін екі ұлы да ағылшын тілін бір жылдың ішінде меңгеріп, ана тілін ұмыта бастады. Шетелдегі қазақ отбасыларының барлығы үшін бұл мəселе маңызды екен. Осында ұзақ уақыт болып, күнделікті ана тілін қолданбағандықтан балалары ана тілін ұмытып қалған. Раушан жүрген жерінде қазақ тілін үйрететін орталық ашу туралы жобасын айтып жүреді. Бір күні қыздар мен жігіттер жиналып ақылдастық.

Болашақта аяғымыздан тік тұрып кете аламыз ба, бұл жақтың азаматтары қалай қарайды екен деген уайым да болды. Алайда, «сабақты ине сəтімен» демекші, санаулы уақытта орталығымыз Нью-Йорк университетіндегі Киммел ғимаратынан бой көтерді», – деп Айжан қуанышын жасыра алмады. Əрі қарай əңгімені былайша жалғады:

– Осы жобаны жүзеге асыруда əлеуметтік желінің көп көмегі тиді. Шетелдегі қазақ жастары жұдырықтай жұмылып, əп-сəтте кірісіп кеттік. Дархан деген досымыз университет басшылығымен келісімге келіп, курсты жүргізетін ғимарат тауып берді. Қалғандарымыз əлеуметтік желідегі парақшаларымызға екі тілде хабарландыру ілдік. Көп ұзамай жауап хаттар келіп, байланысқа шыққан қатысушылар да болды. Бір аптада Америкадағы он бес қазақ отбасы қатысуға өтініш білдірді. Əр аптаның бір күні тоқсан минуттан балалармен жұмыс істейміз. Қазақ тілінде тапсырмалар беріп, жаттығу жұмыстарын жүргіземіз. Негізгі бағытымыз – қазақ отбасында тəрбиеленіп жатқан балаларға қазақ тілін үйрету. Қызықты болғаны сонша, ата-аналары келіп, «біз де ұмытыңқырап қалған қазақ сөздерін үйренейікші» дегесін, балалар үзіліске шыққанда отыз минут ата-аналармен сөйлесіп жүрміз. Өткен аптада алғашқы сабақты өткіздік. Қазақ тілінің құрылымын талқыладық. Орталыққа келушілердің жасына шектеу қойылмайды. Орталыққа 2-10 жас аралығындағы балалар келеді. Қазақ тілінің жоспарын Колумбия университетінің студенттері Ақбота Тоқсанбаева мен Айжан Жұматаева дайындады. Келесі аптадан бастап екі топқа бөліп оқытамыз. «Beginner» жəне «Іntermediate» деңгейлеріне жібереміз. Орталықта оқу – тегін.

Айжан əңгіме барысында сабақ барысында кездесетін қызықтарды да жасырып қалмады:

– Орталықта сабақ болып жатқанда сыртта америкалық қыз үнемі күтіп отырады. Сабақ аяқталғаннан кейін ұйымдастырушыларға келіп, достарымен қатысып көргісі келетінін айтты. Біз қуана қарсы алдық. Осыдан бір-екі жыл бұрын Қазақстанға саяхаттап келіпті. Болашақта қазақ тілін үйреніп, зерттеу жұмыстарымен айналысқысы келеді екен. Сонымен бірге, шетелдіктер асырап алған қазақ балалары да орталыққа келіп, қазақ тілін үйренгілері келеді. Ата-аналары «ана тілін ұмытпай жүргені жақсы, біздің де үйренгіміз келеді» деп хабарласты. Келесі аптадан бастап олармен де жұмыс істейміз. Өзге ұлт өкілдері де біздің орталыққа қызығушылық танытып отыр. Орталық тек тіл үйретумен шектелмейді. Қосымша үйірмелер ашу жоспарда бар. Балаларды жалықтырып алмау үшін түрлі ұлттық ойындар өткізіп, бауырсақ таратамыз. Қатысушылар арасында өнерлі балалар болса, солардың əндерін тыңдап, билерін тамашалаймыз. Қылқобыз тартып, домбыра шертетін балалар да бар арамызда. Қазақтан шыққан тұңғыш ғұламалар мен тарихи жерлер туралы мəлімет береміз. Қазақша əндер жаттатамыз. Бір жылға жасалған бағдарламаның ішінде елімізге қатысты барлық мəліметті қамтуға тырыстық.

Осы тұста «Америкадағы балалар бос уақыттарын неге арнайды?» деген сұрақты алға тарттық: Айжан бұл сұрағымызға былай жауап берді:

– Америкадағы балалардың бос уақыты жоқ. Ата-аналары балаларының артық уақыты болмағанын қалайды. Сондықтан түрлі өзін-өзі жетілдіру курстарына апарады. Курс уақытын аптаның жексенбі күніне қойдық. Өйткені, балалар осы күні ғана бос болады екен. Бұл бастаманы аяқсыз қалдырмаймыз. Болашақта үлкен орталыққа айналғымыз келеді. Қазақ тілін құрметтеп, үйренемін деушілерге есігіміз ашық, – деп əңгімесін аяқтады Айжан.

Шетелдегі қазақ жастарының бір-біріне демеу болып, қолдап жүргендеріне қуанасың. Жұдырықтай жұмылған жастардың игі ісі жалғасын таба бергей!

 

Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

«Ұлан» газеті, №46

14.11.2017

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз