Елімізде өнертапқыш жастардың легі күн санап көбеюде. Журналымыздың өткен сандарында «SMART» тақия ойлап тапқан ақтаулық жігіт туралы жазған болатынбыз. Осы жолғы қоғамның қызу талқысына түсіп жатқан алматылық Нұрлан Қамбаров домбыраның мобильдік қосымшасын ойлап тапты. Өзінің айтуы бойынша, қолыңызда домбыра болмаған жағдайда, ұялы телефонның көмегімен қалаған күйіңізді тартып, әніңізді шырқай беруге домбыраның мобильдік қосымшасы болады екен. Қызыққанымыз сонша, ұялы телефонымызға сол мезетте жүктеп алып, сұрағымызды жаудырдық.

– Нұрлан, Сүлейман Демирел университетінің студенті екенсіз. Қазір елімізде оқу орындарының беделі артып келеді. Демирел университеті туралы да әңгіме көп. Дегенмен, сіздің сұранысыңызды қанағаттандыра ма?

– СДУ-дың ерекшелігі – барлық сабақтар ағылшын тілінде жүреді. Оқытушы мен студент арасында байланыс бар. Үзіліс кезінде асханаға барып, мұғаліммен еркін сөйлесіп, пікірлесе аласыз. Ақыл-кеңестерін тыңдауға болады. Бірақ, аудиторияда басқаша боламыз. Мұғалімнің айтқанын орындап, тапсырмалар аламыз. Олар тиісті бағамызды қойып береді.

– Ғылымға толықтай бет бұрдыңыз ба, әлде басқа салаға ауысу ойыңызда бар ма?

– ІТ саласына қатты қызығамын. Бір істі аяқтамай кетіп қала алмаймын. Болашақта ғылыми-техникалық бағытта еңбек етемін. Басқа салаға ауыспаймын.

– Енді өзіңізді елге танытқан мобильді қосымша туралы айтып беріңізші… Бұл алғашқы жобаңыз ба?

– «Домбыра» мобильді қосымшасының өзіміздің ұлттық аспабымыз – домбырадан айырмашылығы жоқ. Тек менікі мобильдік нұсқасы. Кез келген уақытта ұялы телефоныңызға «App Store» көмегімен тегін жүктеп аласыз. Біздің ұлттық аспабымыздың үнін қалаған уақытта тыңдауға болады. Домбыра үйренем деушілерге де пайдалы.

– Идея қайдан келді?

– Биыл ЭКСПО көрмесіне бардым. Барлық елдің павильонында болдым. Олар ұлттық құндылықтарын жаңа технологиямен көрсетіп жатты. Маған сол кезде ой келді. «Неге біздің қолымыздан осы нәрсе келмейді?» – деп ойладым. Содан ұлттық аспабымыз домбыраның мобильді нұсқасын жасағым келді. Көп уақыт кетті. Ойымдағыдай жасап шығардым.

– Не себепті домбыраны таңдадыңыз?

– Мобильді қосымшалардың жинағы «App Store» деп аталады. Соны ақтарғанымда домбыраның мобильді нұсқасы болмады. Сондықтан тың дүние жасап шығарарымды білдім де, домбыраны таңдадым.

– Арман Сүлейменовпен қайдан танысып жүрсіз? Ол сізге қандай кеңес берді?

– Осы жазда Арман Сүлейменовтің «nFactorial Incuba Incubator» жобасы дүниеге келді. Сол жобасына қатыстым. Технологияның тілін тереңнен меңгергім келді. Бар күшімді жобамның сәтті шығуына салдым. Арман ағамның көмегі көп болды. Ол технология ғылымының әліппесінен бастап үйретті. Ойлап тапқан дүниемнің халыққа пайдалы жағын да түсіндіріп берді. Болашақта ол кісімен бірнеше жоба дайындаймыз.

– Болашақта басқа ұлттық аспаптарды үйрететін мобильді қосымша құрастыру ойда бар ма?

– Тоғызқұмалақтың мобильді нұсқасын жасауды бастап кеттім. Сәтті шығып жатса, назарларыңызға ұсынамын. Оны да ғылым жолындағы үйретушім Арман Сүлейменовтің көмегімен дайындап жатырмын.

– «Андройд» версиясы арқылы пайдалануға бола ма?

– Алдымен «Аpple» өнімдерінен бастадық. Жақын арада «Андройд» нұсқасымен де домбыра үйренулеріңізге болады.

– Осы жобаңыз сізге қанша табыс әкелді?

– Бұл жоба материалды табыс әкелген жоқ. Себебі, «App Store»-ға тегін қосымша ретінде жүктедім. Өзіңіз де әп-сәтте жүктеп алдыңыз. Менің алғашқы сәтті жобам болғандықтан, табысынан гөрі тәжірибесі маңыздырақ болды.

– Шетелде болдыңыз ба? Шетел жастарының ғылымға қызығушылығы қалай екен?

– Шетелдерде болдым. Білім алуға емес, демалуға ғана бардым. Менің салам бойынша Корея, Қытай, Американың жас ғалымдары мықты. Болашақта солармен тәжірибе алмасқым келеді.

– Біліміңізді шетелде жалғастырасыз ба?

– «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алғым келеді. Өйткені, технологияның тамыры шетелде екені анық. Индустрия мен жаңа технологияның қыр-сырын әлі көп білуім керек.

– Техника саласынан басқа не қызықтырады?

– Фотоға түсіргенді жақсы көремін. Бос уақытымда бейнероликтер жасаймын.

– Әлемге әйгілі өнертапқыш ғалымдардың жетістікке жету құпиясы болады. Сіздің «құпияңыз» қандай?

– Менің жобаларымның ешқандай құпиясы жоқ. Әлемге әйгілі болғанда жетістіктерімнің құпиясын жасайтын шығармын (күліп). Отбасымда анам мен әкем бар. Назарбаев мектебінде оқитын інім бар. Әкем – мемлекеттік қызметкер, анам үй шаруасында. Олар – менің қолдаушыларым. Жетістіктеріме үнемі қуанып отырады. Журналистер менің туған жерім туралы дұрыс ақпарат бермей жүр. Мен Алматы қаласында туып-өскенмін. Шымкент дегенді қайдан шығарып жүргендерін түсінбедім.

– Назарбаев университетінде қандай курсқа барып жүрсіз? Ол жақтан не үйреніп жатырсыз?

– 2015 жылы Арман Сүлейменов жас ғалымдарға арналған «nFactorial Incubator»  курсын ашты. Сол курсқа қатысып жүрмін. Астана қаласындағы Назарбаев университетінің жанынан құрылған. Курстың мақсаты – жас ғалымдарға индустрия мен жаңа технологияның әліппесінен бастап үйрету. Оқу жүйесі бойынша он екі апта оқимыз. Алғашқы төрт аптада мобильді қосымшалардың дизайндары мен құрылымын зерттейміз. «iPhone мен Android» мобильді маркаларымен танысамыз. Қалған сегіз аптасында әркім өзінің жеке мобильді қосымшасын ойлап табады.

– Әңгімеңізге рахмет!

Дайындаған Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

«Ақ желкен» журналы, №9
Қыркүйек, 2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз