Тимур Рысбеков туралы алғаш жас жазушы, IT маманы Мейіржан Жылқыбайдан естідік. Оның жасаған роботтары мен жаңалықтары туралы естігенде еріксіз «іштен оқып туған» деген тіркес ойыма оралды. Шетелде білім алып, мамандық меңгеріп келген Тимурдың бір өзінде оннан астам патент бар. Өзі əлі мектепте оқиды. Оның жасаған роботтары түрлі қабілетке ие. Ол қазақша бағдарламалау тілін де жасап шығарған. Жас та болса өз қатарынан озық ойымен ерекшеленетін Тимур Рысбековтен жетістігінің сырын сұраған екен.

Ұлан: Бұрын нені армандайтын едің? Арман-мақсаттарың орындалды ма?

Тимур: Мен өзімнің армандарыма басты мақсатым деп қарадым. Алғашқы мақсатым – күрделі программалық архитектуралар жасауды үйрену, өз білімімді іс жүзінде қолдануды үйрену жəне жаңасына қол жеткізу еді. Осы мақсаттарға қол жеткізе отырып қана үлкен жобалар жасап, арманымды ақиқатқа айналдырдым.

Ұлан: Əлі жас екеніңе қарамастан сені өз заманының ерекше адамы деуге əбден болады. Мұндай жетістіктерге жетуге не көмектесті деп ойлайсың?

Тимур: Менің ойымша, адам кез келген жаста жетістікке жете алады. Жетістік жас талғамайды. Ол үшін ең алдымен өзіңнің негізгі басымдықтарыңды анықтап алуың керек. Жетістікке жету үшін тəуекелшіл болу керек. Кейде өзіңе қажет нəрсеге қол жеткізу үшін басқа нəрсені құрбандыққа шалуға тура келеді. Батыл адамдар жиі қателеседі, алайда жетістікке жиі жететін де солар.

Ұлан: Сені не шабыттандырады?

Тимур: Мені шабыттандыратын нəрсе – жобаларым мен формулаларым арқылы адамдарға қолұшын беру, көмегімді тигізу. Менің ойымша, өмірдің мəні тек қана жетістікке қол жеткізуде емес, өмірдің мəні – адамзат тарихында өз қолтаңбаңды қалдыру, əлемді жақсы жағына өзгертуге теңізге тамған тамшыдай болсын үлес қосу. Робот жасау кезінде жаңа технология ойлап табуды мақсат еттім, ол технология жаһандық мəселелерді шешуге бағытталған. Адамзатқа пайдалы, қажетті қызмет жасап жатырмын ғой деген ойдың өзі маған шабыт сыйлайды.

Ұлан: Өзіңнің атқарып жатқан шаруаларыңа көңілің тола ма?

Тимур: Дəл қазір жұмыстарыма ризамын. 2017 жылдың сəуір айында NASA-да менің еңбегім жоғары бағаланып, Австралия жеріндегі тау қазбалары компаниясында сынама таңдау ісінде қолданылды. Одан бөлек, Новокузнецк қаласында мəліметтерді сараптау процесінде де менің жұмыстарым пайдаланылды. Новокузнецк маңындағы елдімекендерде марганец өндірудің зиянды тұстарын анықтап, қаншама адамның марганецтен улануының алдын алдық. Адамзатқа пайдамды тигізгенім үшін қуаныштымын. Еңбегімнің нəтижесін осындай көрсеткішпен өлшейтін болғандықтан, дəл қазіргі сəтте өз ісіме көңілім толады.

Ұлан: Робот жасау өнерін меңгеру нақты мақсатың болды ма, əлде бұл хоббиден туындады ма?

Тимур: Менің мақсаттарым мен хоббиім өзара тығыз байланысты. Адам өзіне ұнайтын іспен айналысса ғана жақсы нəтижеге қол жеткізе алады деп ойлаймын.

Ұлан: Егер робототехника болмағанда өзіңді басқа қай салада елестететін едің? Роботтан өзге не жасағың келеді?

Тимур: Негізі менің ең алғашқы жобам робототехника саласына қатысты болмауы да мүмкін еді. Себебі алғашында ғылыми есептеулер жүйесіне деген қызығушылығым зор еді. Алайда, Қазақстанда ғылыми есептеулермен айналысатындар көп емес, сондықтан алгоритмдерімді робот жасауда қолдануды дұрыс деп шештім.

Ұлан: Осы жолда саған кімдер қолдау көрсетті? Сен жасап жатқан дүниелерге ата-анаңның, жақындарың мен достарыңның көзқарасы қандай?

Тимур: Алғашында жаңа нəрсе жасауға ұмтылғанымда маған қолдау көрсетіп, сенім білдірген жақындарым көп болды. Əсіресе, əжемнің қолдауы мені үнемі шабыттандыратын. Канадада оқып, сол жерде жұмыс істеп жүрген кезде жақындарымның қолдауына мұқтаж едім. Сол уақытта  барынша қолдаған адамдарға алғысым шексіз.

Ұлан: Егер Marvel саған фильміне түсуге ұсыныс жасаса, кімнің рөлін сомдауды қалайтын едің?

Тимур: Марвелдің фильмдеріне түсу технологияны меңгерген əрбір адамның арманы шығар. Егер маған Марвелдің фильміне түсуге ұсыныс жасалса, ойланбастан Тони Старктің образын таңдайтын едім. Тони Старк екеумізге ортақ нəрсе көп екенін сеземін. Əсіресе, экзо-қаңқа мен АR ақылды құрылғым мені Тони Старкпен байланыстырады.

Ұлан: Болашаққа қандай жоспарларың бар?

Тимур: Болашақта өзімнің роботтарым туралы фильм түсіргім келеді. Осы фильм арқылы өзім сияқты көптеген баланың ғылыммен айналысуына түрткі болсам деймін. Сондай-ақ өзімнің роботтарымның технологияларын əртүрлі салаға енгізгім келеді. Ол мейлі медицина, экология, тау-кен ісі,  білім беру саласы болсын, бір пайдасын тигізетініне сенімдімін. Мысалы, қазір айналысып жатқан соңғы жобам құтқарушылар мен əскерилерге көп пайдасын тигізе алады. Ақылды AR шлем визуалды түрде қосымша ақпараттарды көрсетіп тұрады. Иə, дəл кинодағыдай! Əзірге бұл жобамның теңдесі жоқ. Мұндай шлем АҚШ-тың өзінде алдағы жиырма жылда ғана жасалмақ.

Ұлан: Кумирің бар ма? Кімді үлгі тұтасың?

Тимур: Менің кумирім – Никола Тесла. Ол адамзатқа пайдалы көптеген жаңалық ашты. Мысалы, адамзат баласы үздіксіз ток жүйесі үшін осы кісіге қарыздар. Қазақтың Никола Тесласы болғым келеді.

 

 

Дана МАРАТОВА
Владимир Численскийдің суреттері

«Ұлан» газеті, №1
2 қаңтар 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз