«Тау бөктері тұтасқан жабайы алма болатын… Қышқылтым ақ алма тістегеніңде мұз шайнағандай қыршылдайтын. Сәлден кейін тісті қамап қалатын да зар қақтырып бастырмай тастайтын. Сонда да жейтінбіз. Тапшылықта қабысқан қарынды алмамен болса да істелеп жұбату керек. Ішіміз көгеріп, ауырсына ыңқылдап жататын кезіміз де көп еді. Қоңыр самал соғатын, итмұрын, қарақат, бөргездердің неше алуан иісі аңқитын. Бірақ ақ алманың — жабайы алманың қымыз иісі бәрінен де ерекше еді…»

(Сайын Мұратбеков,
«Жабайы алма».)

Келіскен уақытта Алматыдағы филармонияның алдына келдім. Есік алдында бір ересектеу кісі тұр. Үстіндегі ақ-қара костюміне қарасам, әртіс секілді. Бірақ, ұлтын да, өзін де танымадым. Амандасып, Нұрғали ағаны қалай табуға болатынын сұрадым. «К Нургали Нусипжановичу?» деп, бесінші кабинетті қалай табарымды түсіндіріп берді. Кіреберістегі күзетші ағалар да «қайда? кімге?» деп, өзге мекемелердегідей тергемеді. «Бұл шаңырақтағы әр адам Нұрғали ағаның өзіндей кішіпейіл-ау» деп ойладым. Ағамыздың аты мен атағы жазылған бесінші кабинеттің есігін қақтым. «Иә, кіріңіз!» деді іштен. «Төрлет, қызым!» деп, өзіне қарама-қарсы көк креслоны нұсқады. Бірақ, сырт киімімді шешпедім. Өзі де күртешең отыр. Қазанның алғашқы аптасы аяқталса да, қалаға жылу берілмеген. Мен келгенше әнші ағамыз жаурап қалған сыңайлы. «Күн сайын концерттерде ән салады, дауысы қарлығып қалмас па екен» деп уайымдадым. Кабинеттің бір шетінде фортепиано тұр. Нұрғиса Тілендиевтің үлкен фотосуреті ілінген. Бөлмеде кітап көп. Биыл 80 жасқа толған Халық әртісімен әңгімеміз әріден басталды.

 

− Бастауыш сыныптарда ән-күй деген сабақ жүретін еді ғой. Оны басқа пәннің мұғалімдері кезектесіп өткізе беретін. Ол кісілер сол кездерде жиі орындалатын қазақтың халық әндерін үйрететін. Кейін ауылдағы түрлі сайлау, басқа да мектепішілік шараларда ән орындай бастадық. Маған сол шақта Қазақ радиосының әсері күшті болды. Ауылдағы кеңсе, клубтың қасындағы бағандарда радио сөйлеп тұратын. Біз Роза Бағланова, Рәбиға Есімжанова, Жамал Омарова, Ғарифолла Құрманғалиев, Жүсіпбек Елебеков, ағайынды Абдуллиндер, Байғали Досымжанов, Әнуар Үмбетбаев сынды аға-апаларымыздың әндерін тыңдап өстік. Радиодан осы кісілердің әндері берілсе, құмарта тыңдайтынбыз. Әнге деген қызығушылықтың ықпалы ма, әйтеуір бір-екі тыңдап жаттап алатынбыз. Ауылымыздағы мектеп 7 сыныптық қана еді. Ары қарай аудан орталығындағы қазақ орта мектебінде жалғастырдық. Ол мектепке қаладан оқу бітірген жас мұғалімдер келетін. Мектептегі концерттерде дауысым бар екені байқалып жүрді. Балалар кейде жинала қалсақ, «кім көп ән біледі» деп жарысатынбыз. Оның да бір әсері болған шығар. Ауылдағы шешелеріміз, жеңгелеріміздің бәрі әнші секілді көрінетін. Бәрі де той-жиында әдемі ән салатын. Шешем марқұм да үйдің шаруасын істеп жүріп, ыңылдап әндетіп жүретін. Дауысын шығарып айтпайтын. Кейін түсінгенім бойынша, шешемнің есту қабілеті жоғары, дауысы тұнық болған екен. Әннің мелодиясын бұзбай, таза орындайтын.

КӨРШІНІҢ ҚЫЗЫ ҚАЛДЫ, МЕН ОҚУҒА КЕТТІМ…

Қазақстан комсомолының «Қазақ жастары екінші тыңды игеруге аттану керек» деген үндеуі болды. Сөйтіп, 10-сыныпты бітірген соң, екі жыл қой бағуға тура келді. Біраз сыныптас жігіт шопан боп кеттік. Зылиха Тамшыбаева апаларыңмен бір сыныпта оқыған едік. Ол кісімен бірге қыздарымыз Шоқан кеңшарына сауыншы боп кетті. Кейін ол апаларың Еңбек Ері атанды, білесіңдер. Бірге оқыған Медеубай Құрманов неміс тілдің білікті маманы атанып, танымал ғалым болды. Сондай мақтан тұтар сыныптастас достарым баршылық.

Екі жыл қой бағып жүріп, консерваторияға түсуге әбден бекіндім. Ол шақта радиоқабылдағыш шыға бастаған еді. Бір-екі қойыңды сатсаң да, әркімнің қолы жете бермейтін радиоқабылдағышты аласың ғой (күліп). Көңіліміз жарасып жүрген көршінің қызына да үйленуге мұршам келмей (бір жымиып алды), оқуға кеттім. Үйде жалғыз бала едім. Келіншек алып, ауылда әке-шешемнің қасында қалуым керек еді. Алайда, әкем марқұм да менің оқуға кеткім келетінін біліп жүретін. Қандай оқу екенін анық түсіне бермесе де, оқимын дегенімді қоштайтын. «Біз өмір бойы мал соңында болдық, сенің заманың басқа ғой», − деп демейтін. Алматыға жүретін кезімде әкеміз бір қойын сойып, ауылдағы үлкен ақсақалдарды жиып, менің жайымды айтты. «Мына балаларыңыз оқуға барам дейді, қарсы болмасаңыздар, баталарыңызды берсеңіздер», − деп рұқсат сұрады. Ақсақалдар маған сұрақты жаудырды әбден. Жамбыл, Кенен сынды біраз аталарымыздың атын атап, солардың бірде-бірі арнайы оқу оқымай-ақ, халықтың ықыласына бөленгенін алға тартты. «Ол жерде өнердің қыр-сырын оқытып қана қоймай, кейін өзімізді де шәкірттерге білім бере алатын өнердің ұстаздары етіп тәрбиелейді» деп, уәжімді айттым. «Мына ауылға ертең кім ие болады, одан да колхоз бастығының оқуын неге оқымайсың?» деп қалды бір атамыз. Туған жерім – Алматы облысы, Кербұлақ ауданындағы Доланалы ауылы.

Ауылын айтам деп, ағамыздың көңілі босап кетті. Сосын ауылының табиғатын айта бастап еді, жүзінде мақтаныш белгісі байқалып,қайта жадырап шыға келді.

− Біздің тауларда жабайы өрік, алма, долана өседі. Долана қан қысымын реттеуге жақсы әсері бар. Ауылдағы бақшама біраз долана ағашын апарып егіп қойып едім.

«Ауылдағы бақшам» деп, ағамыз Басшидегі өз атындағы бақты атаған болар, ауылын сипаттап болғанша сөзін бөлмейін дедім. 

− Аға, көршінің қызы не болды сонымен?

− Обал болды. Кейін бір дұрыс жігітке тұрмысқа шығып кеткен шығар. Мен мында оқумен әлек боп кеттім… Ауылдан келген бізде музыкалық дайындық жоқ болғасын, жеті жыл оқыдық. Алдыңғы екі жыл дайындық курсын бітірдік. Содан кейін армандаған қасиетті сахнамызға шыға бастадық. Биыл сахнаға шыға бастағаныма 60 жыл болыпты.

Бибігүл Нүсіпжанова

 ТҰҢҒЫШЫМ – РЕКТОР, КЕНЖЕМ ИСПАНИЯДА ОҚЫП ЖҮР…

− Консерваторияда кімдерден дәріс алдыңыз?

− Әншілікке бізді Надежда Николаевна Самышина деген апайымыз баулыды. Ол кісі – Қазақстанның Халық әртісі. Ол кісінің бірінші оқушысы Бибігүл Төлегенова апамыз. Венера Қармысова, Гүлвира Рәзиевалар да осы кісінің шәкірттері еді. Қазір енді Жамбыл атындағы филармонияда әншілік қызметімізді жалғастырып жүрміз. Арасында талай шаруалар болды.

− Кезінде «Жазира» атты ұлттық-аспаптық ансамбль құрған екенсіз…

− Иә. Ауылдың көбі академиялық мәдениеттен сырт қалып жатады. Ол жақтағы халық драма театры мен опера театрына жиі бара алмайды. Алматының түбіндегі халықтың да мәдениет ошақтарына барып тұруға мүмкіндігі бола бермейді. Содан Орталық комитетке хат жазып жүріп, он екі-он үш адамнан тұратын ансамбль құрдық. Емін-еркін он жылдай жұмыс істедік. Ол ансамбльден Рамазан Стамғазиев, Сұлушаш Нұрмағамбетовалар да тәжірибе алған. Қазір өздері ұстаздық етіп жүр. Алыс облыс, аудандарға да сапарлайтынбыз. Шет елдерге де бардық. Сосын осы филармонияға қызметке келдім. Арасында Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында дәріс беремін.

− Ол академияны өзіңіздің Бибігүл қызыңыз басқарады емес пе?

− Иә, қызым сонда ректор боп отыр.

Нұрзада Нүсіпжанова

− Оған дейін Жүсіпбек Елебеков атындағы Эстрада және цирк колледжін басқарды. Бала кезінен өнерге арнайы баулығаныңыздың жемісі болар?..

− Кезінде Димекең (Қонаев атамызды айтып отырҚ.Д.) балаларға арнап екі бірдей республикалық музыкалық мектеп ашты. Оның бірі – Күләш Байсейітова атындағы, екіншісі – Ахмет Жұбанов атындағы мектеп. Оларды бітіргендердің бәрі үлкен музыкант болып жүр. Кейбірі шетелдерде үлкен қызметтер атқарады. Бұл мектептің қайсысын бітірген болса да, музыкалық ортада суда жүзген балықтай еркін жүре алады. Бибігүл де – Жұбанов мектебінің түлегі. Кейін де талай жыл арнайы оқыды. Өз мамандығы бойынша қызмет істеп жүр.

− Басқа балаларыңыз да өнерге жақын ба?

− Нұргүл қызым Күләш Байсейітова атындағы музыкалық мектепті бітірген. Парижде өткен дүниежүзілік пианистер байқауында бас жүлдені жеңіп келген. Кенже қызым Нұрзада Испанияның Барселона қаласында Өнер академиясында оқып жатыр.

Нұргүл Нүсіпжанова

ЖАС ӘНШІЛЕР САХНАҒА СӘН КӨРСЕТУГЕ ШЫҚҚАНДАЙ БОЛАДЫ

 − Қызыңыз Бибігүл бір сұхбатында «Әкем әлі күнге күн сайын фортепианомен дайындық жасайды» депті. Сіздің осыдан біраз жыл бұрын ауылымызға барып, бір өзіңіз екі сағат бойы жанды дауыс-та ән салғаныңызды айтып, үлкендер әлі күнге тамсанады…

− Ол енді біздің кәсіби машықтанған мамандығымыз ғой.

− Қазір енді ондай әншілерді көріп жүрген жоқпыз…

− Арқалаған аманатына әрқайсысы өзі жауап беру керек. Менің мерейтойлық концертімді жазда EXPO кезіне ыңғайлап белгілепті. Сонда Қазақстан концерт залында концерт бердім. Залда ине шаншар орын болған жоқ. Өнер – маған берілген аманат. Сол аманатқа адал болғым келеді. Әр азамат қолдан келер ісін істеу керек. Қазіргі кей жас әншілер өздерін көрсеткенге мәз болады. Сахнада киім ауыстырып көрсетіп, сән көрсеткендей болатындары бар. Сахна – қасиетті жер. Музыкада шекара жоқ. Әлем алдында қазақ музыкасының өзіндік орны бар. Біріміз келерміз, біріміз кетерміз. Бірақ, қазақ өнері – мәңгілік. Қазақ әнін орындай ма, оның деңгейін түсірмеу керек. Үмітпен қарайтын жастарымыз баршылық. Қазір аттарын ерекшелеп, қолтығына су бүркіп, аспанға ұшырып жібергің келмейді. Оларды уақыт кішкене шыңдасын. Сахнаның ыстық-суығына біраз төселсін. Әйтпесе, мадақтау деген ішіне жел толтырып, кеуделерін керіп жібереді. Оны әркім көтере алмайды. Біз сырттай тілекшіміз ғой.

ҮКІНІҢ БАЛАПАНДАРЫН ДА АСЫРАДЫМ…

Ағамыздың жануарлар әлеміне, түрлі жеміс-жидек өсіруге қызыққанын білеміз. Соны кеңірек сұрағым келді. Бала кезін сұрасаң, үлкендердің көзіне жас та үйіріледі, жылышырайланып та кететін әдеттері. Ағамыз бала Нұрғалидың қылықтарын сүйсіне еске алды.

− О-ой, бала кезімізде не істемедік. Біздегі құстардың бәрінің жұмыртқаларын ұстап көрген шығармын. Балапандарының арқасынан сипап, қандай болатындарын өзімше зерттейтінмін. Күйкентай деген кішкентай құс бар, ителгі, лашын, қаршыға… Талайының балапандарын үйге апарып, асырағанмын. Тіпті, үкінің де балапандарын асырап, күзде ұшырып жіберетінмін. Асырау үшін әрқайсысының немен тамақтанатынын, режимін білуің керек. Әйтпесе, өлтіріп алып, обалына қаласың. Жабайы аралардың ұясын тауып алып, бал алып, жеуші едім.

− Араға таланбадыңыз ба?

− Ой, талай таландық қой. Беті-аузымыздан түк қалмай (күліп алды). Балын оңай беруші ме еді?! Сонда да қоймаймыз ғой. Оның ұясын да таба білу керек. Жұмысқа кетіп бара жатқан ара мен жұмыстан қайтып келе жатқан араны ажырату керек. Ұшуынан, қозғалуынан. Оған да түйсік қажет. Тау өзендерінде шабақтарды қолмен ұстайтынбыз.

− Сіздің бала күнде еккен бір алма ағашыңыз әлі бар деседі…

− Иә, он жасымда еккен ол алма ағашымның биыл мерейтойы сықылды. 70-ке келді. Оған лента байлап, түбіне отырып, шай ішу керек еді… Уақытым болмай жүр. Әлі күнге жеміс беріп тұр.

− Алма ағаштарының 70 жыл бойы жеміс беруі сирек емес пе?

− Иә, көбіне алма ағаштары 20-30 жыл жеміс береді де, одан кейін қурап қалады. Менікі алманың жабайы сортынан. Таудан мәйкіме орап әкеліп, аулама еккен едім. Қазір ол үйде бір туыс қарындасым тұрып жатыр. Ауылға барып тұрғым келеді. Оған мына жақтағы шаруаларды қайтем? Оның үстіне, ауылда тұруым үшін алдымен жай салып алу керек. Студент кезімде әке-шешеме екі бөлмелі үй салып бергенмін. Бір жыл кеп кірпішін құйып, келесі жылы төбесін жауып дегендей. Тезірек салғанға қаражат қажет, студенттің қалтасында ондай қайдан болсын. Е, балалық шағымның белгілері ауылымда тұр ғой…

НҰРҒИСА АҒАМЫЗБЕН БІР КАБИНЕТТЕ ОТЫРАМЫЗ…

− Нұрғиса атамызбен жақсы дос-бауыр болған секілдісіздер. Сіздің дауысыңызға арнап 20 шақты ән де жазған екен…

−  Өмірінің соңғы 30 жылында жазған барлық дерлік әнін менің дауысыма арнап жазды. Ол кісі менің бірге туған бауырымдай еді.

Ағасының суретіне қарап сөйлеп отыр. Көңілі де босап кетті. Жалпы, үлкендердің жас келген сайын көңілшек болатын мінезі бар емес пе?..

− Осы кабинетте бірге отырамыз. 50 жылдай дос болдық, бірге жүрдік. Ағамыздың мінезі қаталдау еді. Кей кісінің қылығын ұнатпаса, қатты айтып қалып, тіпті теуіп те жіберетін. Соғысқа барып келген адам ғой енді. Ал маған бірде-бір рет «сен» деп сөйлеген емес, қатты сыйлайтын. Кейде гастрольдетіп, айлап көріспей қалатынбыз. Сондайда оркестрге амандасуға баратынмын. Дайындық жасап тұрған жерінде мені көріп қалып, ымдап ортаға шақыратын. Мен бірден оркестрге қосылып, бір-екі әнді шырқап жіберетінмін. Содан кейін ғана құшақтасып амандасатынбыз. Мені сәл ұзақтау көрмей қалып кездессек, көзінен жас ағып кететін. «Адалым, жалғызым» деп айтатын. Өзі де ата-анадан жалғыз өскен. Араластығымыз сондай кіршіксіз, таза еді…

− Ағалығын, апалығын көрсеткен басқа тағы кімдерді атап өтер едіңіз?

− Бәрімен жақсы сыйластым. Шәмші ағамыз мені «Нұрғаш» дейтін. Ауырып жүрген шақтарында да, әндерін арнайы өзі келіп, қолыма ұстатып кететін. Біреуден бере салуға да болады. Ағаларымның мені сыйлағаны шығар. Бір жағы әр ән – маған берілген аманат. Композитор ағаларым әндерін тапсырып, өздерінің өсірген ұл-қызын аманаттап тұрғандай сезімде болатынмын. Әлі күнге үлкен концерттерде алдыңғы толқын ағаларымның әндерін орындайтыным содан. Өздері кеткенмен, әруақтары разы болсыншы, халқының алдында әуендері үзбей шырқалып тұрсыншы деп ойлаймын. Қазақтың бір топ майталмандары маған арнап әндерін жазды. Сол үшін әрдайым шүкірлік айтамын. Мыңжасар Маңғытаев жақсы досым еді. Өмірден өтер алдында ауырып жүрсе де, төрт-бес шығармасын әкеп беріп кетті. Сол әндерді мерейтойдың шаруасымен жүріп, әлі орындауға мұршам келмей жатыр. Маңғытаевтың туған жері Шымкентке арнайы үлкен концерттік бағдарламамен барып, кейінгі жаңа әндерін таныстырсам деп ойлап жүрмін. Біздің талай азамат өшпейтін дүние жазып кетті ғой. Әсет Бейсеуовтің еңбегі қандай! Осы күнге дейін 127 композитордың шығармасын насихат жасаппын. Мыңнан аса әнді орындаппыз.

ӨЗБЕКШЕ ӘНДЕРДІ ОРЫНДАМАСАМ ДА,
ӨЗБЕКТЕР ЖОҒАРЫ АТАҚ БЕРДІ…

− Аға, сізге Өзбекстан үкіметінің де «Еңбек сіңірген қайраткер» атағын бергені бар, өзбекше әндерді көп орындадыңыз ба?

− Ол енді ыңғайсыз болды. Өзбекше бір ән айта алмаймын. Аса қонбайды, үйрене алмаймын. 1972 жылы Өзбекстанда Қазақстан өнерінің онкүндігі болды. Өзбекстанның шалғай аудандарына барып, өнер көрсеткенбіз. Ол жақтың халқы қазақ әндерін жақсы қабылдайды. Сөйлесе қалсаң, ар жағынан өзіміздің қазақтарды аңғарып қаласың. Ежелгі хандық дәуірлерде сонда отырықшы болып қалған өзіміздің Қоңырат, Қаңлылар көп. Қырғыздың бір-екі әнін айтқаным бар. Кезінде қырғыздың Абылас Молдабаев атындағы байқауының жеңімпазы атанғанмын. Қырғыздардың өздеріндей құйқылжытып айта алмаймын. Мен қазақтың әншісімін. Ресейді кезінде көп араладық. Сонда орысша да талай ән орындадық. Бірақ, орыс әндеріне де онша құмарлығым болған жоқ. Бірақ, сол халықтың алдына шыққаннан кейін, оларды сыйлағандықтан, ырымын жасайтынбыз. Біздің ішімізде орысша әндерді шырқағанды жақсы көретін әншілеріміз толып жатты. Солар-ақ айтсын деп, мен таласа қоймайтынмын. Татар әндерін біраз орындадым. Қазан қаласында үш рет болдым. Сол елдегі майталман композиторлар «қазақ өнерпазы келді» деп, үйлеріне шақырып, әндерін де беретін. Басқа тілдің әндерінен гөрі осы татаршаға біршама тілім келіп қалған.

Сөз соңында «Ақ желкен» туралы сұрастырды. «Бұрынғы «Пионер» дейсің бе?» деді. Сосын «балаларға бірауыз сөзімді айтайын» деді.

− Бұл басылымда балаларға рухани-тағылымдық дүние көбірек жазылуы керек. Мен де шамам келгенше өз басымдағы жағдайды сендерге әңгімелеп беріп отырмын. Әркім өзінің ұлттық қасиетін жүрегіндегі туы секілді ұстай білуі қажет. «Мен қазақпын!» деп кеудені ұрудың қажеті жоқ. Қарапайым күнделікті еңбегімен, жақсы оқуымен, білімімен ұлтының өткенін зерттеп, ата-бабаларының тарихын біліп жүргені жақсы. Алыптар да, батырлар да аспаннан түспейді. Елдің арасынан шығады. Өздерің оқитын кішігірім мектептерден шығады. Ата-бабаларымыз ел мен жерді сақтау үшін барын салды. Ал енді сендердің міндеттерің – еліміздің еңбексүйгіш, адал, намысты азаматы болу. Жарқын болашақ деген сол.

P.S.: Әнші ағамызбен бір сағаттан аса уақыт сөйлестік. Ол кісінің жаурап кеткенін байқап, ары қарай сөйлете беруге ыңғайсыздандым. Мені шығарып салмақ болып, орнынан тұрды. «Қарлығаш, қызым, сен осы өзіңмен аттас құстардың ауыл мен қалаларымызда сиреп кеткенін байқадың ба? Себебін қарастырмадың ба? Мен соны соңғы кезде жиі байқап, мұңайып қалам…», − деді. Қапелімде не айтарымды білмей қалдым. «Қалада аса иба сақтамайтын торғайлар қаптап кетті, солардың да кесірі бар деп естіп қалып ем, қарлығаш құстың жұмыртқасын жеп кетеді екен олар…» деп, толғанысын айтты. Дәл осы сәтте аттас құстардың азайғаны да, соны әнші ағамыздың уайымдап жүргені де бірер ой салды. Адам жаны таза болған сайын табиғатқа да соншалық жанашыр болады екен-ау. «Аққулар», «Қарлығашым», «Қаздар қайтқанда», «Қызыл сұңқарлар»… деп ән салып жүрер ме еді, әйтпесе. «Қуыс үйден құр шықпа» деп, мерейтойлық «Ән-ғұмыр» әнжинағын қолыма ұстатты.

Қарлығаш ДОСАНОВА

«Ақ желкен» журналы, №10
Қазан, 2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз