Қазақ қаламгерлеріне осындай сұрақ қойып, жақсы хабар алып қойғымыз келді. Оның ар жағында – болашақта не оқитынымызды білу. Тынымбай Нұрмағамбетовтың жауап бермесін білсем де, хабарластым. «Керегі жоқ, – деді бірден. – Қазақстанда 800 жазушы бар ғой, солардан ала берсеңші», – деді нәумез. Әрине, оған бола көңіл-күйіміз түсе қойған жоқ. Сүйікті жазушымыз не ұсынса да, ерекше әсер алатынымызға сендік…                         

Есенғали РАУШАНОВ, ақын:

– Жазып жүрген жоқпын, оқып жүрмін. Қайтадан. Соңғы екі айда Виктор Гюгоның үш романын қайта оқып шықтым, «Собор Парижской богоматери», «Человек который смеётся», «Отверженные». Соңғысының «соққысы» есеңгіретіп кетті, бірақ Достаевскийдің бұл романды неге «Қылмыс пен жазадан» биік қойғанын әлі түсіне алмай жүрмін.

Несіпбек ДӘУТАЙҰЛЫ, жазушы:

– Шынымды айтайын, мен қазір нені жазуды, неге жазуды, қалай жазуды білемін. Менің қасіретім – не жазуды таппай жүрмін. Ойда жүрген нәрселер бар. Бірақ әлі жазғам жоқ.

Әрбір кісінің кісіиесі болады. Оның не екенін білмей жүрміз. Бізге кім ие өзі?! Біз оны байқай бермейміз. Біздің тағдырымыз сол тылсым құдіреттің қолында деп ойлаймын. Енді осыны қалай айту керек? Қандай детальдар арқылы айту керек? Осы ойдың мазалап жүргеніне көп болды. Бастап жазып та көрдім. Біреулер көріп, қазақ әдебиетінде жоқ образ екен дегендей әңгіме айтты. Бірақ ол менің ойымдағыдай шықпай тұр. Енді соны қайта жазсам деп жүрген жағдайым бар. Күллі дүниенің иесі Құдай екенін білеміз. Онымен қоса бізді қолдап-қорғап жүретін тылсым құдіреттер бар. Азғындаудың өзі соған бағынбай, соны мойындамаудан шыға ма деп қорқамын. Осындай ойым бар. Оның қашан, қалай шығатынын білмеймін. Жер мен көкті байланыстыратын бір құбылыстар бар деп есептеймін. Біздің тағдырымыз сонда. Біздің Құдайға қарсылығымыздың барлығы сол елеусіздіктен, ойланбаудан, кесепатттықтан шығатын сияқты. Жаман әрекеттің барлығы, түптеп келгенде, адамның Құдайға – Жаратушыға қарсылығы ғой.

Сұмдық шығарма жазып жатырмын деп өтірік айта алмаймын.

Тыныштықбек ӘБДІДӘКІМҰЛЫ:

– Өлеңдер, афоризмдер жазып жүрмін. Тағы бір жинақ берсем бе деймін. Оның ар жағында «Аңқымам» бар. Семей полигоны туралы, сосын қарындасымның басынан өткен қайғы-қасіреті жөнінде поэма жазсам ба деп ойлап жүрмін.

Бексұлтан НҰРЖЕКЕҰЛЫ, жазушы:

– Орбұлақ көтерілісі туралы жазып жүрмін. Роман бола ма, повесть бола ма, белгісіз. Тарихи хикая деп қойдым әзірге. Бұйырса, күзге дейін бітірсем, сол кезде оқырманға жетіп те қалар.

Тұрсынжан ШАПАЙ, сыншы:

 – Әр түрлі тақырыпта жазылып жатқан нәрселер бар. Айта берген де дұрыс болмайды. Ойға алған нәрселер бар. Тақырыптарым тарихи емес, қазіргі уақыттағы жағдайлар, қазіргі адамдар туралы. Бұрын Абай шығармашылығына қатысты біраз дүниелер жазғам, соны жалғастырып жатырмын.

Нұрғали Ораз, жазушы: – Әр кезде қойын дәптеріме қысқа-қысқа этюдтер жазып жүртінмін. Қазір соларды қарап, өңдеп, мерзімдік басылымдарға ұсынып қоямын. Бір жақсысы, қайда барсам да, «оқыдым, ұнады» деген пікірді жиі естимін. Содан да болар, көңілімде тағы да біраз жаңа, қызықты этюдтер  жазсам деген құштарлық та пайда болады. Себебі, қазіргі жұрттың көпшілігі қысқа дүниелерді тез-тез оқып шығып, іштей соны қанағат тұтатын секілді.

Бұған, әрине, бүгінгі тіршілігіміз себеп болып тұр. Шындығында, қалың-қалың томдарды, әлемдік классиканы рақаттанып отырып оқитындай заман қайда-а…

Роман, повесть жазсам деген арман менен бірте-бірте алыстап бара жатқан секілді. Соған өкінемін. Кейде жылт етіп үміт оты оянатын кездер де болады.

Светқали НҰРЖАН, ақын:

– Өзімнің төл поэзиялық шығармаларымның 7-ші томы – «Айтеміз» деген кітапты аяқтадым. «Айтеміз» деген – айдың бетіндегі дақ. «Шығыс аяны», «Батыс баяны» деген екі том аудармаларым бітіп тұр. Қалған 4 том кітабым қара сөзбен жазылған. «Мағдауият майданы» деген кітабымның жартысын бітірсем, әзірге құрған жоспарым аяқталады деп есептеймін. Қалғанын Құдай көрсетеді. Жақында «Шамдалдағы нұр» деген кітабым шығайын деп жатыр. «Балбалдағы жыр» деген кітап та дайын тұр. Жалпы, жақында үш том өлең сыйлаймын.

Дайындаған Асылан БІРЖАНҰЛЫ

“Ақ желкен” (№3, наурыз 2018 жыл)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз