Балалар футболын жалпы футболдан бөліп қарай алмайсың. Өйткені, күні ерте алаңға шығатын осы балалар екені белгілі. Біз спорт журналистерінен балалар футболына қатысты пікірлерін де сұраған едік…

– «Қайратта» ғана футбол академиясы бар деуге болмайды. Премьер-лига клубтарының барлығының дерлік футбол орталығы бар. Балалардың футбол клубтары арасында жарыстар өткізіліп тұрады. Мысалы, биыл ең кіші топтағы дода 2005 жылғы балалар арасындағы ел біріншілігі болды. Оған 16 команда қатысты. Ал ең үлкен топта 1999 жылғы туған бозбалалар додаға түсті. Барлығы жеті топ бақ сынады. Шығын жағына келсек, «Қайрат» академиясы сияқты орталық ашу үшін  20 миллион еуро көлемінде қаражат керек. Ал Еуропадағы футбол академияларының бір жылдық бюджеті – 4 миллион еуродан жоғары. Шетелдегі футбол академиялары футболдың қарыштап дамуына əсер етіп қана қоймай, өз түлектерін Еуропаның алпауыт клубтарына сатып, шығындарын жауып отыр. Футбол клубтарына бару үшін алдымен доп тебе білуі керек. Футболшының бəрі «Қайраттан» оқып шыққан жоқ. Қандай орталықтан сабақ алсаң да, спорт туралы түсінік болу керек. Басты мəселе академияның аздығында емес, академияға қабылдану болып тұр. Балалар бапкерлері елімізде бар. Астана қалалық футбол федерациясы жаттықтырушылар курсын үздіксіз өткізіп, жылына бірнеше маман əртүрлі деңгейлі (санатты) лицензия алып шығып жүр. Атап айтқанда, «С», «В» жəне «А» санатты лицензиялар. Тек «PRO» лицензиясын УЕФА-ның өзі береді. Əйгілі бапкер болмаса да, біліктілігін көтерген дұрыс.

Жазып алған Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА,

«Ұлан» газеті, №38
19.09.2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз