Назым Қызайбайды сұқбатқа шақырғанымда, «кез келген уақытта келе беріңіз» дегенін естіп, ішім жылып қалды. Таңмен таласып, боксшы бойжеткен жаттығып жүрген спорт мектебіне бардым. Таңғы жаттығудан жаңа кеп жатқан беті екен. Жуынып-шайынып, әлденіп алғаннан кейін, кофе ішіп таныса бастадық. Назыммен қыздар жайлы, сұлулықтың сыры жөнінде сырласқым келетінін айтқанымда: «Көбіне журналистер спорт, бокс жөнінде сұрайтын. Бір нәрсені қайталау да қызық емес қой. Жігіттер туралы да сұрақ қоясыз ба?» деп әзілімен қағытты.

– Барлық уақытым жаттығу залында өтеді. Қазақстан біріншілігіне дайындалып жатырмын, – деп бастады әңгімесін Назым. – Өмірді қайтадан бастауға мұрсат берсе, айналып спортқа келер едім. Бала күнімде заң саласына қатты қызықтым. Тергеу жұмыстары ұнайтын. Спортқа он бес жасымда келдім. Бұл кезеңде қыз бала болғаннан кейін дене бітіміңде өзгеріс пайда болатыны белгілі. Бойжеткен болып қалыптасатын шақ. Ата-анамның қарсылығына қарамай, бокс үйірмесіне барып жүрдім. Бала кезімнен көйлек кигенді ұнатпадым. Әуелде анам ұрсып, көйлек кигізіп қоятын. Мектептен қайтып, көйлекті шешкенше асығатынмын. Ағам мен інім бола тұра, даланың жұмыстарын солармен бірге істедім. Үйде бұзылып қалған жиһаздарды жөндей беремін. Әкем өзіне керекті құрал-саймандарының барлығын менен сұрайтын. Отын жару, су әкелу менің сүйікті жұмыстарым еді. Әпкемнің «үйді сыпырып, еденді жу» деген тапсырмасын орындамай, бақшада жүретінмін. Көпбалалы отбасы болғаннан кейін, ата-анама салмақ салмауды ойладым. Әлі күнге дейін мына жарыста жеңсем, ақша келеді, оны ата-анама апарып беремін» деген ой тұрады. Бала күнімде жеке белесебетім болса деп армандадым. Әкеме айтуға ұялып, өзім ақша жинадым. Ауылымыздың іргесінде егіс алқабы болатын, сол жерде жұмыс істедім. Ерте тұрып тоғыз қапты түптеймін. Басшысы мың төрт жүз теңгеге келіскен еді, жеті жүз теңге ғана қолыма ұстатты. Қатты ызаландым. Бұл ақшаға белесебет келмейді ғой деп, балмұздақ алып, қалған тиынды анама үйге азық-түлік алыңыз деп әкеліп бергенім есімде. 2008 жылы Бақыт Сәрсекбаев олимпиададан алтын алғаннан кейін мен де шаршы алаңға шығып, алтын алуды мақсат тұттым. Он жылға жуықтаса да, әлі сол мақсатпен өмір сүріп келемін. Ең алғашқы мойныма таққан медалімнің құрамындағы алтынын ойлап тұрдым. Жеңіс баспалдағында тұрып, «мынаны ломбардқа өткізсе, қанша ақша болады екен? Көп ақша болып, оны анама апарып берсем, бір қуанып қалар еді» деп ойлағанымды несін жасырайын, – деді арманшыл қыз.


Назымның әзіл аралас әңгімесін жалықпай тыңдай бергің келеді. Өмірге құштар кейіпкердің бойынан қазақы қызға тән ұяңдық, аздап балалық аңғалдық пен спортқа деген шексіз сүйіспеншілікті байқадық. Қазақ тарихында мақтануға тұрарлық талай тау тұлғалар болды, бүгін де ол ізді үзбей жалғап жүргендер бар. Назым – сол қатарда. Кейіпкеріміздің құрбылары бір әулеттің шаңырағын ұстап отырған ибалы келін, ана атанып үлгеріпті. «Қандай жігіттер ұнайды?» және «Жігіттерге қоятын талабыңыз қандай?» деген сұрақты төтесінен қойдық.
– Төбелескенді қатты жақсы көремін. Бауырларыма тиіскен балаларды аямай сабап тастайтынмын. Жігіттер менің боксшы екенімді білгенде, тартынып қалатын. Бірақ қазір шаршы алаңда ғана күшімді көрсетемін. Жеке өмірде әлсіз болғым келеді. Өткенде бір құрбым жігітпен киноға барыпты. Құрбым барлық жағдайын жасаған, ешкімге мұқтаж болғысы келмейтін. Киноның ақшасын да бойбермей өзі төлепті. Қасындағы жігіттің қандай ыңғайсыз жағдайда қалғанын ойлай беріңіз. Мен ер азаматтардан күшті болғым келмейді. Шылым шегуге әуес жігіттерді ұнатпаймын. Болашағы бар, мақсатына жете алатын жігіттің көкірегінен итермеспін. Бізде уақыт тығыз. Өзімізге берілетін уақыт 4-5 сағат қана. Қалған уақыттың барлығын залда өткіземін. Аспанға қарап жатып, қиялдап кететін әдетім бар. Ауыр соққы алып, жарақатың жаныңа батқанда боксты тастап кеткің келеді. Бірақ елімнің қоржынын алтынмен толтырам деген уәдем ойыма түседі. Менен дәл осылай махаббат пен сұлулық туралы ешкім де сұрамапты. Ылғи да әңгіме спорт пен бокс тақырыбына ауып кетеді. Осы күнге дейін сұлулық салонының есігін ашпағанмын десем, сенесіз бе?!. Әсемдікке әуелден құмар болмадым. Бетін түзетіп, ернін үлкейтіп, кірпік жапсыратын қыздарды түсінбейтін шығармын. Бет-әлпетіме өзгеріс енгізуден, ине салдырудан қатты қорқамын. Шашымды өсіргім келген, өте ыңғайсыз болды. Сосын бұрынғы шаш үлгіме қайтып оралдым. Өзіме ыңғайлы киімдерді киемін. Соңғы рет гардеробымнан қашан көйлек алып кигенім есімде жоқ.

Біздің қоғамда негатив өте көп қой. Әлеуметтік желіге бір фото жүктесең, астына неше түрлі жағымсыз пікірлер жазылады. Көйлек киіп түссең, «жараспайды» деп жазады. Спорттық киіммен жүрсең, «қазақ қыздары бұлай жүрмеген» деп «ұрсып береді». Қазіргі қоғам біреуді жамандап, даттауға әбден үйреніп алды. Оны естіп те, оқып та жүрміз. Мен «өсекші» сайттарды оқымаймын. Телефоныма да жүктемеймін. Елімізде қандай ауыс-түйістер болып жатыр, қандай басшылар келді деген секілді ақпараттарды ғана оқимын. Қазақ спортшылары туралы ақпаратты дұрыс бермейтін басылымдарды ашпаймын, – дейді ел жаңалықтарынан да алыс жүрмейтін спортшы ару.
Көңілі ауса былғары қолғабын аяқ-табаққа айырбастап, ас үй тірлігіне де араласатынын айтып қалды. Назым керемет аспаз көрінеді. «Кішкентай кезімде даланың тірлігіне әуес болғаныммен, алдымдағы әпкелеріме де көмектесіп, үй жинап, тамақ пісірдім. Әлі күнге дейін ас үйге бір кірсем, шыға алмай қалатын әдетім бар», – деп жымиды. Бос уақытының аздығына қарамастан жата-жастанып, әлем әдебиетін оқуға аңсары ауады екен. Мотивациялық сюжетке құрылған көркем шығармалар ұнайтынын да айтып қалды. Бір сағатқа жуық әңгімелесіппіз. Кетерімде үлкен сары алманы беріп тұрып: «Журнал шыққанда әкеліп беріңізші. Анам мен шық-қан барлық газет-журналдың тігіндісін жасайды. Көріп, қуа-нып қалар еді», – деді. Назымның қайсар да нәзік болмысына сүй-сініп қайттық. 

Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

«Ақ желкен» журналы, №5
Мамыр, 2018

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз