Қолға алған дәстүрімізді ары қарай жалғастыруға ниеттіміз. Қаламгерлердің не жазып, не түртіп жүргенін шалғайдағы оқырмандарымыз да білсін дедік. Мақсатымыз – ақын-жазушылар мен оқырмандардың арасындағы байланысты арттыру. Ендеше, мархабат!

Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы-драматург:

– Айтуын айтып алып, орындай алмай қалудан қорқамын (күлді). Қазір жазу деген сиреп қалды, дегенмен шет жағасын айтайын. Екі пьесаны ойлап жүрмін. Біреуі – «Ақкелін» деген Арқада болған өте қызық оқиға.  Екіншісі – «Гилгамеш». Осы туралы жазу керек деп баяғыдан бері ойлап жүргем. Бұйырса, осыларды бітірем бе деген ойым бар. Дүниежүзінің жазба әдебиеті Еуропада басталған деген қатып қалған қағида бар. «Гилгамеш» соның тас-талқанын шығарды. Евфрат пен Тигр өзендерінің бойындағы шумерлер бар емес пе, солардың жазбаларының барлығы балшықта жазылған. Ол біздің дәуірімізге дейінгі XVIII-XVII ғасырлардағы кітап. Мұны бірнеше жылдан бері оқып, зерттеп жүрмін. Алғашқы кітап Еуропада емес, Шығыста пайда болған. Кітаптың ерекшелігі – ішінде бүгінде біз пайдаланып жүрген адам аттары кездеседі. Сондай-ақ көптеген атау түркі тіліне жақын. Қазақтың он шақты сөзі соның ішінде жүр. Енді көп созбай осыны тезірек жазып бітіруім керек.

Темірхан МЕДЕТБЕК, ақын:

– Біраз өмірді сүрдік. Қазір жетпіс үштемін. Өмірдің ащысын да, тұщысын да көрдік. Осы Алматыда талай пәтер жалдап тұрдық, әр жерде жұмыс істедік, жұмыссыз қалдық. Содан кейін мен Маңғыстауға кеттім. Ол жақта мұнай барлау экспедицияларында жұмыс істедім. Ары қарай өмірім басқаша болды. Бәрін жинақтап өлеңдер жаздық. Оның барлығын жұрт біледі. Қазір бір жылдан асты, «Көргендерім мен көңілге түйгендерім» дейтін көлемді монография жазып жатырмын. Басымнан өткен бүкіл өмірім, қоғамда болып жатқан оқиғалар, өткен-кеткен туралы, о дүниелік болған адамдардың өмірі мен қазіргілер туралы жазып бастадым. Бәрі бір-бірімен сабақтас дүниелер. Біразы жазылды, әлі де жаза түсемін.

Мейірхан АҚДӘУЛЕТ, ақын:

– Қазір аудармамен айналысып жүрмін. Оның ішінде тарихи аудармамен. Сосын өзімнің журналымның шаруаларымен айналысып жатырмын. Аздап түртіп қоятынымыз болмаса, керемет жазып жүрмін деп айта алмаймын. Соңғы жылдары Ирина Ерофеева деген тарихшымыз бүкіл қазақтардың жасамаған шаруасын жасады. Біріншісі – Әбілқайыр хан туралы «Хан Абулхаир: полководец, правитель и политик» деген өте шынайы, нақты фактілерге негізделген кітап, екіншісі былтыр шыққан Бөгенбай батыр туралы «Рыцарь – звания чести» деген кітап. Соларды жақында аударып бітірдім. Биыл шығу керек.

Исраил САПАРБАЙ, ақын:

– Құдайға шүкір, қазір әдеби-музыкалық кештерімді өткізіп жүрмін, ғаламторға, фейсбук желісіне өлеңдерім, мақалаларым шығып тұрады. «Не жазып жүрсіз?» деген маған лайық сұрақ емес сияқты. Тағы да шүкір деп айтайын, не жазып жүргенімді оқырман біледі. Одан да өсіп келе жатқан жастардың интеллектуалдық деңгейі қалай, өлең жазып жүр ме, немен айналысып жатыр, соған бет бұру керек.

Асқар АЛТАЙ, жазушы:

– Қазір бір тарихи тақырыпта пьеса жазып жатырмын. Пьеса бола ма, болмай ма, білмеймін. Басқа да дүниелерім бар, оларды әлі бастамадым. Туған жер туралы үлкен дүние жазсам деймін. Былтыр «Таганка» деген әңгіме жазғам, сол әлі жарыққа шықпады. Әлі уақыты келген жоқ. Дайындық кезеңдерінде жүрмін.

Дидар АМАНТАЙ, жазушы:

 – Үш романды қолға алдым. Жартысынан астамын бітірдім. Біріншісі – «Жарық жол», екіншісі  – орысша жазылып жатқан «Философский словарь», үшіншісі – «Пұт-кітап». Бір-екі күнде «Үрімшіде» деген әңгімемді жазуым керек. Бастап қойдым. Сосын философиялық жұмыстар жазып жатырмын. «Қазақ мұраты: ұлттық мәтін және дүниежүзілік контекст» деген философиялық еңбек бастадым. Жиырмасыншы ғасырдағы қазақ туралы «Отырықшы қазақ өркениеті» деген дүниені жазсам деп жүрмін. Әзірге жоспарларым осы.

 

 

Жазып алған Жандарбек ЖҰМАҒҰЛОВ

«Ақ желкен» журналы, №7
Шілде, 2018

1 ПІКІР

  1. Дулат ағаның Гильгамеш жайлы айтқан ойы көптеген қазақтың көкейінде жүрген нәрсе еді.Тіпті, Пирстің деңгейіндегі семиотик Олжас ағамыздың өзі мұны тек емеуріндетіп қана қойып еді…
    …Мейірхан ағанікі Бөгенбай ма,әлде Бөкенбай ма?

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз