Қазақстанның еркін күрес шеберлері тарихта ешқашан әлем чемпионы атанып көрмеген. Осы бір атақты иеленуге Нұрислам Санаевтың керемет мүмкіндігі болған. Бірақ тағы да бұйырмай кетті…

Қазақстанда еркін күрес 1950 жылдардан бері қарай дами бастады. Оның алдында еркін күрес 1938 жылы Алматыда өткізілген тұңғыш республикалық спартакиаданың бағдарламасына енгізілген болатын. Ал толыққанды Қазақстан чемпионы 1951 жылы ұйымдастырылыпты. Қазақ жастары арасынан ең алғаш болып спорт шебері нормативін Қабден Байдосов орындаған.

Еліміз тәуелсіздік алғанша еркін күрестен КСРО чемпионатында еліміздің 7 спортшысы топ жарған. Олардың арасында марқұм Әбілсейіт Айханов пен оның шәкірті Аманжол Бұғыбаев бар.

Кейіннен Қазақстан жеке дербес ел болғанда грек-рим күресінің балуандарымен салыстырғанда, еркін күресті серік еткендер әлем чемпионатында аса көп олжа сала қоймаған. 1991 жылдан бері тек үш балуанымыз ғана дүниежүзілік чемпионаттың финалына шыққан. Ең алғаш 1995 жылы Атлантада Елмәди Жабырайылов күміс медаль жеңіп алған. Шешенстанның тумасы Қазақстан азаматтығын алмас бұрын Олимпиада ойындары мен әлем чемпионатында жүлде еншілеп, әбден танылып қалған болатын.

Одан кейінгі финалды осыдан екі жыл бұрын көрдік. Батыс Қазақстан облысының тумасы Нұрлан Бекжанов Будапештегі әлем чемпионатының финалында күресті. Өкінішке қарай, шешуші бәсекеде ресейлік Магомед  Курбаналиевтен ұтылды. Десек те, Бекжанов еркін күрестен әлем чемпионатының финалында белдескен тұңғыш қазақ екенін айта кетуіміз керек.

Енді, міне, биыл Қазақстанның намысын қорғаған тағы бір балуан Нұрислам Санаевтың әлем чемпионы атануға керемет мүмкіндігі болған.

Араға бір жыл салып, күрес түрлерінен әлем чемпионатын Мажарстанның астанасы Будапешт қаласы қабылдады. 57 келіде күрескен Санаев финалға дейін алқынбай жетті.

Алдымен, Самоадан келген Джоша Файлаугудың осал тұсын оңай тапты – 10:0. Украиналық Армен Аракелян да қарсылық көрсетпеді (10:0). Ширек финалда түрік Сүлейман Атлет біраз тырысқанымен, бәрібір жеңілді (11:6). Жартылай финалда АҚШ балуаны Томас Патрик Гилман жерлесімізді тоқтатады дегендер көп болған. Бірақ былтыр ғана әлем чемпионатының күмісін алған Гилман бір де бір ұпай еншілей алмай, қарсыласының мықтылығын мойындады (11:0).

Финал бірден сол күні өткен жоқ, жарыстың бағдарламасына сәйкес ертесіне қалды. Алтын жүлде үшін таласта Санаевты ресейлік Заур Угуев күтіп тұрған.

Екеуі бұрын бір-бірімен кездеспесе де, жақсы танитыны анық. Нұрислам Қазақстанның атынан қатысып жатқанымен, бауырлас екі ұлттың баласы.

Сонымен, көптен күткен финал да басталды. Заур есепте алға шықса, Санаев жылдам теңестіріп отырды. Өкінішке қарай, кездесу аяқталуға санаулы секундтар қалғанда төрешілер ресейлік балуанның жейдесінен ұстаған деп, қарсыласына бір ұпай жазып берді. Сөйтіп, Нұрислам әлем чемпионы атанатын керемет мүмкіндіктен айырылды. 27 жастағы балуан кездесуден кейін көз жасына ерік беріп, өзіне қиянат жасалғанына ренжігенін байқатты.

Шәкіртіне опасыздық жасалып жатқанда боз кілемнің жиегінде отырған бапкері ортаға орамал тастап,төрешіге белдесуді қайта қарауды сұрауы керек. Бірақ біздің бапкерден ондай ширақтық байқалмады. Тіпті қазақстандықтың ұтылып жатқанына еш реакция білдірмеген бапкердің есімі  – Маирбек Юсупов. Кезінде дағыстандық балуандарды жаттықтырған. Бүгінгі таңда Қазақстан құрамасының консультанты. Юсуповтың бұл әрекетіне күмәнмен қарап жатқандар көп. Оған себеп те жоқ емес.

Өйткені Қазақстанға Ресей Федерациясындағы күресі дамыған Дағыстан, Шешенстан секілді мемлекеттерден келетін легионерлердің осындай ірі жарыстарда отандастарына жол беретіні жиі кездеседі.

2004 жылы грек-рим күресінен Афина Олимпиадасының финалында 120 келіде белдескен Георгий Цурцмияның әрекетін жұртшылық жақсы біледі. Сол секілді 2008 жылы Пекин Олимпиадасының финалында Теймураз Тигиев те жеңісті өз қолымен ұстата салған болатын. Мұндай мысалдар жетерлік.

Бірақ бұл жолы біз балуан Нұрислам Санаевты кінәлаудан аулақпыз. Ол аянып қалған жоқ. Бар кінә оны боз кілемге алып шыққан дағыстандық Маирбек Юсупов та болып тұр. Қазақстанға келген бапкерлер үнемі ұйықтап жүреді. 2016 жылы Рио Олимпиадасында Нұрислам грузин балуаны Владимир Хенчигашвилиден өте күмәнді түрде жеңілген кезде де, сол кездегі бас бапкер Сергей Белоглазовқа бәрібір болған.

2012 жылы Лондон Олимпиадасында Ақжүрек Таңатаровты үнді балуаны қалай жеңгенін жақсы білесіздер. Осындай кезде спортшыларымызға қолдау көрсетіп, шәкірті үшін жанұшыратын бапкер мен басшылықтың жоқтығы бізді қынжылтады.

Еркін күрестен Қазақстан құрамасының әлем чемпионаттарындағы көрсеткіштері мынандай:

  • 1993 жыл – медаль жоқ.
  • 1994 жыл – медаль жоқ.
  • 1995 жыл – бір күміс медаль. Елмәди Жабырайылов (шешен, легионер).
  • 1997 жыл – бір қола медаль. Мәулен Мамыров.
  • 1998 жыл – медаль жоқ.
  • 1999 жыл – медаль жоқ.
  • 2001 жыл – медаль жоқ.
  • 2002 жыл – медаль жоқ.
  • 2003 жыл – бір қола медаль. Геннадий Лалиев (осетин, легионер).
  • 2005 жыл – бір қола медаль. Магомед Куруглиев.
  • 2006 жыл – медаль жоқ.
  • 2007 жыл – медаль жоқ.
  • 2008 жыл – медаль жоқ.
  • 2009 жыл – бір қола медаль. Леонид Спиридонов (якут, легионер).
  • 2010 жыл – бір қола медаль. Абдулхаким Шапиев (авар, легионер).
  • 2011 жыл – екі қола медаль. Дәулет Ниязбеков пен Дәурен Жұмағазиев.
  • 2012 жыл – медаль жоқ.
  • 2013 жыл – медаль жоқ.
  • 2014 жыл – медаль жоқ.
  • 2015 жыл – медаль жоқ.
  • 2016 жыл – бір күміс медаль. Нұрлан Бекжанов.
  • 2017 жыл – бір қола медаль. Ақжүрек Таңатаров.
  • 2018 жыл – бір күміс медаль. Нұрислам Санаев (тува, легионер).

Осы ретте Нұрислам Санаев туралы аз-кем ақпарат бере кетейік. 1991 жылы Тувада дүниеге келген. Толық аты-жөні – Артас Санаа. 2014 жылы Дінмұхаммед Қонаевты еске түсіруге арналған халықаралық турнир кезінде Қазақстан мен Ресей Федерациялары өзара келісімге келіп, Артас Қазақстан намысын қорғайтын болып шешіледі. Рио-де-Жанейро Олимпиадасының қарсаңында есімін қазақша Нұрислам деп өзгертті. Биыл көктемде Бішкекте Азия чемпионы атанған. Ақтөбе облысының атынан қатысып жүр.

Айтпақшы, күрес түрлерінен əлем чемпионаты келесі жылы Астанада өтеді. Сол кезде қазақтың бір баласы топ жарып қалар…

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №44
30 қазан 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз