Əдетте Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы десе, математика, физика, химия, биология пəндерін жақсы оқып, ағылшын тілінде еркін сөйлейтін балалар көз алдымызға келеді. Жақында біз Қызылорда қаласындағы Назарбаев мектебінің 7-сынып оқушысы Нұрай Өмірзақовамен таныстық. Ол Абайдың 200-ден аса өлеңі мен Шəкəрімнің 60-қа жуық  шығармасын жатқа біледі…

Ауылдағы қарапайым мектепте оқып жүріп-ақ, Назарбаев мектебінің емтихандарын тапсырған. Ендеше, ауыл балалары үшін де еліміздегі ең үздік мектеп алынбайтын қамал емес екен. Біз Нұраймен сұхбат барысында соны аңғардық. Нұрайдың əңгімесі қаладағы достарына ой салып, ауылдағы балалардың арманын ұштай түседі деген ойдамыз.

«Арал ауданының Құлша елдімекенінде дүниеге келгем. 2016 жылы химия-биология бағыты бойынша оқытатын  Назарбаев зияткерлік мектебіне түстім. Абай оқуларының аудандық, облыстық, республикалық сайыстарына қатысып, жүлделі болғам», – деп бастады əңгімесін Нұрай.

Ұлан: Абайдың өлеңдерін қалай жаттап жүрсің?

Нұрай: Əдебиет пəнінен беретін апайым Абай оқуларына қатысуыма ұсыныс жасады. Сөйтіп 5-сыныптан бастап Абай атамыздың өлеңдерін жаттай бастадым.

Ұлан: Абай оқуларынан жүлдемен оралдың ғой?

Нұрай: Иə, алғыс хат, сосын Абай атамыздың кітабын сыйға алдым.

Ұлан: Қазір сен химия-биология бағытында оқытатын мектепте оқисың. Бірақ, өзің əдебиетке жақын екенсің. Тағы кімдерді оқып жүрсің?

Нұрай: Шəкəрім атамыздың өлеңдерін жатқа оқимын. Мұхтар Шахановтың рухты жырлары да тез жатталады.

Ұлан: Ауылда оқып жүріп, Назарбаев мектебінде оқу мүмкіндігіне ие болдың. Ол мектепке кез келген оқушыны ала бермейді. Емтихандары да біршама қиын екен. Ауыл баласына Назарбаев мектебіне түсу қаншалықты қиын немесе жеңілдік бар ма?

Нұрай: Назарбаев мектебіне түсу үшін ауылдағы математика пəнінен беретін Шыныгүл деген апайым екі жыл дайындады. Анамның жетелеуімен ағылшын тілінен 2-3 рет қосымша дəріс алдым.

Ұлан: Ағылшын тіліне анаң дайындады ма сонда?

Нұрай: Жоқ, анам орыс тілі пəнінің мұғалімі.

Ұлан: Демек, ағылшын тілің бұрыннан жақсы болды ғой?

Нұрай: Шүкір. Бірақ, емтихан кезінде еркін сөйледім деп айта алмаймын. Осы жаққа келіп үйрендім. Емтиханда ауыл баласы екенімді ескеріп, ағылшыныма кешіріммен қараған болуы керек (күліп).

Ұлан: Ауыл балалары Назарбаев мектебіне түсу үшін қалай дайындалу керек?

Нұрай: Негізінен ауыл балалары тілден қиналады. Орыс жəне ағылшын тілінде сөйлейтін орта жоқ болғандықтан, аса қызыға бермейді. Ауылда тілдік қорыңды жаттықтыру үшін көп сөздік жаттап, кітап оқу керек. Сосын математика сабағына көбірек ден қойған жөн. Дегенмен, қазақта «бақ шаба ма, бап шаба ма?» деген сөз бар.

Ұлан: Назарбаев мектебіндегі өмірің  мен ауылдағы өміріңнің айырмашылығы бар ма?

Нұрай: Ауылда бəрі кешірімді сияқты көрінетін. Еркін сезінетінсің. Мұнда келгелі уақытымның басым бөлігі мектепте өтеді. Қалған кезде жатақханадамын. Менің хоббиім – кітап оқу.

Ұлан: Соңғы оқыған кітабың қандай?

Нұрай: Дэн Браунның «Циф-ровая крепость» деген кітабы. Оның алдында «Абай жолын» оқыдым.

Ұлан: Назарбаев мектебінде оқитын балалар əдебиетке қаншалықты жақын екен? Қазіргі балалар қай бағыттағы, қай жанрдағы шығармаларды ұнатады?

Нұрай: Бұрын мен де бұл мектепке түспей тұрғанда, «Назарбаев мектебінің балалары химия, биология, математика, физика, ағылшын тілі деген сабақтарға ғана қатты көңіл бөледі» деп ойлайтынмын. Сөйтсем, менікі қате түсінік екен. Мұндағы балалар əдебиетке  ауылдағы достарымнан да жақын болып шықты. Мысалы, мектебімізде «Қазақтың жүз кітап, жүз əні» деген бағдарлама бар. Сол бағдарлама бойынша кітап оқып, əн жаттаймыз. Бағдарлама аясында демалыс кездері əртүрлі сайыстар болады. Халық əнін айтып, оқыған кітабымызды талқылаймыз. Бірақ, сол бағдарламамен шектеліп қалып жатқан ешкім жоқ.  Өз бетінше ізденушілер көп. Бір рет кітап оқып дағдылансаң, ол сенің өміріңе үнемі қажетті екенін сезініп тұрасың.

Қазіргі кезде жастар фантастика, детектив жанрындағы шығармаларды көбірек ұнататын сияқты. Өзім де детектив жанрын сүйіп оқимын. Алайда менің өміріме «Абай жолы» қатты əсер етті. Қазақ не айтса да, Абайға сүйенеді. Кішкентай кезімізден Абайды естіп, оқып келеміз. Біз табынған Абай да ауылдың қарапайым баласы екен ғой, сөйтсек. Абайды Абай еткен еңбегі екен. Ендеше, өзі айтпақшы, «ондай болмақ қайда?» деп өзімізді жасытпауымыз керек. Абай да кəдімгі біз сияқты бала болған.

Ұлан: Назарбаев мектебіне келген кезде білімділігімен, жетістігімен əсер еткен ерекше балалар болды ма?

Нұрай: Алғаш келген сəттен-ақ байқағаным, мұнда «ең мықты оқушы» деген ұғым жоқ екен. Əрқайсысының мақтана көрсететін марапаты жетерлік. Сондықтан, бəрінің жетістігі құрметке лайық. Оларды бөліп-жара алмайсың.

Ұлан: Болашақта кім болғың келеді?

Нұрай: Саясаткер болғым келеді. Назарбаев университетінде оқысам деймін.

Ұлан: Назарбаев мектебінің балалары əлеуметтік желіде отыра ма? Қандай əлеуметтік желіні пайдаланасыңдар?

Нұрай: «В контакте» желісінде аккаунттары бар. Бірақ, оның өзіне ақпарат алмасу үшін ғана кіреді. Сабақ үстінде ұялы телефон ұстамаймыз. Жатақханада да тəрбиешілеріміз қатаң қадағалайды.

Ұлан: Алғаш Назарбаев мектебіне түскенде ауылды қимай, қиналған боларсың?

Нұрай: Əрине, қимастық болады. Ата-анам осы мектепке оқитыныма қатты қуанды. Осындай мектепте оқу  идеясын анам айтқан. Ол кісі мұғалім, əкем кітапханашы. Үйдің тұңғышы болғасын маған көп жауапкершілік жүктелген. Менен кейін үш бауырым бар. Мен қалайда соларға үлгі болуым керек қой. Қазір ауылға тоқсан біткенде ғана бара аламын. Өйткені, жол ұзақ, апталық, мерекелік  демалыстарда үлгермейсің.

Ұлан: Қазір сабағыңның бəрі «бес» пе?

Нұрай: «4» бар, ағылшын тілінен…

Ұлан: Оны да түзеп аларсың. Тек биіктен көріне бер!

Жадыра НАРМАХАНОВА

«Ұлан», №9

28.02.2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз