«Ақ желкен» журналы осындай жақсы бір дәстүрді қолға алды. Мұның артында «Бұл не үшін керек?» деген сауал жататыны сөзсіз. Былай жауап беріп көрейік: Біріншіден, əдеби атмосферада сергектік пайда болар-ды. екіншіден, қаламгерлерде ынта мен ықылас артады, үшіншіден, оқырман тарапынан  қаламгерлер лабораториясына жақындай түсіп, шығармашылық тыныс-тіршілігін сезінуге мүмкіндік артады. Сонымен кім не жазып жүр?

Төлен ӘБДІКҰЛЫ, жазушы:

– Қазір ауырып жүрмін. Жақында ауруханадан шықтым. Ұсақ-түйек шаруалар. Бір журнал шығаратынымды білесіңдер, бұрылатын шама болмай жатыр. Бір повесть жазып жатырмын. Бітпей жатқан шығарманың несін айтайын? Екі повесть бастадым. Біреуін амандық болса бітірем бе деп отырмын. Тақырыбы – махаббат. Ол жалпы махаббат тақырыбында. Оның ішінде басқа да мәселелер бар. Жазылып бітпеген шығарманы талдауға болмайды. 

Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ,  жазушы:

– Менің жасым сексеннен асып кетті. Қазір жазуды тоқтаттым. Бұрынғы жазғандарымды, кейбір кітаптарымды қайта шығарумен  айналысып жүрмін.

 

 

Мархабат БАЙҒҰТ, жазушы: 

– Кекілбаев айтқандай, жазып жүрген нәрсемді жасырып ұстаймын, жазатынымды айта бермеймін. Осы ұстанымдағы адаммын. Дегенмен, айтайын. Қазір хикаят жазып жүрмін. Шынымды айтсам, бұл бір сұлу әйел туралы. Ерекше сұлу әйел болғандықтан оған шал да, жігіт те ғашық болады. Қазір өзі ғашық болғыштар көп қой. Ол әйел не істерін білмей қатты сасады.  Тіпті бизнесмен де, депутат та оның соңынан қалмайды. Ол әйтеуір жолын тауып құтылып кетіп отырады. Қазір бұл өте күрделі мәселе болып отыр. Қазақтың қыздарының тағдырына олар ғана емес, біздер, еркектер де кінәліміз-ау деген ойды көркем шығарма арқылы қоғамға айтқым келеді.

Ертай АШЫҚБАЕВ, ақын:

– Бітпеген нәрсе туралы айтқым келмейді. Сәбит Баймолдин деген ақынды білесің бе? Білмейсіңдер. Ол өз заманында жаңалықты нәрселер жазуға тырысқан адам. Соңында көптеген жақсы дүниелер қалды. Оны заманында Мұқағали мақтаған. Мұқағали әдеби жыл қорытындысында баяндама жасап, сонда осы Сәбит Баймолдиннің кітабы шықты, аты «Қызыл іңір» болу керек, соған жақсы пікір айтқан. Өмірзақ Қожамұратов екеуін мықтап мақтаған. Кезінде ол туралы Әбіш Кекілбаев жазды. Содан кейін ешкім жазбай кетті. Негізі ол еуропалық білімі бар, өте сауатты адам болды. Аспирантурада оқыған. Сол заманда өлеңдерін жаңашылқыпен жазуға тырысты. Біздің жазып жүрген жаңашылдығымыздың біразын осы кісі жазды кезінде. Бірақ, сол еңбегі бағаланбай қалды. Әдеби ортаның аузына ілікпеді. Оның себебін түсінбеймін. Мінезі де кез келген адамның мінезі сияқты емес, ешкіммен жұғысқан да жоқ, тіке жүріп, тік тұрған адам ғой. Содан ба деп ойлаймын. Сол кісінің шығармашылығы туралы көлемді дүние жазып жатырмын.

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ, ақын:

– Мен қазір көп жазып жүрмін. Мынау «Інжілдің» «Адам Ата Хауа Ана» деген тақырыбы бар, соған қатысты «Жас Алаш» газетіне «Сайтанның сайран құруы» деген поэмам шықты. Одан кейін тағы осы «Жас Алашқа» «Хауа Ананың босануы» деген дүнием шықты. Дәл қазір «Абыл мен Қабыл» деген поэма жазып жатырмын.

 

Маралтай РАЙЫМБЕКҰЛЫ, ақын:

– Қазір өлеңдер жазып жүрміз. Басқа не жазамыз? Адамның жазып жатқан дүниесі туралы айтқанды аса қолай көрмеймін. Өйткені бұл әлі жазылып бітпеген, ойда жүрген нәрселер. Олар да түйенің ботасы сияқты, мойны бір қисайса қайта орнына тұрмай қалады. Не жазып жүргені әркімнің ішкі құпиясы, өзінің әлемі, жан сыры. Сондықтан оны жарияға жар салып айтудың қажеті жоқ сияқты. Бірақ әр түрлі тақырыпта өлеңдер жазып жатырмыз. Бүкіл әлемнің тақырыбы өмір мен өлімнен тұрады ғой. Өмірдің ұстыны «Тәурат», «Забур», «Құран», «Інжіл» – бәрінің айтатыны бір сөз. Ол сөз мынау ұлы даладағы алғашқы пайғамбар Заратуштраның сөзі бар, «Ізгі ой ойла, ізгі сөз сөйле, ізгі іс тындыр» дейтін үш қағидат. Сол сияқты қаламгердің де, жалпы өнер адамының да айтатын нәрсесі «Ізгі ой ойлау, ізгі сөз сөйлеу, ізгі іс тындыру». Айтарым осы.

Жазып алған  Жандарбек ЖҰМАҒҰЛОВ

«Ақ желкен» журналы, №5
Мамыр, 2018

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз