ЖАЗДА ҚАЛАЙ, ҚЫСТА ҚАЛАЙ ЖАЙЫЛАДЫ?

Пайымыңның аздығын
Ара-тұра ойыңа ал.
Мал атаулы жазды күн
Желге қарап жайылар.

Беліңді бу белдікпен,
Жылы киін,
Тойып ал.
Қысты күні мал біткен
Ыққа қарап жайылар.

ЖЫЛҚЫ НЕДЕН ҚОРҚАДЫ? ТҮЙЕ НЕДЕН ҚОРҚАДЫ?

Ішер судың тазасын,
Сүйер оты ебелек.
Жылқылардың мазасын
Қашырады бөгелек.

Ұнар жердің сортаңы,
Жатады аунап ол оған.
Ал түйелер қорқады
Ұзын тұмсық сонадан.

ЖАПАЛАҚ

Ұнатады жапалақ
Қараңғыда ұшқанды.
Қанға шөлдеп қаталап,
Қағып жейді тышқанды.

Ұстап жейді шыңғыртып,
Өртесе аштық өзегін,
Жайылатын түнде үркіп
Қоянның жас көжегін.

Қиянатын бұл анық
Қараңғыда істейді.
Сол ісінен ұялып,
Күндіз көзге түспейді.

АЮ

Оны жыртқыш аң дей ме,
Бар ма тартар жазасы?
Жасыл тоғай – заң бейне,
Аю – оның қожасы.

Беріп жүр ол кімге есе,
Байқа, мейлің, байқама.
Дана халық білмесе,
Әлгіндей сөз айта ма!

Үңгірі – әсем шатыр-ды,
Демес оны тар мекен.
Алты ай ұйықтар батырды
Көргендерің бар ма екен!

Жүреді аңдар жоламай,
Алысқанын қан қылар.
Қонжықтары баладай
Жидек құмар, бал құмар.
ТҮЛКІ

Жеткізбейді қашқанда,
Амал табар сасқанда.
Жолықтырып кетеді
Қуғыншыны басқа аңға.

Аңқауларды күлкі ғып,
Бір жығылар,
Бір тұрып.
Қыстың күні қарға аунап,
Шыға келер құлпырып.
ӘҢГІМЕШІЛ ҚОЯНДАР

Модақұмар қалалық
Кербез қыздар секілді
Екі қоян дем алып,
Жағажайда отырды.

Әр нәрсені тізбелеп,
Уақыттары бос өтті.
«Ағайынды бізге»,– деп,
Мақтап қойды есекті.

Талай сөзді тамамдап,
Мүлдем ауыз жаппады.
Жұрттың бәрін жамандап,
Ал өздерін мақтады.

«Жүрісі жан шошынар»,–
Деп пілді де тілдеді.
«Киімімді осылар
Ұрлап кетіп жүр»,– деді.

Әңгімені, досым-ау,
Қиыстырар шын шебер.
Қояндардың осынау
Айтқанына кім сенер!
ТАЙЛАҚ МҰРНЫ ТЕСІЛДІ

Салды дағы ойнақты,
У-шу қылды аймақты.
Қозы-лақтың талайын
Қуып жүріп жайратты.

Мұны көріп қалды да,
Шақырып ап алдына,
Ашуланды енесі,
Дір-дір етіп денесі.

– Іс қыласың ойламай,
Болмас сені байламай.
Қозы-лақта нең қалды,
Өз теңіңмен ойнамай?

Болмаған соң сыңарың,
Басылмайды-ау құмарың.
Аузы жеңіл ешкінің
Тепкенің не лағын?

Таудай биік түйеміз,
Татулықты сүйеміз.
Салады енді мұрындық
Көріп қойса иеміз.

– Ұғам, апа, ойыңды,
Мазақтады бойымды.
Жатыр енді өздері
Көтере алмай ойынды.

– Дұрыс, – деді өз ісім,
Айтса оның да сөзі шын.
«Сол керек, – деп, – өзіңе»,–
Ұрысты қой қозысын.

«Аяғымен қайратты
Лағымды жайратты»,–
Деп ақымақ тайлақты
Ешкі келіп байлатты.

«Мұның сырын ұғындық,
Барып тұрған зұлымдық.
Иіс алмас мұрнына
Салу керек мұрындық», –

Деп айтқан соң кесімді,
Тайлақ мұрны тесілді.
Сол ешкінің қылынан
Ала бұйда есілді.

КӨБЕЛЕК

Қанатын көп қақпайды,
Қалбаң-қалбаң ұшады.
Құлағына жақпайды
Құйқылжыған құс әні.

Жаңбыр жауса себелеп,
Жасырынып қалатын,
Түрлі жіппен көбелек
Кестелеген қанатын.

«Балдырған» журналы, №8
Қыркүйек, 2018

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз