Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мəліметінше, адам денсаулығының он пайызы ғана медициналық көмектің сапасына байланысты екен. Қалғаны қоршаған орта, өмір сүру салты, генетикалық факторларға тəуелді. Жүрегі қысылып немесе есінен танып қалған көшедегі бейтаныс адамға көмек көрсетуді білеміз бе? Өткенде Астанада өкінішті жағдай болды. Автобуста бір апаның жүрек талмасы ұстап, құлайды. Егер апаға сол жерде жүрек-өкпе реанимациясын жасаса, сауығып кетер еді. Өкініштісі, жедел жəрдем келгенше алғашқы көмек көрсететін адам табылмайды.

Əлемде инфаркт пен инсульттен жылына 15 миллион адам көз жұмады екен. Біздің елімізде жыл сайын инсульттің өзінен 50000-ға жуық адам дүниеден өтеді. Ол үшін инфаркт пен инсультті ажыратып алайық. Инфаркт – қанның жетіспеуіне байланысты тірі ағзадағы жасуша мен ұлпалардың өлуі. Ал инсульт ми ұлпасының зақымдалуына байланысты, ми қызметінің, мидағы қан айналысының кенеттен бұзылуынан миға қан құйылады немесе ми тамырлары бітеліп қалады. Дəрігерге дейінгі алғашқы көмек көрсету, əсіресе, өте жиі кездесетін инфаркт пен инсульт кезінде керек. Мұндайда қандай жəрдем бере аламыз? Ол үшін мамандардың кеңесіне назар аударайық. Көшеден жүрегін ұстап, қысылып отырған адамды көрдіңіз. Алғашқы əрекет – сұрау. «Сізге көмек қажет емес пе, не болды?» деп міндетті түрде сұрау қажет. Адам ес-түсін білмесе, қасында ересек адам жоқ бала болса, рұқсат сұраудың да қажеті жоқ, бірден көмекке ұмтылу керек. Сондай-ақөз-өзіне қол жұмсау əрекеті, яғни суицид болған жағдайда рұқсат сұрамай көмек көрсете бересіз. Көмек көрсетер алдында қауіпсіздігіңізді ұмытпағаныңыз жөн. Жан-жағыңызға қарап, ешнəрсе құлап жатпағанын, өміріңізге қауіп төнбейтінін нақтылағаныңыз дұрыс. Сөмкеңізде ылғи медициналық қолғап, дəке болғаны абзал. Көмек көрсету-дің алғашқы əрекеті – лезде жедел жəрдем шақыру. Ауырып отырған адаммен сөйлескенде, көзбе-көз тіке қарап, үстінен төніп тұрмай тіл табысу қажет. Өйткені ол алдымен психологиялық дайындық. Сосын «өзім білемге» салынып, дəрі беруге құқығыңыз жоқ. Дəрі тағайындау үшін нау-қастың ауруын білуіңіз қажет. Ал сіз дəрігер емессіз, көшеде өтіп бара жатқан қала тұрғынысыз. Дəрінің атауын білсеңіз де, құрамын білмейсіз. Мүмкін дəрінің құрамында науқастың денсаулығына кері əсер беретін қоспа бар шығар. Егер науқастың қалтасында не сөмкесінде дəрісі болса, өз дəрісін ішкізесіз. Көшеде болса, міндетті түрде жаныңызға бірге көмек көрсететін адамды шақырыңыз. Ол өзіңіз үшін маңызды. Біріншіден көмекші болса, бір жағынан куəгер. Мысалы, ауырып отырған адам есін жиған соң сізге сан түрлі жала жабуы мүмкін. «Сөмкемді ұрлап кетті», «денсаулығымды нашарлатқан дəрі берді» деуі мүмкін. Нақақтан-нақақ айыптаса, көмекшіңіз ондай артық əрекеттердің болмағанын дəлелдейді.

Тағы бір жағдай: оқудан немесе жұмыстан келе жатырсыз. Жолда танымайтын адамның жатқанын көрдіңіз. Міндетті түрде жан-жағыңызға қарап,  қауіпсіздік сақтаңыз. Мүмкін ол адамды ток ұрған шығар. Құрылыс алаңы болса, өміріңізге қауіп төніп тұрмағанына көз жеткізіп алыңыз. Ес-түссіз жатқан адамның жанына барып, қолыңызды шапалақтап немесе екі иығынан ұрып: «Бауырым, сізге не болды? Көмек қажет пе?» – деп сұрауыңыз қажет. Бірден көшеде өтіп бара жатқан адамға жедел жəрдем шақыртасыз. Оның да өзіндік ережесі бар. Өтіп бара жатқан адамға міндетті түрде «қара пальтодағы азамат, жедел жəрдем шақырыңыз» деп айтасыз. Егер науқас сіз қойған сұрақтарға жауап бермесе, тыныс алуын тексересіз. Тұрғындар есін білмейтін адамның мұрнына айнаны жақындатады. Бұл дұрыс емес. Қыстыгүні сөмкеңізден шығарған айнаның буланып кетуі заңдылық қой. Тыныс алуда үш сөзді жаттап алғаныңыз жөн. «Сеземін, естимін, көремін». Мүмкіндік болса, тыныс жолын ашу үшін күштемей басын шалқайтамыз. Мұрынның тұсынан басыңызды еңкейтіп, тыныс алуын тексересіз. Бетіңізбен сезесіз, құлағыңызбен естисіз, көзіңізбен кеудесінің көтеріліп жатқанын көресіз. Тыныс алуын 5-10 секунд аралығында тексеруіңіз қажет. Ал ендігі əрекет қандай? Зардап шегуші шалқасынан жатқандықтан тілін жұтып алу қаупі бар. Сол қолын оң жақ бетіне қойып, өзіңіз ұстайсыз да, аяғын бүгіп, бір сəтте өзіңізге қарай тартқанда, зардап шегуші қырынан жата қалады. Тілін жұтпаса, жедел жəрдемді күтесіз. Науқастың тыныс алуы болмаса, жүрегі тоқтады деген сөз. Сондықтан бірден  жүрек-өкпе реанимациясын жасаймыз. Алдымен мойнын қысып тұрған бөкебай немесе жейденің түймесін ағытамыз. Жүректі табудың ең оңай тəсілін жасаймыз. Қолымызды қолтығының тұсынан өткізіп, дəл ортасына келеміз де, алақанымызды бірінің үстіне бірін қойып, үш бөлікке бөліп, 30 рет массаж жасаймыз. Үш рет осы жаттығуды қайталаймыз. Əр жаттығудан соң «Сеземін, естимін, көремін» нұсқаулығы бойынша тыныс алуын тексереміз. Науқас ондай əрекеттерге де жауап қайтармаса, жасанды тыныс беру керек. Алдымен аузын ашып, дəкемен ауыз қуысын тазалап аласыз. Мүмкін аузында тамақ қалдықтары немесе сағыз бар шығар. Тазалап алған соң басын шалқайтып, аузын ашып, дəке төсеп, сол қолыңызбен мұрнын қысып, оң қолыңызбен иегін ұстап, жасанды тыныс бересіз. Оны үш рет қайталап, тыныс алуын тексересіз. Егер науқас тыныс алса, бəрекелді! Сіз бір адамның өмірін құтқарып қалдыңыз. Кез келген адам дəрігерге дейінгі алғашқы көмекті білгені дұрыс.

 

Назым САПАРОВА,
«Ұланның» жас тілшісі,
ҚазҰУ филология жəне əлем
тілдері факультетінің
1-курс студенті

«Ұлан» газеті, №8
20 ақпан 2018 жыл

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз